Құжаттама: Доктор Уэйкфилд және оның жібі түзу ақыл-оймен күресі

Demoscope-тің көктемгі сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 23%-і коронавирусқа қарсы вакцинацияны қолдамайтынын айтты. Олардың жартысына жуығы иммундаудың тиімді екеніне сенбейді, оның ауыр зардабы болады деп қорқады немесе жай ғана вакцина мен вирусты «ойлап тапқан» деп санайды.

Сауалнама жүргізерден бір жыл бұрын CitizenGO міндетті вакцинацияға қарсы петицияға қол жинауды бастады, ол Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің жаңа редакциясы аясында талқыланды. Көптеген ғылыми емес дерегі бар үндеу 175 мыңнан астам қол жинап, Қазақстанда вакцинацияға қарсы лоббидің кеңінен таралуына ықпал етті.

Бұл қозғалыс қозғалтқышын қазір абыройы түскен британ дәрігері Эндрю Уэйкфилд деп санауға болады.

Вакцинаға қарсы риториканың көп бөлігі оның мәлімдемесінде жатыр. Мәселенің шығу төркінін жақсы түсіну үшін бұрынғы дәрігердің оқиғасымен толық танысуға шақырамыз. Пандемия кезінде Уэйкфилдтің қалай күшейгені туралы да айтып береміз.

Бір ғылыми мақаланың тарихы

1988 жылдың қазан айында Ұлыбританияда қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы үшкомпонентті вакцина қолданыла бастады. 1994 жылдың басында MMR вакцинасы балаларда ми проблемаларын тудырды деген алғашқы шағымдар пайда болды. Авторлары — вакциналарға қарсы жаңадан құрылған Justice, Awareness & Basic Support (JABS) деген қауымдастық. 2 жылдан кейін JABS адвокаты Уэйкфилдті ұйымның MMR өндірушілеріне қарсы шағымын қолдау үшін жалдады.

1997 жылы маусымда Уэйкфилд MMR-дегі қызылша вирусы проблеманың көзі деп мәлімдеп, «қауіпсізірек» деген қызылшаға қарсы моновакцинаны, сондай-ақ аутизмді және ішектің қабынуын емдеуге арналған дәрі-дәрмектерге патент алуға өтінім берді. 1998 жылдың ақпанында танымал медицина журналы The Lancet 12 клиникалық бақылауға сүйене отырып, MMR вакцинасы мен аутизм және ішектің қабыну ауруларын қоса «жаңа синдроммен» байланысты деген қорытынды жасаған мақала жариялады. Баспасөз конференциясында мақала авторларының бірі Уэйкфилд MMR орнына моновакциналарды қолдануға шақырады.

6 жылдан кейін бұл жанжалды оқиғада медицина журналисі Брайан Дир пайда болады. Ол осы 12 клиникалық жағдайдағы балалардың көпшілігі MMR өндірушілеріне қарсы сот ісіне қатысқандардың отбасыларынан екенін анықтады және бұл мәліметтерді Уэйкфилд әдейі бұрмалады. 2 жылдан кейін Уэйкфилд бұл талапты қолдау үшін жалпы  435,000 фунт алғаны белгілі болды (шығын өтемақысын есептемегенде). 2010 жылдың ақпанында The Lancet 1998 жылғы мақаласынан бас тартады. Сол жылдың мамыр айында Ұлыбританияның Бас медицина кеңесі Уэйкфилдті медицина практикасымен айналысу құқығынан айырды.

Бірақ зиян тиіп қойған еді. Қызылшамен ауыратындар саны сәйкесінше өсті. 1998 жылы Ұлыбританияда қызылшаның 56 дерегі тіркелсе, 10 жылдан кейін бұл сан 1348-ге дейін өсіп[A1] , оның екеуі өліммен аяқталды.

Сол жағдайдың жаңғырығы бүкіл әлемдегі ата-аналар пікіріне әлі де әсер етеді. Сондықтан болар, Брайан Дир 2020 жылы Уэйкфилдке арналған кітап шығарды. Кітаптың басты анти-кейіпкері журналисті жала жапты деп айыптап, бірнеше рет сотқа беруге тырысқан. Дегенмен әзірге бұрынғы британ дәрігерінің заңгерлері мақтана алатын жалғыз нәрсе бар, ол — сол кітаптың тұсаукесері былтырғы жылдың көктемінен қыркүйек айына ауыстырылуы.

Брайан Дир кітабының жарнама афишасы

MMR вакцинасы мен аутизм арасындағы болжалды байланыс

«X жағдайының Y әсерін тигізетінін білу үшін  мұқият таңдалған 12 бала жеткіліксіз. Вакцинациядан кейін олардың барлығында шынымен аутизм пайда болғанның өзінде дәл солайша алғаш кәдінің дәмін татқан; әжесінің үйінде қонуға қалған; «Диснейлендте» болған басқа 12 баланы да табуға болады. Көлемді үлгілерді зерттеу өте маңызды — вакцинация кезінде, байқағаныңыздай, олар тапшы болмайды», — деп жазады ғылыми журналист Ася Казанцева өз кітабында.

Мұндай зерттеулер ақыры жүргізілді. 2019 жылы Дания ғалымдары осы «проблема» бойынша осы уақытқа дейінгі ең үлкен үлгінің бірі — 1999-2010 жылдар аралығында елде туған 657,5 мың балаға қатысты ұлттық зерттеу жүргізіп, аутизм мен вакцинация арасынан ешқандай байланыс таппады. Дәл осындай нәтижелерге алып келген алдыңғы ауқымды зерттеу Данияда 1991-1998 жылдар аралығында жүргізіліп, оған 573,3 мың баланы бақылау кірді. Америкалық ғалымдар 2015 жылы 100 мыңға жуық сынамада қызылшаға қарсы вакцинация мен аутизмнің пайда болуы арасындағы байланысты жоққа шығарды.

Ася Казанцева дәрілік препараттарды сынау нәтижесін қорытындылайтын ең жақсы мақалаларды коммерциялық емес Cochrane Collaboration ұйымы жариялайтынын айтады. 2020 жылдың сәуірінде ол MMR вакцинасының тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалауды жаңартты. Ғалымдар қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцинамен иммунизация аутизм спектрінің бұзылуына қатысы жоқ екенін тағы бір рет растады. Қорытынды екі ірі зерттеуге негізделген, оған жалпы саны 1,2 миллион бала қатысты.

Уэйкфилдтің америкалық арманы

Ұлыбританиядағы беделі құлдырағаннан кейін (және Лондондағы 1 миллион фунт стерлинг тұратын мүлікті сатқаннан соң) Эндрю Уэйкфилд Америка Құрама Штаттарына көшті. Ол Америкада әуелі аутизм спектрі бұзылған балалар айналасында қайырымдылықпен айналысты. Бұл эмиграциядан бірнеше жыл бұрын, 2005 жылы Уэйкфилд осы коммерциялық емес ұйымдардың бірін Техас штаты астанасы Остинде ашуға көмектесті.

2014 жылдан бастап абыройы түскен дәрігер өзін вакцинацияға қарсы ғылыми қоғамдастық бұрыннан жоққа шығарған дәлелдерді қайта жасап және жаңа жолмен ұсынатын үгіт-насихат фильмдерінің түсірушісі және продюсері ретінде көрсетуге тырысады. Уэйкфилдтің алғашқы туындысы Аутизмнің ауыр түрімен ауыратын Чикаго жасөспірімі Алекс Спурдалакистің қайғылы оқиғасына арналған фильм болды.

2016 жылы оның екінші фильмі «Vaxxed» жарыққа шықты. Фильмде балаларына аутизм диагнозы қойылған ата-аналардың куәлігі келтіріледі, бұл ауру мен вакцина арасындағы байланысты дәлелдейді-мыс.

Дональд Трамптың өзі сайлау науқаны кезінде сол жылы Уэйкфилд фильмін көруге уәде берді. Ол Америка Құрама Штаттары президенті болып сайланғаннан кейін бәрі күткендей вакцинация қарсыластарымен байланыс тоқтатылады.

«Vaxxed» Америкалық Трайбека кинофестивалі бағдарламасынан жанжалмен алынып тасталды, оны авторлар «корпоратив мүдделердің күшімен сөз, өнер және шындық бостандығын шектеу» деп қабылдады. Осыған қарамастан, фильм прокатта 1,4 миллион доллар жинады, ал 2019 жылы кіші Роберт Кеннеди қатысуымен оның жалғасы ұсынылды.

