Волонтер күнделігі. I бөлім: «Қызыл» аймақтағы күндер

COVID-19 жұқтыру мен одан қайтыс болғандардың әлемдік статистикасына қарамастан оның қауіптілігі былай тұрсын, вирустың бар екендігіне сенбейтін адамдардың саны өзгерер емес. Әлеуметтік желі қолданушылары мен жіберілген хабарлама авторлары күн сайын «ешқандай вирус жоқ», және/немесе бұл «әлем үкіметінің құпия жоспары» дейді. Біздің әріптесіміз, фактчекер Таша Соколова екінші ай қатарынан Мәскеудегі коронавирус емханасында волонтер болып жүр. Біз одан күнделік жазуды сұраған едік, автордың жазбасын Factcheck.kz оқырмандарына ұсынамыз.

Автордан

Волонтер күнделігі. I бөлім: «Қызыл» аймақтағы күндер
Таша Соколова. Ауруханадағы бірінші күн

Менің есімім – Таша Соколова, 29-дамын. Сәуір айынан бастап толығымен коронавирус пневмониясын емдеуге қайта бейімдеген № 52 ҚКА-да волонтермін. Наурыздың соңында Facebook-те ауруханаға волонтерлер керек деген жазбаны оқып, сауалнама толтырдым, бір күннен кейін алғашқы ауысымыма шықтым. Менің отбасым – медицина қызметкерлері, мектепте медициналық сыныпта оқыдым, парамедиктер курсына қатыстым, – сол кезде үйренгендерімді пайдаға асыратын кез келді.

«Қызыл» аймақтағы күндер

«Қызыл» аймаққа кірген кезде киімнен бөлек, әшекей бұйымдарды да шешу керек. Сырғамды шешіп, сөмкемнің қалтасына салдым. Қалыңдық жүзігін шешіп, мойнымдағы күміс алқаға ілдім. Алқада лизьелік Әулие Терезе бейнелеген бойтұмар бар болатын. Католиктік монах әйелдің Кіші жол туралы ойы оны әулие атандырды, оның ойынша, әулиелікке жету үшін қаһарман болудың қажеті жоқ, кішігірім жақсы амалдардың өзі жеткілікті.

Волонтерлер де осы жолда. Біздің қолымыздан көпсағаттық күрделі ота жасап, науқастың өмірін аман алып қалу келмейді, бірақ кішігірім пайдалы іс істеп, науқастардың емін қолайлы қылып, дәрігерлердің жұмысын жеңілдете аламыз.

Ауысымға тексеріс алдында келеміз. Таңертең түнде түскендердің кіммен байланыста болғанын – кіммен тұратынын, жұмысқа, дәріханаға, дүкенге, емханаға барды ма, сұрап шығамыз. Науқастардың төсегінің жанына тексеріс қағазын іліп кетеміз, онда температура көрсеткіші мен сатурация жазылып отырады. Стационарға түскен әр адам емдеуге, медициналық манипуляцияға, жеке мәліметтерін жинауға 7-10 келісім үлгісін толтырады. Әдетте, оны ешкім оқымайды, мойындау керек, мен де мәтінді толық оқыған жоқпын, тек тақырыбын ғана қарап шықтым. Тексеріс кезінде біз дәрігердің тағайындаған емін белгілеп отырамыз, егер науқасқа дәрі жазып берсе немесе мөлшерін өзгертсе оны жазып алып, аға медбикеге беру керек. Біздің аға медбикеміз жылы жүзді орта жастағы әйел, бізді «балалар» дейді. Оның күлкісі респиратор мен көзілдіріктен де көрінеді, ол күлгенде көзінің бұрышына ерекше әжім түсіп тұрады. Бірнәрсе дұрыс болмаса, мүлдем басқаша.

Тексерістен кейін зерттеу уақыты басталады – КТ, ЭКГ, гастроскопия (дәрі жазып бергенде ЭГДС деп жазылады). Науқасты отырған немесе жатқан күйінде апарамыз. Кейбіреулеріне зерттеуге барар жолда оттек қажет болады. Басында оттек баллондары өте ауыр секілді көрінетін, бір ай жұмыс істегеннен кейін мен  екі қолыма екеуін еркін көтеріп әкеле аламын. Әр зерттеуге кезек екі адамнан болады. Бұл әңгімелесу уақыты – науқастар бір-бірімен сөйлеседі, олар үшін бұл сирек мүмкіндік, өйткені оларға палатадан дәлізге шығуға тыйым салынған. Біз – волонтерлер, медбикелер және санитарлар жаңалықтармен бөлісіп отырамыз. Ең көп талқыланатын тақырыптар – жеке қорғаныс құралдарынан кімде не бар, ЖҚҚ ыңғайлы тұру үшін қалай кию керек және медицина қызметкерлерінен бөлімге кім түсті.

— Сары (жасыл түсті Тайчем костюмдері, қорғаныс 2000), алмаңыз, оның іші монша.
— Ақтарында (DuPont 500 костюмі) кішкене болса да демалуға болады.
— Сіздікі бүгін формаланған екен, (формаланған респиратор, FFP3 қорғау дәрежесі) жолыңыз болды!
— Формаланғаннан кеңсірік (мұрынның үстіңгі  жағы) қажалып кетеді ғой.
— Егер пластырь жабыстырып қойсаң, қажалмайды.
— Бізге эндоскопиядан дәрігер түсті.
— Бізде 68-де бір корпуста барлық дәрігер сырқаттанған, оларға аймақтардың бірінен автобуспен дәрігерлерді әкелді.

Волонтер күнделігі. I бөлім: «Қызыл» аймақтағы күндер

«Менің» әжем қолымнан жәй ұстап: «ол жақта қатты ауырта ма?» дейді. Оны гастроскопия күтіп тұр. Тыныштандырамын, міндетті түрде анестезия жасайтынын, бір жыл бұрын өзім де осы процедурадан өткенімді айтамын. Сол кезде біздің де кезегіміз кеп қалады – қоларбаны кабинетке кіргізем де, кушеткаға жатуға көмектесем. Дәлізде күтем. Процедура аяқталды, қоларбаны айдап әжені әкетемін, ол дәрігерлерге алғысын айтып жатады – «рахмет, сіздер ғажап адамсыздар, мүлдем ауырмады, рас». Палатаға апарамын. Мұндай жағдай күніне 10-ға дейін болады. Қоларба ауыр және бұрылу қиын, бірақ біз «дыбыс береміз», «маневр жасаймыз» да, «көлікті» қатарға қоямыз.

Бұл уақытта бөлімдегі медбикелер дәрі тамызғыш (капельница) орнатып қойған, яғни науқастар төсектен тұра алмайды, оларға біздің көмегіміз керек. Бірі су сұрайды, екіншісіне жастықты ыңғайлап қою керек немесе төсектің басын көтеру керек, кейбіріне дәрет ыдысы керек. Жақында бізге дәрі тамызғышты қалай ауыстыруды және алуды көрсетті. Өз арамызда дәрі тамызғышты, әсіресе катетерге орнату сондай қиын жұмыс емес екен дейміз. Маған аға медбикенің басшылығымен екі рет қоюға рұқсат берді. Егер медбикелер ауырып қалса мұны жасай аламыз. Бірақ катетер қою шеберлікті, ептілікті талап етеді, оны біз жасай алмаймыз. Науқастардың жіңішке қолдарынан тамырды ұстау өте қиын, олар «қашады». Бірнеше күн бұрын ем-шара кабинетінде бір медбике жылады, оның жасы көзілдіріктің астынан ағып, респираторына тамып жатқан. Ол он минут науқастың тамырын ұстай алмаған, қолының барлық жерін тесіп тастаған, бірақ қолынан келмепті. Аға медбике құтқарған, ол бізді үнемі тығырықтан алып шығады.

«Мына жерден шыға ма өзі?»  

Шығару қағазын дайындайтын кез келеді. Бұл күннің ең қуанышты бөлігі. Келісім үлгісін әкелеміз, «мына жерге қол қою керек, мында, тағы мына жерге және мында». Әйтеуір қағаздар бітеді де, біз заттарын жинауға көмектесеміз. Егер санитарлық такси келіп қойған болса, көлікке дейін шығарып саламыз, қоштасамыз. Ереже бар – «Көріскенше» деп айтуға мүлдем болмайды. Тек «Қош болыңыз» деп, бізге енді түспеуін сұраймыз.

Жалпы ырымға негізделген тіркес көп. Мысалы, ешқашан тыныш ауысым тілеуге болмайды. Бұл жылдар бойы дәрігерлердің тексерген дәстүрі – егер тыныш ауысым тілесең, мүлдем тыныш болмайды, міндетті түрде бірнәрсе болады. Және тағы тыныш ешнәрсе – тыныш кезекшілік, тыныш науқастарды тілемеу керек. Біз өлген адам ғана тыныш болатынын білеміз, тірі адамға көмек керек, олар көмек сұрап бізді шақырады.

Ауруханадан шығару да әртүрлі болады – кейбір науқастар сырқатының қатты екенін айтып, емін үйде жалғастырғысы келмейді. Олар шығу қағазына қол қоюдан бас тартады. Бұл орынға бүгін-ақ дәрігердің көмегінсіз тірі қалмауы мүмкін адамды жатқызатынын түсіндіріп, көндіруге тура келеді. Егер науқас мүлдем келіспесе обсервациялық бақылау жазып беруді ұсынамыз, олар толық емделіп болғанша дәрігерлердің бақылауында болады.

Басқа топ та бар – өткен аптада бір науқас қолымнан ұстап алып, көзіме тік қарап «мына жерден шыға ма өзі? Емделіп шыққандар бар ма? Сіз оларды көрдіңіз бе?» деп үрейленіп сұрады. Тыныштандырып, бақытты оқиғаларды айтып бердім. Ал оның көзінде жас тұрды. Уәде беруімді сұрады. Ал бізде уәде беруге болмайды. Біз Құдай емеспіз, кімнің өліп, кімнің тірі қалатынын біз шешпейміз. Біз емдейміз. Бірақ қатты өтініп сұрады. Уәде бердім. Ырым орындалмады, қорқынышты ештеңе болған жоқ, жексенбі күні оны үйіне шығарды. Бір сағаттан кейін оның орнына жаңа науқас келді.

Құдайлар мен періштелер

Волонтер күнделігі. I бөлім: «Қызыл» аймақтағы күндер
Мәскеудегі Новогиреево метро бекеті ауданындағы үйлердің бірінің қабырғасына ілінген плакат

Шын мәнінде ауруханада Құдай деп айтуға болатындар бар. Олар жетінші РҚТБ (реанимация және қарқынды терапия бөлімі), біздің жетінші аспанымыз. Мен ол жерде әлі болған жоқпын, жұрттың айтуынан білемін. Бұл анестизиолог-реаниматолог дәрігер, ЭКМО (экстракорпоральді мембраналық оксигенация) орталығының басшысы Михаил Кецкалоның бөлімі.

ЭКМО аппараты – ең ауыр науқастардың соңғы үміті. ИВЛ-дің шамасы жетпеген кезде, қанды денеден шығарып, оған оттек толтырып, науқастың ағзасына қайта кіргізуге болады. Мұндай құрылғылар өте аз, бірақ, қуанышқа орай көп адамға ол қажет болмайды. РҚТБ-да желілік бөлімдердегідей емес, бірақ біз ол жаққа да көмектесеміз. Бірақ ол туралы келесі жолы айтамын.

Кешке қарай палатаның барлығын аралап, температура мен сатурацияны өлшеу керек, кімнің оттекпен демалып жатқанын, кімнің тұрмай жататынын белгілеу керек. Бұл ақпарат түнгі ауысымға қажет болады. «Түнгілер» келеді, оларды хабардар етіп, «таңға дейін» деп кетеміз. «Тыныш ауысым» тілемейміз. Кетеміз.

Дене ғана кетеді, ми мен жүрек ауруханада қалады. Үйге қайтар жолда науқастарды ойлайсың, кешкі аста отбасыңмен аурухана жаңалықтарын талқылайсың, ұйықтайын деп жатып науқастардың атын айтып, Құдайдан олардың дені сау болуын тілейсің. Таңертең метрода кімді көремін, кімді көре алмай қаламын деп алаңдайсың. «Түннен барлығы аман шықты» деген сөзді естігің келеді.

Кезекшілік ауысым енді аты-жөнін ести алмайтын адамдардың тізімін баяндап жатады…

(Жалғасы бар)

* Қазақ тіліне аударған – Балнұр Қожагелді

Журналистка, фактчекер, тренер по медиаграмотности. Создательница проекта «Монитор», занимающегося контролем обещаний и деконструкцией пропаганды в российских медиа.

Factcheck.kz