Депутат Абақанов ауа ластануынан болатын өлім-жітім туралы

Наурыздың 10-да өткен Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Елдос Абақанов атмосфералық ауаның ластануына байланысты өлім туралы бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

ДДСҰ есебіне сәйкес жыл сайын әлем бойынша 4,2 млн өлім атмосфералық ауаның ластануының теріс әсерінің нәтижесінен болып табылады.

Елдос Абақанов

Үкім: Техникалық қате

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) есебінде депутат келтіргендей дерек бары рас, алайда ол жыл сайынғы емес, тек 2016 жылдың көрсеткіші. Дерекке сенсек, 2016 жылы ауаның ластануы шамамен 4,2 миллион адамның уақытынан бұрын қайтыс болуына әсер еткен.

БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі арнайы баяндамасына және ДДСҰ-ның есептеріне сай, жыл сайын шамамен 7 миллион адам инсульт, жүрек ауруы, өкпе рагы, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы және респираторлық инфекциялар, соның ішінде өкпе қабынуы сияқты өкпе мен жүрек-қан тамырлары жүйесіне терең ене алатын құрамында бөлшектер бар ауаны жұту әсерінен қайтыс болады.

Атмосфераның ластануына байланысты өлім-жітімнің 90%-тен астамы табысы төмен және орташа елдерде болады. Бұл бірінші кезекте Азия мен Африка, одан кейін Шығыс Жерорта теңізі, Еуропа мен Америкадағы аз және орташа табысты елдерге қатысты.

ДДСҰ ауа ластануы жұқпалы емес аурулардың негізгі қозғаушы күші екенін мойындайды. Бұл фактор ересектер арасындағы жүрек ауруынан болатын өлім-жітімнің төрттен бірі (24%), инсульттан 25%, жүректің созылмалы обструктивті ауруынан 43% және өкпе рагынан 29%.

Ғалымдардың пікірінше ауаның жаһандық ластануы өмір сүру ұзақтығын орта есеппен 1 жылға қысқартады.

Елдос Абақанов

Үкім: Үкім жоқ

Мұндай ойға қатысты пікір даулы болуы мүмкін. Дей тұрғанымен, бүгінге дейін бірнеше зерттеу жарияланған. Environmental Science & Technology Letters журналындағы зерттеуге сай, адам өмірі орта есеппен атмосфераға тараған зиянды заттардың әсерінен 1 жылға, ал Cardiovascular Research зерттеуіне сай, 2,9 жылға қысқарады.

Атмосфераның ластануы өмір сүру ұзақтығына басқа қауіп факторларына қарағанда әлдеқайда зиянды әсер етеді, тіпті темекі шегуден де.

Иос Лелиевельд, Cardiovascular Research-та жарияланған зерттеу авторларының бірі

Айта кету керек, бұл көрсеткіштер аймақ пен жылдарға байланысты өзгеріп отыруы ықтимал.

Әдетте мұндай зерттеулерде ғалымдар PM2.5 деп аталатын ұсақ бөлшектердің ағзаға әсерін зерттейді. PM2.5 бөлшектеріне адам денсаулығына қауіп төндіретін сульфаттар, нитраттар және күйе сияқты ластаушы заттар кіреді.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz