Волонтер күнделігі. VII бөлім. Коронавирустың оралуы: Өліара және екінші толқын

Біздің ресейлік әріптесіміз Таша Соколова қысқа үзілістен кейін Мәскеудегі №52 қалалық клиникалық аурухананың коронавирус бөліміне волонтер ретіндегі жұмысына қайта оралды. Ендеше волонтер күнделігін ары қарай жалғастыруға болады. Алғашқы жазбаларды мына сілтеме бойынша оқи аласыздар.

Коронавирустың оралуы

Волонтер күнделігі. VII бөлім. Коронавирустың оралуы: Өліара және екінші толқын

Мен ауруханадан волонтер ретінде жаздың ортасында кеттім. Себебі науқастардың саны күн сайын азая бастады; төсек-орын, бөлімдер, корпустар мен барлық аурухана босай бастады. Науқастарды жоспарлы түрде қабылдауды қайта бастау үшін ауруханамызда тазарту жұмыстары басталып, карантинге жабылды. Бір айдан кейін тойым болуы керек еді, бірақ қонақтарды «қызыл аймақтағы» жұмысыммен қорқытпау үшін үзіліс алуды шештім. Дегенмен волонтерлер отыратын чатты қадағалап отырдым: «дүйсенбіден бастап урология ковидпен ауырғандарды басқа бөлімдерге ауыстырып, екі аптадан кейін алғашқы таза науқастарды қабылдай бастайды», «2 шілдеден бастап Волжскаядағы аурухана науқастарын басқа жаққа ауыстырып, жоспарлы қабылдауды қайта бастайды», «осыдан бастап төртінші ғимаратқа арнайы киімсіз кіруге болады, корпусқа «жасыл» деңгейі берілді. Волонтерлер ауруханадан шыға салып, демалу үшін Калининградқа, Камчаткаға, тіпті Түркияға кетті. Коронавирус кесірінен бір-бірін көрмеген отбасы мүшелері қайта қауышты: Израильден ата-әжелер, Мариупольдан аға-әпкелер келді, тіпті кейбірінің күйеуі Лондоннан ұшып келді.

Менің бар назарым үйлену тойына ауып, мереке алдындағы қарбаласпен жүрдім де, өзімді коронавирустан құтылғандай сезіндім. Себебі көйлекті респираторсыз киіп көрдім, ал шіркеу мен АХАЖ-ға куәгерлермен қатар басқа да қонақтарды шақыруға рұқсат берілді. Шынымды айтсам, мен ауруханаға үйлену тойынан кейін бір-екі аптадан кейін барамын деп ойладым, алайда сөйтіп жүргенде тамыз да аяқталды. Осылайша ауруханаға баруым кейінге қала берді, жазды респиратор мен қорғаныс қалқанында емес, күннен қорғайтын көзілдірік киіп өткізгенге не жетсін!  Қыркүйектен бастап әр апта сайын оралуды ойлап, ортақ чатқа «мені кезекшілікке қойыңыздар» деп жазуды жоспарладым. Сөйтіп бір күні «Ковидпен күресушілер! Науқастар көбейіп барады, күшіміз жетпей жатыр. Кім бос, шығыңыздар», деген хабар келді телефоныма. Ол кез жексенбінің түскі уақыты болатын, ол кезде күйеуім екеуміз үйдің қасындағы Терлетский саябағында жаздың соңғы жылы күндеріне рахаттанып жүрген едік. Мен бұдан артық созуға болмайтынын түсініп, «Мені ертең таңертең күтіңіздер» деп қысқа қайырдым.

Екі айдан бері мен көлікте маска және қолғапсыз жүрдім. Алайда қоғамдық көлікпен көп жүрмейтінім де рас. Ал 19 қыркүйек күні дүйсенбінің таңғы 7-сінде метроға түскен кезде қанша адам жүргенін көргенде таң қалдым. Университет бітіргеннен кейін мен жұмысты еркін кесте бойынша істеген едім, сондықтан метрода таңертең не болатынын көп көрмеппін. Көктемде, карантин мен цифрлы рұқсатнама кезінде мен ауруханаға көбіне бос вагонда баратынмын. Ал мында ығы-жығы халық! Мен жөтеліп, мұрнынан суы аққан, вирус таратып жүрген адамдар арасына тап болдым; әрең дегенде рюкзак қалтасынан маска тауып кидім. Бірақ бәрібір өзімді қауіпсіз сезінбедім.

Волонтер күнделігі. VII бөлім. Коронавирустың оралуы: Өліара және екінші толқын

Бақылау-өткізу пунктіндегі күзетшілер мені танып, рұқсатнамамның мерзімі өтіп кетсе де, кіргізіп жіберді. Шлюзде әдетте киетін арнайы киімді алдым, ал киім ауыстыратын бөлмеде менен басқа ешкім болмады. Мен алғашқы кездегідей қорықтым. Тек ол кезде мені белгісіздік күткен еді, ал қазір не болатынын нақты білемін. Мені әлі ешкім көрген жоқ, сондықтан тайвекті (арнайы киімді) қайтарып, қашып кетсем де болады. Кейін чатқа өзімді нашар сезініп, ауысымға шыға алмағанымды жаза саламын… Әрине осылай істеуге болады, бірақ… Осы жеті қабатты ғимараттың әр бөлмесінде жатқан адамдар қорықпайды деп ойлайсыз ба? Олардың жағдайы мүшкіл емес пе? Оларға көмек керек қой? Сәуір айынан бергі жаттыққан дағдымен костюмнің барлық жерін жауып, респиратордың нық тұрғанын тексеріп, қорғаныс көзілдірігін кидім де, кеттім! Міне, жертөледен шыққан лифт мені бесінші қабаттағы сүйікті хирургия бөлімшесіне апарады. Егер лифт тез келсе, онда бәрі жақсы болады деп қоямын. Лифт есігі бірден ашылды, сәтін салған екен.

Бөлімшеге келген кезде көңіл-күйім бірден түсіп кетті, себебі сүйікті ординаторым жұмыстан кетіп қалыпты. Көктемде волонтерлерге бәрін үйреткен осы кісі еді, хирургиялық тәжірибе жинақтау үшін шығып кеткен болар. Таныс қызметкерлер арасынан тағы бірнеше адамды көре алмадым, бірақ қалғаны мені жылы қарсы алды. Аурухананың компьютер жүйесіне кірсем, бөлімшеде 54 төсек-орында 48 науқас жатыр екен. Мұнша адам ең қиын кезеңде, яғни сәуірдің соңы мен мамырдың басында болған еді. Мұндай жағдайды елордада ковид ауруханалардың азаюымен түсіндіруге болатын шығар. Кейінгі тәулікте көп науқас келіп түсті, маған олардың арасында сауалнама жүргізіп шығу тапсырылды. Бірінші палатада музыка пәнінің мұғалімі жатыр, ол музыка мектебінде және үйде де жеке сабақтар береді екен. Одан кейін жеке мектептегі бастауыш сыныптарға сабақ беретін мұғалім жатыр. Басқасында оқушының анасы емделуде, ол өткен аптада ата-аналар жиналысына қатысыпты. Соңында тіркелген жағдайлардың кем дегенде үштен бірі мектеппен және балабақшамен байланысты екенін аңғардым. Бұл үрдіс одан әрі жалғасты. «Білім саласының» науқастарымен тек демалуға барып келгендер жарыса алатын сияқты. Олардың күнге күйген денесі көкпеңбек болып кеткен еріндерінің қасында айқын көрінеді екен.

Волонтер күнделігі. VII бөлім. Коронавирустың оралуы: Өліара және екінші толқын

Көктемде әр волонтерді көмектесетін белгілі бір бөлімшеге бекітіп қоятын. Хирургияда бес адам болдық, екі ауысымда бір-бірден немесе жұп болып шығып жүрдік. Енді жүйе өзгеріпті. Арнайы бекітілген волонтерлер тек бірнеше бөлімшелерде қалған, қалғаны реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінен шыққан науқастарға көмек көрсететін аурухананың жалпы тобына кірген. Біз бағып-қағатын науқастардың көбі жасы үлкен адамдар еді, сондықтан олар бізді өздеріне таныс сөзбен, яғни тимуршылар деп атап кетті. Бұл атау бізге де ұнап қалып, кейін одан басқа да сөздер пайда болды.

– Кім кеше нефрде (нефрология бөлімшесі) тимурлады?

– Мен тимуршіліктен кейін бөлімшеге кіріп шығамын.

– Бүгін мен тимурлаттым, енді үйге қайтамын.

– Урологтар ертең сол жақта тимурлатуды сұрап жатыр.

Қатардағы тимуршының міндетіне мынау кіреді:

  • науқастарды тамақтандыру (әрине бөлімшеде бұған жауапты қызметкерлер бар, алайда бір науқастың тамағын беріп жатқан кезде, екіншісінің тамағы суып қалады; төсек тартып жатқан науқас кез келген сәтте тамақ жегісі келіп кетуі мүмкін, кейде қасында қызметкер болмай қалады);
  • жуындыру немесе жууға көмектесу (бұған да қызметкерлер бар, бірақ біздің де көмегіміз қажет);
  • науқасты қырындыру немесе шашын алып беру; реанимация немесе ұзақ аурудан кейін ұйысқан шашын тарқату; қолы мен аяғындағы тырнағын алу; құрғақ теріні креммен майлап беру; памперсті ауыстыру;
  • ыңғайлы жатқызып-отырғызу, жеңіл массаж жасау, белсенді жаттығулар жасату;
  • жақындарымен байланысқа шығып, сәлем айту, үйден келген видеоны тамашалау;
  • жай әңгіме-дүкен құру.

Әр науқастың өз қажеттілік тізімі бар, біз олардың барлығына жағдай жасап, көңілінен шығуға тырысамыз. Біз қамқоршы болып жүрген науқастарымызды «гаврики» деп атаймыз, себебі бұл біз көмектескен ең алғашқы адамның тегі еді. Мен ол туралы бұған дейін жазған едім, күйеуі әйелімен бірге болу үшін волонтер ретінде келді. Әйелін реанимациядан біздің хирургияға ауыстырды, мен оның қалай ауырып, қалайша емделгенін өз көзіммен көрдім. Олардың екеуі де жас еді, сондықтан қауіпті топта емес, бірақ қанша жерден қашықтан жұмыс істесе де, вирус жұқтырған. Ол қатты қиналды, көп күн бойы жасанды комада болды. Оның волонтер болып орналасқан күйеуі, былай айтқанда, біздің қатарымызға қосылды, сондықтан бәрі әйеліне жылы шырай танытып, жақын тартты. Оған күтім, гигиена және белсенді болу қажет еді. Содан кейін тағы бір «гаврик» пайда болды, кейін екіншісі, үшіншісі… Сөйтіп «гавриктер» легі кете берді.

Мақсат – қолтықтан демеу

Волонтер Настя біздің көктемдегі жұмысымызды осы сөз тіркесімен сипаттады. Біз медициналық көмектен бұрын қолдау көрсетеміз. Олар жатқан палатаның есігін қағып, кіруге рұқсат сұраймыз, себебі біз үшін олардың палатасы – олардың уақытша үйі. Науқас адамдар өзін қонақта, бөтен жерде жатқандай сезінбеуі тиіс. Біз ауруханада волонтерлер бар екенін айтып, өзімізді таныстырып, қандай көмек көрсете алатынымызды түсіндіреміз. Егер біздің көмегімізді дәл сол сәтте қажет болса – көмектесеміз; қажет болмаса – келесі уақытқа келісіп кетеміз. Әр науқас біздің қолдауымызды сезінуі керек, бұл өте маңызды. Біз әр науқаспен сөйлесуге, онымен жақынырақ танысуға, көңіл-күйін аулап, ауруханадан тыс жерде жағдай қалай болып жатқанын айтып беруге тырысамыз.

Мәселен таңертең түскен О. есімді науқасты алайық, мен онымен сұхбаттасып жатырмын. «Сізбен бірге кім тұрады?» – «Ешкім. Дәлірек айтсам, мысығым бар, бірақ сіз тек адамдар туралы сұрап жатырсыз ғой». Неге екені белгісіз оның жауаптарынан жүрегім ауырып кетті. Мен сауалнамаға «оқшауланып өмір сүреді», деп түртіп алып, келесі сұраққа көштім, бірақ ойымнан әлгі мысық кетер емес. «Ол кіммен қалды?», «Оған кім тамақ беріп жатыр?», «Оны енді кім сипайды?», «Ол терезе алдына шығып алып, далаға қарап отыр ма, әлде үй иесінің пижамасында жатыр ма?», менің көз алдыма сары мысық келді, бірақ мен қара және сұр мысықтарды жақсы көремін. Уақыт түске жақындады, ал менің қолымда әлі 7-8 сауалнама бар. Әр науқаспен сұхбаттасып, мәліметтерін компьютерге енгізіп, әрбіріне ақпараттық келісім басып шығарып, қол қойғызып, картаға жапсырып шығу қажет. Яғни түскі асқа қалай да болса үлгермеймін, сондықтан асықпаса да болады. Мен төсектің жанындағы орындыққа отырып, «Мысығыңыздың аты кім?» дедім.

– Карамель, Мелька деп қысқартып айтамын – түсін дәл тапқан сияқтымын.

– Сонда ол карамель түсті ғой, иә?

– Жоқ, ол қап-қара. Мен оны Карамель деп атағаным, ол әрдайым созылып, керіліп жүреді, құдды бір созылмалы карамель сияқты.

– Менде де үйде қара мысық бар. Ол да сіздің мысығыңызға ұқсайды екен…

Енді түскі астың орнына мен бұл әйелмен мысықтар туралы сөйлесемін. Оның көп жыл бұрын күзгі уақытта саяжайдағы үйлер арасынан кішкентай мысық тапқанын; олардың 20 жылға жуық бірге тұрғанын, мысық өлер алдында көшеден басқа кішкентай мысық алып келгенін; кейін оның үлкен қара мысыққа өскенін; оның тамақ жегенді ұнататынын, иесінің орындығын қалай тістеп тастағанын біліп алдым. Ол телефонынан мысығының суреттерін көрсетті. Қазір мысықты көршісі бағып-қағып жүр екен, фото және видео есеп жіберіп тұрады.

«Сізді үйде біреу күтіп отыр ғой, қалай да болса емделіп шығуыңыз қажет. Сондықтан тез сауығып кетіңіз», дедім палатадан шыға беріп.

Екі аптадан кейін ол ауруханадан шықты, тағы да мысығы бар видео қарап шықтым. Енді олар қайта қосылады.

«Өмір сүрігім келеді…»

Настямен темекі тартатын бөлмеде әңгімелесіп тұрмыз. Н.Н. есімді науқас түсті, дәрі тамызғыштан қолының бәрі көгеріп кеткен, өте арық апа екен. Біз оның қызына қоңырау шалып, сөйлестік, содан кейін Н.Н. кенеттен Настядан оның сүйікті ақыны кім деп сұрады. – «Маяковский» – «Менікі де», – деді әже көңілі көтеріліп. «Мен мына өлең жолдарын жақсы көремін: «Кетіп бара жатқан қадамыңызды нәзіктікпен шығарып салайын». Олар Лила Брик туралы айтып, Настя әжеге өлеңді толық оқып бергісі келеді. Ол палатаның ортасында тұрып, жаттағанын еске түсірді, ал соңғы жолдарын екеуі бірге оқыды. Екеуінің көзінде жас. Менің білетінім, олар келесі күні «Жылқыларға деген жақсы қарым-қатынасты» оқыды. Нақты білмесем де, әр соңғы тармақты «Өмір сүріп, жазылып шығуға тұрарлық» деп аяқтағандарына сенімдімін.

Волонтер күнделігі. VII бөлім. Коронавирустың оралуы: Өліара және екінші толқын
Палатадағы кітапхана

Індетке не дейміз?!

Белсендіру жұмыстарын барынша ерте бастау – науқастарды оңалтудың ең тиімді әдісі. Яғни ұзақ уақыт қозғалыссыз жатқан науқастар қарқынды терапия бөлімшелерінде арнайы жаттығулар жасап, бұлшықеттерін қалпына келтіреді. Кейде ыңғайсыз ұйықтап, оянғанда қолыңыз басыңыздың астында қалып қойған кездер болған шығар? Сондай сәтте не сезгеніңізді еске түсіріңізші, саусақтарыңызды сезбей, қолыңызды көтере алмай қаласыз, ал бұлшықеттеріңіз шаншылып, тартылады. Әдетте ондай кезде аяқ-қолыңызды қалыпқа келтіру үшін бірнеше минут жеткілікті. Ал мындағы науқастар қозғалыссыз бірнеше сағат емес, бірнеше күн, апта және тіпті айлап жатады. Мұндай науқастар жай ғана әлсіреп қалмайды, олардың бұлшықеттері дұрыс қозғалуды «ұмытып қалады». Сондықтан бұлшықеттерін қайта қалпына келтіру үшін қарапайым қозғалыстарды жасауды үйретеміз.

Біз әдетте қолдың саусақтарынан бастаймыз: жұдырыққа қалам немесе қасық алып, «бәрі жақсы» деген белгіні көрсетіп, бас бармақты көтеру қажет, ал сұқ және ортаңғы саусақты көтеріп, «жеңіс» белгісін көрсету керек. Содан кейін қол, шынтақ, иықты ақырындап айналдырып, қозғалтамыз. Аяқтарды да солай: бірінші аяқ саусақтарын қозғалтамыз, кейін тобықты, одан кейін тізені бүгіп, жамбасты қимылдатамыз. Біріншіден, науқастар жаттығулардың ретін білмейді, екіншіден, олардың әлсіз болғаны соншалық, біздің көмексіз ештеңе істей алмайды.

Волонтер күнделігі. VII бөлім. Коронавирустың оралуы: Өліара және екінші толқын

Мен бір ер адамның белсендіру жұмыстарына көмектесуім керек. Ол комада екі айға жуық болған екен, сондықтан тек көздері ғана қозғалатын шығар. Ол көмекке келгендерді мұқият қарап шығады. Айта кету керек, ол қазірдің өзінде жақсы әрі анық сөйлейтін. Біз әңгімені өзіміздің әдеттегі әзіл-қалжыңдарымыздан бастадық. Мәселен біз «қандай көңіл-күйдесіз?» деп сұраймыз, науқас бас бармағын көтереді. «Сіздің денсаулығыңыздың қалпына келуі – біздің ортақ жеңіс, сондықтан жеңіс белгісін көрсетіңіз» дейміз, науқас сұқ және ортаңғы саусағын көтереді. «Сіздің қал-жағдайыңыз жақсарған кезде коронавирупен қоштасасыз, сондықтан сау бол деп қолыңызды бұлғаңыз», науқас білек буынындарын қимылдатады. Бұл міндетті бағдарламаның ойын мен әзіл араласқан бөлігі. Тек науқастың бас бармағы қозғалмай қойды, бірақ біз берілмедік. Бірте-бірте бұлшық еттің барлық топтарымен жұмыс істеуге тырыстық, аз да болса қозғалта алсақ, қуанатынбыз.

Мен басқа науқастарға кетіп бара жатқан кезде ол маған бағдарламаны мейлінше көп қайталай беремін деп уәде берді. Кейін кешке мені көріп қалып, өзіне шақырды. «Не істей алатынымды қараңыз», деп мақтанды. «Менің қал-жағдайым осындай (бас бармағын жоғары көтерді), біз жеңіп шығамыз (сұқ және ортаңғы саусағымен тиісті қимыл жасады), ауруханамен былай қоштасамын (қолын бұлғады), ал коронавирусқа «кет***» деймін (деді де ортаңғы саусағын көрсетті). Мұны сіз көрсетпедіңіз, өзім үйреніп алдым», деп күлді.

“Көрпемді қымташы…”

Палаталарды аралап, емделушілерге қандай көмек керек екенін сұрастырып жүрмін. Бір кезде К. есімді ата: «Маған көмектесе аласыз ба?» деді. «Әрине. Қандай көмек қажет?» деп сұрадым бірден.

 «Менің екі аяғым…Аяғым деймін…», деп көрпе астындағы аяқтарын көрсетті.

– Ауырып тұр ма? – деп сұрадым тізеге дейін бинтпен оралған арық аяқтарға қарап.

К. басын шайқайды, мен дұрыс әлде бұрыс айтқанымды түсінбей тұрмын. Жарайды, бинттерді аздап жөндеп берейін, себебі олар бір жерге жиналып қалып, дұрыс тұрған жоқ екен. Оларды шешіп, аяғына аздап массаж жасап, қайта орап бердім, бұл жолы қатты тартпадым.

– Қалай? Жақсы болып қалды ма? – деймін соңында.

– Иә, жақсы болып қалды… Бірақ аяғым… Маған керегі… – К. барлық сөздерді анық айтып тұр, бірақ не мазалап тұрғанын нақты жеткізе алмай жатыр. Мәселе аяқта екені анық.

Аяғы тоңып қалған шығар? Мен К-ға шұлық ұсындым, ол тағы не бас тарпады, не келіспеді. Кидірдім. «Дұрыс па?» деп сұрадым. «Жақсы, бірақ, аяғым…». Бір уақытта К-ның картасы есіме түсті – «анамнездегі инсульт, демек афазия».

– Ата, – дедім болжамымды тексеріп көру үшін, – сіз өзіңізге керек заттың атын ұмытып қалдыңыз ба? Сол сөзді есіңізге түсіре алмай жатырсыз ба? – дегенде К. ұялып басын изеді.

Айта кету керек, коронавируссыз өмірде достарыммен ойнайтын сүйікті ойыным «Activities» деп аталады. Сондықтан менде қажетті дағдының бәрі бар.

– Олай болса, ол сөзді еске бірге түсірейік. Мен сізге сұрақ қоямын, ал сіз жауап беріңіз. Сізге бірдеңе әкелу керек пе, әлде әперу керек пе? – К. «дәл таптың» дегендей басын изеді. – Сізге керек заттың түсі қандай?

– Бұл жерде ақ, бірақ түрлі түсті болуы да мүмкін, – деп жауап берді К. не болып жатқанын түсінбей, сосын қайтадан «Аяғым, аяғым… маған керек, өтінемін» деді.

– Ол зат мына бөлмеде бар ма әлде оны ана жақтан әкелу керек пе? – деп дәліз жаққа көрсеттім.

– Жоқ, осында, осы жерде, бірақ ішінде – хм, жұмбақ барған сайын қызықты болып барады. Онда бар логикамызды қосайық, ішінде болса, демек тумбочкада. Алайда оның ішінен алып шыққан заттың ешқайсысы К-ға ұнамады.

– Жарайды, егер ол зат осы бөлмеде болса, онда «салқын-ыстық» ойнап көрейік?

Қасында тұрған басқа бос төсекті ұстаған кезде К. күліп, «Иә, иә; иә!» деді. Бірақ менің қолым бос төсекте ғой. Енді тек заттарды бірінен кейін бірін айтып жатырмын: жайма, жастық, көрпе… -Көрпе! Көрпе! – деп қуанып кетті К.

Мен аң-таң болып тағы бір көрпе алып келдім, себебі бұған дейін бірнеше рет «тоңып қалмадыңыз ба?» деп сұраған едім. К-ның үстін көрпемен жаба бастаған кезде ол маған «жоқ, олай емес, аяғымды!» деді. Ол көрпені бүктеп, аяқ астына қою керек екенін көрсетеді. «Көрпе, аяқ, аяқ, көрпе» деп қайталай берді. Ақыры бәрін ол қалағандай жасап бердім.

– Білесіз бе, көрпе сұрап жатқаныма екінші күн болды, «көрпе» деген сөзді ұмытып қалыппын. Мені тек сіз ғана түсіне алдыңыз. Көп рахмет.

Барлық сөзді еске түсіріп, керегін тапқанша жарты сағат кетіпті. Бірақ уақыт бекер өткен жоқ, себебі бір мұқтаж адамға болса да көмегім тиді.

Лирикалық шегініс: «Афазия дегеніміз не және мен оны К-да қалай анықтадым»

Кайли М-ге арналады.

Менің жолым болып, инклюзивті мектепте оқыдым. Оқушылар арасында есту, көру, тірек-қимыл аппараты бұзылған, сондай-ақ түрлі психикалық ауытқулары бар балалар болды. Біз үшін барлығына көмектесіп, бәріне тең дәрежеде қарау қалыпты жағдай еді. Мәселен бұл мүгедектер арбасында қозғалатын Дерек пен лакросс ойыны кезінде аяғымды сындырып, ұзақ уақыт бойы гипстен секіріп жүрген маған да қатысты. Тілді жетік білмеген маған айттың не, есту қабілеті нашар Моникаға айтқанның арасында ешқандай айырмашылық болған жоқ. Инклюзивті мектеп бәрін бірдей етпейді, бірақ қандай жағдай болмасын қарым-қатынас жасауды үйретеді. Кайли екеуміз француз тілін бір сыныпта оқыдық. Басында ол маған ынталы оқушы болып көрінбеді, себебі кеше ғана жаттаған сөздерін ертеңінде ұмытып қалатын. Алайда етістіктің жіктелуне келгенде оған тең келер ешкім болмайтын.

Мен «rester – tomber, monter – descendre, naître – mourir» деп дамылсыз қайталап жатқанда, ол шартты райда сөйлем құрастырып жататын. Бірде мен мектеп асханасында Кайлидің артында тұрдым, оның кезегі келгенде, ол тапсырыс бере бастады да, кенеттен тоқтап қалды, бірақ сол сәтте дәптер мен қаламын алып шығып, лезде пепперони қосылған пиццаның суретін салып, даяшыға көрсете қойды. Негізі Кайли дүниеге келгенен кейін екі апта өтпей ювеналды инсульт болған, кейін ол афазияға ұласып кеткен. Ол кейде қандай да бір сөзді біліп тұрса да, есіне түсіре алмай қалады, тек сол сөзді қайтадан естіп не оқыған кезде «ұмытқаны» кетеді. Ол кез келген сөзді, яғни «сингулярлық» болсын, тіпті «мысық» болсын, ұмытып қалуы мүмкін. Бейімдеу маманы оған сурет салу курсына қатысуға және әрдайым өзімен дәптер мен қарындаш алып жүруге кеңес берді. Сондықтан ол керек кезде қажет заттың суретін тез салып, көрсете алады. Әйтпесе мен сабақта «frère» орнына «анам менен кейін туған бала» деген сөзіне таң қалатынмын.

Коронаға қарсы Шанель

Дәрігерлер И-дің ұлы беріп жіберген заттарды реттеуге көмек сұрады. Мен кіріп, амандасып, төсектің астында жатқан бірнеше пакетті көрдім. И-ді реанимациядан енді шығарды, бірақ ол көңілді әрі тез тіл табысып кететін әйел екен. Мен заттарды пакеттен шығарып, тумбочкаға қойғанша, сұрақтың астына алды. Оған волонтерлер қозғалысы да, мен де қызықты едім. «Ой, сізде екі мысық бар ма? Менде біреу. Олар нешеде? Түстері қандай? Мінезі ше? Олар сенің тізеңде отырғанды жақсы көре ме? Сенімен бірге ұйықтай ма?». Осыларды әңгіме қылып отырғанда оның ұлы жинап, салып жіберген косметика сөмкесіне жетіппіз. Онда тарақ, тіс пастасы, щетка сияқты керек заттардан бөлек, әйгілі Chanel сән үйінің Chance әтірі шыға келді. Меніңше кез келген әйел қандай жағдай болмасын әйел болып қалуы тиіс, бірақ бұл жолы шыдамай кетіп, И-ден оған иіссу не үшін керек деп сұрадым. «Мен оны осы бөлмеде шашып отырамын, солай иіс сезу қабілетімді және мені мында қалай емдеп жатқанын тексеріп отырамын», деді ол. Атап өту керек, И. біраз емделді. Оның иіссуы иісі барлық бөлімшеге шығып тұратын. Негізі көп науқас төсек тартып жатқан жер үшін ол жаман иіс емес еді, бірақ, рас айту керек, И. жазылып шыққанда бәріміз бір демалып қалдық.

Ковид моделі

Ковид кезіндегі жасырын сұлулық салондарының орнына палаталық салондар келді. Омбре мен шатушқа жете алмадық, бірақ бізге ол қажет те емес еді. Науқас адамның таза әрі күтімі жақсы болғаны қызметкерлерге де, өзіне де жақсы. Кейін ауруханаға жууды қажет етпейтін шаш пен денеге арналған пенкалар әкелінді. Пенкаларды керек жерге жағып, ысқылап, кейін артығын шүберекпен сүртіп тастай аласыз. Науқастардың рұқсатымен біз оларды «дейін және кейін» деп суретке түсіріп алып, чатымызда бөлісеміз. Біріншіден, көбі өздерінің «ауруханадан қажыған» және «жазылып шыққан» түрін көріп, өзгеріске қатты қуанады. Екіншіден, сол өзгерістерді көріп, біз қуат аламыз. Себебі екінші фотодағы адамдар жас, сау әрі мықты.

Сәрсенбі күні Д. есімді үлкен жастағы, артық салмағы мен қолында флегмонасы бар, диабетпен ауыратын әйелді тексеруге кірдім. Ол крем алып, басын жуып беруді сұрады – ештеңе етпейді, көмектесеміз. Бір кезде оның менімен жасты көршісі шақырды: «Мен сіздің тізіміңізде жоқпын, бірақ маған көмектесіп жібермейсіз бе? Мен ауруханаға дейін үйде төрт күн, мында тағы екі күн жаттым, шашым түсіп кетіпті, қолымдағы катетерден жөндей алмай жатырмын».

М-ның қып-ызыл шашы иығынан төмен түсіп тұрады екен. Тек енді желкесіне быт-шыт болып, бір ұяшыққа жиналып қалыпты. Қарсы палатада Л. жатыр, оны бізге басқа ауруханадан ауыстырды. Ондағы қызметкерлер еш алаңдамай, оның шашын машинкамен тақырлап алып тастыпты. Л. күн сайын жылап, үйіне видеоқоңырау арқылы сөйлесуге қорқады. Отбасымен ең кейінгі рет сөйлескенінде үш жасар қызы танымай қалып, «анам қайтыс болған, мына кісі ол емес» деп жылаған. Мен енді М-ның да жылағанын қаламаймын, сондықтан оған көмектеспек болдым.

Жұмысқа шамамен 3 сағат кетеді, бәрін қолғаппен істейміз әрі бірдеңені бүлдіріп алып, М-ға ыңғайсыздық тудырамын ба деп қорқамын. Менде күнде шашын тарап беретін сіңілім жоқ, ал ең кейінгі рет мысықтың жүнін тараймын деп, арқасын бірнеше сантиметрге жырып жіберген едім. Сондықтан басында қатты қобалжыдым. Істі ақырындап бастап кеттік, бір уақытта М. ән айта бастады: «Я в лесах наберу слова, Я огонь напою вином. Под серпом как волна – трава, Я разбавлю надежду сном…». Мен де бірден қосыла кеттім, себебі Хелависаны жақсы көремін және көп әнін жатқа білемін. Өлеңді айтып біткен кезде басқа палатадағы адамдардың шапалақтап жатқаны естілді. «Өкпеммен жұмыс істеп жатырмын. Өткенде ғана бір октаваны ала алмаған едім, ал бүгін бір жарымын да байқамай қалдым», деп түсіндірді М. Осыдан соң Д. «Алтын қала» әнін айтып беруді сұрады, ал Л-дің қасында жатқан әже «Крюково ауылының маңында» деген ескі әнді сұрады. М. бұл әндерді білетін болып шықты. Сөйтіп ол ән айтты, К. есімді қарт апа қосылды, мен оның қызыл шаштарын тарқатып жаттым, ал Д. көзіне келген жасты сүртіп әлек болды.

“…Қытайдағы қала, бес әріп…”

Р. бізге кеше кешке келді, мен одан таңертең сауалнама алуға келдім. Оның сол көзі мен барлық беті көгеріп тұр екен. Көрпе астынан сол жақ иығы, мойны мен кеудесінің бір тұсы да көгеріп тұрғаны байқалды. Біз әріптесім Таня екеуіміз бір-бірімізге қарап, «соншалықты кім соқты екен?» деп бірдей ойладық. Р. көп сөйлемейтін. Біз оның кіммен тұрып жатқанын, жалпы кіммен қарым-қатынаста екенін біле алмадық. Оны жеткізген жедел жәрдем кішкентай ғана ақпарат берді: «тұрғылықты жері, пәтері, қал-жағдайы – қанағаттанарлық». Жедел жәрдем үшін бәрі бірдей, кез келген жағдай қанағаттанарлық: Рублевкадағы сәнді сарай болсын, Чертановодағы ескі үй болсын. Егер шақыру келген мекенжайдағы жағдай тіпті нашар болса, онда бригада «лас» деген белгі қою мүмкін, бірақ Р. жөні түзу пәтерден әкелінді. Ауруханаға денесі көгеріп түскен адамдардың жағдайы көбіне маскүнемдікке немесе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты. Алайда сөйлемейтін зейнеткер ішікмдікке салынған адамға ұқсамайды, сондықтан Таня екеуміз оны туыстары ұрып-соғады деп жорамалдап, әжені өз қамқорлығымызға алуды ұйғардық. Оның денесіндегі көгерген жерлері кеткен сайын, Р. есін жинай бастады. Ол ақырындап болса да, тамақтана бастады, біз оның басын жуып, шашын тарап, тырнағын алып, лас түнгі көйлегінің орнына ескі болса да, таза аурухана халатын тауып бердік. Р-ға ешкім ештеңе әкелмеді, оның не киімі, не заттары, не телефоны болмады. Осыдан кейін біз «оның үй ішіндегілермен қарым-қатынасы жақсы емес» деген болжамымызға одан сайын сенімді болдық. Бірақ бір күні ол қызымен телефонмен емес, мессенджер арқылы сөйлесуді сұрады. Осыдан кейін жұмыс бабымен Сингапурға жарты жылға кеткен қызы шекараның жабылуына байланысты елге қайта алмай қалғаны анықталды. Р. қызының интернеттегі парақшасын көрсетіп, біз оны тауып алып, байланыстық. Қызы бірінші анасымен сөйлесіп алып, мән-жайды бізге түсіндірді: ол алыста, үйдің кілті тек анасында, көршілері Р-ды жедел жәрдем алып кеткенін айтқан, сондай-ақ Мәскеуде зейнеткердің пәтеріне ешкім кіре алмайды, сол себепті заттарын да әкеліп беруге мүмкіндік жоқ. Ол кілтті алып, үйге барып қайтуды өтінді. Біз де аурухана қорымен кеңесіп, пәтеріне бардық. Сондай-ақ қызы анасына сыйлық алу үшін ақша аударды. Үй киімін киіп, сүйікті печеньесімен шай ішкен Р. жайнап, жарқырап шыға келді. Дәл осы кезде «денеңіз неден көгерді» деп сұрадым.

Сондағысы оған оттегі жетпей, ваннада есін жоғалтып, қатты жығылып, жедел жәрдем шақырғанға дейін ұзақ уақыт еденде жатқан. Оған ешқандай қатыгез туыстардың қатысы жоқ екен. Р. өте ұзақ емделді, біресе сатурациясы төмендеп, біресе температурасы көтерілді, одан қалса дем алуы қиындап кетеді. Ол бізде екі айға жуық жатты. Ол қатты жалығып, кроссворд сатып алуымызды өтінді. Осылайша әрбір кезекшілік қызығырақ өтетін болды.

– Р. есімді науқас ауруханада 34 күн жатты, екі жақты пневмониямен ауырып, коронавирусы расталды, температурасы 37,6, сатурациясы 93, – деп баяндады кезекші дәрігер.

– Қал-жағдайыңыз қалай? – дейді дәрігер.
– Бәрі жақсы, бірақ бір нәрсе маза бермей тұр…
– Иә, не болып қалды? – деді емдеуші.
– Мында бір сұраққа жауап бере алмай жатқаным: «Орта ғасырдағы Еуропадағы діни ұйым, атауы Т әрпінен басталады», деді науқас шағымын айтып.
– Біз мұнда ерігіп жүрген жоқпыз, адам өмірі үшін күресіп жүрміз, – деді түні бойы ұйықтамаған кезекші ашуланып.
– Ал менің басым дәл осы сөзден ауырып жатыр! Сондықтан емдеңіздер! – деді Р.
– Тамплиерлер, – деп көмектесті ординатор.
– О, дәл өзі. Енді бастың ауырғаны да қойды…

Дәрігерлер бір-екі жауаппен құтылатын, сондықтан Р. көбіне волонтерлерді қинайтын.

– Аргентинадағы өзен, 6 әріп? – деп сұрап қоймайды.

Таня екеуміз Google-ге қармаймыз.

– Голливуд жұлдызы, 6 әріп, – деп Р. бізге тағы тапсырма берді.

Біразын айттық.

– Ал Қытайдағы қала ше, барлығы 5 әріп, төртіншісі Н?

– Ухань, – дедік Таня екеуіміз бірдей.

Ухань деп жазсақ, кроссворд қабылдамайды. Сондықтан қайта Google-дан қарадық. Сөйтсек Ибинь болып шықты.

Бірінші реанимация бөліміндегі Джон Сильверстоун

Реанимацияға кезекшілікке бара жатып науқастарға кімнің қандай тілегі бар деп сұрадым.

Инна бірінші блокта жатқан В-ға баруды өтінді, ол кеше оның қасында болған. Оны уақытылы отырғызып тұру керек, бірақ сол аяғы жамбас буынына дейін кесілген. Сондықтан оны ақырын оңға қарай шалқайтып, отырғызу қажет. Инна оны 20-30 минутқа отырғыз дейді. Ол оның аты-жөнін ұмытып қалыпты, бірақ бірінші реанимация бөліміндегі төсекті көрсетті.

Волонтер күнделігі. VII бөлім. Коронавирустың оралуы: Өліара және екінші толқын
Аурухана аумағы

Келдім де, тез істеу керек нәрселерді аяқтап, жоспарлы жұмыстарды бастадым. №1-3 деп көрсетілген төсекте жасы үлкен адам жатыр. Мен оны отырғызуға дайындала бергенде төсек жаймасына көзім түсті, себебі сол жақ жамбас жағынан аяғы көрініп тұрған сияқты. Бетіне қарап тұрып бірдеңе сұрауға ыңғайсыздандым. Не деп сұраймын? «Маған сіздің сол аяғыңыз жоқ деп еді, онда жайманың астындағы не? Сізді қалай отырғызамын?» деймін бе? Сөйтіп өзіме қарай тартып, яғни оны оң жағына қарай шалқайтып, жастықтар қойып жатырмын. «Ыңғайлы ма?» – «Иә, тек оң аяғымды сәл жақындатыңыз», деді ол бір уақытта. Сөйтіп көрпе жамылғысын көтеріп қалсам, оның тізесіне дейін оң аяғы жоқ екен. Жарайды, сол мен оңды шатастырып алуға болады, бірақ Инна маған ампутация жоғары жаққа, яғни белге дейін деп айтты ғой. Бірақ қазір бәрі шаршап жүр, сондықтан түсінуге болады. Біраз отырып, су ішкізіп, жуындырып, қайта жатқыздым. Кезекшілігімді тапсырдым, Оля қабылдап алды.

– Оль, №1-3 науқастың ампутациясы оң жақ тізесіне дейін, аяғын өзіне ыңғайлы етіп қойып, отырғызғанда өзіңе шалқайтпа, әйтпесе оған ыңғайсыз.

Келесі күні таңертең волонтерлер бөлмесінде:

Оля: Таш, сен ампутация оң тізеден төмен деп едің, ал негізі сол аяқтың төменгі жағы ғой. Бұл оған отыруға еш кедергі емес сияқты.

Мен: Маған «ампутация сол жақ жамбасқа дейін, ал сол аяғы тәуір!» деп айтқан.

Біздің сыртымыздан қарап тұрған Саша: енді оның аяғы өсіп кетіп, ертең тек бір-екі саусағын таппай қалатын шығармыз?

Дауды шешу үшін науқастарды бақылаудың жалпы ауруханалық жүйесін қарадық. Иннаның кезегінде №1-3-те расымен 20 жыл бұрын өндірісте болған жарақатқа байланысты жамбасына дейін ампутациясы бар ер адам жатқан екен. Оның қал-жағдайы жақсарып, түнде желілік бөлімге ауыстырылыпты.

Оның орнына нефрология бөлімінен аяғы тізесінен төмен кесілген ер адамды әкелген, тек картада ампутация себебі көрсетілмеген. Өкінішке қарай оның денсаулығы қатты нашарлап, қайтыс болып кеткен. Сөйтіп оның төсегіне диабетпен ауыратын, балтырынан төмен ампутация жасалған егде жастағы науқас жайғасқан. Ол екі аптадан артық реанимацияда жатып, қал-жағдайы түзелді. Ал аяғы өсе беретін Джон Сильверстоун біздің аурухананың меміне айналып кетті.

Жақсы келімсектер

Науқастар үшін бәріміз бірдейміз, бірдей костюмдеміз, шашымыздың түсі мен бет-әлпетіміз көрінбейді, денемізді тайвек (қорғаныс костюмы) жасырып тұрады. Кейбіреулер қалжыңдап бізді келімсектер деп атайды. Ал біреулер әзілдемейді. С-тің жағдайы нашарлай бастады, кеше ғана екеуімі біздің қабаттағы УЗИ кабинетіне құшақтасып бара жатыр едік, ал бүгін ол реанимация бөліміне жатқызылды. Ол көп қарсылық көрсетпесе де, шағымданды: «келімсектер бәрін, тіпті мына аурухананы жаулап алыпты. Олардан жасырына алмайсың. Бірінші үйіме келді, кейін осында әкелді, енді міне тағы бір жерге апара жатыр…» Менің дауысымды танып, «міне, сен басқа планетадан келген қыз, кеше мені тексеріп, сенсормен жүргіздің емес пе?» деді. Мен оны тек кабинетке дейін апарып, төсекке жатқызған едім, бірақ мен есінде қалыппын. «Әй, қыз бала, сен біздің тілді түсінесің ғой? Кеше ауырмайды дедің, ауырған жоқ» – (әрине УЗИ-де не болуы мүмкін?) –  «Айтшы, мені қайда апара жатыр, ол жерде ауырта ма?». Мен оған ешкім зиян тигізбейтінін, тек емдейтінін айттым. «Сендер жақсы келімсек екенсіңдер, сендер туралы теледидарда өтірік айтады екен. Онда келімсектер бізді өлтіреді дейді, бірақ сендер расымен емдеп жатқан сияқтысыңдар». Осы әңгімемен біз оны реанимацияға апарып, тапсырдық. Онда оған көмектесті де, біздің емес, басқа бөлімге ауыстырды. Кейін жазылып шықты. Ол әлі күнге дейін оны келімсектер емдеді деп ойлай ма екен, әлде бұл температуралық сандырақ па?

Балалар сыйлаған суреттер

Кез келген адам ауруханада волонтер бола алмайды, бірақ бәрі дәрігерлерге көмектесіп, науқастардың көңілін көтеруге тырысады. Косметика шығаратын көптеген компания дәрігерлерге арнап косметикалық сөмкелер дайындады, оның ішінде сусабындар, душқа арналған гельдер, сондай-ақ бет пен қолға жағатын қорғаныс кремдері болды. Мейрамханалар мен кафелер болса, тамақ дайындап, ауруханаларға жеткізді. Бұл іске тіпті балалар үйінің балалары да өз үлесін қосты. №52 аурухананың қамқорлыққа алған балалар үйі бар. Мәселен аурухана қызметкерлері сондағы оқушылардың қал-жағдайын біліп, мейлінше көмектесіп, сыйлықтар жасап тұруға тырысады. Өзіндік дәстүр де бар – жыл сайын 1 маусымда Балаларды қорғау күні дәрігерлер балаларға қонаққа барады, ал биыл вирус барлық жоспарларды бұзды. Балалар «биыл сыйлық алмадық» деп ренжудің орнына сыйлықты аурухананың өзіне жасапты. Олар сурет салып, оларды ламинаттап, ауруханаға тапсырған. Балалар үйінің тәрбиеленушілері вирус көбіне қарт адамдарға жұғатынын біліп, суреттерге «әжетай, сауығып кетіңіз!», «ата, сізді үйде күтеміз» деген жазулар жазған.

Әрбір сурет ламинатпен қапталған, сондықтан оны антисептикпен өңдеп, бір палатадан екінші палатаға ауыстырып қоя беруге болады. Бұл суреттер ауруханаға енді түскендер мен ұзақ уақыт жатқандарға да, орташа және ауыр халдегі науқастарға да, өзі тыныс алып не оттегімен демалып жатқандарға да, яғни барлығына жағымды әсер етеді. Біз балалардың суретін төсектің бас жағына іліп қоямыз, себебі ешқандай сурет вирусты емдей алмаса да, адамның көңіліне әсер ететінін түсінеміз. Ал емделгісі келмейтін науқасты емдеу өте қиын.

PS: Менің құпиям…

Мен бұл тарауды қыркүйектің соңғы күндері жаза бастадым. Бастан өткен барлық оқиғаларды бір күнде жазып шығу мүмкін емес еді, дегенмен не жазатынымды ойда жоспарлап қойдым. Алайда 7 қазанда бір оқиға болды, енді қалған тараулардың мазмұны өзгеретін сияқты. Себебі коронавирус менің отбасыма да келді, онымен әжем ауырып қалды. Ол қатты қабық астына қан құйылудан кейін ауруханада жатты, бірақ барлық болжамдарға қарамастан тез оңалды: қолы мен аяғы қалыпты жұмыс істеп, түсінікті әрі анық сөйлеп, есін жиды. Иә, ол ауруханаға қалай түскенін, жедел жәрдеммен қалай келгенін білмейді, бірақ қайда және кіммен тұратыны, кім екені және зейнетке шыққанға дейін қайда жұмыс істегені есінде еді. 7 қазан күні таңертең оны емдеп жатқан дәрігері әжемнің өкпесінде сырыл пайда болғанын айтып, КТ жасату керек деді. Мен оған түскі астан кейін барғанда, ол мені танымай қалды, бірақ су сұрады. Бір кезде палатаға дәрігер кіріп: «Сіз мұнда не істеп жүрсіз?» деді. «Маған оның емдеуші дәрігері З. К. кіруге рұқсат берді», дедім ақырындап. «Біз оны обсерваторға ауыстырамыз, КТ бойынша оның өкпесі қап-қара болып кеткен», деді. Ол мені палатадан итеріп, дәлізге шығарып жіберді де, «осында күте тұрыңыз, мен оның емдеуші дәрігерін шақырамын», деді. Кәдімгі аурухананың дәлізі – былғары орындықтар, көк түске боялған қабырғалар және оларды бойлай қойылған үлкен пальмалар. Ешқандай ерекшелігі жоқ, осы ауруханадағы басқа да жүздеген, жалпы еліміздегі мыңдаған басқа дәлізге ұқсайды. Басымда тек «қап-қара болып кеткен» деген сөз. Бөлімшенің есігіне көзім түсіп кетті, онда күңгірт шыныларды көрдім. Шамасы менің әжемнің өкпесі КТ-да осындай қап-қара, жуылмаған шыны сияқты болып көрінген шығар дедім ішімнен. Бір кезде емдеуші дәрігер шықты, ол жасы менен сәл үлкен, көзілдірік таққан, сақалын ұқыпты алған ер адам екен. «Жаңа ғана КТ қорытындысы келді, өкпе тінінің шамамен 50% зақымданған», деді. «Енді антиденелер мен ПТР үшін қан аламыз. Әзірге ол аурухана жанындағы обсерваторға жатқызылады». Біз оның анализдерін қарап шықтық та, оның биохимиясы онша емес екенін түсіндік: барлық көрсеткіштер не нормаға жетпейді, не бірнеше есе асып кеткен.

– Сіздерде ковид бөлімі жоқ қой?

– Жоқ, біз таза ауруханамыз. Оны Голохвастовоға немесе 15-ші ауруханаға жатқызады.

– Ал 52-ші ауруханаға бола ма? Өтінемін, 52-ге жіберіңіздерші! Мен оны өзім күтемін, қасында боламын! Мен сол жерде жұмыс істеймін, – дедім сәл асыра сілтеп. Шынында да ол жерде волонтер болып жүргенімді қалай айтамын, себебі бұл ауруханада ешкім ешқашан волонтер көрмеген.

– Егер жұмыс істесеңіз, онда болатын шығар. Бірақ ПТР нәтижесін күту керек, – деді дәрігер сөзін аяқтап.

Мен бос қалған дәлізде тұрмын, бір уақытта күңгірт шынысы бар есіктер ашылып, төсек шығарылады, үстінде әжем жатыр екен. Жақындауға рұқсат жоқ, мен тек дәліздің екінші жағында қарап тұрмын, «әжетайым, жазылып кетіңіз, сәл шыдаңыз, мен сіз аман болу үшін қолдан келгеннің бәрін істеймін», дедім ішімнен…

Аурухана аумағынан шығып, орындыққа отырып, темекі тұтаттым да, көмек сұрайын деп 52-дегі дәрігер достарыма қоңырау шала бастадым.

КТ мен анализдердің нәтижесін, сосын оның 87 жаста екенін біліп, барлығы «Таш, өзің де түсініп тұрған шығарсың…», деп күрсініп жатыр. Иә, мен барлығын түсінемін, бірақ соңына дейін берілмеймін. Әзірге ПТР күтіп отырмыз, нәтижесі бір тәуліктен кейін белгілі болады. Сол кезде оны таза ауруханадан бізге ауыстыруға рұқсат береді, ал мен ол жерде қолымнан келгеннің бәрін істеймін. Бүгін (бейсенбі, 8 қазанның кеші) оттегі сатурациясы 91 болды. Бұл өте төмен, қатты алаңдап отырмын.

Мен палатада бетпердемен болсам да, байланыста болған адаммын. Енді ешкімге қауіп төндіргім келмейді, сондықтан бұдан былай менің өмірім үй мен аурухана арасында болады.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Журналистка, фактчекер, тренер по медиаграмотности. Создательница проекта «Монитор», занимающегося контролем обещаний и деконструкцией пропаганды в российских медиа.

Factcheck.kz