БҰҰ өкілі Шыңжаңға барған тұста жергілікті мұсылмандарға бақылау күшейген

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет (Michelle Bachelet) Қытайға жұмыс барысымен барған кезде мұсылмандарға бақылау күшейген. Бұл туралы жергілікті полициядағы дереккөзге сүйеніп, “Radio Free Asia” (RFA) сайты хабарлады.

RFA мәліметінше, Шыңжаң автономиясына қарасты Құлжа қаласының билігі тұтқындалған мұсылмандардың туыстарын “идеологиялық сабақтарға” қатысуға мәжбүрлеген. RFA сүйенген дереккөз мұндай сабақтар сәуірдің ортасында басталғанын хабарлаған. Ал БҰҰ өкілінің сапары 23-28 мамырға жоспарланған.

Тұтқындардың туыстары сабақта Қытай үкіметіне алғыс айтып, “ұлттық қауіпсіздікті сақтау” үшін Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерлері туралы ақпарат таратпауға “уәде беру керек болған”.

Сонымен қатар, оларға шетелден хабарласқан жағдайда, жауап беруге тыйым салынған; ал сырттан қонақ келсе полицияға шақырылған.

Бұдан бөлек, БҰҰ өкілі келмес бұрын Қытайдың арнайы қызметтері Шыңжаңдағы мұсылмандарға “егер олардың шетелдегі туыстары аймақтағы лагерлер туралы ақпарат таратса, қамауға алынуы мүмкін екенін” ескерткен.

Контекст

  • Бұған дейін атын жасырған хакерлер Шыңжаңда қуғын-сүргінге ұшыраған этникалық ұйғыр, қазақ және басқа мұсылмандардың қылмыстық іс материалы сақталған полиция базасын бұзды. Онда мұсылман тұтқындардың үш мыңға жуық фотосы, 23 мыңнан астам тұтқындауға қатысты ақпарат, 300 мыңнан астам жеке дерек пен «полицияға арналған тұтқындармен жұмыс істеу нұсқаулығы» бар.
  • 2019 жылы Қытай билігі халықаралық сынға ұшырағаннан кейін уақытша түрмелер жабылатынын жариялады. Бірақ сарапшылардың сөзінше, мыңдаған ұйғыр, этникалық қазақ, басқа да мұсылмандар ондаған жыл бойы түрмеде отыр.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz