Фактчек | Тоқаев Қазақстан мен ОА-ның тауар айналымы туралы

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 21 шілдесінде Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия елдерінің президенттерінің консультативтік кездесуіне қатысты. Қазақстан президенті еліміз бен басқа да қатысушы мемлекеттер арасындағы сауда-саттыққа қатысты дерек келтірген. Factcheck.kz оның сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Соңғы 5 жылда Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 42 пайызға артып, 6,3 миллиард долларға жетті

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Техникалық қате

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, кейінгі 5 жылда Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің (Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан) тауар айналымы Тоқаев айтқандай 42%-ке емес, 73%-ке өскен. Бірақ 2021 жалғы көрсеткіш 6,3 млрд долларға жеткені рас. 2017 жылы бұл сан 3,6 млрд доллар болған.

Контекст

Тоқаев Орталық Азия елдерінің консультативтік кездесуіне Қазақстанның ірі экономикалық серіктесі — Ресей экономикасы Батыс елдерінің санкцияларының салдарынан зардап шегіп жатқан тұста барды. Ол Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-саттықты 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенін айтқан. Ал Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналым 2021 жылы 24-25 млрд долларға жеткен. Алайда мұның көп бөлігі Ресейдің импорты (17 млрд доллар). 2021 жылғы импорттың жалпы көлеміндегі Ресейдің үлесі 42,1%. Қазақстан Ресейге әлдеқайда аз өнім экспорттайды (6 млрд доллар).

Экономист Расул Рысмамбетовтің Factcheck.kz сайтына айтқан пікіріне сай, Орталық Азиядан Өзбекстан мен Қырғызстан Ресеймен белсенді сауда-саттық саясатын жүргізген. Бірақ жаңадан қалыптасып жатқан жағдайға сәйкес, Қазақстан белгілі бір көлемде Ресейдің орнын басуы мүмкін.

Кейінгі кезде қалыптасқан қиын геосаяси жағдайға байланысты Қазақстанда инфляция көрсеткіші өскен. Мұндай құбылыс Еуразиялық экономикалық одақтағы басқа елдерде де байқалады.

Фактчек | Тоқаев Қазақстан мен ОА-ның тауар айналымы туралы

19 түрлі тауарды қамтитын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 2022 жылғы 26 шілдеде (жылдық мәнде) 17,8%-ке қымбаттаған. Оның ішінде қант бағасының өзі ғана 89,4%-ке өскен.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz