Фактчек | Депутат Смайлов Қазақстандағы балалар кедейлігі және көп балалы отбасылар туралы

24 ақпанда өткен Парламент Мәжілісі жалпы отырысында Қазақстан халық партиясы депутаты Ерлан Смайлов ең төменгі табысы бар отбасыларда тұратын балалар саны туралы резонанс тудырған мәлімдеме жасады. Ол елдегі 1 миллионға жуық немесе әрбір алтыншы бала кедейлікте өмір сүретінін айтты.

Сонымен қатар, депутат елдегі кедей отбасылардың басым көпшілігі көп балалы екенін мәлімдеді, сондай-ақ мемлекет тарапынан ана мен баланы қолдау шараларын сынға алды.

Бұл мемлекет ауқымындағы маңызды тақырып болғандықтан Factcheck.kz Смайлов мырзаның мәлімдемесін тексерді.

Мәлімдеме: «ЮНИСЕФ зерттеуі бойынша, қазақстандық балалардың 15,6%-і табыс деңгейі ең төмен отбасыларда тұрады. Бұл – шамамен 1 миллионға жуық бала немесе кедейлікте өмір сүретін Қазақстандағы әрбір алтыншы бала (2018-2019 жж. зерттеу)».

Ерлан Смайлов

Үкім: Шындық

ЮНИСЕФ мамандары зерттеулерінде 2018 жылы ҚР Статистика комитеті шығарған «Қазақстан балалары» статистика жинағы сияқты ашық дереккөздерден алынған ақпаратты пайдаланған. Бұл ақпарат бойынша, Қазақстанда балалардың 15,2%-і жағдайы аса төмен отбасыларда тұрады. Бұл балаларды децильдік топтарға бөлу графигінен шығып отыр. (Төменде кейінгі мәліметтер келтірілген.)

Фактчек | Депутат Смайлов Қазақстандағы балалар кедейлігі және көп балалы отбасылар туралы

Ең төменгі табысы бар отбасыларда тұратын балалардың 15,6%-і туралы мәлімет ЮНИСЕФ есебінде бар, бірақ авторлар қате жіберген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Статистика комитеті мәліметі бойынша, 17 жасқа дейінгі балалар саны 2018 жылы 5 944 816 адам болды, бұл жалпы халықтың 31,4%-не тең. Мәліметтер жиналған кезде 900 мыңнан астам бала кедейлік шегіндегі отбасыларда тұрған екен.

Ерлан Смайлов Қазақстандағы балалардың кедейлік деңгейі туралы мәселені бірінші рет көтеріп отырған жоқ. Ол бұл туралы 2020 жылдың соңында айтып, кірісі ең төмен отбасыларда тұратын балалар саны туралы осы мәліметтерді келтірді. Бірақ депутат сәл ескірген деректерді айтты.

Былтыр ҚР Статистика комитеті «Қазақстан балалары» статистика жинағының жаңа сериясын шығарды. Кейінгі дерек бойынша, қазақстандық балалардың 15%-і ең төмен табысы бар отбасыларда тұрады. Сандар айырмашылығы аз, бірақ мұндай мәселеде өзектікті ұстанған жөн.

Фактчек | Депутат Смайлов Қазақстандағы балалар кедейлігі және көп балалы отбасылар туралы

Сол мәліметтер бойынша, 2020 жылы елде 6 110 156 бала болған. Олардың 916 мыңнан астамы ең төменгі табысы бар отбасыларда тұрады екен. Балалардың кедейлігі бойынша ең ауыр жағдай Түркістан (13,8%), Шығыс Қазақстан (11,3%) және Солтүстік Қазақстан (10,09%) сияқты облыстарда байқалады.

Фактчек | Депутат Смайлов Қазақстандағы балалар кедейлігі және көп балалы отбасылар туралы

Мәлімдеме: «Ресейлік зерттеушілер пікірінше, көп балалы болу кедейлік факторына айналып бара жатыр. Кедей қазақстандықтардың 80%-тен астамы 5 немесе одан да көп адамнан тұратын отбасыларда тұрады. Статистика бойынша, біздің елде 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар».

Ерлан Смайлов

Үкім: Шындық

Және одан да көп. Елдегі кедей халықтың 83%-і бес және одан да көп адамнан тұратын отбасыларда, яғни көп балалы отбасыларда тұрады. Былтыр қараша айында ҚР-да 400 мыңнан астам көп балалы отбасы болды.

Қазақстан Республикасы Статистика комитеті мәліметі бойынша, 2020 жылдың үшінші тоқсанында табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны республикада 5,7%  немесе 1 065 179 адам болды. Агенттік баяндамалары бойынша, бес немесе одан да көп адамнан тұратын отбасыларда тұратын кедейлердің үлесі – 82,7%, немесе 880 903 адам. Бұл көрсеткіш Қазақстан Республикасы халқының 10,26%-не тең. Салыстыру үшін айтайық, үш адамнан тұратын отбасында табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі, бар болғаны, 1,4%.

Фактчек | Депутат Смайлов Қазақстандағы балалар кедейлігі және көп балалы отбасылар туралы

Көп балалы отбасылардағы және бір немесе екі балалы отбасылардағы кедейлік деңгейін салыстыратын графиканы қарастырсақ, үлкен айырмашылықты байқауға болады.

Фактчек | Депутат Смайлов Қазақстандағы балалар кедейлігі және көп балалы отбасылар туралы

Дегенмен қазақстандық статистикада мынадай қате бар: ол бір адамға айына 32 668 теңге болатын ең төменгі күнкөріс деңгейіне негізделе отырып есептеледі. Кедейлік шегі – айына 22 868 теңге.

БҰҰ немесе Дүниежүзілік банк қолданатын стандарттарды ұстанатын болсақ, онда кедейлік шегіндегі адамдар саны екі-үш есе көп болады, сәйкесінше кедейлік шегіндегі көп балалы отбасылар саны артады.

ЮНИСЕФ есебі бойынша, Қазақстанда еліміздегі кедей отбасылардың 90%-і көп балалы отбасылар болып отыр. Бұл ретте елімізде 400 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар.

Мәлімдеме: «Бір, екі немесе үш бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты анада немесе жалғызбасты әкеде де қиындық туындайды, бірақ олар әлеуметтік қолдауға мұқтаждар санатына жатпайды. Зерттеулер бойынша, бізде 500 мыңнан астам осындай отбасы болуы мүмкін, олардың көпшілігі – жалғызбасты аналар».

Ерлан Смайлов

Үкім: Шындық

Статистика комитеті мәліметі бойынша, 2020 жылы елде ата-анасының тек біреуі бар 520 мыңнан астам отбасы болған. Оның  452 730 отбасында балаларды анасы ғана, 68 256 отбасында балаларды тек әкесі тәрбиелеп отыр. 212 492 жалғызбасты ана отбасында 18 жасқа толмаған балалар тұрады, кәмелет жасқа толмаған жалғызбасты әкесі бар 32 178 отбасы тіркелген. Ата-анасының біреуі бар 25 077 отбасы көп балалы отбасылар болып саналады.

Сонымен қатар, Қазақстанда жалғызбасты ата-аналарға жәрдемақы берілмейді, өйткені елде «жалғызбасты ана» немесе «жалғызбасты әке» деген құқықтық мәртебе жоқ.

Қазақстанда аналар мен көп балалы отбасыларды қолдау төлемдері тізімі бар. Мысалы, бала туғанда бір реттік жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейінгі ай сайынғы төлем, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек және көп балалы отбасыларға жәрдемақы төленеді.

Дегенмен бұл төлемдер бала туғанда немесе өте кішкентай балаларды тәрбиелеуге қатысты немесе анасы қиын жағдайда болған кезде төленеді (егер отбасының табысы ең төменгі жалақының 50%-нен аз болса). Бір жастан асқан балалары бар және кедейлік шегінде емес жұмыс істейтін жалғызбасты аналарға ешқандай жәрдемақы қарастырылмаған.

Жалғызбасты әкелердің жағдайы одан да қиын. Олар бала тумағандықтан, тек атаулы әлеуметтік көмекке (кедейлік шегінде болған жағдайда) немесе көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны (егер отбасында төрт және одан көп бала болса) ғана алуы мүмкін. Бірақ, мысалы, екі баласы бар жалғызбасты әке ешқандай төлемге үміттене алмайды.

Factcheck.kz