Қызылша мен оған қарсы вакцинация туралы мифтер – II бөлім

2018-2019 жылдары болған қызылша ауруы 10 мыңға жуық қазақстандық балаға әсер етті. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, сол ауырған балалардың 80%-дан астамы вакцинациядан өтпеген. Көп ата-ана вакциналарға сене бермейді де, өз балаларына екпе салудан бас тартып жатады. Жағдайдың ушығып кетуіне түрлі конспирологтар мен блогерлер де өз әсерін тигізіп жатқанын айтқан жөн.

Сондайлардың бірі – орыс тілді қауым арасында Антон Амантонио деген лақап атпен таныс израильдік блогер. 2020 жылдың басында ресейлік AST баспасы оның «вакцинацияға қатысты мифтері» туралы ғылымға еш қатысы жоқ кітабын басып шығарады, алайда кейін сынның астында қалып, кітапты сатылымнан алып тастайды. FactCheck.kz қызылша және оған қарсы вакцинация туралы мифтерді бұған дейін де зерттеп, талдап, олар жайында ақпарат ұсынған болатын. Бұл жолы жаппай вакцинацияға сын көзбен қарайтын бір оқырманның өтінішін қабыл алып, бұл мәселеге қатысты Антон Амантонионидің кей тезистерін талдап көруді шештік.

Талдау жұмысының нәтижесіне көшпес бұрын, Амантонио жазбаларының негізгі сипатына тоқтала кетсек: ол 60-70 жыл бұрын жүргізілген зерттеулерге және кері қайтарылған мақалаларға көп сілтеме жасайды; авторларында мүдде қақтығысы бар мақалаларды да келтіреді, вакцинацияның пайдасын дәлелдейтін мақалаларға сирек болса да, сілтеме жасайды. Осылайша бәрін араластырып жазады. Сөйтіп ол керемет талдау жұмысын жүргізгендей әсер қалдырады, мұндай әдісті ғылыми ортада фактілерді өз тұжырымыңа келтіру дейді. Мысалы, қызылша / қызамық / паротитке қарсы екпеден бас тарту қажеттілігін дәлелдеу үшін бала кезінде қатерлі ісікті дамытпай, қаупі аз қызылша / қызамықпен ауырған адамдардың табиғи иммунитетіне қатысты (яғни дәлелдеуге болмайтын!) мақалаларға көп сілтеме жасайды. Бұл ретте Амантонио 90-100 сілтеме келтіре отырып, өзі тек 5-10 мәлімдеме жасайды. Вакцинацияға қарсы адамдар дәл осы сілтемелерге сүйенеді. Біз осы материалымызда соларды талдап көреміз.

Мәлімдеме: Қызылшаға қарсы екпе 1 жасқа дейінгі нәрестелер үшін қауіпсіз екені анықталмаған және ол балалар үшін тиімсіз

Үкім: Жалған

ДДҰ мәліметі бойынша, 9 айлық балаларды вакцинациялау кезінде сәтсіз жағдайлар тек 10-15%-ында ғана кездеседі. Ал 9-11 ай аралығындағы балаға егілген қызылшаға қарсы вакцинаның бір дозасының орташа тиімділігі – 84%.

ДДҰ 9 айлық жастағы балаларға қызылшаға қарсы вакцинаның алғашқы дозасын балалар арасында қызылша ауруынан өлім көп кездесетін елдерде егуді ұсынады.

Алғашқы вакцинациялауды 6 айлық кезде немесе одан да бұрын жасату, расымен, көбіне сәтсіз болып жатады, себебі баланың иммундық жүйесі әлі «қалыптаспаған» және оның ағзасында анасынан берілген антиденелер болады. Алайда кейбір ерекше жағдайда екпені 6 айлық жаста да жасатуға болады.

Қызылша мен оған қарсы вакцинация туралы мифтер - II бөлім
Қызылшаға қарсы вакцина бойынша ДДҰ-ның позициялық құжаты, 2017

ДДҰ-ның деректер құрамында қызамық пен паротит компоненттері бар қызылшаға қарсы вакциналардың қауіпсіздігі (мұндай аралас вакцина Қазақстанда қолданылады) оларды 6 айлық жастан бастап пайдалана беруге болатынын дәлелдейді.

Мәлімдеме: Қызылшаға қарсы жасалған жаппай вакцинацияға қарамастан, ұжымдық иммунитет пайда болмайды, себебі ол өте жұқпалы

Үкім: Жалған

Вакцинацияға қарсы адамдар осы фактіні дәлелдеу үшін көбіне бір ұжымдағы адамдардың барлығы (немесе барлығы дерлік) екпе алғанына қарамастан, қазылшамен ауырып қалғаны туралы ақпараттарды келтіреді. Сондай ресми түрде дәлелденген жағдаймен біз де танысып көрдік (АҚШ, Массачусетс, 1984 жыл). Адамдар ғылыми деректерді қалайша манипуляциялайтынын көресіздер.

Бұл жағдай туралы вакцинацияға қарсы адамдар не дейді: Мектепте оқушылардың 98%-ы қызылшаға қарсы вакцинациядан өтті, алайда індет бәрібір пайда болды. Қауіпті инфекция 27 адамда анықталды, олардың 19-ы екпе алған еді. Яғни сырқаттанған адамдардың арасында екпе алғандардың үлесі – 70%! Осыдан кейін вакцинаның тиімділігі туралы не айтуға болады?

Ал енді бұл жағдайды қалай талдау керек екенін айтайық: Мектепте барлығы 2098 оқушы бар, оның 98%-ы, яғни 2056 адам қызылшаға қарсы вакцинациядан өтсе, 42 оқушы екпе алмаған. Екпесі бар адамдардың 19-ы, яғни 0,9%-ы ауырып қалған. Вакцинациядан өтпегендердің ішінде ауырып қалғандардың саны – 8 адам, яғни 19%.

Енді вакцинаның эпидемиологиялық тиімділік коэффициентін келесі формуламен есептеп көрейік: [(Б-А)/Б]*100% (мұндағы А – екпе алғандар тобындағы ауырғандар саны; Б – екпе алмағандар тобындағы ауырғандар саны). Нәтиже – 95%. Бұдан шығатын қорытынды: қызылшаға қарсы вакцина аурудан барынша тиімді қорғайды.

Мәлімдеме: Қызылшаға қарсы екпе алған балаларда инфекцияларға деген сезімталдық артып, оларда фебрильді құрысудың даму қаупі бар. Олар басқаларға қарағанда демікпе, экзема, энцефалопатия және асептикалық менингитпен көбірек ауырады.

Үкім: Манипуляция

Ғалымдар қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцинаның жанама әсеріне қатысты 138 ғылыми зерттеуге (23,5 миллион балаға қатысты) мета-анализ жүргізіп, мынандай қорытындыға келген: вакцинация энцефалопатияның, І типті диабеттің, демікпенің, экземаның, поллиноздың, лейкоздың, шашыраңқы склероздың, бактериялық немесе вирустық инфекцияның дамуына ӘКЕЛМЕЙДІ.

Бұл ретте аралас вакцинаны қолдану, расымен, асептикалық менингиттің және фебрильді құрысулардың дамуына әсер етуі мүмкін, бірақ ол қызылшаға қарсы компоненттке байланысты емес. Бұл аурулардың пайда болу қаупін вакциналардағы паротитті компоненттің кейбір (!) штамдары арттырады.

Мәлімдеме: Қызылша вирусы мутацияға ұшырайды, сондықтан вакцина алғандар ауыра береді

Үкім: Жалған

Қазіргі кезде ғалымдар жабайы қызылша вирусының бірнеше түрі бар екенін анықтаған. ДДҰ, тіпті, вирустың ғаламдық деректер базасын жасап шықты, онда оның 24 генотипі көрсетілген.

Қызылша мен оған қарсы вакцинация туралы мифтер - II бөлім
Қызылша вирусы генотипінің дүниежүзінде таралуы (2014-2015 жж.)

«Жабайы штамм геномдарындағы биологиялық айырмашылықтар қандай екені белгісіз, сондай-ақ олар вирустардың таралу механизміне немесе вируленттілігіне (адам ағзасын жұқтыру қабілеті) әсер ете алатынына ешқандай дәлел жоқ.

Былай айтқанда, қызылшаға қарсы вакцинацияның арқасында* немесе бір ауырып шыққаннан кейін пайда болған иммунитет вирустың шығу тегіне қарамастан барлық штаммдардан қорғайды», деп жазады қызылшаны зерттеушілер «Биомолекулада».

* Қызылшаның барлық вакциналық штамдары А генотипіне жатады

Мәлімдеме: Қызылша вакцинацияға дейін де әрдайым циклдік аурулар қатарында болатын, сондықтан БАҚ адамдар арасында үрей туғызып, вакцинацияға мәжбүрлеуді қою керек.

Үкім: Манипуляция

Расымен, вакцинацияға дейін қызылшаға эпидемиялық циклдар тән болатын: індет әр 2-3 жыл сайын өршіп тұратын. Ал 1960 жылдардағы жаппай иммундау басталғаннан кейін адамдар қызылшамен айтарлықтай аз ауыра бастады (Мысалы АҚШ-та ауру деңгейі 95%-ға төмендеді).

Осы орайда ДДҰ былай деп мәлімдейді: ауру азайған сайын эпидемиялар арасындағы кезеңдер де ұзарып барады, сондықтан болашақта циклдар мүлдем жоғалып кетуі мүмкін. Англия мен Уэльстегі қызылша ауруының 55 жылғы тарихын қарайтын болсақ, бұл заңдылықты айқын көре аламыз.

Қызылша мен оған қарсы вакцинация туралы мифтер - II бөлім

Амантонио өзіне ыңғайлы деректерді көрсету үшін тек 2008-2016 жылдардағы мәліметтерді алып, ақпаратты барынша манипуляциялайды. Ол жаппай вакцинация басталғанға дейінгі және ең бастапқы кезеңдегі деректерді көрсетпейді. Ал ол кезде Еуропа пен АҚШ-та қазылшамен ауырғандар саны он, жүз немесе мыңдап емес, жүз мыңдап тіркелетін. Төменде АҚШ-та 1954 жылдан бастап 2008 жылға дейінгі қызылша ауруы тіркелген жағдайлардың саны көрсетілген кестені ұсынамыз (қызылшаға қарсы екпе АҚШ-та 1963 жылы пайда болды).

Қызылша мен оған қарсы вакцинация туралы мифтер - II бөлім

Вакцинация арқасында қол жеткізілген осындай оң нәтиже адамзатқа тек циклдардан ғана емес, жалпы қызылшадан мүлдем құтылуға үміт сыйлады. Ғалымдар математикалық модельдерді пайдалана отырып, бұл мақсатқа қалай қол жеткізуге болатынын көрсетіп те берді. Бұл мақсатқа халықтың аса осал топтарын вакцинациялау және иммундау арқылы жетуге болады.

Алайда қанша тырысқанмен, қызылшадан әлі күнге дейін көп адам қайтыс болуда (мысалы 2018 жылы қызылша ауруынан 140 мың адам қайтыс болды, олардың көбі – 5 жасқа дейінгі балалар). Эпидемиологтардың айтуынша, ауырған және қайтыс болған адамдардың жыл сайын өсуі инфекцияның циклдарына байланысты емес. Негізгі фактор ретінде ата-аналардың вакцинациядан бас тартуы (Самоада бұл қандай жағдайға әкелгенін көруге болады), вакцинаға қол жетімділіктің азюы және адамдардың дүниежүзі бойынша көшіп-қонуының артуы айтылады.

Мәлімдеме: Вакцинациядан кейін қызылша вирусы бірнеше күн бойы баланың қанында, зәрінде және тыныс жолдарында болуы мүмкін

Үкім: Манипуляция

Вакцинацияға қарсы тарап қандай да бір зерттеулерге (мысалы мынандай) сілтеме жасайды. Онда екпе егілген баланың ағзасында қызылша вирусының вакцинациялық штаммының немесе оның РНҚ-сы анықталғаны жазылған, алайда мұндай жағдай тек бір-екі рет кездескен. Олар сонда да «Бұл қаншалықты жұқпалы екені белгісіз», деп қауіптенеді.

Ғалымдар, яғни жоғарыда аталған ғылыми жұмыстың авторлары, мынандай қорытындыға келеді: «Вакциналық вирустың немесе оның РНҚ-сының ағзаның әртүрлі бөлігінде анықталуының (егер ондай болса) клиникалық маңызы әлі де түсініксіз». ДДҰ бұған байланысты нақты былай дейді: «Вирустың вакциналық штаммдарының бір адамнан екінші адамға таралу жағдайы тіркелмеген».

Мәлімдеме: Қызылшаның өзінен емес, қайта оған қарсы егілген вакцинадан қайтыс болып кету ықтималдығы жоғары

Үкім: Жалған

Бұл жағдайда вакцинацияға қарсы адамдар екпеден кейін (қызылшамен ауырғаннан кейін де) асқынып, болуы мүмкін сирек кездесетін жеделдеу беріштенуші панэнцефалит (SSPE) туралы айтады. Бұл ауру көбіне өлімге әкеледі.

ДДҰ-ның мәліметі бойынша SSPE індеті қызылшамен ауырып шыққан әр 10000-100000 адамда бірнеше жылдан кейін пайда болады. Қызылшамен байланысты SSPE-нің даму механизмі әлі толық зерттелмеген, алайда эпидемиологтар мынаны нақты айтады: қызылшаға қарсы екпе панэнцефалиттің пайда болуына әсер етпейді.

«Бізде бар деректерге сәйкес, SSPE-нің бұрын қызылшамен ауырмаған, алайда екпе алған адамдарда пайда болуының себебі вакцинада емес, қызылшаның табиғи инфекциясына байланысты», деп түсіндіреді ДДҰ. Осы орайда айта кететін жайт, қазіргі кезде қызылшаға қарсы екпе – SSPE-мен ауырып қалмаудың жалғыз тиімді жолы.

Қызылшаға қарсы вакцинациядан кейін қайтыс болу жағдайы тек өндірушілердің екпені сақтау, көбейту және егу барысындағы нақты ұсыныстарын орындамаудан болуы мүмкін. Сондай-ақ иммунитеті өте әлсіз адамдар да (оның ішінде АИТВ-инфекциясын жұқтырғандар да бар) вакцинациядан қайтыс болуы мүмкін.

Айта кетейік, қызылшаға қарсы вакцинациядан кейін жыл сайын «мыңдаған» адам қайтыс болады деп мәлімет таратып жүрген Амантонио VAERS-тің тексерілмеген деректеріне сүйеніп отыр. Ол деректерді өз еркінше 10-ға да, 100-ге де көбейтіп (!) көрсетуде.

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz