Тоқаев пен Путин сөзі қаншалықты рас?

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының саммитінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында қос президент сауда-экономикалық саладағы Қазақстан мен Ресейге қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz президенттер сөзін тексерді.

Мәлімдеме: Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықтың қарқыны нашар деуге еш негіз жоқ. Тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Тоқаев мырза Қазақстан мен Ресей арасындағы 2021 жылғы жалпы тауар айналымын меңзеген. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2021 жылы расымен жалпы сауда айналымы 24 243 045 мың АҚШ долларын құраған. Ресейдің федералды кеден қызметінің деректері де осыған келеді: оның ақпаратына сай, 2021 жылғы тауар айналымы 25 миллиард доллар болған.

Алайда қазақстандық бюро дерегіне сәйкес, екі ел саудасында Қазақстанның экспортына қарағанда, импортының құны көп: экспорт — 6 916 684,7 мың доллар, импорт — 17 326 360,3 мың доллар. Импорттың жалпы көлеміндегі Ресейдің үлесі 42,1%. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен (35,4%) көп.

Мәлімдеме: Жалпы бізде барлық сала жақсы дамып келеді. Былтыр тауар айналымының өсімі 34 пайыз болды.

Владимир Путин

Үкім: Шындыққа жақын

Екі елдің ресми деректерінде айырмашылық бар, алайда, өсім 29 және 34 процент болғандықтан шындыққа жақын деуге келеді. Сандардағы айырмашылық тіркеу ерекшелігі мен кедендегі коррупцияға байланысты болуы мүмкін.

Қазақстандық нұсқа: Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, тауар айналымда расымен өсім бар, алайда көрсеткіш В. Путин келтірген саннан аз. 2020 жылы тауар айналымы көлемі 18 775 351,6 мың АҚШ доллары болған. Жоғарыда жазғанымыздай, 2021 жылғы көрсеткіш 24 243 045 мың АҚШ долларын құраған, яғни өсім — 29%.

Ресейлік нұсқа: Федералды кеден қызметінің ақпаратына сай, Ресей мен Қазақстан тауар айналымы 2020 жылы 19 065 108 мың долларды, 2021 жылы 25 621 017 мың долларды құраған, өсім — 34%.

Мәлімдеме: Ресей компаниялары Қазақстан экономикасына 17 миллиард доллар инвестиция салды.

Владимир Путин

Үкім: Шындыққа жақын

Екі елдің инвестиция көрсетіштерінде де айырмашылық бар. Бірақ 2005-2021 жылдардағы деректерге назар салсақ, жалпы инвестиция 16 750,1 миллион доллар болады, сондықтан Путиннің сөзі шындыққа жақын (алайда 300 миллион долларды дөңгелектеу — асыра сілтеу).

Қазақстан Ұлттық банкінің дерегіне сай, 2021 жылы елімізге Ресей тікелей инвесторларынан әкелінген инвестиция көлемі 1,9 млрд доллар болған.

Ресейдің Орталық банк дерегіне сәйкес, Қазақстанға 2021 жылы 3 515,1 млн доллар инвестиция салынған.

Қазақстанға инвестиция құятын елдер бойынша қарасақ, Ресейдің айтарлықтай салмағы болса да, еліміздің ең ірі инвесторы емес. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан Ресейге көбіне импортта тәуелді.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz