Британ музейлері “мумия” сөзін қолданудан бас тартты ма?

2023 жылғы қаңтардың соңында бірқатар медиа Ұлыбританиядағы бірнеше музей “мумия” сөзін қолданудан бас тартқанын хабарлады. Олар бұл сөз “қайтыс болған адамдарды қорлайды” деседі. “Проверено” фактчекерлері ақпаратты тексеріп көрді.

Мұндай жазбаны бірнеше жерден көруге болады (мұнда, мұнда, және мұнда).

21 қаңтарда Daily Mail газеті шынымен-ақ “Мумия” сөзін қолданбаңыз: Британ музейі 3 000 жыл бұрын қайтыс болғандарды құрметтеу үшін ескірген тіркесті қолдануды тоқтатады” деген тақырыппен заметка жариялаған.

Мақалада үш музей айтылған: Лондондағы Британ музейі, Ньюкаслдағы Ұлы Солтүстік музейі (Хэнкок музейі) және Эдинбургтегі Шотландияның ұлттық музейі.

26 қаңтарда Reuters аталған мәліметтерді егжей-тегжейлі тексерген талдауын жариялады. Нәтижесінде олар Британ музейінде мұндай тыйымның жоқ екенін анықтады. Музей өкілдері журналистерге “мумия” сөзін бұрынғыдай экскурсия кезінде де, экспонаттарға арналған тақтайшаларда да қолданатынын айтқан.

Алайда Reuters талдауын жариялағанға дейін Daily Mail газеті мақаланың мәтінін де, тақырыбын да өзгертіп үлгерді. Олар мақаласына Британ музейінің түсініктемесін қосқан: “Музей “мумия” терминін қолдануға тыйым салмады, ол залдарымызда әлі де қолданылады. Жақында жаңа түсіндірме тақталарында “мумияланған қалдықтар” термині пайдаланылады, оған мумияланған адамның аты (белгілі болса) қосылады”.

Бірақ газет басқа екі музейге қатысты мәлімдемсінде қателеспеген. Ньюкаслдағы Ұлы Солтүстік музейі “мумия” сөзін қолданбауды әдетке айналдыра бастаған. New York Post басылымы музейдің археология бөлімінің кураторы Джо Андерсонның ежелгі дәуір адамдарына қатысты көзқарастың өзгеруі туралы 2021 жылы жазған пікірін берген: “Көбіміз “мумияның қарғысы” туралы аңыздарды естіп, тылсым күшке ие құбыжықтар туралы фильмдерді көріп өстік. Мұндай мәдениеттің енгізген түсініктері біздің мумияланған адамдар туралы ойымызды бұрмалайды және гуманизм шегінен шығарады”.

Сонымен қатар Джо Андерсон сол жазбасында Эдинбургтегі әріптестерінің тәжірибесіне сілтеме жасаған. Оның айтуынша, Шотландияның ұлттық музейі экспонаттары мен сайттағы түсініктемелерінде “мумия” сөзін қолданудан бас тартты.

Шынында да, қазір Ұлы Солтүстік музейінде “Музейдегі мумияланған адамдар кім болды?” атты экскурсия жүріп жатыр. Дегенмен онда “мумия” сөзін қолдануға тыйым салынбаған. Мысалы, музей қазыналарын сипаттауға арналған бөлімде және сайттағы экспонаттар каталогында қолданылған. Оған қоса өлімнен кейінгі маскалар мен саркофагтардың бай коллекциясы бар Шотландияның Ұлттық музейі сайтында да “мумия” сөзі бар.

Осылайша, ежелгі Мысыр адамдарының денесін “мумия” деп атаудан бас тарту тенденцияның бар екені рас. Алайда Daily Mail газеті жұрттың назарын аударған тақырыппен жариялаған материалында бірнеше дерекке қатысты қате жіберген, кейін оны түзеген. Нәтижесінде “Проверено” фактчекерлері көпшілік арасында мумияға қатысты тараған ақпараттың басым бөлігі шынайы деген қорытындыға келді.

Factcheck.kz