Әлемде әрбір 2-бала “цифрлы аутизммен” ауыра ма?

Әлеуметтік желіде Еуразия телеарнасының жаңалықтарының үзіндісі тарап жатыр. Видеода “әлемде әрбір 2-бала цифрлы аутизммен ауыратыны” айтылады.

Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Әлем бойынша әрбір 2-сәбиге “цифрлық аутизм” диагнозы қойылған.

Еуразия телеарнасы

Үкім: Дәлелденбеген

Цифрлы аутизм” (кейде “виртуал аутизм” деп атайды) — кейінгі кезде кейбір клиницистер мен ғалымдар тарапынан зерттеле бастаған, бірақ медицина ғылымында ресми қолданылмайтын термин. Оның бейресмилігіне байланысты статистикасы да жүргізілмейді, тиісінше, әрбір 2-сәби туралы айтудың өзі манипуляция.

2019 жылы Trends in Neuroscience and Education журналында жарияланған мақалаға сай, әр елдің клиницистері бір-бірінен тәуелсіз түрде электронды экранды медианың (ЭЭМ) әсеріне ұшыраған (күніне 4 не одан көп сағат бойына пайдаланған), аутизм спектрінің бұзылуына ұқсас симптомдарды байқай бастаған. Бұл 6 жастан кіші балаларға қатысты деректер Франция, Жапония, Румыния, АҚШ-та тіркелген. Алайда аутизм белгілеріне ұқсас симптомдар балаларды ЭЭМ әсеріне ұшыратпай, қарапайым диадикалық ойындармен алдандырған бірнеше ай ішінде мүлде жоғалып не тез төмендеп кеткен. Ал “виртуал аутизм” терминін алғаш болып Румыниялық психолог Мариус Теодор Замфир енгізген.

Бала невропатологы Константин Пушкаревтың сөзінше, цифрлы аутизм баланың миы қалыптасып, ақырындап сөйлеуге талпынған кезден басталады. Бұл кезде баланы теледидар не планшет алдына отырғызып қоймай, сөйлесу және тікелей қарым-қатынаста болу маңызды.

Америкалық педиатрия академиясы да 2 жастан кіші балаларды экран алдына мүлде отырғызбауға кеңес береді. Академияның жазуынша, бүгінде ЭЭМ-ның осы жастағы балаларға пайдасы бар екені дәлелденбеген, есесіне негатив әсері болуы мүмкін. Оның үстіне үлкендерге арналған бағдарламаларды фон режимінде қоюға да, балаларды қызықтыратын бағдарламаларды жарнамаламауға да кеңес береді.

Десе де, “цифрлы аутизм” — аутизм спектрінің бұзылуы емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның 2019 жылы дайындалып, 2022 жылдан бастап әлемде біртіндеп қолданысқа еніп жатқан Аурулардың халықаралық жіктелуінің 11-нұсқасында “виртуал аутизмге”, оның диагностикасына қатысты ештеңе жазылмаған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz