Волонтер күнделігі. II бөлім: Өмір мен өлім туралы

Әлеуметтік желі қолданушылары мен хабарлама авторлары күн сайын «ешқандай коронавирус жоқ» және «бұл әлем басшыларының құпия жоспары» екенін айтып әлек. Біздің ойымызша, мұндай теріс пікір қауіпті одан сайын арттырады. Біздің әріптесіміз, ресейлік фактчекер Таша Соколова екінші ай қатарынан Мәскеу коронавирус емханасында волонтер болып жүр, біз одан аурухананың ішінен емдеу барысы мен тәжірибені сипаттап жазуын сұрадық. Төменде – күнделіктің екінші бөлімі. (Басы – мында).


Емделушілердің аты мен диагноздары дәрігерлік құпияны сақтау мақсатында өзгерітелген және қазақ тіліне бейімделген. Біз қайтыс болғандардың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.


Таңертең ауруханаға  келесің. Ауысым кезекшісі енді атын естімейтін адамдардың тізімін баяндап жатады…

Әуелде естімей қалдым ба, түн ортасына дейін күнделіктің алдыңғы бөлімін жазғандықтан шаршаған болармын деп ойлайсың. Содан кейін мүмкін олар бұл бөлімде емес шығар, жан сақтау бөліміне ауыстырған болар, сол жақта жағдайы жақсарып кетер деп тағы үміттенесің. Жоқ, ауысымның аға медбикесі «жедел респираторлық синдром», «тромб жарылып кеткен тәрізді», «жағдайы бірден нашарлап кетті, реаниматологты шақырып та үлгермедік» дейді.

И.-дің оқиғасы

Бүгін мен науқасты шығаруға дайындадым. Орнына жағдайы өте ауыр, тыныс ала алмай жатқан, үнемі оттекпен жүретін адам түсті. Есімі өте әдемі, скандинавиялық. Жартылай ыңырсып, жартылай сырылдап, сөйлеуге қатты қиналады. Мен оның ернін дымқылдандырып тұрдым, жастығын дұрыстап бердім, кейде катетерден қанталап кеткен жіңішке қолын ұстап отырдым.

Бір аптадан соң ол отыруға көмектесуімді сұрады, содан кейін аздап қысылып, «шашымды тарап, өріп бере аласыз ба» деп сұрады. Оның шашы құрғақ, бозғылт-ақ түсті еді. Тарап, «бидай» қылып өріп бердім. Мен өріп бітем дегенше, 5 минут ішінде ол қатты шаршап қалды, қайтадан жатуына көмектестім.

Сол күннен бастап ауысымымда үнемі уақыт тауып, шаш үлгісін жаңартып беретінмін. Өткен аптаның соңында кіргенімде шашы өріліп, басының айналасына жиналыпты. Мұндай шаш үлгісі «каравай» деп аталатын тәрізді. «Көрдің бе, мен енді бәрін өзім істей аламын» деп мақтанды И.

Содан кейін ол палатадағы көршісіне көмектесті – су берді, жастығын дұрыстады, егер жасы болмағанда өзі де сауыққаннан кейін волонтер болатын едім деп күлді. Таңертең дәрігерлер маған ол әйелді шығаруға дайындаңыз деді. Ол бізге түсе салысымен ұлына хабарласуға көмектесетінмін. Ал бүгін И. өзі хабарласып, тұтқаны маған бере салды. «Бүгін менің анамды шығаратынын білемін. Сіз оған ауырған кезде көмектестіңіз, біз әйелім мен ұлым үшеуіміз сізге алғыс білдіреміз. Ол бізге сіз туралы көп айтты. Сіз өте ғажап қызсыз және анама көп көмегіңіз тиді. Біз оны күтіп отырмыз. Жақсы көретін қырыққабат қосылған бәлішін пісіріп қойдық. Оған жеуге бола ма?», – деді тұтқаның арғы жағындағы жігіт. – «Болады-болады» деп күлдім. Содан кейін оның заттарын жинауға көмектестім, енді санитарлық таксиді күту ғана қалды. Палатада күту керек. Такси келген кезде біздің қабатқа хабарласып ескертеді, біз науқасты қабылдау бөлмесіне дейін шығарып саламыз.

Такси келгенше мен науқастар туралы негізгі мәліметтерді тексеріп, дәрі тамызғышты қоюға көмектесіп, қант мөлшерін өлшеп, инсулин салып, түскі дәрілерді таратып, бірнеше науқасқа ингаляция жасап үлгердім. Ингаляция жазылған адамдардың соңғысы бүгін шығатын әйелдің палатадағы көршісі болатын.

Палата кірдім де, «Сізге әлі көлік келмеген бе?» деп сұрадым. И. күмілжіп бірнәрсе айтты. Ол әдеттегідей күліп емес, бір миығына қарай жымиып тұрды, сол көзінің сыртқы бұрышы төмен түсіп кетті. «Ыыы-ааа-ыы» деп бірнәрсе айтқысы келді. Мен палатадан атып шығып, дәліздің соңындағы ординатор кабинетіне жүгірдім. «И-дің жағдайы нашар!» (жинал, сен барлығын дұрыс айта аласың), «21-ші палатадағы науқастың тілі күрмеліп, бетінің сол жақ бөлігінің мимикасы бұзылды». Палатаға жүгіріп бара жатып оны емдеген дәрігері «Ол бүгін шығуы керек емес пе еді?» деп таңқалды. И. бізді «ыыы-аа-оо» деп қарсы алды, оның дауысынан ауырып тұрғаны байқалады. Дәрігер оны тез қарап шығып есік алдында қатып тұрған маған қарап басын изеді. Бірнәрсе айту артық еді. Тағы да ординатор кабинетіне жүгірдім, мені сұрақ астына алады. Басымды изеп тұрмын. Бөлімге телефон арқылы бұйрық түсіп жатыр: «Жылдам. Жан сақтау бөліміне. 521. Инсульт болуы мүмкін».

Жүгіріп келіп жатыр. Екеуін бірден палатаға жіберді (дәрігерлер болуы керек деймін). Үшіншісі жақын жердегі қоларбаны алып палатаға қарай бара жатыр. Көмектестім. Есіктің алдына келіп тоқтадық. «И. қымбаттым, мықты болыңыз. Сізге қырыққат қосылған бәліш дайындап қойды ғой» – деп жалынамын мен. Реаниматологтар жинақы әрекет етеді, бір-бірін түсіне қояды. Олар бір-бірінің ойын оқитын сияқты. Жұмыс көп, бірақ мен бұрынғыша есік аузында тұрмын. Дәрігерлер бір-біріне қарап тоқтады. Бастарын шайқады. Қорғаныс халатының жеңін көтеріп, қолсағаттарына қарады. Уақытты айтты.

Түс көрген адам құсап қажет болмай қалған қоларбаны орнына қоюға көмектесіп жүрмін. Реаниматологтар И-ді емдеген дәрігермен бірнәрсе айтып жатыр. Бір мезетте олардың рациялары шиқылдады. Жүгіріп бара жатып «біз жазып, жүйеге енгіземіз» дейді.

Ординатор кабинетінде отырмын. Бүгін құжаттардан емделушіде күмәнді нәрселер — естің жеңіл бұзылуы байқалғанын оқыдым, ондай кезде науқастың әрекеті баяулайды. Бірақ қысқа мерзімді сыртқы тітіркендіргіштердің көмегімен адекватты әсер байқалады. Менде осыған ұқсас бірнәрсе болған тәрізді. Құлағым шыңылдап тұр, бірде-бір ойды соңына дейін ойлай алмаймын. «Ұлына хабарласайын… қырыққабат қосылған бәліш… тромб жарылып кеткен тәрізді… Бәлішке хабарласу… Қырыққабат қосылған тромб…»

Алғашқы өлім

Волонтер күнделігі. II бөлім: Өмір мен өлім туралы

Бұл мен жоғалтқан алғашқы науқас емес. Біріншісі Ю. есімді өте жас қыз еді, бар болғаны 32-де. Ауруханаға түскен кезде оған орташа ауырлықтағы пневмония деген диагноз қойды. Әдетте мен келіп, температурасын өлшеп, стандартты сұрақтарды қойып, кететінмін. Оны бірінші рет КТ-ға апарған кезден бастап біз сөйлесе бастадық. Бірінші қабатта үнемі кезек күтетінбіз. Ю. қоларбада отырып, жан-жағына қарайтын. Бірде ол «Сіз «Неортодоксальная» сериалын көрдіңіз бе?» деп сұрады. «Жоқ, әзірге көрген  жоқпын, бірақ сериал туралы жағымды пікірді көп естідім» дедім мен. «Көруге кеңес беремін, мен кеше барлық сериясын көріп шықтым, өте күшті» деп ойымен бөлісті ол. «Мен қазір «Ходячие мертвецы» сериалын көріп жүрмін» дедім. «Ой, қай жеріндесіз? Кейіпкерлердің қайсысы көбірек ұнайды?» деп сұрақ жаудырды. Сөйтсем, мен сериалдың ортасына енді жеткен екенмін, ол соңына дейін көріп шығыпты. Сол күннен бастап мен күнде оған палатаға келіп, қай жерге дейін көргенімді айтатын болдым.

Бірде ол «Ал сіз спойлерді жақсы көресіз бе?» – деп сұрады.
«Иә, мен үнемі соңында не болатынын білгім келеді».
Ю. күлді. «Ал мен ұнатпаймын, мысалы мені нақты қай күні шығаратынын білсем қалай болар еді? Негізінде мен күн сайын сол сөзді естігім келеді, күтемін».

Бір аптадан кейін оған тағы да КТ-ға түсу керек болды, тағы да мен апардым. Науқасым өзін жақсы сезінді, тіпті менен ережені бұзып, аз уақытқа қоларбадан тұрып аяқ жазып алуына рұқсат беруімді сұрады. Кабинет жанындағы қабырғаға сүйеніп, кезегімізді күттік. Талдаудан кейін мен оны дәлізде күтіп, орнына отырғызып, палатаға дейін жеткізіп тастадым.

Содан кейін ординатор кабинетіндегі құжаттармен айналыстым. Телефон шырылдады: «Н.В.-ны телефонға шақыра аласыз ба?». Тұтқаны бердім, дәрігердің қабағы түсіп кетті, ол респиратор мен қорғаныс көзілдірігінен де байқалып тұрды. Н.В менен «Сен Ю.-ді КТ-ға апарып едің ғой, жағдайы қалай?» деп сұрады. «Ширақ, сөйлестік» дедім. Н.В. басымен есік жақты нұсқап, «кеттік» деді. Ю. құлаққап тағып, қабырғаға қарап жатты. Н.В. оның атын айтып, иығынан жәй ғана түртті, содан кейін өзіне бұрды. Көзі ашық еді, бірақ Ю. тыныс алып жатқан жоқ болатын. Жүгіріп келген реаниматологтар тобы өлімді тіркеді. Н.В. мені иығымнан құшақтады, тайвек (Tyvek материалынан жасалған қорғаныс костюмі) сықырлады, біз палатадан шықтық. «Біріншіден (КТ орналасқан бірінші қабат) хабарласты, өкпесінің 90%-ға жуығы бұзылғанын айтты. Оның демалатын ештеңесі қалмаған», деді Н.В. Ол көзін жұмып, арқасын қабырғаға тіреп тұрды. Бірнеше сағат бұрын Ю.да солай тұрған еді.

И., Ю., мегрельдік тегі бар орта жастағы еркек (көкбауырдың жарылуы), жіңішке нәзік қолы бар ата (таңғы 6-да жедел респираторлы дистресс-синдромы), үнемі әлдебір Виканы шақыратын әже (нашарлап кетті, РҚТБ ауыстырып еді, құтқара алмады), орта жастағы әйел, ол үнемі шәй ыстық емес деп шағымданатын (екі аптадан бері РҚТБ-да ИВЛ-да жатыр),  гүлді орамал таққан, мұсылман тәспісін қолынан тастамайтын әже (палатада реанимация жасады, аман алып қала алмады)… Адам бейнесі, есімдер, катетер қойылған көгерген жіңішке қолдар, беттің жартысын алып тұратын көздер – тұтас бір галерея.

Бірақ кейбірінен ештеңе қалмаған, тек жақындарының естелігі мен әңгімелері ғана.

Естелік…

Мынау Г., өзі біздің бөлімде жатыр, күйеуі басқа корпуста. Олар телефонмен хабарласып тұратын. Бірінші сыныптан таныс екен, мектептен кейін үйленген. Айтуынша, тек перзентханада жатқанда айырылысқан, бірінші рет ұлын босанғанда, екіншісінде қызын дүниеге әкелгенде. Басқа уақыттың бәрінде бірге болған. Дүйсенбі күні оған кіріп ем, телефонмен сөйлесіп жатқан жоқ.

Ауысымнан кетіп бара жатқанда тағы да кіріп шықтым. Күйеуім телефонды көтермейді деп алаңдап отыр. Мен ұйықтап жатқан болар дедім. Келесі күні қорқыныш үдей түсті, мен оны ішкі жүйеден қарап шықтым, жан сақтау бөліміне ауыстырмаған, бірақ бөлімдегі тізімде де жоқ.

Г. қатты уайымдады, қан қысымы көтеріліп кетті, жан сақтау бөліміне шығару керек болар деп қорқып кеттік. Кезекші ауысымға тапсырдық.

Түнімен қандай жағдай болды екен деп ойладым. Сәрсенбі күні таңертең Д.Э.-ге айттым, Г.-нің күйеуі біздің науқас болмаса да адамды табу керек қой. Д.Э. жалпы ең ақылды, ең жақсысы, ол кез-келген мәселені шешеді. Г.-нің күйеуі жатқан бөлімге хабарластық. 

Біресе тұтқаны көтермеді, біресе күтуімізді сұрады… «Өзіміз барайық» деді ол. Мен адамның осылай ұрысқанын бұрын көрмеппін. Сөйтсек, Г.-нің күйеуі дүйсенбі күні, күндізгі құрамды түнгі құрам ауыстыруға келген кезде қайтыс болыпты. Ал өлгеннен кейінгі эпикриз әлі жазылмаған, жүйеде жоқ, бөлімде жатпаған, ешқайда ауыстырылмаған, ауруханадан шығарылмаған.

Оны жүйені толық білмейтін мен іздегем, моргке әкеткендерді қалай көретінін білмегем, ал Г. –нің жағдайы нашарлаған соң уайымын дәрігерлерге айтып та үлгермеген.

Г.-ге күйеуі туралы бірге естірттік, нақтырақ  айтқанда Д.Э. айтты, ал мен тек жұтынуға тырысып, Г.-нің қолын сипап отырдым. Қолында неке жүзігі жалтырап тұрды.

Бөлімге жан сақтау бөлімінен В.-ны ауыстырды. Қолы көгерген, көзі шүңірейген, мойнында – трахеостома. Соны қолмен қысып тұрып қана сөйлей алатын. Біраз уақыттан кейін сақтау қоймасынан оның киімдерін алып келді, өйткені жан сақтау бөлімінде науқасқа жеке заттарын пайдалануға тыйым салынған. Мен оларды ашып, телефонын тауып, қуаттауға қоюға көмектестім. В. жан сақтау бөліміне бір ай бұрын түскен, үйден жедел жәрдеммен алып кетіп, бірден РҚТБ-не жатқызған.

В. күйеуі мен баласын уайымдайды.Тыныштандырамын, ауруханаға келуге тыйым салынғанымен туыстар аурухананың анықтама бөліміне немесе ординатор кабинетіне хабарласатынын, оларға науқастардың жағдайын айтатын түсіндірдім. Болжамым бойынша, егер олар кеше немесе бүгін хабарласса, күйеуі мен баласы оны ИВЛ-ден алып, бөлімге ауыстыратынын біледі.

В. өте әлсіз. Телефон қосылған кезде өзі хабарласа алмады. Мен көмектестім, күйеуінің нөмірін тауып бердім. Хабарластық. «Телефон сөндірулі немесе байланыс аясынан тыс жерде». Ұлына хабарластық. Сол жауап. В. алаңдай бастады, мен отбасылық достардың біріне хабарласуды ұсындым. «В. қымбаттым, жазылдың ба – құрбысы қатты сөйлеп жатыр, мен бәрін естіп отырмын. « – Саған айтқан жоқ па? Ештеңе айтпады ма? Ұзақ үзіліс… – А. 24 сәуірде, С. 29-ы күні қайтыс болды».

В. ессіз айқайлап жатыр, бірдей қатты нотада шыңғырады. Телефон қолынан түсіп кетті.

Содан кейін ол өзін жедел-жәрдем әкетіп жатқанда екеуінде де ешқандай белгі болмағанын айтты. Науқастың құжаттарынан білуім бойынша, ауруханаға жатқызғаннан кейін оны бірден ИВЛ аппаратына қосқан, дәрімен комаға кіргізген. Содан кейін В.-нің құрбысы оның күйеуі мен баласын қай ауруханаға әкеткенін айтты. Күйеуін ауыр дәрілермен емдеу кезінде қанның тұтқырлығы артып, қан ұйып қалған. Ұлының өкпесі ісіп кеткен.

Келесі күні В. ас пен судан бас тартты, «өмірдің мәні қалмады» дейді. Сұйықтықты тамырына енгізді, түтік арқылы тамақтандыруға ауыстырды. Ол мойнындағы трахеотомиядан тесікті қысып, өзін емдемеуін, өлуіне рұқсат беруін сұрады. Өкінішке қарай, біз заң бойынша оның өтінішін орындай алмаймыз. Бірнеше күннен кейін оның жағдайы тағы нашарлап кетті, тағы да жан сақтау бөліміне ауыстырылды.

Мен оны күн сайын ішкі жүйеден бақылап отырамын. Әзірге ол РҚТБ-де жатыр, ал телефоны мен заттары қайтадан сақтау қоймасында. Бұл оқиға әзірге аяқталған жоқ.

АПДЕЙТ: 22 мамыр 2020 жыл. В. бүгін таңертең қайтыс болды.

Мен тарауды «Өмір мен өлім туралы» деп айтып, шын мәнінде тек өлім туралы жаздым. Сонда өмір қайда? Өмір – мәтінде емес, өмір мұнда енбеген жерде. Өмір жағдайы нашарлап, аман алып қалғандарда, ауыр күйде әкеліп, бірте-бірте жазылып келе жатқандарда, ауысым болмаса да алаңдап, таңертең көремін деп үміттенбеген, ал олар қырсығып қайта оянып, ұйқыға кетіп, зақымдалған өкпемен тыныс алып, жақын арада болмаса да шығуға дайындалып жүрген адамдарда. Өмір солардың ішінде, өмір солардың алдында. Ал И., Ю., Г.-нің күйеуі, В.-ның күйеуі мен баласы және өзі туралы тек естелік қана бар. Жарқын естелік.  

(Жалғасы бар)

Журналистка, фактчекер, тренер по медиаграмотности. Создательница проекта «Монитор», занимающегося контролем обещаний и деконструкцией пропаганды в российских медиа.

Factcheck.kz