Фейк | Kaspi-ге салған ақшаңыз жоғалып кетеді

WhatsApp мессенжерінде Kaspi.kz қосымшасын қолданушылар арасында аударым сервисін тоқтатқаны және онлайн банкиңге салған ақшаңыз банк есебіне өтетіні туралы ақпарат тарап жатыр. Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Үкім: Фейк

Kaspi.kz-тің ақпаратына сай, қазір терминал мен банкоматтар арқылы ақша толтыруға болады, ешқандай комиссия алынбайды. Бір күнде аударуға болатын сома шегі — бір миллион теңге. Онлайн аударым да тұрақты жұмыс істеп тұр. Мессенджерде тараған хабарламадағы “Kaspi-ге салған ақшаңыз банк есебіне өтеді”, “Тек онлайн-дүкен істеп тұр” деген ақпараттың барлығы жалған.

Kaspi bank-тің қолдау қызметі

Жалпы Kaspi.kz жайында шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі тарайды. Мысалы, 2020 жылдың соңында да хакерлер Kaspi.kz-ке шабуыл жасап, 78,9 миллион теңге ұрлады деген хабарлама WhatsApp-та тараған. Банк ақпаратты жоққа шығарып, ақау техникалық себептерден болғанын айтты. Cонымен қатар өткен жылы Kaspi.kz алаяқтар туралы ескерту жасап, банктің ресми аккаунтында берілген ақпаратқа ғана сенуге шақырды.

Материалды дайындаған: Гүлнұр Бітіс

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz