Reuters: Қытай БҰҰ-дан Шыңжаң жайлы есепті жарияламауды сұрады

Қытай Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы уәкілі Мишель Бачелеттен Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуы жайлы есебін жарияламауды өтінді. Қытай билігі жазған хатты Reuters агенттігінің өкілдері оқыған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Сарапшылар тобы Қытайдағы ұйғырлардың жағдайын үш жыл зерттеп, есеп әзірлеген. Бачелет оны 2022 жылдың тамыз соңына дейін яғни, қызметінен кеткенге дейін жариялауға уәде еткен.

Қытай дипломаттары хатта жуырда жарық көрінеді деп айтылатын Шыңжаңдағы жағдай туралы есепке “алаңдаушылық білдірген”.

“Жоғарғы комиссарды мұндай бағалауды жарияламауға үндейміз” деп жазылған құжатта.

Қытай аталған хатты өзге елдің дипломаттарына жіберіп, олардан қол қоюды сұраған. Үш дипломат осындай хат түскенін растады. Қытайдың БҰҰ-дағы өкілі хатқа байланысты сұрақтарға жауап бермеді. Алайда оның сөзіне қарағанда, жуырда жүзге жуық мемлекет Қытайды қолдап, “адам құқығы деген желеумен Қытайдың ішкі ісіне араласуына қарсы шыққан”. Олар бұл “позициясын” “ортақ хат” арқылы да білдірген.

Контекст

  • Құқық қорғау ұйымдары Пекинді Шыңжаңдағы байырғы ұлт өкілдері: ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандардың құқықтарын бұзды деп айыптайды. Олардың айтуынша, Қытай билігі мұсылмандарды негізсіз ұстап, “қайта тәрбиелеу лагерьлеріне” қамаған. Пекин айыптауларды жоққа шығарады.
  • БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет (Michelle Bachelet) Қытайға жұмыс барысымен барған кезде мұсылмандарға бақылау күшейген.
  • RFA мәліметінше, Шыңжаң автономиясына қарасты Құлжа қаласының билігі тұтқындалған мұсылмандардың туыстарын «идеологиялық сабақтарға» қатысуға мәжбүрлеген. RFA сүйенген дереккөз мұндай сабақтар сәуірдің ортасында басталғанын хабарлаған.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz