DEMOSCOPE пен PaperLab: азаматтардың АЭС салу туралы ойы екіге бөлінді

Қазақстандықтардың елде АЭС салуға қатысты пікірі екіге бөлінді. Сауалнамаға қатысқан адамның 46,6%-і құрылыс идеясын қолдаса, 37,7%-і қарсы екенін айтады.

2023 жылғы 22 қыркүйек пен 4 қазан аралығында қоғамдық пікірге экспресс-мониториң жасайтын DEMOSCOPE бюросы мен Paperlab Конрад Аденауэр атындағы зерттеу орталығының қолдауымен «Қазақстандықтардың атом электр станциясының (АЭС) құрылысына көзқарасы» тақырыбында сауалнама жүргізді.

Сауалнама нәтижелері Қазақстандағы АЭС құрылысы мәселесіне қатысты қоғамдық пікірдің екітүрлі екенін көрсетті. Респонденттің 46,6%-і бұл бастаманы қолдайды. Оның ішінде 30,8%-і сөзсіз қолдаса, 15,8%-і жай ғана қолдайды. Ал 37,7%-і қарсы екенін айтса, 25%-і құрылыс идеясын мүлде қолдамайды, қалған 12,7%-і жай ғана қолдамайтынын жеткізді. Бұл мәселеде АЭС құрылысына нақты қарсы және нақты қолдайтындардың үлесі басым.

Бір қызығы, қазақстандықтардың 36,8%-і үкіметтің Атом электр станциясын салу жоспары туралы ештеңе білмейтін және естімеген болып шықты. Бұл ретте 34,1%-і жақсы хабардар болса, 29,1%-і хабарды естіген, бірақ мән-жайды егжей-тегжейлі білмейді.

  • DEMOSCOPE пен PaperLab: азаматтардың АЭС салу туралы ойы екіге бөлінді
  • DEMOSCOPE пен PaperLab: азаматтардың АЭС салу туралы ойы екіге бөлінді
  • DEMOSCOPE пен PaperLab: азаматтардың АЭС салу туралы ойы екіге бөлінді
  • DEMOSCOPE пен PaperLab: азаматтардың АЭС салу туралы ойы екіге бөлінді
  • DEMOSCOPE пен PaperLab: азаматтардың АЭС салу туралы ойы екіге бөлінді
  • DEMOSCOPE пен PaperLab: азаматтардың АЭС салу туралы ойы екіге бөлінді
  • DEMOSCOPE пен PaperLab: азаматтардың АЭС салу туралы ойы екіге бөлінді
  • DEMOSCOPE пен PaperLab: азаматтардың АЭС салу туралы ойы екіге бөлінді
  • DEMOSCOPE пен PaperLab: азаматтардың АЭС салу туралы ойы екіге бөлінді

Сауалнамада респонденттерден АЭС құрылысын не себепті қолдап-қолдамайтыны да сұралды. Құрылысты қолдайтындардың басты себептері мынадай:

  • 51,5%-і елдегі электр қуатының тапшы болуы мәселесі шешілетініне сенімді;
  • 10,6%-і электр қуатына тарифтер төмендейді деп санайды;
  • 8,7%-і жаңа технологиялар дамитынына, білім алмасатынымызға сенімді;
  • 7,8%-і таза қуатты пайдаланып, қоршаған ортаға зиян азаятынын айтады;
  • 6,3%-і Қазақстанның халықаралық имиджін нығаятынын алға тартады.

Ал АЭС құрылысына қарсы респонденттер мынадай аргумент келтірді:

  • 47,9%-і радиация болуы мүмкін екенін айтады;
  • 31,3%-і Балқаш көлінің суы азаяды және басқа да экология зардаптары болады дейді;
  • 7,4%-і АЭС құрылысы кезінде сыбайлас жемқорлық болатынынан қауіптенеді;
  • 6,7%-і кәсіби мамандар мен тәжірибенің жоқ екенін алға тартады;
  • 5%-і ел бюджетіне ауыр шығын екенін айтады.

Сонымен қатар зерттеу елдегі электр қуатының тапшылығы қазақстандықтың көбі үшін өте маңызды мәселе екенін, олардың басым бөлігі қазірдің өзінде электр қуатынсыз қалып жатқанын анықтады. Сол себепті кейбір респондент осы мәселенің шешімі ретінде Атом электр станциясының құрылысын көріп отыр.

Сауалнамаға қатысқан адамның 70%-і электр қуатының тапшы болуын өзекті мәселе санайды. 20%-і бұл пікірмен келіспейді.

Оның үстіне, кейінгі 12 айда қазақстандықтың басым бөлігі (60,9%-і) электр қуатынсыз қалған. Респонденттің 44,3%-і бірнеше рет, ал 16,6%-і тұрақты түрде осы проблемаға тап болған. Алайда респонденттің 38,8%-і мұндай мәселе басынан өтпегенін айтты. Болжам бойынша,электр қуатынсыз қаладағыларға ( 57,2%) қарағанда көбіне ауылдағылар ( 67,9%) қалып жатады.

Қыркүйектің басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауында Атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізуді ұсынды. DEMOSCOPE сауалнамасының тағы бір мақсаты – адамдардың референдумға қаншалық сенетінін және оған қатысатынын анықтау.

Алдағы бір-екі айда референдум болса, сауалнамаға қатысқанның 31,2%-і дауыс беруге міндетті түрде баратынын, 14,4%-і барғысы келетінін айтты. Ал 19,8%-і дауыс беруге бармайтынын кесіп айтты. 12,3%-і екіойлы болса, 18,8%-і рефердунумға қатысып-қатыспайтынын шешпегенін айтады.

Оған қоса респонденттің 56,9%-і АЭС құрылысына қатысты референдум нәтижесіне сенуге болатынын айтса, 10,7%-і толық сенетінін жеткізді. 32,4%-і болатын референдумның қорытындысына аса сенбейтінін мәлімдеді, ал 20,6%-і мүлдем сенбейді екен.

Қазақстанда Атом электр станциясын салу үшін әртүрлі елдің компанияларымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Геосаяси дағдарыс жағдайында серіктес таңдау маңызды стратегиялық қадамға айналады. Сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың нақты бір шетел компаниясына басымдық бермейтінін көрсетті:

  • Ресейлік компания – 23,3%
  • Оңтүстік Корея компаниясы – 19,7%
  • Қытай компаниясы – 7,2%
  • Француз компаниясы – 4,5%
  • Басқа елден келген компания – 5,3%.

DEMOSCOPE зерттеуі халықтың Үкіметтің атом электр станцияларын салу жоспарлары туралы хабары аз екенін көрсетті. Мемлекет объективті деректерді беріп, азаматтардың пікірін ескере отырып, халық арасында ашық ақпараттық жұмыс жүргізуі керек екені анық.

Factcheck.kz