Фактчек | Тоқаев табыс, өндірістік жарақат және жұмыссыздық туралы рас айтты ма?

2022 жылдың 12-і желтоқсанында үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, оған Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент жиында бірнеше мәселе көтеріп, дерек келтірген.

Factcheck.kz редакциясы Тоқаев мәлімдемесінің бірнешеуінің рас-өтірігін тексерді.

Мәлімдеме: Халықтың әл-ауқатын жақсарту керек. Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы 5 жылдағы ең төмен деңгейде тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2022 жылдың қарашасында азық-түліктің бір жылдық инфляциясы 24,1% болған. Ал 2022 жылдың қазанындағы халықтың нақты ақшалай табысының индексі 88% болып, 2021 жылдың көрсеткішіне жете алмаған. 2022 жылы кейінгі 5 жылдағы ең төменгі индекс тіркелген.

Мәлімдеме: Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Дәлелденбеген

2022 жылдың I тоқсанындағы жағдайға сай, жұмыссыз халық саны 453 134, жұмыспен нәтижесіз қамтылғандар 173 031, уақытша жұмыс істемейтіндер 10 700, барлығы — 636 865 адам. Алайда Тоқаев “қағаз жүзінде жұмыс істейтіндер” деп нақты қай категорияны меңзегені белгісіз. Ашық дереккөзде мұндай көрсеткіш жоқ, ал Еңбек министрлігі тиісті статистиканы ұсына алмады.

Мәлімдеме: Өндірістік жарақаттар нағыз проблемаға айналды. Ағымдағы жылдың [2022 жыл – ред.] 11 айында өндіріс орнында 1 124 жұмысшы жарақат алып, оның 157-сі қайтыс болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің редакциямызға берген ақпаратына сай, 2022 жылдың 11 айында кәсіпорындарда 1 251 адам (2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ке аз) зардап шегіп, 175 адам (2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ке көп) қаза тапқан.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz