Халықаралық ұйымдар: Қазақстан құқық қорғау ұйымдарын қудалауды тоқтатуы тиіс

Қазақстанда құқық қорғаушылардың билік тарапынан қысымға ұшырауына байланысты халықаралық құқық қорғау ұйымдары салық органдарына бұл әрекеттерін тоқтатуға шақырды. Қысымды тоқтатуға Amnesty International, Front Line Defenders, Human Rights Watch және International Partnership for Human Rights ұйымдары үндеді.

3 желтоқсанда Amnesty International, Front Line Defenders, Human Rights Watch (HRW) және International Partnership for Human Rights (IPHR) ұйымдарының жариялаған мәлімдемелерінде Қазақстан салық органдарының оннан астам жергілікті үкіметтік емес ұйымға айыппұл салғаны жазылған. Сонымен бірге, қаржы есебіндегі “қателер” үшін үкіметтік емес ұйымдарды “жабамыз” дегендері де айтылған.

Human Rights Watch ресми өкілі Хью Уильямсонның айтуынша, салық органдарының үкіметтік емес ұйымдарға жасаған әрекеті негізсіз. Ал Amnesty International ресми өкілі Мари Стразерстің мәлімдеуінше, оннан астам құқық қорғау ұйымдарының қаржы есебіндегі “заң бұзушылықтары” үшін салық органдарының таққан айыптары шектен шыққан әрекет екенін көрсетеді.

Front Line Defenders ұйымының директоры Андрю Андерсонның сөзінше, салық органдарының 2021 жылы қаңтарда өтетін парламент сайлауы қарсаңында жасап жатқан мұндай әрекеті алаңдатады. Сонымен бірге, сайлау барысында адам құқығының сақталуын бақылауға және азаматтық қоғамға кері әсер ететінін айтты.

International Partnership for Human Rights директоры Бриджит Дюфур құқық қорғау ұйымдарының жұмысына кедергі келтірмеуге және Қазақстан билігіне құқық қорғау ұйымдарымен жәрдемдесіп жұмыс жасауға шақырды.

Халықаралық ұйымдардың мәлімдемесінде Еуроодақ, ЕО-ға мүше елдер және өзге мемлекеттер Қазақстан әріптестерін құқық қорғау ұйымдарына қысым жасауын доғаруына ықпал етуі керек екені жазған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz