Волонтер күнделігі. VI бөлім. Мәңгілікке трамплин – жан сақтау бөліміндегі жұмыс

Коронавируспен ауырған науқастарды емдейтін ауруханаға волонтер болып барған мәскеулік әріптесіміз Таша Соколованың күнделігін жариялауды жалғастырамыз. Алдыңғы бөлімдерін сілтеме арқылы өтіп көре аласыз. Материалдардың бұл бөлігі осындай қиын кезеңде медицина қызметкерлерінің жұмысы да қандай қиын болатынын түсінуге көмектеседі деп үміттенеміз.

Мәңгілік алдындағы трамплин

Медиктер сленгінде РҚТБ-ны (реанимация және қарқынды терапия бөлімі) әдетте трамплин деп атайды. Мен ұзақ уақыт оның мағынасын түсінбедім. Коронавирусқа дейінгі қалыпты өмірде трамплин деген – Сорочанский тау-шаңғы курортының ажырамас бөлігі деп білетінмін. Қыста ол жаққа жиі баруға тырысамын. Трамплин деген – ғажап, еркіндік, жылдамдық, бетіңді жел сүйеді, қыстың кіршіксіз ауасында қар жылтырайды. Түтікше, зонд және катетер арасында қандай еркіндік? Әлсіреген, қозғалуға шамасы қалмаған науқастарда қайдағы жылдамдық? Ауа жетпейтін қарқынды терапия палаталарында қайдағы таза ауа? Кейінірек маған түсіндірді, өзім де ұғына бастадым. Ол жердегі науқастардың жағдайы үдеп кетеді, сол кезде оларды тоқтатпаса трамплиннен бар жылдамдықпен Он беске (15-ші корпус, мәйітхана) ұшып кетеді. Сол себепті жан сақтау бөлімі нағыз мәңгілік алдындағы трамплин.

Көзіңді жұмып тұрсаң да реанимацияны еш бөліммен шатастыра алмайсың. Себебі инфузиоматтар дәрінің қажетті мөлшерін есептеп, жәй ғана шиқылдап қояды, қан қысымы мен сатурацияны өлшеу құралдарының даусы шығып жатады, арасында науқастардың бірінің жағдайы нашарлағанын білдіретін сиренаның даусы қатты шығып тұрады. Сиренаның даусын бей-жай қабылдау мүмкін емес. Дайындық кезінде бізді осындай дауыс естіген жағдайда қабырғаға сүйеніп өте қысқа мерзімде бөлімнің басқа жағынан өзіңе жұмыс тауып алуың керек деп үйретті. Өкінішке қарай, бұл теория ғана. Қабырғаға сүйенген волонтерді, білімі бар-жоғына қарамай, көмекке бара жатқандар ілестіріп әкетеді. Бірнеше уақыт бойы ол жан сақтау бригадасының толық бөлшегіне айналады – қажеттіні алып бересің, науқасты ұстай тұрасың, лас киімді алып кетесің, келесі минутта не қажет болатынын біліп тұруға тырысасың. Волонтерлер тіпті жүрек-өкпе реанимациясында да көмектескен, себебі дәрігерлер шаршап, көкірек қусын дұрыс баса алмай қалған. Мен мұндай реанимацияға қатысқан жоқпын, бірақ екі операцияда көмек көрсеттім.

Мен қатысқан алғашқы операция орталық көктамыр катетерін орнату болатын. Науқас – жасы келген әйел еді, ол бір сағат бұрын ғана желілік бөлімшеден жан сақтау бөліміне жеткізілген. Түскі ас уақыты болатын, мен 4-3 кереуетіндегі егде жастағы әлсіреген ер адамды тамақтандырып жаттым, ал оны 4-1-ге жатқызды. Ол қайда екенін және жанындағы адамдардың кім екенін түсінген жоқ, катетерлерін жұлып, пульсоксиметрді лақтыра бастады. Дәрігер келіп, менен оның қолын байлауға көмектесуімді сұрады. Медициналық үстел тартпасындағы фиксаторды алайын деп жатқаным сол еді, 4-1 кереуетіндегі хабаршы бірден және жиі шиқылдап кетті. Дәрігер бұйрық берді: «Медбикеге жүгір, қосқышты қоямыз». Бізге үйреткен алгоритмге сүйенсек, мен медбикені шақырып, кедергі келтірмес үшін бірінші қарқынды терапия палатасы жаққа кетуім керек еді. Бірақ, қызығушылық менің сол жерде кідіріп қалуыма себеп болған тәрізді. Мен науқастың қолын байлап үлгермедім, сол себепті дәрігер мен медбикенің науқасқа шамасы келмей жатты, ол қатты еліріп кеткен еді. «Қаннан қорықпайсың ба?» деп сұрады менен дәрігер. Басымды шайқадым. – «Онда дәлізде босқа тұрмай, келіп көмектес».  Үшеуіміз науқасты ұстап, ота аймағын жауып, орнатқан жердің маңындағы теріні тазаладық. Кенет науқас қолын босатып, ота жасайтын құралдар салынған подносты төңкеріп жіберді. Ал дәрігер оның өмірі үшін күресіп жатты, мен медбикеге жаңа стерильді поднос дайындауға көмектестім. Соңында катетер орнатылып, орны мұқият тігілді, ал науқас жақсылап байланды. Дәрі тікелей бара бастады, ал сиренаның даусы өшті.

Мен көмектескен екінші операция шұғыл болған жоқ. Науқастың құйымшағы қатты ойылып кеткен еді, процесс тірі және әлі де сау тіндерге әсер етпеуі үшін ойылған жерді кесіп тастау қажет болды.

Бірақ, қуанышымызға орай, бізде мұндай жағдайлар өте сирек болады. РҚТБ-дағы алғашқы үйрену ауысымымда, шынымды айтсам, ішім пысып кетті. Алты сағат кезекшілікте біз көзімізге көрінгеннің бәрін – медициналық үстелдер, жеке тартпалар, терезе мен есік, кереует, еден, тіпті бөлменің төбесін де жудық. Залалсыздандыру мен санитария науқастардың тез жазылып шығуының кепілі екенін мен жақсы түсінем, қанша дегенмен ұзақ жылдар бойы жұмыс үстелімде леди Флоренс Найтингейлдің «Науқастарға қалай қарау керек» деген кітабы жатты ғой. Десе де өмірімді шүберек пен швабраға арнауға қимадым. Осылайша, алғашқы ауысымнан «енді реанимацияға келмеспін» деген оймен кеттім. Волонтер бөлмесіне келіп ем бірден бірнеше адам сұрақ қойды: «Қалай? Керемет емес пе?». Бірақ менің қызық мінезім бар – танымайтын адам болса да көңілін қалдырудан қорқамын. Сол себепті мен де жұрттың таңданысына қосылып, соңында сол аптада тағы да үш ауысымға қоюын сұрадым. Өзімді шыдауға көндірдім, ал бір аптадан кейін үйлестірушіден толығымен желілік бөлімшеге – алғашқы хирургияға ауыстыруын сұраймын деп ойладым. Жан сақтау бөліміндегі төрт ауысымнан кейін жұма күні ауруханадан метроға бара жатқан жолда өзімді тағы да жан сақтау бөліміне қоюды сұрағанымды түсіндім. Сол кезде түсінікті болды, РҚТБ – бір көргеннен болмаса да, өмір бойы сақталатын махаббат екен.

Қандай РҚТБ-лар бар және олардың ерекшеліктері

Қазір №52 ҚКА-да тоғыз жан сақтау бөлімі бар. Алғашқы РҚТБ – жалпы реанимация алтыншы корпустың бірінші қабатында, менің волонтерлік жолымды бастаған сүйікті хирургиям да сол жақта, бесіншіде. Жан сақтау бөліміне мен ауруханадағы бірінші күннен бастап жиі кіретінмін. Әдетте мені ол жақтан бізге ауысқан немесе керісінше бізден ол жаққа кеткен науқастардың картасын әкелуге жұмсайтын. Олардың ординатор кабинеті кірген кезде есіктің жанында болатын, сол себепті мен палаталарда не боп жатқанын толық білмейтінмін. Ол кездерде реанимацияға волонтерлерді қабылдамайтын, сондықтан ол жаққа бару үнемі қызық боп тұратын, РҚТБ-дағы жұмысты армандадым ғой.

Екінші РҚТБ коронавирусқа дейін де, пандемия кезінде де нефрологиялық ауытқулары бар науқастарға маманданған болатын, яғни ол жерге бүйрек қолдауы – диализ қажет немесе жасанды бүйрек аппаратына қосатындарды жатқызатын. Бөлімше салыстырмалы түрде шағын, пандемияға дейін ол жерде 6 реанимация орны және 6 гемодиализдік орын болған. Ол жақта волонтерлер негізінен басқа бөлім науқастарын гемодиализге тасып, қайта орнына апарып көмектесетін.

Үшінші РҚТБ кардиологияға бейімделген. Ковидке дейінгі кезеңде оған инфаркт алған, түрлі сипаттағы жүрек жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы бар науқастар жатқызылған. COVID-19 оны жалпы «қызыл зонаға» айналдырғанымен, бөлімше сипаттамасын жоғалтқан жоқ. Дәл осы үшінші РҚТБ бірінші болып волонтерлерді қабылдап, оларды жан сақтау бөліміндегі науқастармен жұмыс істеуге үйретті. Үшінші реанимацияны айта отырып, ондағы перизат волонтер – Анжеликаны айта кетпеу мүмкін емес. Ол медициналық білімі бар аз волонтердің бірі. Анжелика эстетикалық косметологияда тәжірибесі бар дерматовенеролог-дәрігер. Қашан кезіктірсең де ауысымнан келе жатады немесе сүйікті бөлімшесіне кезекті ауысымға бара жатады.

Волонтер күнделігі. VI бөлім. Мәңгілікке трамплин – жан сақтау бөліміндегі жұмыс
Дереккөз

Төртінші РҚТБ ми қан айналымы бұзылған науқастарға маманданған, түсініктірек айтсақ – негізінен түрлі сипаттағы инсульт алған науқастарға арналған. Бөлімшеде 12 кереует бар және барлығы ми қан айналымы бұзылған коронавируспен сырқаттанғандарға берілді.

Бесінші және алтыншы РҚТБ-ны біз әзілдеп Шредингер реанимациясы деп атадық. Олар нөмірі бойынша бар болғанымен ол жаққа волонтерлер керек емес және басқа бөлімдерден тапсырма беріп онда жібермейтін. Сондай-ақ бұл бөлімшелер аурухананың компьютерлік жүйесінде бар, бірақ науқастардың тізімі көрсетілмейтін. Содан кейін біз олардың құпиясын аштық – олар №52 коронавирус ауруханасының филиалында бөлек аумақта орналасқан және №26 перзентхананың бөлімшесі екен. Бесінші реанимацияда ересек науқастар, ал алтыншыда – жаңа туған сәбилер жатыр.

Жетінші РҚТБ – ол «жетінші аспан» – аурухананың, мүмкін тіпті қаланың ең жоғары технологиялық бөлімі. Бұл өте киелі жер, өйткені тұрғындар ол жер туралы тамсанып айтады және қызметкерлерін ерекше құрметтейді. Коронавирусқа дейінгі кезеңнің өзінде пневмонияның асқынған түрлері сол жерде емделетін, ал ковид дәуірінде жетінші РҚТБ-ны медициналық авангард деуге болады. Жетінші реанимацияда аман қалуы мүмкін емес деп ойлаған науқастар тірі қалады. Бөлімше базасында ЭКМО орталығы – экстракорпоральді мембраналық оксигенация – оттекті өкпеге қан айналымы арқылы жіберуге мүмкіндік беретін технология бар. Коронавирус пневмониясының ауыр түрін, яғни өкпе тіні 100% зақымдалса, барлық үміт тек ЭКМО-да болады.

Мен әзірге жетінші РҚТБ-ға барып көрген жоқпын, бірақ әр ауысымымда аурухананың компьютерлік жүйесі арқылы сол жердегі науқастарды бақылап отырамын. Мына науқастың тегінің жанында 12 саны жазылған, яғни оның біздің ауруханада жатқанына осынша күн болған. Яғни ол бізге қыста, ақпанның ортасында түскен. Көктем келді, қар еріді, ағаштар мен жапырақтар жасыл түске боялды, аурухана маңында гүлдер гүлдеп, жазғы дәмхана ашылды… ал ол мұның ешқайсысын көрген жоқ. Ол дәрілік комада жатыр және оянған кезде осынша оқиға болғанын біліп таңқалады. Хирургиядағы науқастарым жазылмаймын деп қорқып, мұңайғанда мен оларға жетінші реанимациядағы науқастардың ауру тарихын, олардың диагнозын, көрсеткіштерін, жағдайы жақсарғанын немесе нашарлағанын, ЭКМО-ға ауыстырғанын және соның арқасында аман қалғанын айтып беремін. Әрине, мен олардың жеке деректерін айтпаймын, тек экранға бір рет көз жүгірткеннен кейін есте қалатын медициналық деректерді ғана келтіремін. Дәрігерлеріміз жағдайы ауыр науқастарды да емдеп шығарғанын айтамын, науқастарда өздерін тастамайтынына, соңына дейін күресіп, аман алып қалатынына деген сенімділік пайда болады. Жетінші РҚТБ-да жергілікті екі Тәңірі жұмыс істейді – Михаил Валерьевич Кецкало және Сергей Васильевич Царенко. Оларға және басқа да қаһарман-дәрігерлерге жеке бөлім арнаймын.

Сегізінші РҚТБ – гемотологиялық, ол күрделі қан ауруы бар науқастарға арналған. Мұндағы науқастардың көбі ұзақ уақыт химиотерапия алған онкологиялық аурулары бар адамдар. Дәл осы сегізінше РҚТБ-да реанимация жұмысымен таныстым. Бөлімше шағын, төртінші корпустың жетінші қабатының жарты қанатын ғана алып жатыр. Көп науқаста иммунтапшылығы бар, сол себепті оқшауланған бокстарда жатады. Бөлімшеде бір палатадан екінші палатаға затты тасуға тыйым салынған және бір науқастан екіншісіне ауысқанда міндетті түрде сыртқы қолғапты ауыстыру қажет. Ауысымның көп бөлігінде медбикелерге көмектестім – жаңадан келгендер үшін міндетті тексеру парақтарын басып шығардым (олар желілік бөлімдегі тақтайшаларға қарағанда үлкен), қағаз және электронды карталармен айналыстым, бақылау парағын және басқа да қажетті құжаттарды толтырдым. Медбикелер бірінші минуттан менің қолтаңбамның әдемі екенін айтып, ауысым соңында міндетті түрде бұзылады деп сендірді. Бірақ қателесті.

Мұндағы науқастардың көбінің жағдайы – «тұрақты ауыр», барлығы дәрілік комада жатады, түтік арқылы тамақтанады және үнемі түрлі аппараттарға қосылған. Менің ауысымымда бір ғана науқас түсті – аға медбике сол арқылы маған электрокардиограмма (ЭКГ) түсіруді және оқуды үйретті. Содан кейін бос уақыт табылып, ол басқа ЭКГ ленталарын алып, комплекс, толқын және тісшелері дегенді түсіндірді. Кешке қарай басқа медбикелердің қолдауымен және айтып отырамыз деуімен мен ЭКГ нәтижесін оқу бойынша емтихан тапсырып тастадым. Сегізінші РҚТБ тату медбикелер ұжымымен есімде қалды. Бірақ мен өз тағдырымды басқа реанимациядан таптым.

Мен уақытымның көп бөлігінде көмектесетін соңғы, тоғызыншы бөлімшені сәуірдің соңында, реанимация кереуеті жетіспейтінін түсінгенде ашқан. Бұл ауруханадағы ең үлкен бөлімше – 26 орын бар, сол себепті ол жаққа волонтерлер де көбірек қажет болды. Мұнда коронавирусқа дейін хирургия профилі бойынша қысқа мерзімді стационар орналасқан, ал жаңа реанимацияны қалыптастыру туралы бұйрықтан кейін барлық науқас төртінші қабаттан бесінші қабатқа ауыстырылды, ал төртінші қабаттың екі қанаты РҚТБ-9 деп аталды. Қысқамерзімді стационарда науқас кешке жақын ауруханадан шығарылатын оталар жасалған.

Сондықтан жобасы бойынша Тоғызыншы бөлімше қарапайым палаталарға да, науқас жалпы кеңістікті алып жататын классикалық реанимация залына да ұқсамайды. Пандемияға дейін төртінші қабаттың барлық науқасы бір күн ішінде шығатын болғандықтан, бір не екі орындық бокстардан басқасында жеке санитарлық бөлме (әжетхана, қол жуатын орын) жоқ.

Қайта бейімделуден кейін кең төрт орындық палаталар бірінші болып пайдануға берілді, ол жерден барлық артық заттарды алып тастады.

Волонтер күнделігі. VI бөлім. Мәңгілікке трамплин – жан сақтау бөліміндегі жұмыс
Дереккөз

Қазір жан сақтау палаталарында (немесе қарқынды терапия палатасында) арнайы реанимациялық кереуеттер, жеке тартпалар, медицина қызметкеріне арналған үстел және дәрі-дәрмек салынған шкаф бар. Желілік бөлімшеде барлық дәрі-дәрмек медбике постындағы жабылатын шкафта тұрады. Жүріп жүрген науқастар жоқ, жан сақтау бөлімінде дәріні тығып қоюдың да, палатадан алысқа алып кетудің де қажеті жоқ. Керекті заттың бәрі қолжетімді жерде тұруы керек. Жеке тумбочкаларға да дәрі мен медициналық құралдар салынған, себебі науқас есін біліп жатса да оларға жеке заттарын пайдалануға рұқсат жоқ. Мұндай ереже телефонға да қатысты. Сондықтан егер науқастардың бірі есін жиса, ол туралы жақындарына өзі емес, бөлімше қызметкері хабарлайды.

Жан сақтау бөліміндегі ауысым бөлімшедегі жұмысқа қарағанда қатты шаршатады. Біріншіден, стандартты тайвектен бөлек арнайы халат кию керек. Ол арқаға байланып, костюмнің нық бекітілуін қамтамасыз етеді, ал қолдағы мата манжет білекті қосымша қорғайды. Реанимацияда кем дегенде екі қолғап керек, халаттың жеңіне салынған төменгіні үнемі тағып жүреміз, екіншіншісін үстінен тағып, әр науқастан кейін ауыстырып отырамыз. Екіншіден, реанимацияда ешқашан терезе ашпайды, сондықтан тыныс алу тіптен қиын. Және жұмыстың жартысы электронды және қағаз құжаттарды жүргізуге негізделген желілік бөлімге қарағанда жан сақтау бөлімінде біз физикалық тұрғыда еңбек етеміз – бөлме ішін жинаймыз, материалдарды дайындаймыз және науқастарға көмектесеміз.

Науқас ес-түссіз жатқандықтан оған еш қажеттілігім жоқ шығар деп ойлауым ақымақтық болды. Шын мәнінде бәрі басқаша боп шықты. Күтім ережесі бойынша науқастың терісі ойылып кетпес үшін әр төрт сағат сайын келесі қырына аударып тұру керек. Арқасынан қырына, қырынан ішіне, ішінен екінші қырына, күні бойы осылай. Тіпті ішімен жатқандардың да қолы мен аяғын қозғалтып, ауыстырып тұру қажет. Бұл сөз жүзінде де оңай көрінбейді, ал іс жүзінде екі тіпті үш адам үшін де қиын жұмыс, әсіресе науқас әрқайсысымыздан үші есе ауыр болса тіптен қиын. 40 келі салмағым бар маған әдетте бір қол немесе аяқты ұстауды, әсіресе дененің түрлі бөлігіне ойылуға қарсы жастықты қоюды көбірек тапсырады. Оған қоса күштірек медиктер мен волонтерлер науқасты айналдырып жатқанда мен қажетті жерлерді жылы сумен жуып, ойылған және базданған жерлерге крем мен арнайы көбікше жағамын.

Ең қиыны – беттегі ойылу, науқас прон-күйде (ішпен жату) жатқан кезде маңдай, қабақ үсті сүйектері, иек пен маңдайға салмақ түседі. Мұндай асқынудың алдын алу үшін ерекше материалдан жасалған, бетті және иекті тіреп қоюға арналған бетке арналған протекторлар қолданылады. Эпидемия басталған кезде протекторлар жетіспейтін, және мен терісі осылай зақымданған реанимациядан бөлімшеге ауыстырылған адамдарды көрдім. Ол ауыратыны мен ұзақ жазылатынынан бөлек, қосымша инфекция түсу қаупін арттырады. Коронавирусқа шалдыққан науқастарға жақсы нәтижеге жету үшін күніне 12-16 сағаттан прон-күйде жату керек болатын.

Волонтер күнделігі. VI бөлім. Мәңгілікке трамплин – жан сақтау бөліміндегі жұмыс
Дереккөз

Сол кезде біздің дәрігер және жергілікті Тәңірі – Михаил Кецкало өзінің Фейсбуктағы парақшасы арқылы мейкерлерге жүгініп, баспасын 3D-принтерде жөндеуге болатын арзан протекторлар жасап шығаруды сұрады. Ғажайып оқиға болып оны өз бағасына басып шығаруды ойлап тапқандар болды. Пандемия басталғанға дейін ол 27 000 рубль болса, енді 900 рубль тұратын болды. Осы мейкерлер кейін дененің басқа бөліктеріне арналған ойылуға қарсы білікше жасаумен айналысты.

Сөзсіз әңгіме

Дұрыс киілген респиратор иекті, ауызды, бетті, көзге дейінгі жерді жауып тұрады. Маңдайдан төмен түсіп медициналық бас киім киілген, оның үстінде екінші қорғаныс қабаты ретінде костюмнің капюшоны тұр, сондай-ақ ол бет пен мойынды жауып тұру керек. Барлық киім күңгірт түсті, бет вирусқа қарсы ақ қабатты қорғаныспен жабылған. Көзілдіріктің астынан тек көз ғана көрініп тұр.

Науқастың аяғының саусақтарынан бастап мойнына дейін ақ жайма жабылған, қолы көбіне жайманың астында жатады. Жайманың астында түрлі түтікшелер көрініп тұрады. Басы ақ жастықта, науқас интубацияланған немесе ӨЖЖ аппаратынан алынған, бірақ бәрібір әзер сөйлейді. Есту қабілеті нашарлаған, бірақ науқастар көп ақпаратты көзбен айтады және қабылдайды. Көзбен «Мен жазылам ба?» деп сұрайды. «Мен жаурап әрі қорқып тұрмын» деп көзбен шағым жасайды. Көзбен «Менің жанымда тағы отыра тұрыңызшы» деп сұрайды. Бізде де, волонтерлер, медбикелер мен дәрігерлер көзбен жауап береміз, тыныштандырамыз, қолдаймыз. Сөзбен өтірік айту жеңіл, ал көз өтірік айта алмайды.

Реанимациядағы алғашқы күні бізге «Көздеріңді бақылаңдар! Оларда ешқашан қорқыныш пен жиіркеніш болмауы керек. Тек қана мейірімділік, қолдау және жанашырлық болуы қажет. Егер көзқарасыңды бақылай алмайтыныңды түсінсең жүзіңді басқа жаққа бұрып, бірнәрсе істеп жатқандай бол». Маңызды нәрселерді айтады – өйткені науқас мүлдем қозғалыссыз жатыр немесе қатты әлсірегендіктен қозғалуға шамасы жоқ; тамағында түтікше тұрғандықтан сөйлей алмайды. Әрқайсысының көзіне мұқият қарап, қалай көмектесе алатыныңды түсінуге тырыс. Әуелде ол маған телепатия секілді көрінетін – ешқандай белгісіз, сөзсіз науқастың нені қалайтынын қалай түсінемін. Мүмкін супер-барлаушылар серіктесіне су астындағы қайықтың жоспарын көзбен түсіндіре алатын шығар, бірақ мен олар емеспін ғой.

Міне, алғашқы коммуникация. Н. – 50-лер шамасындағы ер адам, интубацияланған, парентералдық тамақтануға қосылған. Маған ұзақ әрі мұқият қарап тұрып, содан кейін аяғын нұсқады. «Мүмкін ыстықтап тұрған болар, аяғынан жайманы алып тастауды сұрап тұрған шығар», деген ой келді. Жайманы тізесіне дейін түріп тастадым. Оның көзқарасы өтініш айтқан адамнан мұңайған, шамалы қайғылы көрінді. «Қап, барлаушы бола алмаймын!». Дауыстап «Сіз ыстықтап жатқан жоқсыз ба? Аяғыңызды ашып қойдым. Осылай дұрыс па?» дедім. Н. ештеңе айта алмайды, тек көзқарасы одан да мұңды боп кетті, ол тағы да аяқ жағын нұсқады. «Мұқият қараңдар, көзі бәрін түсіндіреді», деп үйретті бізді – «дауысты пайдаланудың қажеті жоқ, ол адам сізге бәрібір жауап бере алмайды ғой». «Мүмкін көмектесіп қалар», деп ойладым мен. Науқастың көзіне мұқият әрі тым ұзақ қарадым, «сіз-ге қа-лай кө-мек-те-се а-ла-мын?» деп ойланып тұрмын. Осы сәтте оны естідім, шын мәнінде көзінен оқып тұр едім: «Тоңып қалдым. Аяқ жағымда жамылғы жатыр, соны жабыңызшы». Қолыма жамылғыны алып көзбен одан сұрадым: «Сізді дұрыс түсіндім бе?» – «Иә, иә, осылай. Тоңып жатырмын. Мойныма дейін жауып қойыңыз, енді жақсы болды, рахмет». – «Мен мұнда жаңадан келдім. Сізді бірден түсінбедім. Кешіріңіз. Жазылып кетіңіз», деп көзбен басынан сипадым. Палатадан шықтым. Қымбатты Н., мен бұл алғашқы көзбен сөйлесуімізді ешқашан ұмытпаймын!

Әуелде көзбен нені жеткізуге болады деп ойлайсың. Егер қасты бір-біріне жақындатып, арасында әжім пайда болатындай қылса – үнемі адамның жаурап жатқанын білдіреді екен. Көзді қаттырақ ашып, жан-жаққа қозғалтса – ыстық дегені. Көзбен дененің бір бөлігін нұсқап, шамалы бүрісу – ауырып тұр дегені. Қасты көтеру – науқас жағдайының қалай екенін сұрап тұр. Көзді жұмып, шамалы қысу – бірқалыпты, бәрі жақсы деген сөз. Су астындағы қайықтың жоспарын білуге ерте, бірақ бізге толығымен жеткілікті.

Жан сақтау бөлімінің науқастары

Желілік бөлімге қарағанда жан сақтау бөлімінің науқастарын аты мен тегі арқылы емес, палата мен кереует нөмірі арқылы есте сақтайсың. Тоғызыншы реанимацияда үш немесе төрт кереуеттен жеті палата бар, соған сәйкес бірінші сан палатаны, екіншісі кереует нөмірін көрсетеді. Яғни, мәселен, Үш-Екі науқас – бұл үшінші палата және терезе жанында сол жақтағы кереует. Кереуеттің төменгі жағында науқастың аты-жөні, жасы, диагнозы мен басқа да маңызды ақпарат жазылған тақтайша тұрады, бірақ желілік бөлімшемен салыстырғанда оған көп назар аудармаймыз. Реанимацияда волонтер науқасқа көмектесіп қана қоймай, оны қолдайды, бұл медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді. Ең қиын күндерде (сәуірдің соңы – мамырдың басы) ауысым басталғанда дәрігерлердің қанша күш салғанына қарамастан науқастың өмірмен қош айтысқанын көріп, оның кереуетін басқа адамды қабылдау үшін тазалап қоясың, оны әкеледі, жатқызады, ал ауысымнан кетер кезде ол науқасты да аман алып қала алмағандықтан кереуетті тазалап, жаңа жайма төсеп кетуді сұрайды. Сол кезеңдерде бір ауысымда 5, 7, тіпті 10 адам қайтыс болды.

Волонтер күнделігі. VI бөлім. Мәңгілікке трамплин – жан сақтау бөліміндегі жұмыс
Дереккөз

Стақан су

Бір-Бір кереуетінде 70 жастағы ер адам жатыр. Ол маскада, бірақ интубацияланбаған. Тартпасын жинастырып жатқанда, қолын созып «су ішкім келіп тұр, су әкеп беріңізші!» деді. Аға медбикенің рұқсатымен арнайы төгілмейтін ыдыспен су әкеп бердім. Жартысын ғана толтырдым, себебі оның әлсіз қолы одан ауырды көтере алмай ма деп қорықтым. Ішіп болды да «тағы бола ма?» деп сұрады. Сол ауысымда мен оның жанынан өтіп бара жатып, қайта-қайта тағы су керек пе, тамақ жегісі келе ме, жаймасын түзету керек пе деп сұрап жүрдім. Реанимацияның ауыр және басып тастайтын атмосферасында сөйлей алатын науқас қызметкерлер үшін алданыш. Кешке оған сау болыңыз деп айтуға кіремін, ертең демалатынымды, бірақ менің орныма Оля есімді керемет қыз кезекші болатынын, оның жанында да өзін жақсы әрі жайлы сезінетінін айтып кеттім. Оляны волонтерлер кабинетінде көріп қап, Бір-Бір науқасқа жақсы қарауын, ішетін суы болуын бақылап отыруын сұрадым. Үйге қайттым да, демалыс бойы оны ойлай бердім. Таңертең жазғы күн шуағы түскен Мәскеу көшелерімен ауруханаға асықтым. Кіре берісте бір-біріне жақын адам боп кеткен волонтерлер тұр, олар жаңалықтармен  бөліседі, науқастардың өтінішін, дәрігерлердің тапсырмасын жеткізеді, кофе ішеді, темекі шегеді және күледі.

– Ковидтіктерге сәлем! – құлаққапты шешіп, волонтерлермен әдеттегідей амандасамын – қол алысудың орнына біз аяғымызды созып, қаланың сыртында тұратын жігіттер тәрізді тобығымызды бір-біріне тигізіп амандасамыз.
— Тоғызыншыға барасың ба?
— Иә, қазір сонда, түстен кейін хирургияға барамын, онда көшірмелерге көмектесу керек. Оля, менің Бір-Бір науқасым қалай?
— Сенің кімді сұрағаныңды білмеймін, Бір-бірде интубацтияланған, зонд пен аппаратқа қосылған науқас жатыр.
— Қызық… Кеше ол жерде есін білетін сергек ата жатқан еді.
— Сергек болса бөлімшеге ауыстырып, оның орнына жағдайы ауыр науқасты жатқызған шығар – деп Саша сөзімізге араласты. Мен кеше Олямен бірге кезекшілікте болдым, Екі-Төрт қана сергек болатын. Кеше оны қырындырып, шашын қысқарттым.
— Шынында, ауыстырған шығар – деп келістім мен.

Корпустарға тарап, ол жерден санитариялық өткізу бекетіне және әркім өз бөліміне кетті. Сонымен қатар лифт алдында маған аға медбике кезігіп қап, басқа корпусқа тапсырмамен жұмсап жіберді. Дәрілерді алып қайта келіп ем, сараптамаларды зертханаға апару керек деді. Содан кейін шұғыл қайтыс болған науқастың орнын тазалап, келесі науқасқа жайма төсеп қою керек болды. Әзер дегенде бос минут таптым. Бірінші палатаға кірдім, бірінші кереуетте түтікшеге «оранып» менің «атам» жатыр. Біздің сөйлескенімізге 48 сағат та болған жоқ қой. Ауысымнан кетіп бара жатып, оның көрсеткіштерін қараймын – жағдайы таңертеңгіден де нашарлап кеткен.

— Оля, сен ертең Тоғызда емессің бе?
— Иә, бірнәрсе керек пе?
— Ештеңе… Ауысымыңды маған берші, Бір-Бірді уайымдап тұрмын!
— Ала бер, мен қағаздармен отыра тұрармын.

Таңертең Бір-Бір кереуеті мені жаңадан түзелген жаймамен, белизнаның исімен қарсы алды. Бәрі құрғақ – оны бірнеше сағат бұрын тазалап алған.

Сүрту әлде жуу

Қарқынды терапия палаталары ер-әйел деп бөлінбейді, мұнда теңдік үстемдік құрған. Жетінші блокта әйелі мен күйеуі жатыр, екеуі де 80-нен асқан, олардың әдемі библиялық есімдері бар, өздері де суреттегідей әдемі. Күйеуінің шашы әппақ, әйелінің бұрымы да әппақ қардай. Мен олардың палатасын жинап, кереуетті және оның жанындағы құрылғы салынған панельді жуу үшін кереуетті жылжытамын. Сол кезде олар бір-бірінің қолынан ұстай алуы үшін кереуеттерін бір-біріне мүмкіндігінше жақын қоюды сұрайды. Олар өте ғажап жұп.

— Қымбаттым, мен шәйді ішіп көрдім. Алаңдамай іше бер, ыстық емес, күймейсің.
— Қымбаттым, саған екіншіге берген тағам ұнады ма? Сенің сүйікті қарақұмығың ғой. Саған өз тамағымды берейін бе?

Әрине, ереже бойынша мен кереуеттің артын сүрткеннен кейін бірден орнына жылжытып қоюым керек. Бірақ мен әдетте басқа боксты жинауға кетемін де, содан кейін қайтып оралып олардың кереуетін екі қабырғаға жылжытамын.

Күн сайын олар әлсіреп бара жатыр, бірге десе де болады. Тамақ ішуден бас тартады, әлі жоқ, бір-бірімен де, бізбен де сөйлеспейді. Түтікше көбейіп жатыр. Бірақ бәрібір біз палатаны жинап жатқанда екеуін бір-біріне жақындатып күйеуінің қолын әйелінің қолының үстіне қоямыз. Олар интубацияланған, ес-түссіз, бірақ олардың қолы бірге. Бірде менен Жеті-Бірді жууды сұрады. Сүрту емес – ол күнделікті тазалық, жуу – науқас қайтыс болғаннан кейінгі толық тазалау жұмысы. Мен Жеті-Екіге қарап тұрдым, жүдеген әйел жатты, ол ештеңе біліп жатқан жоқ, бірақ оның қасының арасында қиналғанын білдіретін әжім тұр. Қолғабымды шешіп, ашық қолмен жұқа қолын жаптым. Жанында біраз отырдым, қолын дезинфекцияладым, таза қолғап кидім де жууға кірістім. Аяқтаған кезде оның түріне тағы да қарап едім, мүмкін маған солай көрінген шығар, бірақ оның қиналып жатқанын білдірген әжім азайған тәрізді болды. Бірнеше сағаттан кейін медбике менен Жеті-Екіні жуып алуымды сұрады.

Волонтер күнделігі. VI бөлім. Мәңгілікке трамплин – жан сақтау бөліміндегі жұмыс
Дереккөз

Норвегиялық драматургияның құтқару күші

Өмір мен өлім арасындағы тепе-теңдік үнемі сақталып тұрған жерде ұзақ уақытқа есте қалғандар да бар. Төртінші қарқынды терапия палатасындағы екінші кереуетке желілік бөлімнен Н.-ны ауыстырды. Ол ертегідегі сиқыршыға ұқсайды – оның ұзын ақ шаштары шатасқан, ал арық қолдарының тамыры шығып тұр. Ол ақыл-есінен адасқан. Атын айтады, бірақ қайта-қайта қайда екенін сұрай береді. Дәрігерлер оны құрылғыларға қосты, бірақ ол ашуланып, өзінен бәрін – электрод бергіш, пульсоксиметр, тонометр манжетін, тіпті зәр шығару катетерін де жұлып тастайды.

Бірнеше минуттан кейін осы палатаға басқа науқасты әкеледі, және қызметкерлер назарын жаңа науқасқа аударып, мені «менің» науқасымның құрылғылармен жатқанын және өзіне залал келтірмеуін бақылауымды сұрайды. Оның ашық алқызыл маникюрі бар жартылай мөлдір қолдарын мұқият ұстадым. Байланыс орнатқым келіп, атымен атадым, есімі өте әдемі және ерекше. Н.үнемі қиналып тұрғанын, шаршағанын және шамасы келмейтінін қайталай береді. Көңілін бөлу үшін оның отбасы туралы сұрап, Мәскеудің қай аймағынан екенін білуге тырыстым. Н.сөйлеспейді, бірақ үйрететін тренингтен білуімше, науқас сөзіміздің мағынасын түсінбесе де интонацияны түсініп байқайды. Сол себепті жұмсақ сөйлеуге тырысамын. «Сіздің атыңыз менің есіме ибсендік қаһарман әйелді түсірді, оны әлсіз деп ойласам, ол күшті екенін көрсетті». Кенет Н. сырқаты туралы айтуды тоқтатып «менің есімімді соның құрметіне қойды» деді. Оның есі қалпына келе бастаған тәрізді. «Сіз өзіңізден сымдарды шешіп тастамайсыз ғой?» деп байқап сұрадым мен. «Шаршадым» – анық, түсінікті айтты – «мен мына түтікше мен сымдардан шаршадым… бірақ мен шыдай тұрамын», деп уәде берді ол.

Н. Реанимацияда есін білген күйде, дертке берілмей бір аптадай жатады. Бірнеше күннен кейін ол өз бетінше тамақтанып, төгіліп кетпейтін ыдыстан су ішіп көреді. Біз тіпті норвегиялық драматургия туралы әңгімелесеміз, содан кейін оны желілік бөлімшеге қайтарады, ол сол жерде толық сауығып, үйіне шығады.

Реанимациядағы ресторатор

Бесінші палатаның екінші кереуетінде өмірге құштар ер адам жатыр. Оның бізде жатқанына көп болды, көктемнің басында ауыр күйде түсті. Енді біз монитордан оның көрсеткіштерінің жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз, ал жақын арада дәрігерлер оны экстубациялайды, яғни одан барлық түтікшені алып тастайды. Бірінші күннен-ақ ол сөйлей бастады. Көп, сергек, көңілді және бәрімен. «Осы уақыт аралығында әбден сөйлемей жаттым» деп күліп түсіндіріп, өзінің тақырыбы – аспаздыққа кіріседі. Ол танымал ресторан желісінің шеф-аспазы. «Білесіздер ме, мына жерде нашар тамақтандыратыны соншалық, мұндай тамақты жегің келмегеннен жазылып кетесің! Борщты осылай жасауға бола ма – борщтағы қырыққабат қытырлап тұруы және жаңа піскен болуы керек, мынау сияқты ботқа емес. Олар барлық көкөністі бірге қосып жібере ме? Пастаны осылай беруге бола ма екен? Олар асханада аль-денте деген сөзді естіген бе өзі? Пайдалының барлығын суға қайнатып жіберіп, бізге осыны іш дейді! Диета мен науқастарға қандай тағам керек екенін түсініп тұрмын, бірақ оны да дәмді қылып дайындауға болады ғой…».

Волонтер күнделігі. VI бөлім. Мәңгілікке трамплин – жан сақтау бөліміндегі жұмыс
Дереккөз

Таңғы, түскі және кешкі ас кезінде ол ауруханадан шыға салысымен астың нормаларына сай келетін және дәмі бойынша мейрамхана тағамдарымен таласа алатын авторлық мәзір дайындап шығамын деп ашуланады. Таңғы ауысым алдында мен бір шыны кофе ғана ішіп үлгеретіндіктен, оның ең керемет карпаччо туралы әңгімесінен асқазаным өзінің бар екенін еске салады. Жағдайы жақсарғандықтан оны желілік бөлімшеге ауыстырар алдында ол әрқайсысымыздан карантиннен кейін мейрамханасына барамыз деген уәде алды.

Петька, Васька және Кузька

Мұнда кейбіреулер ес-түссіз емес, комада да емес қатты сандырақтап жатады. Үш-Үште орта жастағы ауыр еркек жатыр. Ол бірнеше күн бойы түсініксіз бірдеңе айтып жатты. Содан кейін оның даусы анық естіле бастады. Енді ол ештеңе көрмей тұрған көзімен жоғарыға қарап дауыстап әрі анық сөйлейді. «Жын, барлық жерде жын. Үшеу жүр. Менің аяғымда отырып, табанымды қытықтап отырғаны – Васька. Ана жақта карнизде секіріп жүрген Петька, ал құйрығы сақина тәріздісі Кузька. Эй, көріп тұрсыңдар ма, Кузька сендерге кетті, қазір ол сендердің құлақтарыңа құйрығын тығады», дейді Үш-Үш көршілеріне. «Васька, қойшы, күлкім келіп тұр. Кетші, жалынамын. Ауруханаларыңызда жын көбейіп кетіпті! Дәрігерлер, бірдеңе істесеңдерші!». Дәрігерлер жын Үш-Үшті жайына қалдырғанша тыныштандыратын дәрінің мөлшерін көбейтті.

Жерлес

Мен баяу жазылып келе жатқан Екі-Төрт науқас туралы айтқан болатынмын. Ол да біреумен әңгімелесу мүмкіндігін өткізіп алмауға тырысатын. Палатадағы Екі-Екі кереуетіне өзімен шамалас еркекті жатқызды. Оттек терапиясы арасындағы үзілісте олар әңгімелесіп, тіпті Ресейдің солтүстігіндегі бір қаладан екендерін біліп алыпты. Оған қоса екеуі де бір бөлімде Отан алдындағы борышын өтеген, бірақ бөлек жылдары. Қысқасы, олардың жастық шақ туралы ортақ естеліктері көп болды. Біртіндеп олардың әңгімелері қысқара бастады, ал Екі-Екі баяу сөйлейтін болды. Оның жағдайы нашарлап бара жатты, дәрігерлер оны интубациялап, дәрілік комаға жатқызамыз деп шешті.  Досы тынышталып қалды, көңілді естеліктер болмады, ал Екі-Төрттің негізгі әңгімелесушілері волонтерлер болды. Біз оның палатасына кірген сайын ол жерлесінің көрсеткіштері қандай екенін айтуымызды сұрады. Сандар көңіл көншітерлік болмай бара жатты. Дәрігерлердің тырысқанына қарамастан, Екі-екі кетті.

Волонтер күнделігі. VI бөлім. Мәңгілікке трамплин – жан сақтау бөліміндегі жұмыс
Дереккөз

Мен ауысымымның басында екінші қарқынды терапия палатасына кірдім – ауысымға келе сап, палаталарды аралап, есін білетіндермен амандасып, түнде кімді ауыстырғанын көріп шығуды әдетке айналдырдым. Көзіме Екі-Екінің бос кереуеті оттай басылды. Ал Екі-Төрт мені көріп көтеріліп: Оны алып кетті. Енді таң атып келе жатыр еді, жерлесім кетіп қалды», деп күрсінді ол. Оның қолынан ұстадым – «осыдан жазылып шықсам, кіші отаныма барып қайту керек, бармағаныма 20 жыл болды. Ол да – бос қалған кереует жақты нұсқап – жыл сайын сонда барғысы келген, сол күйі жете алмады. Екеуіміздің орнымызға мен баратын тәріздімін» деді.

Журналистка, фактчекер, тренер по медиаграмотности. Создательница проекта «Монитор», занимающегося контролем обещаний и деконструкцией пропаганды в российских медиа.

Factcheck.kz