“Болашаққа оралу” фильмінің 4-бөлімі жарыққа шығатыны рас па?

2022 жылдың соңы мен 2023 жылдың басында желіде көпшілік арасында хитке айналған “Болашаққа оралу” (Назад в будущее) фильмінің төртінші бөлімі жарыққа шығатыны туралы ақпарат тарады. Snopes фактчекерлері ақпаратты тексеріп көрді.

2022 жылғы қазанда YouTube-те шынымен “Back to the future 4 (2023) Movie Teaser Trailer | Universal Pictures” деген видео жарияланған. Осы мақаланы жазып жатқанда видео 500 мыңнан астам қаралым жинап үлгерді.

Алайда бұл фильмнің ресми трейлері емес. Видео жарияланған Youtube-тағы Screen Culture арнасының сипаттамасында фанаттар жасаған трейлерлер жарияланатын алаң екені жазылған.

Фильмнің үш бөлімінде Эммет Браунды (Док) сомдаған актер Кристофер Ллойд әлеуметтік желісінде бірқатар картинаға сілтеме жариялады. Оны көрген фильмінің жанкүйерлері “Болашаққа оралу” фильмінің төртінші бөлімі шығады” деп ойлады.

2022 жылғы 3 қазанда Ллойд Twitter-інде: “Әзірге айта алмаймын, дегенмен болашақ сіздерге ерекше дүние дайындап жатыр… жаңартуларды бақылап отырыңыз”, – деді.

Келесі күні “Болашаққа оралу” фильмінің бас кейіпкері Майкл Дж. Фокс Instagram парақшасына: “Док және мен қиын бірдеңе ойластырып жатырмыз… @mrchristopherlloyd, айтайық па?”, – деп жазды. Кейін Ллойд әріптесі жүктеген фотоны жариялап, әлі ештеңе айтпау қажет екенін жазды.

Көп ұзамай олардың “Болашаққа оралу” фильмінің стилін қолданатын жаңа дүкеннің ашылуы туралы айтып жатқаны белгілі болды. 2022 жылғы 4 қарашада жанкүйерлердің бірі Ллойдтың твиттеріне: “BTTF-ті қайта түсіріп жатырмыз демеңізші”, – деп жазды, ал актер оған: “Жоқ, олай емес”, – деп жауап қатты.

Сериалдың соавторы Боб Гейл 2020 жылы Collider сайтына берген сұхбатында фильмнің төртінші бөлімі не себепті түсірілмейтінін түсіндірді. Автордың айтуынша, олар түпнұсқа трилогияның оқиғасын толық жеткізді. “Фильмді ақша жинау үшін түсіретін жігіттер болғымыз келмейді”, – деді ол.

Factcheck.kz