Магнит шарлары балалар үшін қауіпті ме?

Инстаграмда №2 Киев балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Олег Доманскийдің құрастырғыш магнит шарларының балалар үшін қауіпті екенін айтқан видеосы тарап жатыр. Дәрігер «перитонит, аппендицит, ішектік бітеліс белгілері бар балалар түсе бастады…» деп айтып, ары қарай рентген арқылы тексерген кезде балалардың құрсақ қуысында шарлар табылғанын айтты. Анықталғандай, егер бала оларды кейде ғана жұтып отырса да, асқазан-ішек жолына түскен магниттер бір біріне тартылып, асқазанда бөгет түзген, олар ішекті ойып бірнеше тәуліктен кейін перитонитке әкеп соққан. Яғни, баланың өміріне қауіп төніп, хирургиялық жолмен ғана емделетін жағдайға жеткен. Доманский ата-аналарға балаларының қауіпсіздігіне мән беріп, магнит шарларын лақтырып тастауға кеңес берді.

Оқырмандарымыздың өтініші бойынша, біз бұл ақпаратты тексердік.

Магнит шарлары балалар үшін қауіпті ме?

Пікір: Балалар үшін магнит шарлары өте қауіпті!

Олег Доманский

Үкім : Шындық

Олег Доманский ата-аналарға магнит шарларының қауіпті екенін ескертіп, оларды лақтырып тастау керегін айтқан жалғыз дәрігер емес. Мәселен, тұтынушылардың құқын қорғайтын америкалық Consumer Reports тәуелсіз коммерциялық емес ұйымы бірнеше жылдан бері мұндай ойыншықтардың қауіпті екенін айтып келе жатыр. Бұл туралы Ресей дәрігерлері де жазған. Канадалық ақ халаттылар да ескертіп жатыр. Ал солтүстікамерикалық Гастроэнтерология, гепатология және тағам (NASPGHAN) балалар қоғамы неодим магнит шарларының асқазан-ішек жолына түсуіне байланысты жайттарды көрсететін клиникалық нұсқаулық шығарды. Мұндай нұсқаулықты қытай дәрігерлері де жасаған. Олардың жұмыстарындағы қорқынышты суреттер:

Магнит шарлары балалар үшін қауіпті ме?

Нарықта бұл ойыншық Neocube деген атпен танылған. Бұл өнімдердің ішінде ересектер мен балаларға арналған құрастырғыштар мен ойжұмбақтар бар. Өндірушілердің айтуынша, мұндай ойыншықтар балалардың кіші моторикасын дамытады, ал ересектерге күнделікті күйбеңнен бір сәт арылуға мүмкіндік береді. Шарлар неодим магниттерден жасалған.

Бір қызығы, 2014 жылы АҚШ-та мұндай ойыншықтарды сатуға тыйым салынды, ал 2017 жылы Zen Magnets компаниясының өтінішінен кейін федералды сот тыйымды алып тастады. Дегенмен, солтүстік америкалық Гастроэнтерология, гепатология және тағам балалар қоғамы (NASPGHAN) мұндай ойыншықтарға тыйым салу керегін насихаттап, педиатрлар мен ата-аналардың назарын аударуды өздеріне мақсат еткен.

2014 жылы медицина дәрігері Вильям Балистрери «Неодим магниттері: әдемі емес пе?» деген мақала жариялады. Ол былай дейді:

«Ереже бойынша, жұтып қойған бөтен денелердің (мәселен, тиындар) 80 — 90%-ы өзі шығады, бірақ 10 — 20% жағдайда эндоскопиялық жолмен шығаруды қажет етеді, ал 1%-на хирургтің көмегі қажет. Медициналық көмектің пайдасы мен қаупі бөтен денеден болған асқыну мөлшері арқылы бағаланады.

Жоғарыда айтылғандардың бәрі магниттік тартылу қабілеті жоқ бөтен денелерге қатысты айтылды. Егер әңгіме супермагнит туралы болса – ереже өзгереді.

Кейінгі 10 жылда магниттік бөтен денелерді жұтып қою жағдайлары жиілеген; америка статистикасы бойынша осы кезеңде жедел медициналық көмекке жүгінгендер саны 8,5 есеге көбейген және жыл сайын орташа есеппен 75%-ға артып отыр».

Көп жағдайда зардап шеккендер – 5 жасқа толмаған балалар. Дегенмен, кейінгі бірнеше жылда магнит шарларын жасөспірімдердің де жұтып қою оқиғалары жиілеген. Оған магнит шарлары негізіндегі ойыншықтардың көп өндіріле бастағаны себеп болды. Оның ішінде оқушылар арасында әсіресе бижутерия мен пирсинг өте танымал. Мұндай жағдайларда балалардың 10%-12%-на магнитті эндоскопиялық жолмен шығару қажет болған, ал 4% -5%-ында хирургиялық ота жасалды.

Мақаланың орыс тіліндегі нұсқасы «Доказательная медицина для всех» сайтында жарияланды.

NASPGHAN супермагниттердің балалардың ағзасына түсуінің алдын алу шаралары қажет екенін жазды:

2009-2011 жылдар аралығында АҚШ-тың Тұтынатын тауарлардың қауіпсіздігі бойынша комиссиясы (CPSC) 18 айдан 15 жасқа дейінгі балалар арасында магнит жұтудың 22 оқиғасын тіркеді. NASPGHAN сауалнамасының алдын ала нәтижелері шын мәнінде мұндай оқиғалардың саны CPSC мәлімдегеннен асып түсетінін көрсетті.

Америкалық гастроэнтерологтардың хабарлауынша, балалар магнит шарларын кішкентай, жарқырап тұратын, кейбірі ашық түске боялғандықтан жұтады. Жасөспірімдер оны аузына және мұрнына пирсинг секілді тағамын деп абайсызда жұтып қояды… NASPGHAN құжатпен дәлелденген (АҚШ-та болған тәрізді – авт.) мынадай жағдайды хабарлады: бала осындай 39 магнитті жұтып қойған, ал оның екеуінің ішке өтуінің өзі бала денсаулығы үшін аса қауіпті.

Оған қоса кейде олар жиынтық ретінде жасалып, ішінде 100 данасы болады (әсіресе ересектерге арналған ойжұмбақтарда). Сол себепті ата-аналар бірнеше шардың жоғалып кеткеніне мән бермеуі де мүмкін. NASPGHAN бағалауынша, ішке магнит түскен жағдайлардың жартысында хирургиялық көмек керек, ал үштен бір бөлігінде ішекті тесіп жібереді. Әңгіме кіші жастағы балалар туралы болып отыр – авт.

Мысалы, бір жасар бала 117 магнит шарын жұтып қойып, мәскеулік дәрігерлер аман алып қалған. Ал 11 жасар бала 4 магнитті жұтып қойып, ішегін тескен. Бақытына орай, ота сәтті өтті.

Нарықтағы жағдай

Магнит шарларын сатушылардың бәрі бірдей тауарға қатысты жас шектеуін көрсетпейтін болып шықты. Мәселен, мына жерде көрсетілмеген. Ал мында сатушы ісіне адал қарап, мынадай сипаттама жазған: Біз Неокубты 14 жасқа толмаған балалар пайдаланбағаны дұрыс деп есептейміз. Балалар оның бөліктерін жұтып қоймайтын болса ғана ойыншық қауіпсіз болады.

Магнит шарлары балалар үшін қауіпті ме?
 Satu.kz сайтынан скрин

Оған қоса тауар «дамытатын және үйрететін» ойыншықтар бөлімінде тұр, яғни 14+ жасқа арналған. Қазақстанда мұндай тауарлардың қалай сертификациядан өтетіні белгісіз, Ұлттық аккредитация орталығы мен Ұлттық сараптама орталығы тізілімі бойынша іздеп, ақпарат таппадық.

Қорытынды:

  • Неодим магниттерінен жасалған шарлар сәбилер үшін шынында қауіпті. Супер-магниттерден жасалған немесе бөліктерінде супермагниті бар ойыншықтар, құрастырғыштар мен ойжұмбақтар 14+ санатындағы балаларға арналған.
  • Магнит шарларын жұтып қойған жағдайда жартысынан көбінде перитонит пен перфорацияға ұласып, хирургиялық көмек қажет болған.
  • Балалар оны кішкентай, жарқырап тұратын әрі ашық түске боялғандықтан қызығып жұтып қояды.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz