Апталық шолу: Тәуелсіз ұйымдарды қудалау, «Ингавирин» мен химтрейл, министр манипуляциясы

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан және әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратты тексерді. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі жаңалықтардың қаншалықты рас екенін анықтады. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Халықаралық ұйымдар: Қазақстан құқық қорғау ұйымдарын қудалауды тоқтатуы тиіс

Қазақстанда құқық қорғаушылардың билік тарапынан қысымға ұшырауына байланысты халықаралық құқық қорғау ұйымдары салық органдарына бұл әрекеттерін тоқтатуға шақырды. Қысымды тоқтатуға Amnesty International, Front Line Defenders, Human Rights Watch және International Partnership for Human Rights ұйымдары үндеді.

3 желтоқсанда Amnesty International, Front Line Defenders, Human Rights Watch (HRW) және International Partnership for Human Rights (IPHR) ұйымдарының жариялаған мәлімдемелерінде Қазақстан салық органдарының оннан астам жергілікті үкіметтік емес ұйымға айыппұл салғаны жазылған. Сонымен бірге, қаржы есебіндегі “қателер” үшін үкіметтік емес ұйымдарды “жабамыз” дегендері де айтылған.

Қазақстан Қытаймен су бөлісу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқан алғашқы ел ме?

Сенатта өткен үкімет сағатында ҚР экология министрі Мағзұм Мырзағалиев “Қазақстан Қытаймен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел” деген мәлімдеме жасады. Ақпарат ҚР Сенатының ресми парақшасына жарияланды. Factcheck.kz деректің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Қытайдың Қазақстан және басқа көршілерімен трансшекаралы өзендерге қатысты су бөлу туралы әр түрлі келісімшарттары бұған дейін де болған. Қазақстан мен Қытай су мәселесіне келгенде 2001 жылғы келісімге сүйене жұмыс істейді. Мағзұм Мырзағалиевтің айтқаны неге манипуляция екенін мына сілтемеге өтіп оқыңыз.

«Ингавирин» қатерлі ісік тудыратын тыйым салынған дәрі ме?

Коронавирус пандемия аясында мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде танымал вирусқа қарсы «Ингавирин» препараты лейкоз (қан қатерлі ісігі – ред.) тудырады деген видеоролик белсенді түрде тарап жатыр.

Ролик авторлары бұл дәрі-дәрмек құрамында сауда атауы «Витаглутам» деген, «имидазолилетанамид пентандио қышқылы» деп аталатын белсенді зат бар екенін айтады. Дәл осы белсенді зат Ресей онкологиясында қан қатерлі ісігін емдеу үшін қолданылып, 2014 жылы өндірісіне «тыйым салынған» «Дикарбамин» препаратында бар, өйткені ол, керісінше, лейкоциттердің шамадан тыс өсуіне әсер етеді екен-мыс.

«Дикарбаминге» «тыйым салынбаған», оны өндірістен өндірушілердің өзі тоқтатқан. Сонымен қатар, “Ингавирин” тиімдігін дәлелдейтін толыққанды клиникалық зерттеулер жоқ, ал бар зерттеулер өндірушінің қатысуымен жүргізілген. Ғылыми қауымдастық бұл препараттың организмге мүлдем әсер етпейтініне сенуге бейім (олай болса, қатерлі ісік ауруын да тудырмайды). Үкімі – жалған. Толығырақ мына сілтемеде.

Химтрейлді дәлелдейтін Германиядағы ауа талдауы – фейк

Өткен аптада қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде химтрейлді «дәлелдейтін» Германияда жүргізілген «ауа талдауы» нәтижесін белсенді таратты. Кейбір қолданушы Еуропада химтрейл анықталып жатса, онда Қазақстанда бәрі әлдеқайда нашар болуы мүмкін дегенді айта бастады. Әйтсе де, бұл олай емес. Біз егжей-тегжейлі қарастырайық.

Шын мәнінде, интернетте таралған құжат – 2014 жылы Германияның Interlabor BELP AG зертханасы жүргізген зерттеу нәтижелерінің қайта редакцияланған түрі. Түпнұсқада алюминий мөлшерінің 10 мың еседен асып кетуі туралы жазба жоқ, «Химитрейл талдауы» деген фраза фотошоппен жасалған. Бұл фейкті Stopfake.kz жоққа шығарып қойған. Толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыз.

Басқа қандай материал жарияладық?

  • iPhone-ның “жаңылыстыратын жарнамасы” үшін 10 миллион еуро айыппұл салынды.
  • Португалия соты ПТР-тесттерді жалған, ал карантинді заңсыз деп танығаны рас па?
  • Ұлыбритания Pfizer және BioNTech вакцинасын мақұлдаған алғашқы ел.
  • Қазақстан Ұлттық Банкі алаяқтар туралы ескерту жасады.
  • Қазақстан азаматтық қоғамы мен тәуелсіз құқық қорғау ұйымдарының үндеуі.
  • Алматыда экс-президент Назарбаев жайлы баннер ілінді.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz