Алаяқтық | Instagram-дағы көше жиһазының ұтыс ойыны

Әлеуметтік желіде алаяқтар ұйымдастыратын ұтыс ойындары жиі кездеседі. Біз де бұған дейін әлеуметтік желі, мессенжерлер мен баспасөз арқылы тараған бірнеше алаяқтық жүйені талдадық. Дегенмен, қаражаты мен жеке деректерін өз еркімен беріп, алаяқтардың құрбаны болғандар саны азаяр емес. Сондықтан оқырмандарымыздың бірі тап болған тағы бір қызық жүйені талдадық.

lux_sera атты (қазір посттардың бәрі өшірілген – ред.) Instagram парақша маусымның соңында көше жиһазын, ілініп тұратын креслоны ойната бастады. Олар креслоны Жаңаөзеннен Қазақстанның кез келген қаласына жеткіземіз деп уәде берген. lux_sera жұмысын тоқтатқаннан кейін екі айдан соң rotang.style.premium парақшасы осыған ұқсас байқау ұйымдастырды (дәл сол тауар, мәтін, сауалдама және қала). Тек ұялы байланыс нөмірі ғана өзгерген.

  • Алаяқтық | Instagram-дағы көше жиһазының ұтыс ойыны
  • Алаяқтық | Instagram-дағы көше жиһазының ұтыс ойыны

Жүйелер туралы толығырақ

Ұтыс ойынына қатысуға өтінім жібергеннен соң қатысушы жеңіске жеткені туралы хабар алады, содан кейін ұтысты жеткізу үшін жеке деректерін – аты-жөнін, мекенжайы мен телефон нөмірін сұрайды.

  • Алаяқтық | Instagram-дағы көше жиһазының ұтыс ойыны
  • Алаяқтық | Instagram-дағы көше жиһазының ұтыс ойыны

Парақшаның менеджерімен сөйлескен кезде олар ұтыс «жеңімпаздың» есебінен жеткізілетінін ескертеді (ұтыс ойынының постында ол туралы айтылмайды – ред.), оған қоса сомманың 50%-ін алдын ала төлеу қажет. Біздің оқырманымызға жеткізу бағасы 31 453 теңге деген, яғни ол алдын ала 15 726 теңге аударуы қажет. Төменде – 2022 жылдың маусымында lux_sera парақшасымен болған диалогтың скриншоты. Бір қызығы, жиһаздың көлемі мен төлем тәсілі туралы қарапайым сұрақтан соң lux_sera өкілі байланысты үзген.

  • Алаяқтық | Instagram-дағы көше жиһазының ұтыс ойыны
  • Алаяқтық | Instagram-дағы көше жиһазының ұтыс ойыны

Кейінірек оқырманымыз тағы бір ұтыс ойынының жеңімпазы атанып, rotang.style.premium парақшасының өкілімен хат алысқан. Бұл жолы оқырманымыз деректерді онлайн жібермеуді жөн көріп, телефонға хабарласуын сұраған. Белгісіз себеппен, телефонның арғы бетіндегі адам бірден тіл тигізіп жауап берген. Айта кетейік, rotang.style.premium-мен диалог оқырманымыздың басқа аккаунты арқылы, lux_sera-мен хат алмасқаннан кейін екі айдан соң болған. Ал көрсеткен нөмір оның туысыныкі болатын, яғни алаяқтар екі нөмірмен де жазған бір адам екенін білген жоқ.

Алаяқтық | Instagram-дағы көше жиһазының ұтыс ойыны

Кейінірек оқырманымыз Instagram арқылы rotang.style.premium-нан жеңімпаз атанғаны туралы хабар алған тағы бір қызбен тілдескен. Біз сипаттағандай аккаунт өкілі нақтылайтын сұрақтардан қашып, кейін мүлдем байланысқа шықпай қалған.

Сонымен қатар, парақшалардың ешқайсысында жеңімпаздар хабарланған, сақталған тікелей эфир жоқ. Сондай-ақ Instagram парақшаларында компаниялардың атауы, шынайы суреттер не пікірлер де жоқ. Мекенжай ретінде Жаңаөзен қаласындағы Жібек жолы көшесі, 7-үй көрсетілген. 2ГИС жүйесі ол жерде екі қабатты үй бар деп көрсетіп тұр. Ғимараттағы мекемелер туралы ақпарат жоқ. Сондай Instagram-ның көрсетуі бойынша парақша Украинадан жүргізіліп отыр. rotang.style.premium парақшасындағы посттардың барлығы (68 пост) дерлік бір күнде – 7 қыркүйекте, ал ұтыс ойыны туралы 3 пост 9 қыркүйек күні жарияланған. Ары қарай 10 қыркүйекте бір жариялым пайда болса, содан кейін парақша тым-тырыс болып қалған. Бір ғана жаңарту «байқаудың» дедлайнына қатысты. 22 қазанда парақшаны тексергенімізде ұтыс ойыны өтетін күн 11 қазан (архив) деп көрсетілген еді. Төрт күннен кейін дедлайн 31 қазанға дейін ұзартылды.

Интернетте бұл компаниялар туралы мәлімет жоқ. Тек форумдарда оларды алаяқтар деп пікір қалдырған (1, 2).

Сонымен, түйін: Тіркеуі туралы ешқандай мәліметі жоқ күмәнді компания ұйымдастырған ойдан шығарылған байқау. Хат алмасқан кезде «жеңімпаздардан» сыйлықты жеткізу үшін алдын ала төлем сұрайды. «Байқау» қатысушысы қосымша сұрақтар қойып, алдауға көнбейтінін білдіргенде менеджерлер байланысты үзеді немесе ашық түрде дөрекі сөйлей бастайды.

Оқырмандарымызға кеңес

Төменде әлеуметтік желіде алаяқты адал сатушыдан қалай ажыратуға болатыны туралы кеңес:

  1. Компания мекенжайы мен оның атауын кез келген іздеу жүйесі арқылы тексереміз.
  2. Сатушының парақшасындағы сурет, стористі талдаймыз.
  3. Жазылушылар саны мен лайк, пікір санын және видеоның қаралымын салыстырамыз. Бұл жазылушыларды қандай тәсілмен жинағанын көрсетеді. Бірақ бұл ылғи да алаяқтық дегенді білдірмейді, дегенмен басқа факторлар қосылса, индикатор бола алады.
  4. Посттардың қандай жиілікпен салынатынына назар аударыңыз. Егер біз талдап отырған жүйедегідей посттардың бәрі бір күнде жарияланып, содан кейін аккаунт «үнсіз» қалса, күдіктенуіңіз керек.
  5. Әлеуметтік желі мен интернеттегі посттардың астына жазылған пікірлерді оқимыз. Пікір де жалған болуы мүмкін екенін ұмытпаймыз.
  6. Тауардың орташа бағасын тексереміз.
  7. Әлеуметтік желілердегі алаяқтар туралы мәлімет жариялайтын топтарды қарап шығамыз.  

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz