Фактчек | Тоқаев: Ұлыбритания – Қазақстанға инвестиция салу бойынша жетінші инвестор

21 қарашада Akorda.kz сайтында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның бизнес және сауда істері жөніндегі мемлекеттік министрі Нусрат Ганимен кездескені туралы ақпарат пайда болды. Президент сайтының жазуынша, Тоқаев шетелдің министріне екі ел арасындағы сауда саттық пен экономикалық тақырыптарға қатысты бірнеше дерек келтірген.

Factcheck.kz оның сөзін тексеріп, қаншалықты рас сөйлегенін анықтады.

Мәлімдеме: Ұлыбритания Қазақстанның негізгі сауда серіктесінің бірі және ел экономикасына инвестиция салу көрсеткіші бойынша жетінші инвестор екенін атап өтті. 

Akorda.kz

Үкім: Техникалық қате

Ұлттық банк дерегіне сай, 2022 жылы Ұлыбритания Қазақстанның экономикасына 661 млн доллар инвестиция құйып, көлемі жағынан алғашқы ондыққа кірген ірі инвестор саналады. Бірақ көрсеткішке сәйкес 7-орында тұрған жоқ, 9-орынға жайғасқан.

Ұлыбританияны Қазақстанның негізгі сауда серіктесінің бірі деп атау да күмәнді: 2022 жылғы барлық тауар айналымының 1,4%-і ғана Біріккен корольдікпен болған. Яғни королдік 2022 жылы жалпы сауда жасаған елдердің арасында 14-орында тұр. Оның ішінде экспортымыздың 1,7%-і, импортымыздың 0,8%-і осы елге тиесілі.

Мұнымен салыстырғанда Ресей (19,4%), Қытай (18%), Италия (11,1%), Түркия (4,7%), Кореяның (4,6%) үлесі көп және осы елдер алғашқы бестікті бастап тұр.

Мәлімдеме: Бүгінде Қазақстанда 550-ден астам британдық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, Қазақстанда Біріккен корольдіктің 582 заңды тұлғасы, филиалы және қатысы бар заңды тұлғаның филиалы жұмыс істеп жатыр.

Мәлімдеме: Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы былтыр 60 пайызға артып, 1,8 миллиард долларды құрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Қазақстанның ұлттық статистка бюросының дерегіне сай, 2021 жылы Ұлыбритания мен Қазақстанның тауар айналымы 1,1 млрд доллар (1 163 998,3 мың доллар) болса, 2022 жылы 1,8 млрд долларға (1 847 161,6 мың доллар) жеткен. Өсім — 58%.

Дегенмен, бір қызығы, Ұлыбританияның ұлттық статистика басқармасының дерегіне сай, екі ел арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 769 млн фунт стерлиңнен, 2022 жылы 1 914 млн фунт стерлиңге, яғни 148%-ке өскен. Екі ел көрсеткішінің мұндай алшақтығына, бәлкім, методология әсер еткен болуы мүмкін.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz