Тоқаев БАӘ-де инвестиция және тауар айналымы жөнінде рас сөйледі ме?

Қасым-Жомарт Тоқаев 17 қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды. Президент Абу Даби қаласында өткен дөңгелек үстелге қатысып, Қазақстан мен БАӘ арасындағы инвестиция, тауар айналымына қатысты бірнеше дерек келтірді.

Factcheck.kz президент сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Ескерту; Материалда Тоқаевтың мәлімдемелері тек қазақстандық дереккөзбен тексерілді. Factcheck.kz Біріккен Араб Әмірлігінің үкіметіне қарасты Федералды бәсекеге қабілетті және статистика орталығына (The Federal Competitiveness and Statistics Centre) сауал жолдады. Сауал жауабы келген соң материал толықтырылады.

Мәлімедеме: БАӘ Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар инвестиция құйды, ал Қазақстан БАӘ-ге миллиард доллардан астам инвестиция салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Тоқаев нақты қай уақыт аралығын меңзегені белгісіз, бірақ Ұлттық банктің 2005-2021 жыл аралығындағы ақпаратына сәйкес, Қазақстанға БАӘ-ден тікелей инвестиция $2,9 млрд болған. Бұдан бөлек, Ұлттық банк мәліметінше, қазақстандық инвесторлардың 2006 жылдан (инвестиция құю осы жылдан басталады) бері Біріккен Араб Әмірліктеріне құйған инвестициясы 1,1 млрд долларға жеткен.

Мәлімдеме: 2022 жылдың аяғында елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 600 миллион долларға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Ескерту: Тоқаев “2022 жылдың аяғында” деп нақты қай уақытты айтқаны белгісіз, қазір ашық дереккөзде қаңтар-қараша аралығындағы көрсеткіш ғана бар. Ұлттық статистика бюросы Factcheck.kz-ке 2022 жылдың толық статистикасы 2023 жылдың ақпанында жарияланатынын айтты.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың қаңтар-қараша арасында 610,2 млн АҚШ долларына жеткен.

Біз Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ашық дереккөзден Қазақстанмен тауар айналымы туралы көрсеткіш таппадық. Ал Дүниежүзілік интеграцияланған сауда шешімі (The World Integrated Trade Solution – WITS) ақпаратына сай, 2020 жылы БАӘ мен Қазақстан арасындағы тауар балансы (7,2 млн АҚШ доллар) және Біріккен Араб Әмірлігінен Қазақстанға жіберген экспорты (238,9 млн АҚШ доллар) мен қабылдаған импорты (231,7 млн АҚШ доллар) ғана көрсетілген. Ал БҰҰ-ның UN Comtrade деректері бойынша БАӘ Қазақстанға жасаған экспорт (644,8 млн АҚШ доллар) және импорттың (555,3 млн АҚШ доллар) 2021 жылғы мәліметтері ғана енгізілген.

Мәлімдеме: БҰҰ-ның бағалауына сәйкес Қазақстан электронды үкіметті дамыту жөнінен әлемде 28-орында, ал онлайн қызмет көрсетуден 8-орында тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Біріккен ұлттар ұйымының электронды үкімет бойынша 2022 эылғы рейтиңінде Қазақстан 193 елдің арасында 28-орында. Сонымен қатар, онлайн қызмет көрсету бойынша, 8-орында тұр.

БҰҰ рейтиңі не туралы?

Электронды үкіметтің даму индексі (Global e-Government Development Index) — әлем елдеріндегі электронды үкіметтің даму деңгейін сипаттайтын көрсеткіш. Зерттеуде БҰҰ-ға мүше елдер қамтылған. Рейтиң үш деңгейге негізделген:

  1. Интернеттің сапасы мен қамтылу деңгейі (Online Service Index).
  2. Ақпараттық коммуникация технологияларының даму деңгейі (Telecommunication Infrastructure Index).
  3. Адами капитал (Human Capital Index).

Қазақстан бұл рейтиңде 2014 жылы да 28-орында болып, 2016 және 2018 жылдары орны төмендеген. 2020 жылы қайтадан алғашқы отыз елдің тізіміне кірді.

Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығында 64 елден 1700 компания тіркелген.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

“Астана” халықаралық қаржы орталығының 2022 жылдың қорытындысы бойынша, орталықта 70 елден 1700-ден астам қатысушы компания тіркелген. Ал, 2021 жылы 60 елден 1 100-ден астам компания болған.

Контекст

  • Қазақстан мен БАӘ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 1 қазанда орнатылды;
  • Ең ірі екіжақты инвестициялық жоба – Астанадағы «Абу-Даби Плаза» (Abu Dhabi Plaza) көпфункционалды кешенінің құрылысы. Жалпы құны 1,6 млрд долларға бағаланған;  
  • Былтыр мәжіліс Қазақстан мен БАӘ арасындағы инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімді мақұлдады. Құжатта инвесторлардың құқығына кепілдік бекіту ұсынылған.

Factcheck.kz