Химтрейлді дәлелдейтін Германиядағы ауа талдауы – фейк

Өткен аптада қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде химтрейлді «дәлелдейтін» Германияда жүргізілген «ауа талдауы» нәтижесін белсенді таратты. Зерттеуде ауада алюминий, барий және стронций сияқты бірқатар металдың көбейгені айтылады. Мұның бәрі «айғайлаған» тақырыппен берілді: «Химтрейл талдауы. Алюминий мөлшері 10 000 есе асып кетті!»

Химтрейлді дәлелдейтін Германиядағы ауа талдауы - фейк

Кейбір қолданушы Еуропада химтрейл анықталып жатса, онда Қазақстанда бәрі әлдеқайда нашар болуы мүмкін дегенді айта бастады. Әйтсе де, бұл олай емес. Біз егжей-тегжейлі қарастырайық.

Үкім: Фейк

Шын мәнінде, интернетте таралған құжат – 2014 жылы Германияның Interlabor BELP AG зертханасы жүргізген зерттеу нәтижелерінің қайта редакцияланған түрі. Түпнұсқада алюминий мөлшерінің 10 мың еседен асып кетуі туралы жазба жоқ, «Химитрейл талдауы» деген фраза фотошоппен жасалған. Бұл фейкті Stopfake.kz жоққа шығарып қойған.

Химтрейлді дәлелдейтін Германиядағы ауа талдауы - фейк
Түпнұсқа құжат сканы

Талдау швейцариялық белсенді тапсырысы бойынша жүргізілді. Ол өзінің ашық джакузиінде жиналған жаңбыр суының сапасын тексерткен. Автордың өзі бұл туралы еуропалық форумдардың бірінде жазды, содан кейін сурет интернетте таралды. Форум қолданушылары бұл кез келген адам 295 швейцар франкіне тапсырыс бере алатын стандарт сынақ екенін атап өтті. Сонда әңгіме, тіпті, ауаны тексеру жайында емес болып отыр.

Алдымызда Қазақстандағы норматив құқықтық актілердің қабылдануына әсер ету мақсатында жасалған қастандық чатынан таралған зомби-фейк тұр. Чат мүшелері мен канал жасаушылар – вакцинаға қарсы қозғалыстың өкілдері. Олар коронавирус пандемиясы туралы жалған ақпарат тарата отырып, айтарлықтай агрессив риторика қолданып отыр.

Ластанған жаңбыр суы химетрейл теориясына қаншалықты қатысты?

Сол белсенді форумда жаңбыр суы ластанғандықтан, атмосфераға ұшақпен бүрку арқылы түскен зиян заттардың көп мөлшері бар деген болжам жасады. Бұл олай емес.

Шындығында, жаңбыр суында металдардың болуы атмосфераның ластану фактісін көрсетпейді. Үлгілерді швейцарлық өздігінен жинаған, яғни түтіктердің дұрыс жиналуы мен стерильдігі туралы айтудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар, интернетте жаңбыр суындағы металдар ешқандай ластануды көрсетпейтінін дәлелдеген америкалық белсендінің зерттеуі бар. Айтпақшы, бұл америкалық оқиға жаңбыр суын жинауға байланысты болды, бірақ бұл жолы Флорида.

Барий мен алюминий – бұл табиғи түрде жер бетінде пайда болатын металдар, сондықтан ауаға шаңмен немесе топырақтың ұсақ бөлшектерімен бірге түседі. Сонымен қатар, контейнерге бұтақтар мен жапырақтар түсуі мүмкін, өйткені ол ашық аспан астында орналасқан. Ал швейцарлыққа келер болсақ, джакузидің жабыны бөлшектерінің өзі суға түсуі мүмкін.

Қорытынды: интернетте таралып жатқан құжат – Германиядан келген заманауи ауа талдауы емес, 2014 жылы Швейцариядан келген жаңбыр суының үлгісі. Сонымен қатар, жаңбыр суында металдардың болуы да ауаның ластануын білдірмейді. Химтрейлдер туралы қастандық теориясын егжей-тегжейлі біздің мақаладан оқыңыз.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Factcheck.kz