«ҚазАгрода» бір көзден сатып алу үлесі 98% екені рас па?

17 наурызда Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл бастаманың негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлықты азайту және ұлттық компаниялардың сатып алу жүйесін біріздендіру.

Заң жобасын талқылау барысында бәсекесіз өтетін сатып алу тәсілдерін барынша азайту керек екені айтылды (президент талап еткендей). Ал осы саладағы реттеу тәсілдеріне тоқталған Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин ресми ақпаратқа сілтеме жасай отырып, «2018 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде квазимемлекеттік «ҚазАгро» АҚ-дағы бір көзден сатып алу үлесі 98% болды» деп мәлімдеді. Бұл қаншалықты рас екенін тексеріп көрелік.

Мәлімдеме: Мысалы «ҚазАгро» холдингінде 2018, 2019, 2020 жылдары бір көзден сатып алу 98%-ды құраған

Нұрлан Нығматулин

Үкім: Жалған

Егер мемлекеттік сатып алу порталын қарайтын болсақ, онда 2018 жылдан 2020 жылға дейін «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ барлығы 194 сатып алу өткізгенін көреміз, сондай-ақ оның тек 50-і ғана бір көзден алу тәсілімен жасалған.

Ресми деректерге сәйкес, бұл АҚ-ның БСН-і – 070140002180.

«ҚазАгрода» бір көзден сатып алу үлесі 98% екені рас па?
«ҚазАгроның» айтылған кезеңдегі барлық тәсілдермен жасалған сатып алуларының қорытынды есебі. Дереккөз.

Осылайша аталған кезеңде ұлттық компаниядағы бір көзден сатып алу үлесі шамамен 26%-ды құрайды.

«ҚазАгрода» бір көзден сатып алу үлесі 98% екені рас па?
«ҚазАгроның» айтылған кезеңдегі бір көзден сатып алу тәсілімен жасалған сатып алуларының қорытынды есебі.

Айтпақшы, қазір бұрынғы «ҚазАгро» жоқ.

Қазіргі кезде «ҚазАгроны» өз құрамына «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі қосып алған, сондықтан енді ауыл шаруашылығы саласын қаржылай қолдаумен солар айналысатын болады. «Бәйтерек» құрамына «ҚазАгроның» үш еншілес ұйымы, яғни Аграрлық несие корпорациясы, «ҚазАгроҚаржы» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» да кірді. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы ел президенті холдингті тиімсіз менеджменті үшін сынаған еді.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz