6.01 | Тәуелсіз бақылаушының қамалуы, Қытай ДДСҰ мамандарын кіргізбеді, Grammy марапаттау рәсімі қашан өтеді?

Қытай ДДСҰ мамандарын елге кіруге рұқсат бермеді

Қытай коронавирустың қайдан шыққанын анықтайтын ДДСҰ мамандарын елге кіруге рұқсат бермеді. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.

ДДСҰ-ның екі сарапшысы жолда болған. Алайда виза проблемаларына байланысты Қытайға өте алмаған. Олар коронавирус ең алғаш рет анықталған Ухань қаласына келуді жоспарлаған.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшылығы желтоқсан айында Қытай билігімен мамандардың баратыны туралы келісімге келген еді.

Ұйым басшысы Тедрос Гебреисус екі маманның Уханьға жолға шыққанын ескере отырып, Қытай билігінің елге кіруге рұқсат бермеуіне ренжігенін айтты.

Нұр-Сұлтанда тәуелсіз бақылаушы Ғаділбек Серікбаев 15 тәулікке қамалды

Нұр-Сұлтан полициясы сейсенбі күні “Мұқалмас” қоғамдық бірлестігінің тәуелсіз бақылаушысы Ғаділбек Серікбаевты СОVID-ке тест тапсыруға барған жерінен алып кетті. Сот оны “заңсыз митинг өткізуге шақырды” деп айыптап, 15 тәулікке жапты. Бұл туралы белсенді Алма Нұрышева Veritas құқық қорғау ұйымының Facebook парақшасында жазғанын Азаттық радиосы хабарлады.

Сот қаулысында Ғаділбек Серікбаевтың Әкімшілік кодекстің 488-бап 7-тармағына сай (“заңсыз шеру өткізуге шақырды”) айыпталғаны, оған белсендінің Facebook парақшасында 2 қаңтар күні қалдырған жазбасы себеп болғаны жазылған. Жазбада Серікбаев 10 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы “Жастар” сарайы алдына күндізгі сағат 14.00-де “жиналуға шақырған”. Ғаділбек Серікбаев сотта айыбын мойындамаған.

Құқық қорғаушылар парламент сайлауы алдында тәуелсіз бақылаушылар мен белсенділерге қысым үдегенін айтады. Елде ондаған белсенді “сотпен тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты” деген күдікпен қамауға алынған. Кейбірі үйқамақта отыр. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында да полиция Қазақстанның әр аймағында ондаған адамның үйін тінтіп, кейбірін тұтқындаған.

Grammy марапаттау рәсімі кейінге қалдырылды

Grammy жүлдесін табыстау салтанаты коронавирус пандемиясына байланысты ресми түрде 2021 жылдың наурыз айының ортасына ауыстырылды. Бұл туралы Holanews.kz хабарлады.

Шоу продюсерлері, академия және CBS бірлесіп мәлімдеме жасап, марапаттау рәсімі коронавирус пандемиясына байланысты 2021 жылдың 14 наурызында жексенбіде өтеді деп көрсетілген. Аталған шара 31 қаңтарда Лос-Анджелестегі Staples Center-де өтіп, оны «The Daily Show» жүргізушісі Тревор Ноа жүргізуі керек еді.

«Біздің музыкалық қауымдастық мүшелерінің және шоу жасау үшін тынымсыз жұмыс істейтін жүздеген адамның денсаулығы мен қауіпсіздігінен маңызды ештеңе жоқ», — делінген хабарламада.

Биыл Grammy статуэткалары 84 аталым бойынша табысталады. Айта кетейік, 20 жастағы қазақстандық Иманбек Зейкенов (Imanbek) Roses SAINt JHN әнімен «Үздік ремикс» аталымында Grammy-ге үміткерлердің бірі атанды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz