Апталық шолу: Еуроодақтың Қытайға санкциясы, Арменияда паспорт жасау құны және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен басқа да елде тараған ақпараттарды тексерді. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Арменияда паспорт жасау құны 840 теңге екені рас па?

Ztb_kz инстаграм парақшасы Қазақстан мен Армениядағы паспорт бағасын салыстырып жазған болатын. Ақпарат мазмұнында паспорттың кез келген мемлекет үшін маңызды екені айтылады. Сондай-ақ Қазақстанда паспорт жасау құны – 23 336 теңге, ал Арменияда 840 теңге деп көрсетеді. Деректің рас-өтірігін тексеріп көрдік.

“Азаматтарға арналған үкімет” мәліметінше, елімізде паспорт жасау құны – 23 336 (8 АЕК) теңге екені рас. Армения Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің ақпараты бойынша, Армениядағы биометриялық паспорт құны – 133 доллар, теңгеге шаққанда, шамамен, 55 600 теңге. Жаряиланған посттағы 2 доллар Армения азаматтығын алу үшін төленетін жарна. Ztb_kz парақшасы біздегі паспорт алу құны мен Армениядағы азаматтық алуға төленетін мемлекеттік жарнаны салыстырған. Бұл ақпаратты бұрмалау. Шынтуайтында, Қазақстандағы паспорт алу құны Арменияға қарағанда арзан. Ал үкімі манипуляция. Толығырақ мына сілтемеде.

Еуроодақ Шыңжаңдағы қысымға байланысты Қытайға қарсы санкция енгізді

Еуроодақ 30 жылда алғаш рет Қытайға қарсы санкция енгізді. Санкция тізіміне Қытайдың төрт шенеунігі және бір заңды тұлға енді.

Жаңа санкция тізіміне енгендердің шотын бұғаттап, Еуроодақ аумағына кіруге тыйым салынады. Брюссель мұндай шешімді Шыңжаңдағы мұсылмандарға қарсы жасалған қысыммен байланыстырады.

Ал Қытай Сыртқы істер министрлігі Брюссельге қарсы “қатаң шара” қолданатынын мәлімдеді. Reuters және dpa ақпарат агенттігі хабарлауынша, бұл 30 жылдан соң енгізілген алғашқы санкция. 1989 жылы Еуроодақ Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңында өткен митингте Қытай билігінің күш қолданғаны үшін ҚХР-ға санкция салған.

Депутат Абақанов ауа ластануынан болатын өлім-жітім туралы

Наурыздың 10-да өткен Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Елдос Абақанов атмосфералық ауаның ластануына байланысты өлім туралы бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

ДДСҰ есебіне сәйкес жыл сайын әлем бойынша 4,2 млн өлім атмосфералық ауаның ластануының теріс әсерінің нәтижесінен болып табылады.

Елдос Абақанов

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) есебінде депутат келтіргендей дерек бары рас, алайда ол жыл сайынғы емес, тек 2016 жылдың көрсеткіші. Дерекке сенсек, 2016 жылы ауаның ластануы шамамен 4,2 миллион адамның уақытынан бұрын қайтыс болуына әсер еткен. Ал үкімі техникалық қате. Толығырақ мына сілтемеде.

Англияда Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын көрсеткен мұғалім жұмысынан шеттетілді

Оқушыларға Мұхаммед пайғамбардың «орынсыз» бейнесін көрсеткен Батлидегі (Батыс Йоркшир) гимназия мұғалімі жұмысынан шеттетілді. Қазіргі уақытта аудиторлық тексеріс жүргізіліп жатыр.

Бейсенбіде мұсылман қауымы мұғалімнің жұмыстан шығуын талап етті. Олар талап орындалмаса балаларын мектептен шығарамыз деп, мектеп ғимараты алдында наразылық білдірді.

Мұсылмандар Алла да, Мұхаммед те адам ретінде бейнеленбеуі керек деп санайды. Сондықтан мұндай әрекетті қорлау ретінде қабылдайды. Былтыр қазанда Париж маңындағы орта мектептің мұғалімі Самуэль Пати, толеранттылық пен сөз бостандығы сабағы аясында оқушыларына Мұхаммедтің карикатурасын көрсетті. Бұл жағдайдан кейін шешендік 18 жастағы жігіт мұғалімнің басын кескен.

Басқа қандай материал жарияланды

  • «ҚазАгрода» бір көзден сатып алу үлесі 98% екені рас па?
  • CPJ Нұр-Сұлтанды журналистерді аккредиттеу ережесін қайта қарауға шақырды
  • «Шекарасыз репортерлер» ұйымы өшпенділік тілі мен фейк ақпарат үшін Facebook компаниясын сотқа берді
  • Facebook 1,3 миллиард фейк аккаунтты өшірді
  • Twitter тарихындағы алғашқы пост шамамен 3 миллион долларға сатылды
  • Фактчек | Депутат Смайлов Қазақстандағы балалар кедейлігі және көп балалы отбасылар туралы

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.