Апталық шолу: Ердоған, Джек Ма және Камала Харрис

Биылғы жылдың алғашқы аптасында Factcheck.kz әдеттегідей Қазақстан және әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратты тексерді. Бұған қоса әлеуметтік желіде тараған ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтады.

Камала Харрис шынымен вакцина салдырды ма?

Қазақстан және Ресей медиа кеңістігінде және мессенжерлерде АҚШ-тың жаңадан сайланған вице-президенті Камала Харристің коронавирусқа қарсы вакцина қабылдағанына күмән келтіретін видео тарады. Автор материалда шприцтің инесі жоқ екенін меңзейді. Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді.

2020 жылы 29 желтоқсанда Камала Харрис жария түрде коронавирусқа қарсы Moderna вакцинасын салдырды. Бұл туралы саясаткер Twitter парақшасында жазды және бірнеше медиада тарады. Ел арасындағы видеоның сапасы төмендігінен (қасақана істелген болуы мүмкін) шприц инесі көрінбейді. Алайда Reuters агенттігі таратқан бейнеде инені анық байқауға болады. Сол себептен де АҚШтың жаңа вице-президенті вакцина салдырмады деу жалған және манипуляция.

Ердоған қорасы өртенген шопанға 120 қой мен 1,5 тонна астық берді ме?

Әлеуметтік желіде Түркия президенті өрт кезінде 70 қойы өртеніп кеткен шопанға 120 қой мен 1,5 тонна астық бергені туралы ақпарат тарап жатыр. Оқырмандардың өтінішінен соң Factcheck.kz хабардың қаншалықты шын екенін тексерді.

26 қарашада Маниса қаласы, Демиржи ауданының Есенюрт ауылды аймағында өрт шығып, нәтижесінде қорадағы 70 қой өртеніп кеткен. Желтоқсанның 21-де бірнеше сайт пен Түркия ауыл және орман шаруашылығы министрлігі Маниса провинциясы дирекциясының ресми сайты ерлі-зайыпты Әли мен Сение Текиннің арызын қанағаттандырып, отбасыға 120 қой мен 1,5 тонна жем берілетіні туралы жазды.

Түркияның Ауыл және орман шаруашылығы министрі Бекира Пакдемирли қойлары өртенген отбасыға өтемақы ретінде 120 ұсақ мал мен жем беру туралы бұйрық берген және осы іс-шара барысында смартфон арқылы байланысқа шығып отырған. Министр бұл жағдайды президент Ердоған да білетінін және отбасының шағымын қанағаттандыру туралы тапсырма бергенін айтқан.

Қытайдың басқару жүйесін сынаған Джек Маның жұрт алдына шықпағанына екі ай болды

Қытайлық миллиардер, Alibaba негізін қалаушы Джек Маның жұрт алдына шықпағанына екі ай болды. Алып бизнесі Пекин шектеуіне ұшыраған кәсіпкердің қайда екені белгісіз.

Қытайлық танымал кәсіпкер соңғы рет қазан айының соңында Шанхайдағы форумда жұрт алдында сөйлеген. Жиын кезінде Ма Қытайдың қаржылық реттеу жүйесін сынаған, ізінше Қытай билігі Алибабаға еншілес компания Ant Group-тың акцияларын жариялауды тоқтатқан. Қытай коммунистік партиясы әдетте сынға төзбейді және басшылардың қателіктері жайлы ақпараттарға тыйым салады.

Қараша айында Ма кәсіпкерлерге арналған “Африканың бизнес қаһарманы” атты шоудың әділқазылығынан шеттетілген. Alibaba корпорациясының ресми өкілі Рейтер агенттігіне жюриліктен шеттетуге қазан айындағы дау себеп болғанын айтқан. Бірақ жай-жапсарына тоқталмаған.

Мәжіліс және мәслихат сайлауында 400-ге жуық халықаралық бақылаушы болады

Қазақстанда 10 қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауында 400-ге жуық халықаралық бақылаушы болады.

Халықаралық байқаушыларды тіркеу процесі 4 қаңтар жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 18.00-де аяқталған. ОСК мәліметінше, барлығы 398 халықаралық байқаушы тіркелген: 322-і — 10 халықаралық ұйымның атынан қатысады:

  • ТМД парламентаралық ассамблеясы (48),
  • ТМД атқару комитеті (179),
  • Ислам ынтымақтастық ұйымы (4),
  • ЕҚЫҰ демократиялық институттар мен адам құқығы бюросы (42),
  • ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы (9),
  • Шанхай ынтымақтастық ұйымы (15),
  • Түркітілді мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі (7),
  • Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының парламенттік ассамблеясы (7), Түркітілді елдер парламенттік ассамблеясы (9),
  • Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі (2).

Бұған қоса, 31 мемлекеттен 76 байқаушы қатысады.

Басқа қандай материал жарияладық

  • Лондонда тұратын 12 жастағы қыз TikTok компаниясын сотқа берді. Оның айтуынша, компания Еуроодақтың жеке деректерін қорғайтын қатаң ережелерін бұзған.
  • Қазақстан және ТМД | табыстың қаншасы тамаққа жұмсалады?
  • Қытай ДДСҰ мамандарын елге кіруге рұқсат бермеді
  • Нұр-Сұлтанда тәуелсіз бақылаушы Ғаділбек Серікбаев
  • Нұр-Сұлтанда тәуелсіз бақылаушы Ғаділбек Серікбаев 15 тәулікке қамалды
  • Grammy жүлдесін табыстау салтанаты коронавирус пандемиясына байланысты ресми түрде 2021 жылдың наурыз айының ортасына ауыстырылды.
  • 2016 жылы жер митингінен кейін 5 жылға сотталған азаматтық белсенді Макс Боқаев 4 ақпанда босатылады.
  • Трамп қытайлық сегіз қосымшаны пайдалануға тыйым салатын жарлыққа қол қойды

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz