Қазақстан және ТМД | табыстың қаншасы тамаққа жұмсалады?

Жақында РИА-новости сайтында Еуропа елдеріндегі адамдар азық-түлікке қанша ақша жұмсайтыны туралы зерттеу шықты. Аталмыш материалда мынандай дерек кездеседі: «Еуропа елдері ішінде азық-түлікке ең аз ақшаны Люксембург тұрғындары жұмсайды, ал отбасылық бюджеттің көп бөлігін тамаққа шығындайтын ел Қазақстан екен..».

Біріншіден, бізді бұл зерттеуде Қазақстанның аты атлағаны таң қалдырды. Бірақ бір жағынан, бұл қате емес, себебі географиялық тұрғыдан Қазақстанның бір бөлігі Еуропаға жатады. Екіншіден, жаңа жылда қазақстандықтар отбасылық бюджеттің қанша бөлігін тамаққа «кетіретіні» қызық көрінді, сондай-ақ осыған дейінгі жағдай қандай болғанын еске түсіруге мүмкіндік береді. Осылайша қазақстандықтар мен ТМД-дағы еуропалық көршілеріміздің (ақыры Қазақстанды Еуропа деп санайды екен) азық-түлікке кететін  шығындарын салыстырып, тізімдегі орнымызды анықтауды жөн көрдік. Сондықтан бұл материалды жоғарыда аталған зерттеуге қосымша ретінде қарастыруға болады.

«Еуропа елдері арасында азық-түлікке ақшаны ең көп (тұтыну шығындарының құрылымындағы үлесі бойынша) Қазақстан тұрғындары жұмсайды…»

РИА-новости

Үкім: Шындық

2019 жылдың қорытынды бойынша қазақстандықтар ТМД-ның еуропалық бөлігіндегі тұрғындарымен салыстырғанда «алда келеді» (тамаққа кететін шығын үлесі бойынша). Бірақ бізде Әзербайжан бойынша 2019 жылғы деректер жоқ екенін ескеру қажет. Сондықтан 2018 жылғы қорытынды бойынша, яғни АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің деректерін негізге алсақ, біз 110 елдің ішінде 102-орында болдық. Бізден кейін (отбасылық бюджеттің азық-түлікке кететін үлесі бойынша) кейбір дамушы елдер келеді. Бұл ретте америкалық статистикада тамақтан басқа, алкоголь мен темекіге кететін шығындар да ескерілген. Алайда бұл жалпы жағдайға әсер ете қоймайды. Енді ТМД-ның еуропалық бөлігіндегі елдермен салыстыруға тоқталсақ, Қазақстан 2019 жылы Украинаны артта тастап, сенімді «көш бастады» (екі елдің статистикалық агенттіктерінің ақпараты бойынша). Жалпы айтқанда, қазақстандықтар тамаққа неғұрлым көп жұмсай бастағаны, басқа қажет заттарға шығындарын соғұрлым азайтты деген сөз. Бұл – еліміздегі адамдардың өмір сүру сапасының төмендегенінің айқын көрінісі.

Көп сөздің орнына инфографика ұсынайық, өздеріңіз қарап, салыстырып көріңіздер:

Қазақстандағы және ТМД-ның еуропалық бөлігіндегі үй шаруашылықтарының тамақ өнімдеріне жұмсайтын үлесі

Тура сол мәліметті кесте түрінде тамашалап көріңіз:

Қазақстан және ТМД | табыстың қаншасы тамаққа жұмсалады?

Дереккөздер: Қазақстан, Ресей, Украина, Молдова, Беларусь, Армения, Әзербайжан* (2013-2018 жылдар аралығындағы Әзербайжан бойынша статистикалық деректер АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтынан алынды). Сондай-ақ АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің (USDA) ақпараты бойынша, кем дегенде 2013-2018 жылдар аралығында Қазақстан азаматтары Түрікменстан мен Өзбекстан тұрғындарына қарағанда ақшаның көп бөлігін азық-түлікке жұмсаған. USDA деректері ҚР Ұлттық статистика бюросының және ТМД елдеріндегі осы тектес бюролардың деректерінен айырмашылығы көп емес.

Factcheck.kz