Пропаганда анализі | Қызылшаның тарауы – «АҚШ биолабораториясының» жұмысы ма?

6 наурыз күні Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі Ресей әскери күштері елде Украина билігі «АҚШ Қорғаныс министрлігі қаржыландыруымен әскери-биологиялық бағдарламаны» жүзеге асырып жатқанына дәлелдер тапты деп мәлімдеді. Келесі күні мекеме анық-қанығына тоқталды: Украинадағы 30-дан аса биозертхананың қызметі «аса қауіпті аурулар мен экономикалық маңызы бар инфекцияларды көбейтумен» айналысады деп хабарланған. Үлгі ретінде Ресей Қарулы күштерінің радиация, химиялық және биологиялық қорғаныс әскер басшысы Игорь Кириллов Украинада қызылшамен ауырғандар саны «10 еседен артық өсті» деп көрсетті.

Бұл мәлімдемелер мен одан туындаған резонанс америка қаражатына модернизацияланған Алматы биозертханасының қауіпті екеніне қатысты пікірталасты қайта жандандырды. Конспирологиялық пабликтер азаматтық белсенді Айнұр Құрмановтың 2019 жылғы мақаласына сілтеме жасап, үш жыл бұрын Қазақстанда қызылшаның  өршіп кетуіне дәл сол Алматыдағы Орталық референтті зертхананың (ОРЗ) қатысы бар деп жаза бастады. FactCheck.kz редакциясы Құрманов материалындағы негізгі тезистерді талдап, олар – манипуляция немесе тіпті шындыққа жанаспайды деген қорытындыға келді.

Түйін:

  • Құрманов Қазақстанда 2018-2019 жылдары қызылшаның өршіп кетуіне қатысты нақты емес фактілерді келтіреді және көптеген елдерде қызылша ауруы АҚШ қаржыландыратын биозертханалардан тарады деген жағымсыз нарратив айтады.
  • Тағы бір жариялымдарында Құрманов зертхананы құпия әрі АҚШ қорғаныс министрлігіне тиесілі деп жазады, бұл – жалған. Зертхана мен оның қызметі құпия емес, ал ОРЗ өзі Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында.
  • Автор қызылшаның таралу ерекшелігін (оның жұқпалы екені) , оған қарсы вакцинацияны, сондай-ақ қарамағында ОРЗ қызметін жүзеге асырып отырған М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының тарихы мен не нәрсеге жауап беретінін түсінбейтінін көрсетті.
  • Автор ТМД аумағына «америкалық» биозертханалардан болатын қауіп туралы айтқанда пікірін эмоциялы түрде жеткізіп, жоққа шығарылған ресми материалдарды ғана емес, қолжетімді ашық деректерді де назарға алғысы келмейді. Бұл зертханалардың барлығы өздері орналасқан елдердің құзыретінде.
  • Автор АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) әлемдегі эпидемиологиялық ахуал туралы ресми деректеріне манипуляция жасап, оларды өзінің пікіріне қосымша дәлел ретінде пайдаланады.

Төменде Айнұр Құрмановтың мәлімдемелерін егжей-тегжейлі талдаймыз.

Мәлімдеме: Бір жыл бұрынғы менингит эпидемиясы сияқты, қызылшаның таралуы да алғаш 130 миллион доллар тұратын қымбат құрылғысы бар референт-зертхана орналасқан Алматы мен Алматы облысында тіркелді. Қызылша, одан бұрын менингит те Астанаға және алыстағы облыс пен ауылдарға сол жақтан барды.

Айнұр Құрманов

Үкім: Жалған

Алғашқы қызылша оқиғасы (Құрманов айтып отырған эпидемияда) 2018 жылдың сәуірінде Ақмола облысында тіркелді және бес ай өткен соң ғана Алматыда да індетке шалдыққандар анықтала бастады. Оған қоса Қазақстандағы қызылшаның өршуі – әлемде тарап жатқан індеттің бір бөлігі: 2019 жылдың басында республиканың бүкіл аумағынан ауырғандар тіркеле бастады. Қызылша елдің аудандарына Орталық референт-зертханадан тарағанына дәлел былай тұрсын, іліп алар себеп те жоқ.

2018 жылы менингит ауруының таралуына зертхананың қатысы бар екені туралы ақпаратты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жоққа шығарған болатын. Сонымен қатар, ол менингит штамы Орталық референт-зертханада сақталынбайтынын және бұл лабораториядан ешқандай ауру тарамағанын атап өткен. Ашық деректердің барлығы Біртановтың мәлімдемесін растап тұр.

Журналист Вадим Борейко ОРЗ қызметіне қатысты жеке зерттеу сюжеттерін жасап, биозертхананың бруцуллез, конго-қырым гемморагиялық қызбасы және коронавирустың Қазақстан аумағында таралуына қатысы бар делінген аргументтердің қанағаттандырарлық емес екенін көрсетті.

Мәлімдеме: Біз – бәріміз уақыт бойынша кейінге шегерілген биологиялық және экологиялық апат аймағында тұрмыз, өзімізге және жергілікті фаунаға жаңа патогендерді дайындайтын үлкен полигонға айналдық.

Айнұр Құрманов

Үкім: Жалған

Зертхана құжат түрінде ғана емес, БАҚ еркін кіре алатындай ашық. М.Айқымбаев атындағы АҚИҰҒО да жеке ғылыми журнал шығарады. ОРЗ қосарлы мақсаттағы дүниелерді жасап жатқанын жанама түрде болса да растайтын мәліметтер ашық дереккөздерде жоқ.

М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы «ОРЗ-да қосарлы мақсаттағы ғылыми құрал (биоқару) жасалынбайтынын» қайта-қайта мәлімдеуге мәжбүр. 2021 жылдың қарашасында орталықтың жетекші ғылыми қызметкерлерінің бірі Stopfake.kz берген сұхбатында ОРЗ жұмысының қалай жүргізілетінін айтып берді: «Барлық ғылыми тақырыптар міндетті түрде мақұлдаудан өтеді. Қосарлы мақсаттағы зерттеу жүргізу тәуекелін бағаламай жатып, бірде-бір ғылыми тақырып бекітілмейді».

2020 жылы осыған қатысты мәлімдемені Ішкі істер министрлігі де жариялады: «ОРЗ жүргізіліп жатқан кез келген жұмысты денсаулық сақтау министрлігі, білім және ғылым, ауыл шаруашылығы министрлігі бақылап отыр  <…> Өзімізге жауапкершілік ала отырып мәлімдейміз: Қазақстанда биологиялық қару жасалмайды, басқа мемлекеттерге қарсы зерттеу жүргізілмейді».

Еске сала кетейік, Қазақстан Бактериологиялық және улы қаруға тыйым салу конвенциясының мүшесі және жыл сайын оның аясында ерікті түрде есеп беріп отырады. Ал ОРЗ – Қазақстан, Грузия және Украинадағы (соғысқа дейін) осыған ұқсас зертханалар секілді халықаралық инспекцияларға ашық.

Мәлімдеме: Қазір Қазақстан билігі бізге қызылшаның «Dublin» және «Kabul» штамдары иммиграция салдарынан, яғни Украинадан оны жұқтырған адамдар жаппай келгендіктен тарады деп түсіндіргісі келеді. Бірақ бұл тіпті күлкілі! Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Алматы және Ақмола облыстарының шалғайдағы ауылдарында украиналықтар қайдан болсын?

Айнұр Құрманов

Үкім: Манипуляция

«Қызылша вирусының бұрын айналымда болмаған штамдарының [Қазақстан аумағына] сырттан келгенін санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының вирустық инфекцияларды бақылау жөніндегі референс-зертханасының базасында жүргізілген генетикалық зерттеулер растады», – деп хабарлады FactCheck.kz редакциясына Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева.

Қазақстанда В3 штамы (жоғарыда айтып отырған Dublin және Kabul генетикалық түрлері) 2018 жылдың соңына қарай белсенді түрде тарала бастап, 2019 жылы айналымда жүрді. Қызылшаның бұл түрінен басқа сол кезде республикада D8 штамы да анықталды. Дәл осының генетикалық түрін талдау («MVs/ FrankfurtMain.DEU/17.11/», «MVs/Osaka.JPN/29.15/», «MVs/Girsomnath.IND/42.16/») қызылшаның республика аумағына шетелген келгенін көрсетті, себебі олар бұрын бізде болмаған.

Қалайша қызылша (сырттан келген болса да) республиканың шалғайдағы ауылдарына тарады? Ол үшін Украинаның немесе басқа да мемлекеттің індет жұқтырған азаматтарының алыстағы елдімекенге баруы міндетті емес. Мұнда азаматтарымыздың өңіраралық және облысаралық қатынасы дәстүрлі түрде жоғары екенін ескерген дұрыс, ол қызылшаның тез тарап кетуіне себеп болған тәрізді.

 Нұршай Әзімбаеваның айтуынша, жұқпалылық (инфекцияның) 90% құрайды, яғни науқас байланыста болған, қызылшаға иммунитеті жоқ 10 адамның 9-на індет жұқтырады. Қазіргі жаһандану және тұрғындар миграциясының өсімін ескерсек шалғай елдімекендер ұғымы шартты түрде ғана болады және вирустың таралуына еш кедергі жоқ.

Мәлімдеме: Ескі екпелердің тиімділігі төмен және «украиналық» қызылшадан қорғай алмайды.

Айнұр Құрманов

Үкім: Жалған

Қызылшаны жұқтыру қаупін төмендету мақсатында 2019 жылдың 1 сәуірінен Қазақстанда қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцинамен 9-10 айлық балаларды, медицина қызметкерлерін қосымша иммундау жүргізіліп, қызылша ошақтарында вакцинациялау жалғасты. Нәтижесінде тамыздың өзінде қызылшамен ауырғандар наурызбен салыстырғанда 3,5 есеге азайды (1524-тен 431-ге дейін).

2019 жылдың қыркүйегінде қосымша 20-29 жас аралығындағы жастарға да вакцинация жасалды. Себебі сырқаттанғандардың көп бөлігі осы категорияға тиесілі еді.

Еске сала кетейік, 1999 жылға дейін дүниеге келген қазақстандықтар қызылшаға қарсы вакцинаның екінші дозасын алмаған, бұл да олардың инфекцияға қарсы иммунитетінің әлсіз болуына әсер етуі мүмкін.

Балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы иммундау жаппай иммундау науқанымен қосылып инфекцияны бақылауға алуға мүмкіндік берді: 2020 жылы қызылшаға шалдыққандар 2019 жылмен салыстырғанда 4,2 есеге (13 326-дан 3270 жағдайға) дейін азайды. 2021 жылы Қазақстанда қызылшаның екі жағдайы ғана тіркелді.

Республикада 2003 жылдан бері қызылша, қызамық және паротиттің алдын алу мақсатында Serum Institute of India Ltd өндіретін вакцинасы қолданылады. Препаратта Эдмонстон-Загреб қызылшасының аттенуацияланған тірі вирус штамы бар. Ол өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері пайдаланылады және А генотипіне жатады.

ДДСҰ айтуынша, қызылшаға қарсы вакцина қызылшаның жабайы вирус генотиптерінің бәрінен қорғайды. Қызылша туралы мифтерді талдай отырып, біз жабайы штамдардың геномдарындағы айырмашылықтың биологиялық маңызы белгісіз екенін және олардың вирустың берілу механизміне немесе адамның вирус жұқтыру қабілетіне әсер етуі мүмкін екені туралы ешқандай дәлел жоқ деп жаздық.

Мәлімдеме: Америкалық әскери зертханаларда модификацияланған осы жұқпалы ауруды мысалға ала отырып қазір мұхиттың арғы жағында Кеңес Одағының бұрынғы республикалары – Украина, Грузия және Қазақстан аумағына одан да қауіпті ауруларды тарату мәселесі қарастырылып жатыр.  

Айнұр Құрманов

Үкім: Жалған

Орталық референт-зертханада бір кездері қызылша вирусының модификациясымен (немесе жәй зерттеумен болсын) айналысқаны туралы сенімді ашық дерек жоқ. Алматыдағы биозертхананың негізгі мақсаты –технологиялық және методологиялық мүмкіндіктерді көтеру арқылы аса қауіпті инфекцияларды бақылау. Оған, бірінші кезекте, сібір жарасы, туляремия, конго-қырым гемморагиялық қызбасы, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба, құтыру, листериоз, лептоспироз, бруцуллез және тағы басқалары жатады.

М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығында қызылша мұқият зерттелуі керек негізгі індет емес екеніне орталық журналында 2003-2020 жылдар аралығында осы вирусқа арналған бірде-бір ғылыми мақала шықпағаны дәлел.

Ғылыми орталық басшысы Тоқтасын Ерубаев 2020 жылдың мамырында Forbes-ке берген сұхбатында пандемияға дейін қоластындағы қызметкерлер «негізінен оба, тырысқақ, сібір жарасы сынды бактериялық инфекциялармен, ал вирустардың ішінде тек конго-қырым гемморагиялық қызбасын зерттеумен айналысқанын» атап өткен. Айта кетейік, қауіпсіздігі жоғары дәрежедегі жаңа биозертхананы дәл осы вирустармен жұмыс істеу үшін ашу жоспарланып отыр (бұл зертхананың жобасына қатысты біз бөлек материал дайындап жатырмыз).

Денсаулық сақтау министрлігі қызылша вирусының айналымын және оның генетикалық өзгергіштігін қадағалаумен, эндемиялық штамдарды анықтаумен, олардың айналымының тоқтағанын растаумен, Қазақстанға сырттан әкелінген жағдайларды саралаумен басқа зертхана — Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы айналысатынын түсіндірді. 2019 жылы ауру өршіген кезде дәл осы жерде қызылшаға серологиялық зерттеулер жүргізілді, зертханалық зерттеулердің сапасы мен нәтижелерінің дұрыстығын сырттай бағалау үшін ретестинг, сондай-ақ жергілікті жерде жүргізілген зерттеулердің сапасын бағалау мақсатында аймақтық зертханаларға іссапарлар жүргізілді.

Мәлімдеме: CDC қызылша жұқтыру қаупі туралы арнайы ескерту жариялап, Қазақстанды америкалық азаматтар үшін биологиялық қауіп бар елдер қатарына қосты. Бұл орталық тіпті өзінің ескертуіне қауіптің жасыл дәрежесін қойды <…> Яғни, бұл жаппай қызылша эпидемиясына АҚШ-тың қатысы бар екенін жанама түрде дәлелдеп тұр.

Айнұр Құрманов

Үкім: Манипуляция

Қызылша өршіп жатқандықтан 2019 жылдың ақпанында CDC расында Қазақстанға баратын саяхатшыларға ескерту жариялады. Ескерту «жасыл» түсте болды және қазір өзектілігін жоғалтқандықтан сайттан да өшірілген. Ескертудің «жасыл» түсі сол елге барғанда «қарапайым қауіпсіздік шараларын» (мәселен, ұсынылған вакциналардың бар екенін тексеру) ұстануы керек екенін білдіреді.

Өтініш авторының қисынына сүйенсек, АҚШ қазіргі уақытта Пәкістандағы іш сүзегіне, Бурундидегі безгекке, Гаитидегі ит құтыруына, Нигериядағы маймыл шешегіне, Ауғанстандағы қызылшаға, Ганадағы сары безгекке және Индонезиядағы жанартау атқылауына қатысы бар екенін растайды-мыс, өйткені дәл осы жағдайлар шетелге шығатын азаматтарға ескертіледі.

Айтпақшы, АҚШ елден шығатын кезде азаматтарына эпидемиялық қауіп туралы ескертетін жалғыз ел емес. CDC бөлек осындай жұмыспен ашық кеңістікте ECDC (Аурулардың алдын алу және бақылау еуропалық орталығы), Роспотребнадзор, NHS (Ұлыбританияның денсаулық сақтау ұлттық қызметі) және басқалары да айналысады. Қазақстанда туристерге ескертуді, мәселен, Мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитеті жариялайды.

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz