Германияда балалар климатқа зиян келтіреді деген әлеуметтік жарнама пайда болды ма?

Әлеуметтік желілерде әйел мен екі бала бейнеленген плакаттың суреті (1, 2, 3, 4, 5) тарап жатыр. Плакатта «Zukunft oder klimakiller?» (қаз. – «Болашақ па, әлде климатты өлтіруші ме?) деп жазылған.

Германияда балалар климатқа зиян келтіреді деген әлеуметтік жарнама пайда болды ма?
Instagram-дағы посттың скриншоты

Пост авторлары бұл Германиядағы әлеуметтік жарнама екенін, «қоғамдық айыптау» (ана болуды айыптау тәрізді) және «отбасы мен адам өміріне жасалған ұят шабуыл» деп жазған.

Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Үкім: Манипуляция

Сурет Желіде 2020 жылы пайда болған, ол шындығында, ARTE телеарнасындағы деректі шоу эпизодының жарнамасы. Шығарылым қонақтары, балалы отбасылар мен чайлдфрилер балалардан қалатын көміртек ізін, басқаша айтқанда олардың климатқа әсерін талқылады. Яғни бұл әлеуметтік жарнама емес және мемлекеттік саясатқа жатпайды.

Бұған дейін «Балалардың өмірге келуін табиғатты қорғауға қарсы қою идеологиясы» туралы жалған ақпарат желіде 2022 жылдың басында да тараған еді.

Толығырақ

ARTEtv жобалары өзекті тақырыптарға арналады, ал 2019-2020 жылдары BirthStrike қозғалысы танымал болып жатқан еді. Ол климаттың жағымсыз өзгерістері тоқтағанша балалы болудан бас тартатын әйелдерді біріктіреді. Қауымдастық негізін қалаған Блайт Пепино «Kinderlos dem Klima zuliebe» (қаз. «Климат үшін баласыз қалу») эпизод кейіпкерлерінің бірі болды.

ARTEtv деректі жобасы сериясының «мұқабасы» 2020 жылғы күзде шығып, бірден көптеген жағымсыз пікір жинады. Пікір жазушылар «ақымақтық», «Дарвин сыйлығы» деп жазды. Көпшіліктің пікірінше, балаларға экологияны қорғап, саналы болуды үйретуге болады. Ғаламшардың «толып кеткені» туралы пікірді жақтаушылар да табылды.

Отбасы құрылымына қатысты мәселеде қоғам ғылыми негіздемелерді сұрады. ARTEtv-дің көміртек ізі туралы сериясында айтылған зерттеу – Environmental Research Letters журналында 2017 жылы жарияланған Кимберли Николас пен Сет Уайанстың жұмысы. Ғалымдар СО2 қалдықтарын азайту шараларының көбі тым жұмсақ деп есептейді, сол себепті олар тиімдірек шешімдерді іздеуді қолға алған. Нәтижесінде авторлар өздерінің есептеуі бойынша климаттың нашарлауымен күресетін ең тиімді 4 тәсілді ұсынды:

  1. Автокөліктен бас тарту;
  2. Ұшақпен ұшудан бас тарту;
  3. Өсімдіктен жасалған тағамдарды пайдалану;
  4. Бала санының біреуге аз болуы.

Дегенмен ғылыми қауымдастық өкілдері басқа пікірде. Ғылыми журналистер, колумнистер мен ғалымдардың көп бөлігі, біріншіден, балалы болудан бас тартпайды, екіншіден, ақырзаманды жақындату асыра сілтеу деп есептейді. 

Ғылыми тұрғыдан да, жеке көзқарасым бойынша да балалар бақытсыз болады деген пікірді жоққа шығарамын.

Кейт Марвел, климатолог, The New York Times-тағы пікірі

Ғалымдар бекерден-бекер олай айтып отырған жоқ. Олардың тұжырымы кейінгі ғылыми деректерге негізделген. 2023 жылдың наурызында climatescience.org ресурсы «Шынында балалы болмауға климаттың өзгеруі себеп пе?» деген тақырыпта шағын топтама дайындады. Қысқаша айтсақ: жоқ. Бала санының біреуге аз болуы шынында көміртек ізін қысқартуға мүмкіндік бергенімен басқа факторлар ескерілмеген: түрлі өмір салтын ұстанатын, тұтыну ерекшелігі бар адамдар арасындағы айырмашылық, қалдықтардың азаюына кейбір адамдардың оң әсері бар екені, сонымен қатар экономикалық тұрақтылық. Сондай-ақ адамзат дені сау, жұмыс істей алатын тұрғындарға тәуелді (оны туу деңгейі қамтамасыз етеді).

2021 жылы шу тудырған зерттеу авторларының бірі Кимберли Николас VOX-ке берген сұхбатында «тұрғындар санын қысқарту арқылы адамзат климат дағдарысын шеше алмайды және ата-ана болуы қажет екенін сезген адамдар балалы болуы керек екеніне келісетін шығарсыздар» деді.

Біз түсіну керек маңызды нәрсе – климат дағдарысын шешетін фактор тұрғындарды азайту емес. Себебі, климат дағдарысы мәселесін шешуге бізде алдағы бірнеше жыл ғана уақыт бар.

Біз көміртек балансы шектеулі екенін білеміз, ол біздің қандай дәрежедегі жылынуға тап болатынымызды анықтайды. Қазір біз қорқынышты әрі қауіпті шектік деңгейге жақындап қалдық. Не істеу керегін де білеміз: қазба отынды жерде қалдырып, жаңартылатын және тұрақты ауыл шаруашылығына көшу қажет. Алдағы онжылдықтағы жұмысымыз да – осы.

Жаңа адамдарды жасау? Әрине, көп адам көп ресурс пайдаланады және парниктік газ қалдығын көбірек тудыратыны рас. Бірақ қалдықтарды екі есе қысқартуға осы онжылдық қана бар екенін ескерсек, бізде климатты тұрақтандыруға уақыт шектеулі. 

Кимберли Николас

Расында Германия туу деңгейін қысқарту саясатын жүргізіп жатыр ма?

Постердің Германия саясатына еш қатысы жоқ екенін және телеарнадағы бағдарлама шығарылымының жарнамасы екенін жоғарыда айтып өттік.

Әр елдегі климат өзгерісімен күрес жоспары climateactiontracker.org сайтында бар. Біз Германияның бағдарламасымен танысып шықтық, ол жерде тұрғындар санын қысқарту және туу деңгейін бақылау туралы ештеңе айтылмаған. Бұдан бөлек көміртек ізін қысқартуға арналған, мәселен, Еуроодақтың я NASA climate kids ұсыныстары қолжетімді. Әр адам өз әдеттерін экология үшін пайдалы іс-әрекеттерге ауыстырып үлес қоса алады.

Контекст

Климат дағдарысымен күресу мақсатында 2015 жылы Париж келісіміне қол қойылды. Оған 194 ел қосылды, олардың әрқайсысы климатты өзгертуге байланысты мақсат қойып, түрлі бағдарламалар көмегімен оларды орындайды. Келісім қатысушыларының қандай жетістігі бар екенін climateactiontracker.org сайтынан бақылап отыруға болады.

Factcheck.kz