Фактчек | Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей азаматтардың жеке деректерін алмасу туралы келісімге қол қойды

21 шілдеде баспасөз құралдарында Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей азаматтардың жеке деректерін алмасу туралы келісімге қол қойғаны туралы ақпарат шықты (1, 2, 3, 4, 5, 6). Жаңалық ресурстары дереккөз ретінде Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың сайтын көрсеткен (мақала жарияланған уақытта алғашқы дереккөздегі дерек өшірілген, парақшаның кэштелген архивінің сілтемесі мына жерде).

Енді мемлекеттер азаматтық, елге кіру рұқсаты, миграциялық есеп деректері, виза, азаматтардың мүлкі, соттылығы және жауапқа тартылуы, сондай-ақ жеке басын растайтын құжаттары туралы деректерді алмасады. Сондай-ақ келісім өз азаматтарының деректерін ғана емес, үшінші мемлекеттердің азаматтары туралы да ақпарат алмасуға рұқсат береді.

 «Настоящее время» телеарнасы

Factcheck.kz редакциясы оқырмандар өтінішімен расымен осындай келісімге қол қойылған-қойылмағанын, қол қойылған болса, оның нені білдіретінін тексеріп көрді.

Үкім: Шындыққа жақын

Мемлекеттер расымен «Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» келісімге қол қойды. Бірақ бұл 2020 жылғы 18 желтоқсанда Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) қауіпсіздік кеңесінің отырысы кезінде болған. 21 маусымда Қырғызстан келісімді ратификациялаған үшінші мемлекет болғаны белгілі болды. Қазақстан мен Ресей мұны ертерек, 2022 жылғы 1 сәуірде және 2021 жылғы 19 қарашада істеген.

Құжатқа сәйкес, өтініш бойынша мемлекеттер бір-біріне мынадай деректер бере алады: азаматтықтың бар-жоғы туралы; тұрақты (уақытша) болуға (тұруға) құқық беретін құжаттар туралы; миграциялық есепке тұрғызу не азаматтардың, үшінші мемлекеттердің және азаматтығы жоқ адамдардың тұру (келу) орны бойынша тіркеу туралы; виза беру, жылжымайтын мүлік, міндетті мүліктік сипаттамалар туралы; соттылығы және қылмыстық не әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы; жеке басын растайтын құжаттар туралы.

Жеке деректер — жеке тұлғаға тікелей не жанама қатысты, не сәйкестендірілген, не сәйкестендірілуі мүмкін кез келген ақпарат.

Толығырақ

Уәкілетті органдар жауапкершілік саласына сәйкес өтініш бойынша адам туралы ақпарат береді. Мысалы, Қазақстан әділет министрлігі жылжымайтын түлік туралы хабарласа, ішкі істер министрлігі азаматтықтың бар-жоғы туралы, тұрақты (уақытша) болуға (тұруға) құқық беретін құжаттар, миграциялық есепке тұру немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу, виза беру, әкімшілік жауапқа тарту, жеке куәлік туралы деректерді хабарлайды. Бас прокуратура қылмыстық не әкімшілік жауапқа тартылған адамдардың жеке деректерін ұсынады.

Уәкілетті орган өтініш түскен соң екі айдың ішінде сұрау салған тарапқа жауап беруі керек. Сондай-ақ құжатта мемлекеттердің әрбірі мына жағдайда деректерді беруден бас тартуға құқылы: егер өтініш егемендікке, қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке зиян тигізетін болса; сұрау салып отырған тарап нәсілі, жынысы, діні, азаматтығы, ұлты, белгілі бір әлеуметтік топқа қатысы немесе саяси себептермен қудалауды жоспарласа. Кез келген қатысушы ТМД мемлекет депозитарийге (ТМД атқарушы комитетіне) ескерту арқылы келісімнен шыға алады немесе қосыла алады.

Қазіргі таңда келісім Қырғызстанда іске аспайды. Президент әкімшілігінде нақтылағандай, келісім қырғыз тарапының мемлекет ішіндегі процедураларын аяқтаған соң күшіне енеді.

Тағы қандай құжатқа қол қойылды?

Қауіпсіздік кеңесі отырысында барлығы 11 құжатқа қол қойылған. Олардың ішінде мыналары бекітіліп, қабылданған: ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасының жаңартылған нұсқасы, БҰҰ құрылғанына 75 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеме.

Фактчек | Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей азаматтардың жеке деректерін алмасу туралы келісімге қол қойды
Foto 2020 жылғы 18 желтоқсанда қол қойылған құжаттар тізімі

ТМД қауіпсіздік кеңесі отырысына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Молдова президенті Игорь Додон, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты.

Қазір ТМД-ға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан кіреді. Түркіменстан ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі саналады.

ТМД қауымдастырылған мүшесі — ұйым қызметінің белгілі бір түрлеріне ғана араласуға ниет білдірген мемлекетке берілетін статус.

Қазақстан ТМД елдеріне қашқындарды қалай береді

ТМД-ға мүше егемен мемлекеттер арасында екіжақты немесе көпжақты келісімдермен реттелетін құқықтық алаң бар. Олардың негізгілерінің бірі 1993 жылғы 22 қаңтар (Минск қ.) және 2002 жылғы 7 қазан (Кишинёв қ) «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы» конвенция. Бұл конвенция аясындағы негізгі бағыттардың бірі қашқындарды экстрадициялау, яғни, бір мемлекеттің екіншісіне қылмыстық жауапкершілік және үкім орындау үшін жіберу. Конвенцияның 56 және 66 бабының 2 бөліміне сәйкес, екі мемлекетте де қылмыс саналатын және кемінде бір немесе одан да қатаң бас бостандығынан айырылу қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін беру». Конвенцияның 56 және 66 бабының 3 бөліміне сәйкес, «үкімді орындау екі мемлекетте де жазаға тартылатын қылмыс саналатын және сұралған адамға кемінде алты айдан немесе одан да қатал жазаға тартылғалы жатса жүзеге асырылады». Экстрадиция мәселелері жөніндегі құқықтық келіссөздер тек қана прокуратура органдары арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекетаралық іздеудің орталықтандырылған ақпараттық массивін құру және жүргізуге мемлекетаралық ақпараттық банк аясында Ресей ішкі істер министрлігінің ақпараттық-сараптамалық орталығы жауапты.

Сондай-ақ Қазақстан ТМД елдерімен бірге Интерпол (Қылмыстық полицияның халықаралық ұйымы) мүшесі. Интерпол жарғысының 3 бабына сәйкес, саяси, діни, әскери немесе нәсілдік сипаттағы қылмыс жасаған қашқындарды іздеу жүзеге асырыла алмайды.  

Экстрадиция мүмкін емес жағдайлар

Экстрадиция туралы өтініш егемендікке немесе қауіпсіздікке кесірін тигізсе немесе өтініш түскен мемлекеттің заңдарына қайшы келсе, қабылданбауы мүмкін.

БҰҰ босқындар жөніндегі Конвенциясының 33 бабы 1 бөліміне сәйкес, бұл құжатқа қосылған мемлекет босқындарды нәсілі, діні, азаматтығы, саяси ұстанымдары немесе мемлекеттегі белгілі бір топтарға қатысы бойынша қауіпті мемлекетке экстрадициялана алмайды. Осы баптың  2-бөлімінде «босқындарды сол мемлекетке қауіп төндірген немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін айыпталған жағдайда бере алады».

Қазақстанда (2010 жыл), Ресейде (1993 жыл), Қырғызстанда (2002 жыл), Тәжікстанда (2002 жыл), Беларусьте (2008 жыл), Әзербайжанда (1999 жыл), Түркіменстанда (2012 жыл) босқындардың құқығын қорғауға бағытталған заңдар бар.

Контекст

Қырғызстанда азаматтар туралы деректерді ұсыну келісімінен бөлек адамның бет-әлпетін тану жүйесі іске қосылған. Ол ТМД жерінде мемлекетаралық іздеу жарияланған азаматтарды таниды. Күштік ведомство дерегінше, 2-12 маусым аралығында сыртқы бақылау камералары арқылы 57 адам анықталып, ішкі істер органдарына жіберілген. Олардың көбі – Қырғызстан азаматтары. Олар әртүрлі қылмыстар жасағаны үшін ТМД бойынша іздеу жарияланған. Оның ішінде, ұрлық, алаяқтық, құжат жасау, тонау, адам ұрлау, жол апатында адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян тигізу бар. Олардың кейбіріне 8-9 жыл бұрын іздеу жарияланған. Ресейлік құқық қорғау органдары қырғызстанға мемлекетаралық іздеудегі  85 мыңнан астам адам туралы ақпарат ұсынған.

«Медиазона» басылымының дерегінше, осы жылдың маусым айында бішкекте ресейлік белсенділерді қамауға алу жиілеген. 12 маусымда «Левое сопротивление» белсендісі Алена Крылованың қамауға алынғаны белгілі болды. Ресейде оны «экстремистік қауымдастық» құрғаны үшін халықаралық іздеуге жіберген.

9 маусымда Қырғызстанда «Левый блок» белсендісі Лев Скорякин қамауға алынды. Оған бұзақылық ісі бойынша іздеу жариялаған. Оған дейін мемлекет билігі Ресейге анархист Алексей Рожковты депортациялаған. Ол әскери комитетті өртеді деп айыпталған еді.

Қазақстанда да бірнеше ресейлік азамат қамауға алынды. 2022 жылғы 30 қыркүйекте Астанада бурят журналисі Евгения Балтатарова ұсталды. Оған Ресей армиясын дискредитациялағаны үшін іздеу салынған еді. 2023 жылғы маусымда Балтатарова Қазақстан билігі уақытша болу рұқсатын созудан бас тартқаны үшін депортация қаупі төніп тұрғанын хабарлады. Материал жазылып жатқан кезде журналист елде болды.

2023 жылғы ақпанда Қазақстанда РФ сұрауымен анархист Денис Козак қамауға алынды. Ресей оны «терроризмді жақтады» деп айыптап отыр.

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz