Волонтер күнделігі. V бөлім. Ауруханаға апарар жол

Factcheck.kz бұған дейін волонтерлер мен медицина қызметкерлерінің коронавируспен күрестің бірнеше оқиғасын жариялаған еді. Бұл бөлімде коронавирус ауруханаларына волонтер болып барғандар мен түрлі адамдарды пандемиямен күрес қалай біріктіргені туралы айтамыз.

Коронавирус өміріме енген күн әлі есімде. 24 қаңтарда факт тексеретін халықаралық қауымдастық маған коронавирус туралы фейктерді жоққа шығаратын халықаралық жоба іске қосылатыны туралы хабарлап, хат жолдады. Оған дейін «корона» ұғымы ойыма да кіріп-шықпаған, маңызды емес болып көрінетін.

Соған қарамастан, ақпан айы бойы негізгі жұмысымды істей бердім. Бізде көпшілік алдында лекторий өтетін, тыңдаушылар еш алаңсыз маска тақпай келіп, қол алысып, құшақтасатын, ал лекторлар індеттен қорықпайтын. Сол айда Әулие Валентин күнінде сыйлыққа сәндік үй қоянын алдым. Құжатында тұқымы – «қытай үй қояны» деп жазылып тұрды. Өзі 2019 жылы туған екен. Әуелде оны Ушан деп атаған едім, кейін күйеуім есімін Ухань-19 деп ауыстырды. Осылайша коронавирус өмірімізге  еніп кетті.

Волонтер күнделігі. V бөлім. Ауруханаға апарар жол
Ухань-19

Алғашқы қорқыныш толқыны есімде – наурыздың басында лекторийге келген тыңдаушылардың бірі жақында Франциядан келгенін ескертіп, лекцияға кіргізесіздер ме деп сұрады. Еш ойланбастан рұқсат еттім, ал кешке тамағым ауырғанын сезіп қорықтым. Болуы мүмкін «нөлдік науқас» туралы ақпаратпен тек оператормен бөлістім, лекторға да, директорға да хабар бермедім. Жолымыз болды. Уақытша. Наурыздың ортасында біз лекторийдің қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылдадық. 

Сол кезде бұл дағдарыстан оңай шықпайтынымыз түсінікті бола бастады. Жұмыссыз қалғандықтан, ойым сан-саққа жүгірді. Пәтерді тазалағаным сонша – бұл жерден 7 жыл бұрын көшіп кеткен бұған дейінгі қожайындардың заттарын тауып алдым, мен араласпасам да тамаша өмір сүріп жатқан гүлдерді тазалап, қайта отырғыздым, мысықтардың жүнін тарап, салдарынан олар бірнеше келіге арықтап кетті, безені әдемі жасап үйренгенім сонша – көршілер өрт сөндіру қызметіне хабарласпайтын болды, күйеуімді есінен адастырып жібере жаздадым да маған айналысатын жаңа іс керек екенін түсіндім.

Сол уақыт аралығында пысық бөлем жұмыссыз қалғанымды естіп, түрлі вакансиялар жіберіп тұрды. Солардың арасынан мен өзіме қажет жұмысты таптым – коронавирус туралы Telegram-арнаға пост жазатын автор керек екен. Бұл ең оңтайлы шешім болып көрінді. Мен өзіме жұмыс таптым, бөлем менің өміріме араласқанына риза, күйеуім тынбай айтатын әңгімемнен құтылды, ал мысық пен үй өсімдіктері мен көңіл бөлмесем де әдеттегі өмірін сүріп жатыр. Жаңа жұмыстағы редакторым міндетімді нақты көрсетіп берді – үрей тудыру, бірақ фейктен аулақ болу. Италияның мәйітханалары толып қалды ма? – Мұқият тексеріп, эфирге беріңіз. Эквадорда мәйіттерді картон табытқа жерлеп жатыр ма? – Тамаша! Тексеріңіз, прайм-тайм береміз! Иран мәйітханаларында орын жетіспей жатыр ма (видео)? – Тіпті керемет, сол үшін екі есе гонорар төлеймін.

Егер мен басқаларға үрей тарататын болсам, өз қорқынышым басылатын секілді боп көрінетін. Шынында, біраз уақыт солай болды. Мен ауысыммен 12 сағаттан жұмыс істедім, әр 15 минут сайын эфирге алдыңғысынан да қорқынышты ақпарат беруім керек болатын.

Жұмысымнан шабыт алатынмын және әлі журналистика факультетінің  студенті болған кезімде түрлі басылымдардың жаңалықтар лентасына қысқа мақалалар жазып, табыс табатын кезімді еске түсіретін. Сол кезде жұмыс жалықтырып жіберетін еді, ал қазір тіпті ләззат сыйлайды, себебі  мен ақпарат ағынын бағыттап отырдым. Мен Владимир Путиннің, француз президенті Эммануэль Макронның және Итальяның премьер-министрі Джузеппе Контидің жолдауларының мәтінін тікелей таратып отырып, француз және итальян тілдерін ұмытпағаныма және стенографиялық жылдамдықпен жазудан қолым шығып қалмағанына қуандым. Содан кейін арна иесі арнаны сату үшін жеткілікті жазылушы жинап алды.

Арнаны сатып алған адаммен жұмыс істей алмадым. Сондықтан қайтадан гүл отырғызып, мысықтардың жүнін тарауға кірістім. Содан аз ғана уақыт бұрын өзін-өзі оқшаулау басталды. Карантин кезіндегі ессіздігімнен суға түсуді білмейтін мысықтарды жудым. Мысық жүніне нығайтатын сусабын іздеп жатқан кезде ойыма керемет идея келді. Мен ауруханаға барамын!

Менің кішігірім білімім де бар ғой. Журналистика факультетіне түспес бұрын, мен дәрігер болғым келген. Тіпті парамедиктер курсына қатысқанмын. Парамедик дегеніміз – медицина мен құтқарушының араласқан түрі. Мәселен, жол-көлік оқиғасы болды делік. Тасжолға жанармай төгіліп жатыр, ал көлікте зардап шеккен адам бар. Оның омыртқасы сынған сияқты. Оған қоса көліктің есігі ашылмай қалды. Осы кезде көмекке парамедиктер келеді. Дәнекерлеушімен кесуге болмайды, ұшқыны жанармайдың тұтануына  себеп болуы мүмкін, жүргізушінің омыртқасы сынғанымен қоса ішіне қан кетіп жатыр, тезірек шығарып алу керек. Ал біз қалай істеу керегін білеміз – есіктің құлпын қолмен бұзып, жарақаттанған адамға мойын қорғанысын кигіземіз, зембілге салып алып жүгіреміз. Дәл осы кезде ең қауіпті ұшқын өтеді, бірақ біз көліктен шығарылған жүргізушіні денемізбен жауып қаламыз, жарылыс толқыны біздің сыртымыздан өтіп кетеді, ал біз орнымыздан тұрып, оны жедел жәрдем көлігіне жатқызып, ауруханаға жеткіземіз.

Мен мұны курсқа барып жүрген кезде көрген едім. Шын мәнінде біз (жаңадан келгендер) ағашта тұрып қалған мысықтарды төмен түсіретінбіз, пәтердің кептеліп қалған есігін ашатынбыз және күніне бірнеше рет тым еріккен зейнеткерлердің қан қысымын тексеретінбіз. Соңына дейін оқып, сертификат ала алмадым. Маған мықты журналист боласың деді, ал мықты журналист клизма қоймайды.

10 жыл өткеннен кейін менің парамедициналық тарихым маған қызмет ететін болды. «Окей, гугл, волонтер болғым келеді». Сайтқа тіркеліңіз, анкета толтырыңыз, медициналық тексерістен өтіңіз, медициналық кітапша алыңыз, әңгімелесуден өтіңіз де, жауап күтіңіз…

Тіркелдім, толтырдым, өттім, алдым, өттім, күткен жоқпын. Фейсбуктен №52 ҚКА-на волонтерлер керек деген жазбаны кездейсоқ көріп қалдым. Аурухана үйден бір жарым сағаттық жерде. Мен жақын жердегі коронавирус госпиталіне ауыстыратын шығар деп үміттендім, ол көршілес көшеде еді. Бірақ 52-ші ауруханадағы анкета бірнеше сұрақтан ғана тұратын – аты-жөні, жасы, созылмалы аурулары мен телефон нөмірі. Толтырдым. Сол күні кешке хабарласты. Үйлестіруші екеуміз аттаспыз. Бес минут сөйлестік – «сіз сай келіп тұрсыз, чатқа қосамын, кез келген сұранымға жауап берсеңіз болады». Чатта жүзден аса адам бар. Ауысымға деген барлық сұранымды бірнеше минут ішінде алып кетеді, бірнеше күннен бері бақылап, жауап беріп үлгермей жатырмын. Түнде он бір жарымда бір ғажайып болды: «Қызыл зонаға волонтерлер керек, қауіп тобынан басқалары қажет». Осы сұранымға жауап беріп үлгердім.

№1 лирикалық шегініс

Мені №52 ҚКА-мен көп жақсы нәрсе байланыстырады. 2019 жылдың тамыз-қыркүйек айларында мен тыныс демікпесімен ауырдым, ешқандай дәрі-дәрмек көмектеспеді. Кенет маған сол жердің дәрігерін ұсынды. Ол менің құжаттарымды мұқият қарап, былай деді: «Сіздің тыныс демікпеңіз жоқ. Бұл кеңсірік құрылымының дұрыс болмауынан. Мұрын қуысынан ағатын су бронхты тітіркендіреді». Ал оған дейін мен бірнеше ай бойы дұрыс ұйықтай алмай жүрдім, көлденең жатсам болды тыныс алуым қиындап, жөтелетінмін. Сол дәрігер былай деп ұсыныс айтты: «Мен сізге ота жасаймын. Бір күн ауруханада жатасыз да, бүкіл мәселеңізді ұмытасыз. Мен көп ойланбастан келістім, ота жасаттым, ауруханадан шыққан күні-ақ ингалятор пайдаланған жоқпын. Күзде ғана үшінші топтағы мүгедек болуым мүмкін еді, ал енді егер тағы ұстап қалмаса бұл диагнозды алып тастауыма болады. Яғни, мен қауіп тобында емеспін. Құжат түрінде демікпе бар болғанымен, шын мәнінде жойылған еді. Аурухана маған көмектесті, енді менің оған қол ұшын беретін мүмкіндігім туып тұр.

Ауруханадағы бірінші күні ұнамай қаламын ба деп қатты алаңдадым. Ол жерде бір топ комиссия болып, мені сұрақтың астына алса қайтем? Интубация хаттамасын қайталап тұрмын (дипломсыз маған оны кім береді). Қозғалысты автоматты түрде жасауға тырысамын – «сол қолмен тілді жоғары және жанына тартамыз, көмекейді көтереміз, оң қолмен түтікшені қоямыз». Алгоритмдерді еске түсіріп, конспектіні қайта оқып, үйрететін видеоны қараймын. Таңертең маған бірнеше сұрақ қана қойды: «Созылмалы ауруларыңыз жоқ па? Қария туыстарыңызбен бірге тұрмайсыз ба? Келісімшартқа қол қойдыңыз ба?». Келісімшартта науқастардың аты-жөні мен диагнозын үшінші адамға бермеу және науқастарды фотоға және видеоға түсірмеу міндеттелген. Бұл қиын жұмыс емес. «Мынау тәжірибелі волонтер, ол костюмді киіп-шешуді үйретеді. Қош келдіңіз!». Киіп-шешу де аса қиындық тудырмайды – қабырғада нұсқаулық ілініп тұр. Костюмде бірден ыстық, ыңғайсыз және қорқынышты сезіледі.

Бірінші күні біздің жетекшіміз Таня болды. Ол бізден бірнеше күнге ғана «үлкен». Кеше оған біреулер үйреткен, бүгін ол бізге, ертең біз де біреуге үйретеміз. Ол – ветеринар фельдшер. Күйеуімен тұрады екен, яғни оның отбасында қауіп тобынан ешкім жоқ. Коронавирус жағдайын, шын мәнінде не болып жатқанын білу үшін волонтер болуға келіпті. Оған қоса өзін-өзі оқшаулаудан шаршап, жақсы іс істегісі келген екен. Ол өте жинақы және салмақты, жануарларды емдеу әлдеқайда қиын дейді. Өйткені олар шағымын айта алмайды, ал мында науқастар аяғындағы бинтті босатуды сұрайды – босатасың; басым ауырды деп шағымданса – постқа хабарлайсың, олар қандай дәрі беру керегін шешеді, ал волонтердің жұмысы – науқастың дәріні ішкенін қадағалау.

 

Волонтер күнделігі. V бөлім. Ауруханаға апарар жол
Таня мен Таша

Соған еріп барлық науқастарды «әже» немесе «ата» деп атай бастадым. Ауруханаға дейін танымайтын адамды ешқашан бұлай атамайтын едім, баланың айтатыны сияқты, оның үстіне жөнсіз көрінетін. Ал бір аптадан кейін мен науқастарыммен былай сөйлесетін болдым: «әжетай, қалай болдыңыз? Дәрі іштіңіз бе? Неге маскамен демалмай жатырсыз? Қазір мен жастығыңызды дұрыстап қоямын, алтыным менің, біз бірге жазыламыз».

Әрине бәріне бұлай сөйлемейміз, кейбірімен ересек адамдарша, іс бойынша сөйлесеміз. Алдыңда кім тұрғанын өзің түсіне бастайсың – «менің жақсы әжетайым» ба әлде «Галина Степановна» ма. Айтпақшы, «әжетай» жазылып келе жатқанда өздігінен қайта «Галина Степановнаға» айналады. Ал науқастар бізді көбіне «жаным», «күнім» деп атайды. Кейде басқаша. Бір медбике айтып еді – науқастарының бірі, 80-нен асқан ата инсульт алғаннан кейін «сутенерлер қашан келеді?» деп сұраған. Ол бір минут не айтарын білмей қалған, ал ата сөзін жалғастырып: «сутенерлер бүгін келе ме? Олар мені қырындырамыз деп уәде берген еді». – «Ата, сутенер емес, волонтер», – деп медбике атаның сөзін түзеткен. «Мен сендердің сәнді сөздеріңнен шатасамын, біз оларды екпінді деп атайтынбыз».

Таня екеуміздің әжені жуындырғанымыз немесе су тасқыны

Жаныңда серіктесің болса барлық жұмыс тез бітетін сияқты. Біз Таня екеуміз тез тіл табысып, жақсы жұмыс істеп кеттік, үнемі екеумізді бірге қоюды сұрайтынбыз. Мен оның жанында өзімді сабырлы сезінетінмін: ол жануарды да, атты да емдей алады, анестезияны дұрыс есептеп, тіпті тұяқты кесе алады! Ауруханада тұяқ кесудің қажеттігі болады дегенім емес, бірақ пайдалы қабілет. Сол күні де түнде түскендерді тез қабылдадық, барлық мәлімет жедел компьютерге енгізілді, кереуетке тақтайшалар ілінді, ал науқастардың өтініші орындалды. Бөлім емес, ертегі.

Біз медбикелерге көмектесер едік, бірақ сол күнгі аға медбике өте қатал әйел болды, даусы да басшылардыкіндей, ешқандай тайвек жасыра алмайтын еді. Бір сөзбен айтқанда бізді емшара бөлмесінен қуып шықты. Ал біз дәрі тамызғышты толтырып, емшара тартпасына мақтаны, антисептик пен инені ұқыптап қойғанды жақсы көретін едік. Жарты сағаттай жұмыссыз жүрдік. Содан кейін аурухана чатына науқасқа басын жууға көмектесу керек деген өтініш келіп түсті. Науқас та көрші корпуста емес, бір қабат жоғарыда ғана. Біз чатқа бір минуттан кейін санитария-эпидемиялық бригада баратынын жазып, бірден үш баспалдақтан аттап, алтыншы қабатқа – бұрынғы гинекология, қазіргі қарапайым коронавирус бөлімшесіне көтерілдік.

Бізді палатада қамқорлыққа алынған 90/60/90 күтіп алды – 90 жаста, салмағы 60 келі және сатурациясы – 90. Яғни біз оны жуындырғанша оттек маскасын тақпай тұра алады. Аяғы әзер тіреп тұрды, сол себепті біз душқа стол қойып, оны отырғыздық. «Бірінші бас терісіне арналған скраб, шыны қақпағы бар көгілдір құты», – деп көрсетті ол. Содан кейін сусабын, бальзам, сосын шашқа арналған маска, денеге арналған скраб және бетке арналған маска қою жоспарланған еді. Бірақ сол сәтте палатаның есігі айқара ашылды!

«Сендер екендеріңді білім ем, пысықайлар!» – деп күбір етті біздің аға медбикеміз. Ол мұнда, басқа бөлімге қалай келді? Біз не істеп қойдық? Не үшін ол бізді жақтырмайды? «Сендер не істегендеріңді білесіңдер ме? Қайдан ғана басыма бәле болдыңдар?» – деп ашуланды. Айқайды естіп осы бөлімнің дәрігерлері мен медбикелері жүгіріп келді. Таня науқасқа сүртініп, сүлгіге орануына көмектесіп жатқанда мен бір бұрышқа қарай ығысып тұрдым. Біздің алтыншы қабаттағы жуынудан бесінші қабаттың палатасына су аққан. Аға медбикенің зарлауымен біз ескі-құсқы шүберекті алып, еденді сүртуге кірістік. Бірақ ол құрғақ болатын. Арасында шашыраған жерлер бар, онсыз болмас, бірақ су басып кеткен жоқ…

Бірнеше минуттан кейін келген сантехник біздің кінәміз жоқ екенін растады. Жөндеу кезінде душтың табандығынан герметик өткізуді ұмытып кеткен. Бұрын су ақпағанына қарағанда душты ешкім қолданбаған болуы керек. Аға медбике аздап тынышталып қалды, оның үстіне біз бөлімшедегі тасқынды өзіміз тазалап аламыз дедік. Палатадағы зардап шеккендердің барлығы құрғақ боп сүртілгеннен кейін біз шылым шегіп келуге шығайын дедік. Осы кезде бізді аға медбике ұстап алды: «Неге жұмыссыз жүрсіңдер, әлде тағы біреуді жуындырайын дедіңдер ме?». Біз қорқып қабырға жақта тұрдық. – «Тез менің соңымнан жүріңдер, емшара тартпасын жинау керек!». Содан бері әр ауысымда ол бізді емшара бөлмесіне шақырып алатын. Біз тағы біреуді жуындырып қоймасын деп қорқатын болуы керек. Осылайша, белгісіз сантехниктің шалағай жұмысының арқасында біз үнемі емшара бөлмесінде жүретін болдық.

Отбасылық топ

Алғашқы күні Танядан бөлек тағы бірнеше волонтермен таныстым. Мынау анасы мен қызы – Ира мен Ксю – бірге волонтер болуға келген. Ираның ивент-агенттігі бар, ал Ксю – ойын-сауықтық телеарнада продюсер. Қиын жағдайда қарап отыра алмағандықтан келген. Иринаның кәсібі тоқтап тұр, ол ауруханаға күнде келеді, ал Ксения екі күн телеарнада, екі күн осында – бөлімде болады. Бір ай жұмыс істегеннен кейін науқастарға көбірек көмек көрсете алу үшін екеуі де медбикелерге арналған курсқа жазылды. Шар үрлеу туралы идеяны да америкалық журналдан оқып екеуі ойлап тапқан. Олардан жылылық есіп тұрады, олар науқастарды қолынан ұстап, құшақтайды, басынан сипап, көп әңгімелеседі.

Волонтер күнделігі. V бөлім. Ауруханаға апарар жол
Ирина мен Ксюһ

Жақында Ирина біздің бөлімде тыныс алу курсын жүргізе бастады, бөлім басшысының рұқсатымен олар жаттығуды қалай жасау керектігін қағазға жазып, оны барлық палатаға таратып шықты, науқастар қалаған кездерінде жаттықсын дейді. Олар Фейсбукте науқастарға қажет заттар туралы посттар жазады, бәрі бірден табыла кетеді. Ойылған жерге арналған крем керек пе? – Ертең бір айлық қорын жинап аламыз.  Науқастарға қолын жаттықтыру үшін анти-стресс ойыншықтар керек пе? – Міне, оған ойыншықтар дүкені жауап беріп, жүз данасын әкеп беруге дайын. Науқастарды сүртуге шүберектер керек пе? – Екі үлкен қабы дайын.

Біздің корпуста, бірақ екінші қабатта Настя жұмыс істейді. Ол тәжірибесі бар волонтер, жарты жыл бойы әр аптада «Вера» хосписінде көмек көрсететін, бірақ қазір барлық хоспис келушілер үшін жабылып, ауруханаға келген. Настя демалыссыз жұмыс істейді, әжелер мен аталар да, өзі де оларды сағынатынын айтады. Настяның арқасында волонтерлердің басқа тағатын күлкілі шеңберлері (ободок) пайда болды. Бірде оған жалықтыратын ақ тайвектерді қалай түрлендіруге болатыны туралы ой келіп, ол бір мүйізді шеңбер алып келді. Содан кейін тышқанның, қоян мен мысықтың құлағы бар шеңберлер (ободок) пайда болды.

Волонтер күнделігі. V бөлім. Ауруханаға апарар жол
Настя

Біздің бөлімдегі ауысымдағы қыз – Станислава, менен бірнеше күннен кейін келді, оған бәрін үйретуді маған тапсырды: «Костюмді қалай киіп-шешу керегін үйретесің бе?». Мен ол үшін жауапкершілік сезінемін, ауырып қалмаса екен деймін, ауысымнан кейін оны жұбатамын – бәріміз осында ауырып қаламыз деп ойлағанымызды айтамын. Бірінші күннен кейін маған қорыққаннан қос көрінді, қызуым көтеріліп, тамағым ауырды, бірақ сол кезде де, қазір де ауырған жоқпын. Станислава карантин кезінде «уақыты және махаббат пен жылулығы көп болғанын» айтады, және ол мұның бәрі қай жерге қажет екенін түсініп, ойланбастан «қызыл аймаққа» келген.

Келіп, бөлімнің жұмысына кірісіп кетті. Ол арамызда бірінші боп екі ауысымды қатар алды – таңғы және кешкіні. Науқастармен күні бойы бірге болатын. Қазір Станислава шешімін туыстарына бірден айтпағанын мойындайды, бір айдай бәрін жасырып жүрген. Бірақ отбасы оған ауысым кезінде хабарласатын, қайда және не істеп жүргенін жасыру мүмкін емес еді. Жақындары оның таңдауына қарсы болмаған, тіпті 83 жастағы әжесі жасырақ болғанда ауруханаға волонтер ретінде барар едім деп айтқан.

Бәріміздің отбасымыз, туыстарымыз бар. Менің күйеуім ауруханаға барам деген ұмтылысымды бірден қолдады, оған тыныштық өте қажет болған екен. Бірақ бөлеме қызыл аймаққа барғанымды айтуға қорықтым. Бірақ ол да дәрігер және коронавирус ауруханасында жұмыс істейтін. Оған жасыл аймақтамын, ешқандай науқаспен сөйлеспеймін, компьютерге медициналық мәліметтерді енгізіп отырамын дедім. Шамамен бір аптадан кейін айттым, бірақ ол тіпті түсіністікпен қарады. Қазір ол мені мақтан тұтады.

Ира қызыл аймаққа бару туралы шешімді бірінші болып қабылдаған, ал Ксю қалай болса да вирус жұқтырған адаммен байланысатынын ойлап Ираға қосылған. Ира мен Ксюдің қала сыртында бірге тұратын достары өздеріне қауіп төндірмес үшін көшіп кетуді сұраған. Настя да әуелде отбасынан жасырған. Волонтерлеріміздің бірі «ауырып қалсам да жақын адамындай емдейді ғой» деп өзіне мотивация беретін. Енді бір волонтеріміз оқиғаның ортасында жүргенді ұнатады екен. Былай деп түсіндіреді: «Дауыл кезінде ең тыныш жер қайда? Дұрыс, ошағында. Мен де дәл ортасына келдім».

Мен отбасы волонтер болғанына қарсы болған бірде-бір адамды кездестірмедім. Бірақ бұл қауіп тобындағы адамдармен бірге тұратын отбасыларға қатысты емес. Олар нені қауіпке тігіп тұрғандарын сезіп өздері келмейтін.

Дегенмен біздің арамызда бұл қатарға жатпайтын адам бар. Ол қауіп тобының ең шетінде тұр. Оның аты – Леня және ол біздің сурет салынған тайвектеріміздің көбінің авторы. Леня 59-да, коронавирусқа дейінгі әлемде ол қаржыгер және кризис-менеджер болған. Оның отбасы үлкен – алты баласы және он төрт немересі бар. Ал жұмыс кезінде ол қоластындағы әр адамды өзіне қыз немесе ұл қып алған сияқты. Жасына қарамастан ол бірден «қызыл аймаққа» барамын деп шешкен және оны бір топ «Альфа» әскері тоқтата алмайтын еді.

Волонтер күнделігі. V бөлім. Ауруханаға апарар жол
Лёня мен тайвек

Оның сәнді тайвегін барлық жерден кездестіретінмін: міне біздің хирургияға жүгіріп келді – науқасты қырындыру керек; темекі шегетін жерде отырмын – Леня жуынатын құралдарды ұстап корпустан корпусқа жүгіріп жүр; жан сақтау бөліміне сараптама нәтижелерін әкелдім – ал ол осында еден жуып жүр. Оны аурухана аумағында кездестірмеген күнім болмаған шығар. Оның ұраны: «Дәрігердің міндеті – науқасты емдеу, ал волонтердің міндеті – емдеу процесін жайлы ету». Леня косметикалық процедуралар бойынша бірінші адамға айналды – ол адамдардың басын жуатын, денелерін сулықпен сүртетін, денедегі құрғап қалған жерлерге крем жағатын, қырындырып, тырнақтарын алып беретін. Оның арқасында №52 ҚКА Ресейдің басқа аурухана науқастары ішінде сұлулық байқауынан бірінші орын алатын еді, тіпті Әлем Сұлуы атағын жеңіп алатын еді.

Ханзада мен кедей

Жан сақтау бөлімінде кез келген жұмысты істейтін, ештеңеге «жоқ» деп айтпайтын қыз бар болатын. Ол науқастардың денесін сүртетін, тамақтандыратын, еден жуатын. Үш айдан кейін ғана оның жылдық айналымы миллиард рубльді құрайтын танымал корпорацияда топ-менеджер екенін білдік. Ол жұмысы қашықтан істеуге ауысып, кеңсеге бару міндетті болмағандықтан көмектесуге келіпті.  

Бәрі волонтер болды – топ-менеджер де, заңгер де, психолог, фитнес-жаттықтырушы, мұғалім және автослесарь, студент пен профессор-физик. Біздің жасымыз 18-50 аралығында (одан үлкендерді алмайды, олар қауіп тобында, ал Леня есептелмейді). Біріміз қашықтан жұмыс істейміз, біріміз ауысыммен, ал біреулері карантиннің кесірінен жұмысынан айырылды. Кейбірінің бастапқы медициналық білімі бар, көпшілігінде – жоқ. Тіпті қанды көрсе қорқатындар бар – олар бөлімде жұмыс істемейді, бірақ ас әзірлейтін бөлік пен затты табыстау патшаларына айналды. Ал жақында, 2 тамыз күні біз волонтер-еркектердің көбі ӘДӘ-де (әуе-десант әскері) қызмет еткенін білдік. Биыл олар аспанға береттің орнына медициналық қалпақты лақтырды.

Көбіміз үшін волонтерлік оқшаулау кезінде қалаға кіру құжатына айналды. Біз жаңа достар таптық, тіпті жәй ғана дос емес, майдандас деуге болады. Аурухана қабырғасында бірнеше қызықты кәсіби жобалар дүниеге келді, үш адам жұмыс тапты, ал екеуі махаббатын кезіктірді.

Біз қиын жолдан өттік және екінші толқын немесе жаңа инфекция келсе осында қайта оралатынымызды білемін. Біз бірге жеңеміз.

Журналистка, фактчекер, тренер по медиаграмотности. Создательница проекта «Монитор», занимающегося контролем обещаний и деконструкцией пропаганды в российских медиа.

Factcheck.kz