2020 жылдың шілдесінде Уэйкфилд көпшілікке тағы бір деректі фильм ұсынды. «1986: The Act» картинасы 1986 жылғы америкалық заңға арналған, онда вакцинациядан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу қарастырылған (біз заң туралы толығырақ осы жерде жаздық). Уэйкфилд фильмнің DVD дискісін ғана емес, оның көрсетілуіне «платина» лицензияларын да сататынын ескеріңіз (997 долларға). Бонус ретінде сатып алушыларға көруді мүмкіндігінше жақсы ұйымдастыруға нұсқау ұсынады.

Уэйкфилд фильмдерді сатудан басқа қайырымдылықтардан да ақша табады, деп жазады CCDH. Подкаст тыңдармандарына PayPal арқылы ақша жіберу ұсынылады. Оның кинокомпаниясы да қайырымдылықты өзі жинайды (жоғарыдағы скриншотты қараңыз). Amazon Smile қайырымдылық бағдарламасына қатысады. Бұл сатып алынған тауарлар құнының 0,5%-ін таңдалған ұйым шотына аударуға мүмкіндік береді. 2019 жылы Crystal Clear фильм қоры 484 000 доллар тапты. Бұл компаниядан басқа Уэйкфилд тағы екі медиа-жобаға тікелей қатысы бар, олар — Autism Media Channel және Seventh Chakra Films.

Уэйкфилд спикер ретінде вакцинацияға қарсы іс-шараларға үнемі қатысады, онысы тегін емес. Оның адвокаты канадалық телеарна эфирінде Уэйкфилдтің қызметі шынымен де вирусқа қарсы қозғалысты миллиондаған инъекциялармен қамтамасыз ете алатынын растады, бірақ ол өзінің клиенті бұдан ақша таппайтынын айтты.

Пандемия кезіндегі онлайн-насихат

CCDH Эндрю Уэйкфилдтің жалпы интернет аудиториясын 88 мың адам деп есептеді (Facebook, Twitter, Instagram). Instagram-да Уэйкфилд вакцинадан бас тарту туралы басқа танымал насихатшылармен бірге эфир өткізеді. Осындай сұхбаттардың бірінде ол коронавирусты «ойдан шығарылған оба» деп атады және вакцинаның «балаларды құтқарғаннан гөрі өлтіргені көп болды» деген сыңайда айтты.

Коронавирус пен вакцинация туралы жалған ақпараттың таралуы «1986: The Act» фильмін насихаттау үшін жасалған аккаунттарда да болып жатыр. Олар вакцинациядан аулақ болу мен бала тәрбиесіне дұрыс көзқарас арасындағы өзара байланысты да атап көрсетеді.

Уэйкфилд серіктестерімен бірге пандемия вакцинаға қарсы сезімді танымал ету үшін бірегей тарихи мүмкіндік бергеніне сенімді. «Коронавирус алдында бұл мәселелерді [вакцинация қаупін] білетін адам көбейді. Қазір бұл — бәрі талқылайтын тақырып», — деді ол былтыр қазан айында. Оның пікірінше, қоғам вакцинацияға айтарлықтай күмәнмен қарайды, өйткені адамның инфекциядан қорқуы бұрын-соңды мұндай ауқымда қолданылған емес.

Уэйкфилд басқалармен қатар, коронавирус маусымдық тұмаудан «қорқынышты емес» деген қате пікір таратып жатыр. Ол COVID-19 қаупі туралы қате түсінік экономиканың жойылуына, адамдардың қайтыс болуына және «денсаулыққа қатысты бостандықтың бұрын-соңды болмаған бұзылуына» әкелді деп талап етеді. 2021 жылдың көктемінде Уэйкфилд «маскалардан туындайтын қауіп, ресми шектеулер, әлеуметтік дистанция және коронавирусқа қарсы вакциналар» туралы алаңдататын адамдарды біріктіруге бағытталған жаңа әлеуметтік медиа платформасын жариялады. Оны жасаушылар «шындықты» айтуға келгенде енді технология алпауыттарына тәуелді болмауды мақсат етеді.

Уэйкфилдтің белсенді қызметіне кіші Роберт Фрэнсис Кеннеди әлі көмектесіп жатыр. Кіші Кеннеди қызметі туралы мына сілтемеден көбірек білуге болады.

Маргарита Бочарова
Журналист-аналитик. Магистр социальных наук