Қазақстан көршілеріне қарағанда аз қоқыс өңдей ме?

20 қыркүйекте өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Самат Нұртаза қоқысты қайта өңдеу мәселесін көтеріп, бірнеше дерек келтірді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 1:57:21)

Factcheck.kz редакциясы ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Йель университетінің жанындағы Экологиялық саясат және құқық орталығының зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан өткен жылы қоқысты қайта өңдеу деңгейі бойынша 175-орынды иеленді.

Самат Нұртаза

Үкім: Шындық

Экологиялық көрсеткіштер индексінің (EPI) 2022 жылға арналған есебінде қоқысты қайта өңдеу рейтиңінде Қазақстан расымен 180 елдің ішінде 175-орында тұр.

Рейтиң құрастырушылар әр елде өңдеуге жарамды қоқыс (металл, пластик, қағаз бен әйнек) қаншалықты өңделетінін қараған. EPI елдерге 0-ден 100-ге дейін ұпай береді: 100 — барлық өңдеуге жарамды қоқыс өңделгенін, ал 0 — ол елде қоқыс өңделмейтінін білдіреді. 2022 жылғы рейтиңде ең жоғарғы көрсеткіш Оңтүстік Кореяда (67.10 ұпай), ең төменгі көрсеткіш Сербияда тіркелді (1.00 ұпай). Қазақстан ұпайы — 3.80.

Мәлімдеме: Көршілеріміз Қырғызстан 106-орында, ал Өзбекстан тіпті 30-орынға шығып кеткен.

Самат Нұртаза

Үкім: Шындық

Қоқыс өңдеу рейтиңінде Қазақстан расымен барлық Орталық Азия мен ЕЭАО елдерінен артта қалған. Қырғызстан 106-орында, Өзбекстан 30-орында, Ресей 168-орында, Түркіменстан 94-орында, Армения 115-орында, Беларусь 75-орында тұр. Қазақстаннан кейін тек Того, Барзилия, Бутан, Чили мен Сербия ғана орналасқан.

Алайда қоқыс өңдеу EPI-дың субкөрсеткіші саналады, ал жалпы көрсеткіште еліміз 93-орынға жайғасқан. Біздің алдымызда Армения мен Беларусь ғана, қалғандары Қазақстаннан кейінгі орында тұр.

Контекст

Естеріңізге сала кетейік, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан аумағында қоқыс төгетін 3 005 полигон барын, оның ішінде 635-і не 21%-і экологиялық және санитарлық нормаларға сай келетінін айтқан. Жылына 5-6 млн қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жиналады. Оларды жинау және шығару қалалар мен жекелеген аудан орталықтарында ғана ұйымдастырылған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz