5.01 | Билікті сынаған Джек Маның “жоғалуы”, сайлаудағы бақылаушы саны, TikTok кіммен соттасып жатыр?

12 жастағы қыз TikTok компаниясымен соттасып жатыр

Лондонда тұратын 12 жастағы қыз TikTok компаниясын сотқа берді. Оның айтуынша, компания Еуроодақтың жеке деректерін қорғайтын қатаң ережелерін бұзған. Бұл туралы Bloomberg сайты хабарлады.

Қыздың аты-жөні туралы ештеңе айтылмаған және мұндай қадамды судья мақұлдады. Сотқа 12 жастағы қыздың атынан Англиядағы балалар ісі бойынша өкілі Энн Лонгфилд қатысады. Оның айтуынша, егер қыздың аты-жөні айтылса оған қысым көбеюі мүмкін.

TikTok ережелеріне сай қосымшаны 13 жастан бастап қолдануға болады. Алайда 13 жасқа толмаған балалар видеоны көріп, бірақ жариялауға рұқсат етілмеген TikTok-тың арнайы нұсқасы бар. Мұндай нұсқада тек балаларға арналған видео көрсетіледі.

Қытайдың басқару жүйесін сынаған Джек Маның жұрт алдына шықпағанына екі ай болды

Қытайлық миллиардер, Alibaba негізін қалаушы Джек Маның жұрт алдына шықпағанына екі ай болды. Алып бизнесі Пекин шектеуіне ұшыраған кәсіпкердің қайда екені белгісіз. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

5.01 | Билікті сынаған Джек Маның "жоғалуы", сайлаудағы бақылаушы саны, TikTok кіммен соттасып жатыр?
Джек Ма. Фото: kharkiv.znaj.ua

Қытайлық танымал кәсіпкер соңғы рет қазан айының соңында Шанхайдағы форумда жұрт алдында сөйлеген. Жиын кезінде Ма Қытайдың қаржылық реттеу жүйесін сынаған, ізінше Қытай билігі Алибабаға еншілес компания Ant Group-тың акцияларын жариялауды тоқтатқан.

Қытай коммунистік партиясы әдетте сынға төзбейді және басшылардың қателіктері жайлы ақпараттарға тыйым салады. Қараша айында Ма кәсіпкерлерге арналған “Африканың бизнес қаһарманы” атты шоудың әділқазылығынан шеттетілген. Alibaba корпорациясының ресми өкілі Рейтер агенттігіне жюриліктен шеттетуге қазан айындағы дау себеп болғанын айтқан. Бірақ жай-жапсарына тоқталмаған.

Маның қазан айындағы сөзі қытайлық мемлекеттік органдардың Alibaba-ға қарсы тексеріс бастауына түрткі болды. Өткен аптада Қытай билігі Ant Group операцияларын қысқартып, компанияның басқару тиімділігіне күмән келтірген.

Мәжіліс және мәслихат сайлауында 400-ге жуық халықаралық бақылаушы болады

Қазақстанда 10 қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауында 400-ге жуық халықаралық бақылаушы болады. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясына сілтеп, Holanews.kz хабарлады.

Халықаралық байқаушыларды тіркеу процесі 4 қаңтар жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 18.00-де аяқталған.

ОСК мәліметінше, барлығы 398 халықаралық байқаушы тіркелген: 322-і — 10 халықаралық ұйымның атынан қатысады:

  • ТМД парламентаралық ассамблеясы (48),
  • ТМД атқару комитеті (179),
  • Ислам ынтымақтастық ұйымы (4),
  • ЕҚЫҰ демократиялық институттар мен адам құқығы бюросы (42),
  • ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы (9),
  • Шанхай ынтымақтастық ұйымы (15),
  • Түркітілді мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі (7),
  • Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының парламенттік ассамблеясы (7),
  • Түркітілді елдер парламенттік ассамблеясы (9),
  • Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі (2).

Бұған қоса, 31 мемлекеттен 76 байқаушы қатысады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz