Португалия соты ПТР-тесттерді жалған, ал карантинді заңсыз деп танығаны рас па?

Желіде «Португалияның апелляциялық соты ПТР-тестілеуді жалған, яғни фейк, ал карантинді заңсыз деп таныды» деген ақпарат тарап жатыр. Осындай тақырыптағы мақала Яндекс.Дзен платформасындағы «По секрету всему свету» деген парақшада жарияланған. Бір аптадан кейін материал авторы тақырыптағы «фейк» сөзін «тест 97% жағдайда жалған оң нәтиже көрсетеді» деп өзгертіп қойыпты (сондықтан мақала қайтадан өзгеріп, өңделмей тұрғанда оны мұрағаттап алдық).

Автордың мәліметі бойынша COVID-19 үшін жасалған ПТР-тесттердің жалған оң нәтижесінің көрсеткіші 90-97% арасында. Сондай-ақ ол Португалиядағы апелляциялық сот шешімінің орыс тіліне аударылған үзіндісін де келтіреді:

… Егер біреудің ПТР-тесті циклдің 35 не одан да жоғары шегін (бұл әдетте Еуропа мен АҚШ-тағы көптеген зертханалардың стандарты) қолдана отырып оң нәтиже көрсетсе, онда бұл адамның расымен ауырып қалу ықтималдығы 3%-дан аспайды, ал тест көрсеткен нәтиженің жалған болып шығу ықтималдығы 97%-ға тең.

«Жеткен жеріміз осы екен!!! Әлемді дүрліктірген мына ковид пен карантинге қатысты дау-дамайдың бәрі ойдан шығарылған өтірік, жалған және түкке тұрмайтын нәрселер. Нақты айтатын болсақ, бұл адамзатқа қарсы жасалған қастандық, адамдарды құртудың амалы», деп жазады мақала авторы.

Мақала тек Яндекс.Дзеннің өзінде 48 мыңға жуық қаралым жинаған, сондай-ақ қазір басқа платформаларда да тарап жатыр.

Үкім: Манипуляция және жалған

Шындығы қайсы, манипуляциясы қайсы: Бір қызығы Лиссабон қаласының апелляциялық сотының судьялары Азор аралында екі апта бойы карантинде болған Германияның төрт азаматының ісін қарау кезінде келесі қорытындыға келді: «коронавирусты анықтау кезінде ПТР-тесттерге сену «өте күмәнді», ал төтенше жағдай болмаса аталған азаматтарды карантинге жатқызу заңсыз». Алайда бар мәселе судьялардың ПТР-тесттерге қатысты ғылыми мақаланы дұрыс түсінбей, шешім шығарғанында болып тұр. Олай болса, Яндекс.Дзендегі автор да қателесті деген сөз. Осыған қоса ол судьялардың шешімін дұрыс аудармай, ақпаратты одан сайын бұрмалап, өз атынан бірнеше жалған мәлімдеме жасаған. Бұл жерде ескере кететін маңызды жайт, судьялар «коронавирус ойдан шығарылған» деп айтпаған да, меңземеген де.

Судьялар жалпы карантинді заңсыз деп таныған жоқ, олардың шешімі нақты осы төрт неміс азаматына қатысты. Сондай-ақ «Португалияның апелляциялық соты» деп жазу арқылы мақала авторы жаңалықты барынша маңызды еткісі келген сияқты. Себебі Португалияда апелляциялық сот көп, ал бұл жерде сөз болып отырғаны солардың біреуі ғана. Мақала тақырыбы оқырмандарды шатастырып, жалған мәлімдеме таратады. Естеріңізге сала кетейік, тақырыптың алғашқы нұсқасында «ПТР-фейк» деп жазылған еді және түрлі форумдар мен БАҚ арқылы желіге дәл осы тақырып тарап кетті.

Негізгі бөлімге өтпес бұрын айта кетейік, біз бұл мақалада судьялардың Германия азаматтарына қатысты шығарған шешімін талқыламаймыз, тек олардың сүйенген ғылыми мақаланы қалай түсінгеніне тоқталамыз. Себебі Яндекс.Дзендегі автор да өз материалында сол мақаланы пайдаланған.

Егжей-тегжейлі талдап көрейік

Бұл оқиға 2020 жылғы тамызда Германияның төрт азаматын Азор аралындағы қонақ үйге екі аптаға карантинге жапқаннан кейін басталады. Олардың біреуінің ПТР-тесті COVID-19-ға оң нәтиже көрсеткен, ал қалған үшеуі онымен байланыста болған адам ретінде оқшауландырылады.

Нәтижесінде азаматтарды қонақ үйде екі емес, үш апта ұстайды, ал коронавируспен ауырған әйелге, жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, осы уақыт аралығында медициналық көмек көрсетілмеген. Осыған байланысты олар тамыз айының соңында хабеас корпус рәсімі бойынша сотқа арыз береді. Кейінірек жергілікті сот Германия азаматтарының пайдасына шешім шығарады, себебі олардың айтуынша карантинге жатқызу бас бостандығынан айыру деп саналады.

2020 жылғы 11 қарашада Лиссабонның апелляциялық соты бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Соттың шешімі бойынша конституция мен заңға сәйкес денсаулық сақтау органдары ешкімді, тіпті «оқшаулау» үшін де бас бостандығынан айыруға құқығы немесе заңды негізі жоқ. Себебі бұл біреуді қамауға алғанмен тең, ал мұндай шешімді тек сот қабылдай алады.

Айта кету керек, сот шешімі «судьялар коронавирусты жоққа шығарады» дегенді білдірмейді. Олар керісінше аурудың ауырлығына қарамастан Германия азаматына медициналық көмек көрсетілмегеніне таң қалды. Алайда мақаланың басында айтылғандай, олар ПТР-тесттің тиімділігіне күмәнмен қараған. Олар Бернард Ла Скола мен оның әріптестерінің ғылыми жұмысына сілтеме жасай отырып, өз шешімінде мынаны хабарлайды:

«Егер адамда циклдің 35 не одан да жоғары шегінде (әдетте бұл Еуропа мен АҚШ-тағы көптеген зертханалардың стандарты) ПТР-тест «оң нәтиже» көрсетсе, онда бұл адамның расымен ауырып қалу ықтималдығы 3%-дан аспайды. Тест нәтижесінің «жалған оң болып шығу» ықтималдығы 97% және одан да жоғары».

Естеріңізге сала кетейік, Яндекс.Дзендегі мақала авторы өзінің аудармасында «жұқпалы» емес, «жұқтырған» сөзін қолданған. Бұл жағдайда мәлімдеме мағынасы айтарлықтай өзгереді. Бірақ бәріне рет-ретімен тоқталайық.

Судьялар мен автор неден қателесті?

Біріншіден «ПТР-тест дегеніміз не?» деген сұраққа жауап берейік. Полимеразды тізбекті реакция (ПТР) – бұл егжей-тегжейлі зерттеу жүргізу үшін немесе мысалы, вирусты анықтау үшін ДНҚ-ның нақты бір фрагменттерінің көптеген көшірмесін жасау үшін қолданылатын әдіс. SARS-CoV-2 РНҚ-вирус болғандықтан, онымен жұмыс істеу үшін алдымен РНҚ-ны «кері транскрипция» деп аталатын процестің көмегімен ДНҚ-ға айналдырып, содан кейін ПТР-ға көшу керек.

Вирустың қалай анықталатынын осы және мына жерден оқи аласыздар. Біз сол материалдарды негізге ала отырып, назарларыңызға процестің қысқаша сипаттамасын ұсынамыз.

Зерттеу жүргізу үшін адамнан сынама алынған кезде оның құрамында генетикалық материал және егер бар болса, коронавирус РНҚ-сы болады. Кері транскрипция процесі мен бірқатар әрекеттен кейін сынама амплификатор деп аталатын құрылғыға салынады.

Амплификатор температура өзгерістерінің циклдарын жасайды, мәселен алынған сынаманы қыздырып не салқындатқанда химиялық реакция туындайды. Бұл өз кезегінде, егер ол бар болса, мақсатты вирустық ДНҚ-ның өзіне ұқсас көшірмелерін жасатады. Әр цикл вирустық ДНҚ-ның мөлшерін екі есеге арттырады, сондықтан екінші цикл вирустық ДНҚ-ны төрт есеге, үшінші цикл сегіз есеге көбейтеді және ары қарай солай кете береді.

Әдетте процесс 35 (кейде 40) циклдан өтеді, оның барысында алынған сынамадағы вирустық ДНҚ-ның кез келген тізбегінің миллиардтаған көшірмесі жасалады. Бұл кезде маркерлік белгілер ДНҚ тізбектеріне жабысып, флуоресцентті бояу шығарады. Оның деңгейін дәл сол мезетте құрылғының экранынан қарауға болады. Егер флуоресценцияның көрсеткіші белгілі бір деңгейден асып кетсе, онда вирус бар деген сөз. Сондай-ақ вирусты анықтау үшін қажет болған циклдың саны жазылады. Бұл инфекцияның ауырлығын бағалау үшін қажет, яғни цикл саны неғұрлым аз болса, вирус ауыртпалығы соғұрлым көп болады.

Судьялар сілтеме жасаған ғылыми мақаланың авторлары SARS-CoV-2-ге оң нәтиже көрсеткен 3790 сынаманы зерттеп, белсенді вирустың бар-жоғын іздеген. Себебі сол кезде пациенттердің инфекцияны расымен жұқтырғаны көрінетін еді. Вирустың көбейетінін не көбеймейтінін тексеру үшін оны жасушаға енгізеді (in vitro). Ла Скола мен оның әріптестері келесіні анықтаған: цикл шегі 25-ке тең сынамалардың 70%-ы жасушада оң нәтиже көрсеткен (яғни жұқпалы); цикл шегі 30-ға тең сынамалардың 20%-ында оң нәтиже анықталған; ал цикл шегі 35-ке тең сынамалардың оң нәтиже көрсеткіші 3%-ға тең болған.

Яғни цикл 35-ке тең болған кезде тесттің жалған оң нәтиже көрсету ықтималдығы 97%, ал цикл 30 болғанда 80% дегенді білдіре ме? Жоқ. Мәселе мынада: ПТР-тест 30-шы циклда оң нәтиже көрсетсе, демек пациент коронавирус жұқтырған. Алайда 20-шы циклда оң нәтиже көрсеткен науқас әлдеқайда жұқпалы саналуы мүмкін, себебі мұндай аз циклда ағзаға вирустық ауыртпалық көбірек түседі.

Екіншіден, 35-40 цикл дегеніміз – оң нәтиженің шекті деңгейі. Бұл дегеніміз, егер тест 35-40 цикл ішінде оң нәтиже көрсетпесе, әдетте ондай нәтижені теріс деп санайды. Еуропаның ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары мамандарға цикл саны 35-тен асса, тестті қайта алуға кеңес береді.

COVID-19-бен ауырған көп науқастың жағдайында 35 цикл күтудің де қажеті жоқ. Лиссабон қаласындағы Жаңа университеттің Медицина ғылымдары факультетінің Созылмалы ауруларды зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Васко Баррето португалиялық Publico басылымына берген сұхбатында ол жүргізген тәжірибеде 42% жағдайда оң нәтиже анықтау үшін оған 25 және одан аз цикл кеткенін айтты. Мұндай вирустық ауыртпалық кезінде пациенттер тек ауырып қана қоймайды, сонымен қатар басқаларға қауіпті.

Судьялардың шешіміне түсініктеме бере отырып, Баррето олардың ғылыми мақаланың тұжырымдарын дұрыс түсінбегенін айтады: «Циклдарды арттырған сайын (бұл оң сигнал алу үшін қажет) ештеңе жұқтырмайтын үлгілердің үлесі де көбейіп отырды. Біздің ағзамыз инфекцияны тоқтатқанымен, вирустың генетикалық материалдарының бір бөлігі қалып қояды. Олар ағзада бірнеше күн бойы сақталып, кішірейеді. Бұл кезде адам басқаларға қауіп төндірмейді».

Ғалымның айтуынша, мұндай тұжырымдар әртүрлі елдегі денсаулық сақтау органдарына жұқтырғандар үшін міндетті карантин мерзімін қысқартуға және пациентті шығаруға арналған теріс сынақтан бас тартуға көмектесті.

Осы ретте АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары адамның вирустық ауыртпалығын, оның қаншалықты жұқпалы екенін және оны оқшауланудан немесе карантиннен қашан босатылатынын анықтау үшін циклдар санын қолдануға кеңес бермейді. Цикл саны мен сынамадағы бастапқы вирустық генетикалық материалдың мөлшері арасында байланыс бар, бірақ бұл байланыс әлі нақты емес.

Себебі циклдардың санына вирустық ауыртпалықтан басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Мысалы егер сынама дұрыс алынып, сақталмаса немесе ол инфекцияның бастапқы кезеңінде алынса, онда циклдар саны жоғары болуы мүмкін. Сондықтан циклдардың санына ғана сенім арту дұрыс емес (себебі сынаманы қолайлы жағдайда алу сирек кездеседі).

Дегенмен кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл циклдар санының (көп немесе аз болуы) маңызын жоққа шығармайды және оны білу арқылы көп ақпаратқа қол жеткізуге болады.

Қолайлы жағдайды есептемегенде ПТР-тесттердің дәлдігі кей кезде төмен болуы мүмкін, оған бірнеше себеп бар. Осыған қоса бұл ПТР-тесттің өзіне, яғни дизайны мен сапасына байланысты. Сондықтан, әрине, жалған оң және жалған теріс нәтижелер болып тұруы мүмкін. Бірақ тест кәсіби зертханада тапсырылса, бұл сирек кездеседі. Сондай-ақ науқастың клиникалық жағдайы де маңызды және әрдайым ескеріледі. Дәрігерлер қорытындыны тек тест нәтижелеріне қарап шығармайды.

Осы ретте жақында Португалияның Жоғарғы Сот кеңесі Лиссабон қаласының апелляциялық сотының шешімін қарауға шешім қабылдағаны белгілі болды. Кеңес төрағасы Антониу Хоаким Писарраның айтуынша бұл «тәртіптік тергеу» емес. Әзірге бұл іс бойынша қандай да бір талқылау бола ма, жоқ па белгісіз.

Бұған дейін айтқанымыздай, Яндекс.Дзендегі мақаланың авторы судьялардың онсыз да қате тұжырымдамасын дұрыс аудармаған, мәселен ол «жұқпалы» сөзін «жұқтырған» деп өзгерткен. Сонымен қатар ол ПТР-тесттің жалған оң нәтижесінің көрсеткіші 90-97%-дың арасында дейді және «COVID-19 ойдан шығарылған өтірік әрі қастандық» деп мәлімдейді. Ол бұл мәліметті неміс тіліндегі басқа блогтан оқып-білген, сондықтан байқамай қателесуі мүмкін.  Себебі неміс авторы қате ақпарат таратқан. Алайда қате болсын, болмасын, оның мәлімдемесі жалған.

ПТР-ды ойлап тапқан адам олай айтқан жоқ

Осы тұста Яндекс.Дзендегі тағы бір материалға назар аударуды жөн санадық. Себебі ондағы мәлімдемелер баяғыда теріске шығарылса да, желіде қайта-қайта шығып отырады.

Мәлімдеме: Нақты факт – полимеразды тізбекті реакция (ПТР) технологиясын ойлап тапқан Кэри Муллис ПТР-дің инфекцияны анықтауға жарамсыз екенін айтқан.

Бұл фейк. Кэри Муллис олай деп айтпаған.

1996 жылы журналист әрі публицист Джон Лауритсен АИТВ/ЖИТС туралы мақаласында Муллистің сөзін келтірген. Ол бойынша ПТР заттарды сан емес, сапа тұрғысынан анықтайды, яғни ол вирустың өзін емес, генетикалық тізбегін анықтайды:

«Вирус ауыртпалығын тексеруге арналған тест расымен де қандағы вирустың санын есептей алады деген жаңсақ пікірге қарамастан, олар еркін жұқтыратын вирустарды анықтай алмайды; олар тек кей жағдайда АИТВ-ға ғана тән деп қате саналатын ақуыздарды анықтай алады…», деп жазады Лауритсен.

Яғни Кэри Муллистің  айтуынша ПТР-тесті ағзадағы вирустық материалдың бар-жоғын анықтайды, бірақ ол вирусы бар адамның қаншалықты жұқпалы екенін анықтамайды (бұл тақырыпқа қатысты талқылауды жоғарыда оқыған едіңіз). Алайда бұл тест инфекцияны анықтай алмайды деген сөз емес. Тек Муллистің Лауритсен арқылы жеткен сөзі дұрыс қабылданбаған.

Осы тақырыпқа арналған егжей-тегжейлі талдау жұмыстарын Reuters немесе Stopfake.org сайттарынан оқуға болады.

Қорытынды

  • ПТР-тесттер кемшіліксіз емес, бірақ олар көптеген вирусты анықтай алады. Сондай-ақ антиденелерді анықтайтын тест бар, сондықтан әзірге бұл адамзат ойлап тапқан ең үздік әдістің бірі.
  • Біз талдап жатқан жаңалық «По секрету всему свету» деген парақшада шықты. Ол 2020 жылға дейін психологияға жақын тақырыптарды қозғайтын. Ал пандемия басталғалы қастандық теорияларына негізделген мақалаларды көбірек жариялай бастады. Нәтижесінде автордың (авторлардың) қандай көзқараста екенін түсіну қиын. Мысалы біз қазір талдап жатқан материалда «коронавирус – ойдан шығарылған» деген ой айтылады, ал осы парақшаға жақында шыққан басқа бір мақалада «COVID-19-бен ауырып шыққан науқастарда онкология және басқа аурулар жоғалып кетеді» делінген. Алайда біздің тәжірибеміз бойынша мұндай парақшаларда нақтылық пен шынайылық болмайды, себебі олардың басты мақсаты – көп қаралым жинау. Сондықтан олар бір-біріне қайшы келетін қастандық теорияларын жариялай беретін қоқыс іспеттес. Өкінішке қарай, кейде кейбір оқырман мұны байқай бермейді.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz