Әлемде және Қазақстанда аутизмі бар балалар саны артып жатыр ма?

12 қазан күні мәжіліс отырысында Вакиль Набиев әлемде және Қазақстанда аутизм дертіне шалдыққан балалардың саны артып жатқанын айтты. Factcheck.kz редакциясы шынында кейінгі жылдары осындай үрдіс байқала ма деген сұраққа жауап іздеп, анықтауға тырысты.

Вакиль Набиев сауалы (тайм-код: 1:58:49)

Мәлімдеме: ДДСҰ дерегі бойынша, әлемде, оның ішінде Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалар саны артып келеді.

Вакиль Набиев

Үкім: Дәлелденбеген

Бір қарағанда, шенеуніктің мәлімдемесі рас көрінуі мүмкін. Әлемдік және қазақстандық статистика аутизм спектрінің бұзылуы (АСБ) артқанын көрсетеді. Бірақ ғалымдардың пікірінше, бұл адамдардың аутизмді жақсырақ түсініп, тіркегенінің нәтижесі. Бұрын бұл бұзылыс туралы ақпарат аз болып, халық хабардар болмағандықтан басқа диагнозбен жатқызып не мүлдем тіркелмеген жағдайлар көп болған. Осылайша, қолда бар деректер балалар арасындағы аутизмнің өскеніне дәлел деп нақты айта алмаймыз.

Толығырақ

Аутизм бойынша қазақстандық статистиканы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының сайтынан табуға болады. Құжаттағы көрсеткіш балалар аутизмі мен атипті аутизм болып екіге бөлінген. Екіншісінің біріншісінен айырмашылығы — кеш басталатыны не диагностикалық белгілерінің кемінде біреуінің болмауы. Дегенмен Вакиль Набиев аутизмнің қай түрі туралы айтқанын нақтыламағандықтан біз 17 жасқа дейінгі балалар аутизмі мен атипті аутизм деректерін біріктірдік.

Кестеден көріп тұрғанымыздай, Қазақстандағы балалар аутизмі 2015 жылдан бері 100 мың тұрғынға шаққанда тұрақты түрде өсіп отырған.

2021 жылдың деректерін алу үшін Factcheck.kz редакциясы Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдады, бірақ материал жарияланған сәтте жауап келген жоқ. Ақпарат келгеннен кейін кесте толықтырылады.

Әлемдік статистикаға келсек, 2022 жылдың наурызында Autism Research ғылыми журналында жарияланған аутизмнің жаһан бойынша тарауының жүйелі шолуына назар салсақ болады. Қолда бар деректерді талдай келе, Эльсаббах пен әріптестері қазіргі күні әлемде жүз баланың біреуіне «аутизм спектрінің бұзылуы» диагнозы қойылған (ДДСҰ тұжырымымен сәйкес келеді) деген қорытындыға келді. Дегенмен, шолудың осы команда жүргізген 2012 жылғы нәтижесіне қарасақ, 10 000 баланың 62-ісінде аутизм болған. Бұл қазірге қарағанда айтарлықтай төмен көрсеткіш.

Қазақстандық және әлемдік деректер аутизмнің тіркелуі артып жатқанына дәлел. Оған не себеп болуы мүмкін? Ғалымдар «аутизм эпидемиясы» деп дабыл қағуға ерте дейді. Мәселен, жүйелі талдаудың авторлары «өсімге бірнеше фактор себеп болуы мүмкін» дейді. «Оның ішінде адамдардың бұл сырқат туралы хабардар бола бастағаны, әлемде қоғамдық денсаулық сақтауға көңіл бөлінгені, аутизм жағдайларын анықтап, тіркеуде ілгерілеу бары, сондай-ақ қауымдастықтардың әлеуеті артқаны әсер етті».

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті елдегі мұндай жағдайлардың көптеп тіркелуіне Аутизм спектрі бұзылуын ерте анықтау бойынша дәрігерлерді оқыту, сондай-ақ өңірлерде диагностикалық құралдардың енгізілуі себеп деп түсіндіреді.

Өсу қарқынын түсіндіретін тағы бір маңызды факторлардың бірі — «аутизм» термині тіркелген күннен бастап қазірге дейін оның анықтамасы өзгерді және ұғымның ауқымы кеңейді. Мысалы, әлеуметтанушы Хиль Эяль «Аутизм матрицасы» кітабында 1970 жылдарға дейін балалардың мұндай сырқатының көбін «ақыл-ой кемдігі» деп атайтынын жазған. Дегенмен қоғам кейбір топтарға бұл терминді қолдану этикаға қайшы екенін түсінген. Оған қоса Эльсаббах пен әріптестерінің шолуы бойынша, ақыл-ой кемдігі бар аутизмнің медианалық көрсеткіші 33% ғана болған. Аутизм синдромы бар көп адам кейбір салада ғана дамуы кешеуілдеп қалады да, мінез-құлық терапиясының көмегімен дами алады. АСБ бар кей адамдар қоғамда өздігінен өмір сүре алса, кейбіріне тәулік бойы күтім мен қолдау қажет.

Екі жыл бұрын, яғни 2020 жылы жарияланған аутизмнің тарауы бойынша тағы бір деректер шолуы «диагностикалау тәсілдері өзгергендіктен бірдей белгілер әр кезде түрлі бұзылысқа жатқызылуы мүмкін» деген қорытындыға келеді. Диагноздың дефинициясына әр аймақтың мәдени ерекшеліктері де әсер етуі мүмкін.

АСБ туралы заманауи білім мен ақпараттың көптігіне қарамастан, әлем статистикасын жүргізу қиын екенін айта кеткен жөн. Себебі әлемнің әр түкпірінде медицина мүмкіндігі де әртүрлі. Мәселен, 2022 жылы Autism Research шолуында қарастырылған зерттеулердің көбі АҚШ пен Солтүстік Еуропада жүргізілген, ал Шығыс Еуропа мен Африка сынды аймақтардағы мәлімет шектелген немесе мүлдем жоқ. Кейбір елдегі көрсеткіштер диагностикалау дәрежесінің төмендігінен азайтылып айтылуы мүмкін. Бұған мына факт та дәлел болады: Аутизмді бақылау жүйесі дамыған АҚШ-та, CDC мәліметі бойынша балалар арасында АСБ тарауы 44 балаға 1-ден келеді. Шын мәнінде аурудың әлемде кездесу жиілігі Эльсаббах пен әріптестерінің жұмысында көрсетілген саннан көп болуы мүмкін.

Есептеу қиын болғандықтан, аутизм жағдайлары көбейіп жатыр деп нақты қорытынды жасау да қиын. Science.org басылымына пікір білдірген Пенсильвания штатындағы университеттің генетигі Сантош Гирираджан оның ауқымы хабарланғаннан айтарлықтай аз болуы мүмкін деп ойлайды. Ғалымның сөзінше, аутизмнің өсуіне балалардың бір топтан екіншісіне ауысуы да себеп болады (жоғарыда жазып өткендей, АСБ ұғымының өзгеруі мен кеңеюі – ред.).

Аутизмда белгілер өте көп. Ол басқа жағдайлармен — ақыл-ой кемдігі, эпилепсия, зейін жетіспеушілігі мен гипербелсенділікпен қатар жүруі мүмкін. Мұндай жағдай аутизмнің тарауын нақты анықтауды қиындатып, диагноздардың ауысуына әкеледі.

Science.org

CDC эпидемиологы Джон Байоның айтуынша, 2000 жылдардан бері аутизмге шалдыққандардың артып жатқанына халықтың бұл сырқат туралы көбірек ақпарат алуы мен оны анықтау тәсілдерінің дамығаны себеп. Ал Сиэтлдегі Вашингтон университетінің Аутизм орталығының директоры Аннетт Эстес статистикалық деректерде ескерілмейтін және алаңдауға тұрарлық басқа факторлар туралы еске салады.

Оқуға кеңес береміз

Аутизмге қатысты кең тараған мифтердің біріне сай, мұндай бұзылыс вакцинаның салдары болуы мүмкін-міс. Factcheck.kz редакциясы мұндай нарративті бірнеше рет талдаған және терістеген.

Factcheck.kz