1.12 | Алматыдағы баннер мен ІІМ жайлы фейк, Қытай Аустралиядан кешірім сұрай ма?

Аустралия Қытайдан фейк сурет үшін кешірім сұрауды талап етті

Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзянның туиттер парақшасында жарияланған “фейк” суреті үшін Австралия кешірім сұрауға шақырды. Бұл туралы ABC News хабарлады.

Бұл фотода баланың мойнында пышақ тақап тұрған “австралиялық” солдат көрсетілген. Суреттегі жазбада «алаңдама, біз тыныштық орнату үшін келдік» деп жазылған.

1.12 | Алматыдағы баннер мен ІІМ жайлы фейк, Қытай Аустралиядан кешірім сұрай ма?
Қытай үкіметінің ресми өкілі Чжао Лицзянның туиттер парақшасындағы сурет

Аустралия премьер-министрі Скотт Моррисон кешірім сұрауды талап етті. Сонымен бірге, фотоның жалған екенін айтып, желіден өшіруге шақырды. Сарапшылардың айтуынша, Қытай Аустралиядан кешірім сұрамауы мүмкін.

Сонымен қатар, ABC News “австралиялықтардың Ауғанстан соғысындағы әскери қылмыстарын тергеу” тұсында болып жатқанын жазды.

Алматыда экс-президент Назарбаев жайлы баннер ілінді

1 желтоқсанда, елде Тұңғыш президент күні, Алматыда белгісіз біреулер “Адам атына 47,3 млрд теңге жұмсады” деген жазу бар баннер ілді. Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойындағы ұзындығы он метр баннерде #qazaqkoktemi және #cancelelbasy хэштегтері жазылған. Бұл туралы “Азаттық радиосы” жазды.

1.12 | Алматыдағы баннер мен ІІМ жайлы фейк, Қытай Аустралиядан кешірім сұрай ма?
Алматыдағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойына ілінген баннер. 1 желтоқсан 2020 жыл. Сурет: Азаттық радиосы

Акция ұйымдастырғандардың кім екені белгісіз, бірақ 1 желтоқсан күні таңертең Rukh2k19 оппозициялық белсенділер тобы Instagram желісінде баннер суретімен жазба жариялады.

Rukh2k19 парақшасындағы жазба авторлары “2019 жылы 23 наурызда үкіметтің халық пікірімен ескерместен Қазақстан астанасы мен орталық көшелерінің атын өзгерткенін ұмытқан жоқпыз. Түрлі дерек бойынша, Назарбаев атын “жұрт жадынан өшірмеуге” 47,3 млрд теңге жұмсалған. Бұл күнді Назарбаев пен оның нөкерлері мереке ретінде тойлап жатқанда ел азаматтары оның жеке басына табынуға қалай нүкте қоюға боларына бас қатырып отыр” деп жазады. Rukh2k19 авторлары “әрбір қазақстандық мемлекет ісін реттеуге қатысуға хақы бар” деп есептейді және “жұрт құқығы мен еркіндігі сақталуы тиіс” деп санайды.

ІІМ компромат жайлы ақпаратты жоққа шығарды

WhatsApp желісінде полиция полковнигі Тұрлыбек Ахметовтің атынан жазылған хабарлама таратылып жатыр. Мәтін авторы ІІМ вице-министрі болып тағайындалмаса, әшкерелейтін хабарламаны жариялаймын деп жазған. Министрлік бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stopfake.kz хабарлады.

1.12 | Алматыдағы баннер мен ІІМ жайлы фейк, Қытай Аустралиядан кешірім сұрай ма?
Желіде тараған хабарлама

Хабарламада ІІМ-нің қазіргі қызметкерлері Тұрлыбек Ахметов пен Сергей Варгоның аты-жөні көрсетілген. Алайда министрлік олардың бұған еш қатысы жоқ екенін хабарлады.

– 30 қарашада ІІМ қызметкерлері Т.Ахметов пен С. Варго әлеуметтік желілерде олардың есімдерін пайаланып, шындыққа жанаспайтын, жала таққан мәліметтерді жариялаған адамдарды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініш жазды. Аталған факт бойынша ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады және БАҚ-та көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысы бар адамдарды анықтау бойынша шаралар қабылдануда, – делінген ІІМ ресми хабарламасында.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz