Фейк | Kaspi.kz мобильді қосымшасына алаяқтар мен хакерлер “кіріп кеткен”

WhatsApp мессенжерінде бірнеше күннен бері Kaspi.kz мобильді қосымшасында “әлдекімнің қателесіп ақша жібергені” туралы хабарлама келетіні, артынша ақша жоғалып кететіні туралы ақпарат тарап жатыр. Аудиохабарламадағы мәліметке сай, банк қосымшасына алаяқтар мен хакерлер “кіріп кеткен”-міс.

Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Фейк | Kaspi.kz мобильді қосымшасына алаяқтар мен хакерлер "кіріп кеткен"

Қысқасы, жамағат, мынау ғой, осылай боп келсе, “вернуть деньги” дегенді басып жүрмеңдер. Kaspi-ден келіп жатыр екен. Алаяқтар ғой. Абайлаңдар. 100 мың теңге, 200 мың теңге сұрайды. “Вернуть-ті” басып қойсаң, (ақша — ред.) жоқ боп кетеді. Kaspi банктің өзі түк істей алмайды. Солардың ішіне кіріп кеткен хакерлер, қысқасы, бұлар. Лақтырыңдар осыны (хатты — ред.) жан-жаққа.

Аудиохабарлама мазмұны

Үкім: Фейк

Factcheck.kz редакциясы Kaspi.kz мобильді қосымшасының өкіліне хабарласып, банкиң мен “аударманы қайтару” қызметінің жұмысына “алаяқтар мен хакерлердің” қатысы жоқ екенін анықтады. Жақында банк қосымшасында соңғы айдағы кез келген аударымның күшін жоюға өтінім беру қызметі қосылды. Фейк таратушылардың “алаяқтар жасап отыр” деген тұжырымына осы негіз болса керек.

Kaspi.kz мобильді қосымшасында жасалған аударымның күшін жойғым келеді. Не істеймін?

Қосымшадағы «Аударым» сервисін ашып, «Тарих» бөліміндегі қажет түбіртекті таңдап, «Күшін жоюды сұрау» батырмасын басыңыз. Содан кейін ақшаны алушыға қайтарым туралы өтініш келеді. Ол қаражатты қайтаруды 7 күннің ішінде растай алады.

ҚР «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңы бойынша аударымды алушының келісімімен ғана қайтаруға болады. Егер ақшаны алушы сізге сомманы қайтармаса, құқық қорғау органдарына жүгініңіз

Алаяқтардан қалай қорғанамыз?

Әлеуметтік желіде мемлекеттік орган немесе банктің атын жамылған жалған ақпарат жиі тарайды. Мәселен, банк не қаржы ұйымы сізге хабарласып, шотыңызға белгілі бір соманың түскенін айтып, ақшаны қайтаруды өтінуі мүмкін. Мұндай жағдайда кері аударым жасамас бұрын, қаражаттың расымен шотыңызға түскеніне, оның қате аударым екеніне көз жеткізіңіз.

Мұны мобильді банкиң қосымшасы арқылы немесе банктің ресми нөміріне хабарласу арқылы білуге болады. Егер жөнелтуші ақшаны қателесіп жібергеніне сенімді болсаңыз, банкпен байланысып, соманы қайтаруға келісім беру туралы өтініш қалдырыңыз. Қаржы институты заңға сәйкес кері төлемді жүзеге асырады.

Оқи отырыңыз:

Биылғы қаңтарда WhatsApp мессенжерінде Kaspi.kz қосымшасын қолданушылар арасында аударым сервисін тоқтатқаны және онлайн банкиңге салған ақшаңыз банк есебіне өтетіні туралы ақпарат тарады. Factcheck.kz мәліметтің шындыққа жанаспайтынын анықтады.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz