Жолдауға фактчек | Тоқаев балабақшаға баратын бала саны туралы

2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында президент балабақшаға баратын бала саны туралы дерек келтірді. Factcheck.kz президент сөзінің қаншалықты рас екені туралы материалдар сериясын ұсынады.

Тайм-код: 32:40

Мәлімдеме: Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Техникалық қате

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдың басындағы жағдайға сай, Қазақстанда екіден алтыға дейінгі бала саны — 1 956 461. Бюроның Оқу-ағарту министрлігіне сілтеп берген ақпаратына сәйкес, осы балалардың 768 258-і балабақшаға барады. Процентік үлес — 39,2%. Тоқаев “балалардың жартысынан астамы ғана” дегендіктен, бұл мәлімдеме деректің жалпы мазмұнын бұрмаламағандықтан, “Техникалық қате” үкімін қойдық.

Ескеретін жайт: Тоқаевтың орыс тіліндегі мәлімдемесінде (архив) “2 мен 6 жас аралығындағы балалардың жартысынан сәл астамы ғана мектепке дейінгі біліммен қамтылған” делінген. 2021-2022 оқу жылының басында балабақшаларға, мектепке дейінгі шағын орталықтарға, мектептердің мектепалды сыныптарға баратын 2-6 жас аралығындағы балалардың саны — 1 043 658. Процентік үлес — 53,3%, яғни бұл рас дерек.

Контекст

  • Мектепке дейінгі ұйым — 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу, оқыту, қарау, күту және сауықтырумен қамтамасыз етеді. Оған бөбекжай, бөбекжай балабақшасы, балабақша, «мектеп-балабақша» кешені, шағын-орталықтар жатады.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz