Деколонизация: Орталық Азия тілдерінің болашағы қандай?

Ресей әлі де өзінің тіл саясатын бақылауға тырысатын әлемдегі санаулы аймақтардың бірі – Орталық Азия. Сондықтан мұнда мемлекеттік тілдің даму траекториясына тек ұлттық үкімет емес, Ресей билігі де әсер етеді.

Орталық Азиядағы тілдердің болашағы қандай? Қай әдіс тиімді, радикалды ма, әлде сабырлы саясат па? Бұл материалда Factcheck.kz редакциясы Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Ресей журналистері мен зерттеушілерімен бірлесіп, аймақтағы елдердің тіл саясатын және Орталық Азия тілдеріне Ресейдің ықпалын талдап, төрт ықтимал сценарийді ұсынады.

Дисклеймер: бұл мақалада Тәжікстандағы тілге қатысты мәселені қозғамаймыз. Ол туралы Your.tj сайтындағы әріптестеріміз дайындаған бөлек материал бар.

Болашақтың нұсқалары 

Постсоветтік елдерде деколонизация туралы дискурс пайда болғаннан бері орыс тіліне «отаршыл» деген белгі таңылды, ал Ресейдің Украинаға басып кіруінің негізгі себептерінің бірі «орыс тілін кемсіту» еді. Соғыстың басталу себептері мен одан кейінгі оқиғалар – орыстың тілі «агрессордың тілі» деген түсінікті мықтап бекітті.

Сонымен бірге орыс тілі әлем тілдерінің бірі және БҰҰ-ның ресми тілі болып қала береді. Орыс тілін білу көптеген ақпараттық ресурстарды және экономикалық, мәдени, ғылыми және басқа да мәтіндерді оқып, игеруге мүмкіндік береді. Орталық Азияда шетелге оқуға баратын жастардың жартысына жуығы Ресейді таңдайды. Ал орыс тіліне балама деп санауға болатын ағылшын тілін білу жағынан аймақ елдері әлі де дүниежүзі рейтиңінде соңғы орында тұр.

Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік және орыс тілінің болашағын болжау қиын болса да, біз бірнеше сценарийді келтіріп көрдік.

Эволюция жолы

Аймақтағы елдер үшін ықтимал сценарийлердің бірі – тіл мәселесін шешуді табиғи демографиялық өзгерістердің еркіне қалдыру, яғни халықтағы этникалық орыстардың үлесі ең төменгі минимумға дейін азайғанша күту. Орталық Азиядағы орыстар – орташа жасы 38-40 жастағы қартайған этникалық топ. Оған қоса, орыстілді халықтың Ресейге және басқа елдерге біртіндеп эмиграциялануы байқалады.

Бұл сценарийдің логикасы – орыстың болмысы мен мәдениетін сақтайтындармен бірге орыс тілінің ықпалы да жойылады. Бірақ іс жүзінде орыс тілінің ықпалы этникалық орыстардың санына айтарлықтай тәуелді емес. 

Экономикалық, саяси және демографиялық себептерге байланысты Орталық Азия елдеріндегі орыс халқының саны КСРО ыдырағанға дейін де жүйелі түрде азайып отырған, ал 1990 жылдары оның қарқыны артты. Мәселен, Қырғызстанда орыстар саны 1989 жылы 916 500 адам болса, 2019 жылы 348 900-ге дейін азайды. Өзбекстанда да дәл солай: 1989 жылы 1 653 400 орыс тұрса, 2017 жылы 750 000 қалды. Түркіменстанда орыс халқы үш есе қысқарған – 1989 жылдан 2016 жылға дейін 339 900-ден 101 900-ге дейін азайды.

Қазақстан аймақтағы орыс халқы ең көп шоғырланған ел, бірақ соған қарамастан, жалпы тенденция сақталып отыр: соңғы 30 жылда орыс халқының саны екі есеге азайған – 1989 жылы 6,2 миллион болса, 2021 жылы 2,8 миллион ғана қалған.

Алайда, бұл мақаладағы тілдік ахуалды талдаудан көретініміздей, орыс тілінің Орталық Азиядағы ықпалы азаймай келеді. Сондықтан біз «күту» нұсқасының орындалуы екіталай әрі тиімсіз деген байламға тоқтаймыз. Тіл мәселесінде демография маңызды, бірақ негізгі рөлді атқармайды. Сонда шешуші фактор не болуы мүмкін?

Радикалды жолы

Түркіменстан мен Латвияның орыс тіліне қатысты қатаң шектеу саясатының айтарлықтай тиімді екенін көрсетті. Бұл елдерде балабақшадан бастап орта мектепке дейін білім берудің барлық деңгейінде ана тілінде оқытады.

Бұл тәсіл «тіл ұясын» жасау деп аталады – барлық ересек балалармен кішкентай кезінен бастап ана тілінде сөйлейді. Өскелең ұрпаққа бағытталған тілді жаңғыртудың бұл әдісі тілдік сабақтастыққа ықпал етеді және тіл саясаты университеттер мен жұмыс орындарында жалғасқан жағдайда тілді тұрмыста ғана емес, кәсіби деңгейде қолдануға дейін дамытады.

Орыс тілінің рөлін шектейтін басқа шараларға — жазуды латынға көшіру (Түркіменстан жағдайында), орыстілді БАҚ-қа тыйым салу және, ең бастысы, сыртқы саясат бағытын өзгерту: Түрікменстан үшін — Түркияға қарай, Латвияның ЕО-ға қарай ойысуы.

Дегенмен, бұл жерде де нюанстар мен кемшіліктер жетерлік. Ең бастысы – қоғамдағы ұлтаралық шиеленістің күшеюіне әкелетін аз ұлттардың тілдік құқықтарына қысым жасау. Бұл туралы Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының баяндамасында айтылған, құжатта Эстония мен Латвияның азшылық топтың білім алуын шектеуге байланысты тіл саясатын сынап, кемсітушілік деп атады.

Халықты жүйелі түрде дайындамай, тіл саясатын бірден қатаңдату ел тұрғындарының бір бөлігі көркем және ғылыми әдебиетке, публицистикаға және цифрлық БАҚ-ты оқудан айырылатын мәдени және ғылыми оқшаулануға әкелуі мүмкін.

Бірақ біз бұл сценарийдің дамуының ең маңызды кедергісі – Орталық Азия елдерінің көбісі Ресеймен берік экономикалық байланысы деп ойлаймыз.

Жаһандану жағдайында бірде-бір мемлекет біртілді саясатты ұстануы мүмкін емес, ал екінші тілді таңдау негізінен шетелдік байланыстардың халық үшін ең тиімді және қолжетімді екендігімен анықталады. Сондықтан көптеген ел отарлаудан кейінгі кезеңде еуропалық отарлаушы мемлекеттердің, атап айтқанда ағылшын, француз және португал тілдерін сақтап қалды.

Бірақ бұл орыс тілі Орталық Азия елдерінде де осындай рөл атқарады дегенді білдірмейді, алайда одан түбегейлі бас тартпай тұрып не оны шектемес бұрын, ең болмағанда өз халқына балама ұсыну керек. Мысалы, ағылшын тілін сапалы әрі тиімді оқытуды қамтамасыз ету және шетел университеттерімен ынтымақтастық орнату.

Тиімсіз саясат не түлкі бұлаңға салу

Бұл жағдайда негізінен Түркіменстанды қоспағанда, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздік алғаннан бері бүгінге дейінгі тіл саясатын көрсетеді, бұл болашақта әбден орындалуы мүмкін сценарий. Басқаша айтқанда, статус-квоны сақтау.

Бір жағынан қарасақ, бірқатар себептерге байланысты қажетті нәтижеге жете алмаған тілді дамытуға арналған көптеген мемлекеттік бағдарламалардың енгізілуі, ал екінші жағынан, негізгі экономикалық серіктестердің бірі Ресеймен тату-тәтті қарым-қатынасты сақтау мақсатында орыс тілін қолдаудың әртүрлі бастамаларымен сипатталады.

Тиімсіз саясаттың мысалы ретінде Өзбекстанда отыз жыл ішінде ішінара ғана жүзеге асырылған латын әліпбиіне көшу немесе Қазақстандағы осыған ұқсас реформаны жатқызуға болады, оны жүзеге асыру да бірқатар қиындықтарға кезігіп келеді.

Осылайша, қомақты бюджет қаражаты бөлінетін мемлекеттік тіл саясаты нақты нәтиже бермей, қағаз жүзінде ғана керемет болып көрінетін әсер қалдырады.

Бұл ретте Орталық Азия елдерінің орыс тілін қолдау жөніндегі бастамалары, сондай-ақ Ресейдің аймақтағы тіл саясатының болашағы зор болып көрінеді. Орыс тілін халықтың едәуір бөлігі әлі де беделді деп ойлайды, ал Ресей әлі де жоғары білім алуға немесе жұмыс іздеуге арналған ел ретінде қарастырылады.

Ресейдің ақпараттық ықпалы ең да алдымен теледидар арқылы, кейде саяси қысым арқылы да маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік тілдің позициясын нығайту әрекетін Мәскеу көбінесе орыс тілділердің құқығын шектеу деп, ал күнделікті тілдік негіздегі қақтығыстарды этникалық орыстарды кемісту ретінде қабылдайды.

Ресейдің Украинаға басып кіруінің негізгі мәселесінің бірі тіл екені Орталық Азия елдерінің мемлекеттік тіл саясатын жүргізуде барынша сақтық танытуға, қажет болған жағдайда сабырлы саясатты ұстануға ескерту ретінде қабылдауға болады. Бірақ аймақ тұрғындары мұндай айла-шарғы жасау әрекеттерін, тиімсіз реформалармен қатар, ұлттық мүдделерге қарағанда шетелдік мүдделер жоғары қойғандай қабылдап, бұл әлеуметтік шиеленіске әкеледі. Ал үкімет халықпен тіл табысуға жеткілікті күш салмай отыр.

Түптеп келгенде, мұндай сценарий тілді дамытпайды және белгілі бір дәрежеде тілдің жағдайын одан сайын қиындатып, бұрыннан бар мәселелердің шешімін ұсынбайды.

Тұрақты саясат пен тілдің беделі

Тілді жаңғыртудағы табыс билік, сарапшылар және азаматтық бастамалар арасындағы өзара бірлескен өнімді жұмысқа негізделген. Мемлекет заңнамалық база мен қаржыны қамтамасыз етеді, мамандар мен белсенділер қоғамның қажеттіліктері мен белгілі бір реформаларға дайындық деңгейін бағалайды. Кез келген ауқымды өзгерістер, әсіресе білім беру жүйесінде, кадрлар мен ресурстарды жан-жақты (қайта) даярлаудан басталады – барлық жастағы оқушыларға білім берудің заманауи әдістемелері, әсіресе мемлекеттік тілді шет тілін оқыту әдістемесіндей артықшылықтары болуы тиіс.

Латын графикасына көшу интеллектуалды және ақпараттық технология процестерін жеделдете алады. Кириллицаны ауыстыру Орталық Азиядағы мемлекеттік тілдерге де автономия береді. Алайда латынға көшер кезде, тілдің дамуын бәсеңдететін сценарийді болдырмау үшін, көлденең шығатын қателер мен мүмкіндіктерді алдын ала талдап, реформаны жан-жақты қарастыру керек.

Мысалы, мектепте балаларды оқытумен қатар, ересектерге жаңа графиканы оқыту әдістемесін әзірлеу; барлығы үшін онлайн және офлайн қайта даярлау курстарын жасау; баспалармен бірлесіп, классикалық, заманауи көркем және ғылыми әдебиеттерді жаңа әліпбиге көшіру бойынша ауқымды бағдарламаны іске қосу; кириллицаны латын қарпіне автоматты түрде аударуға арналған бағдарламалар мен қосымшаларды әзірлеу; қайта даярлаудан өтпейтін азаматтардың топтары үшін қай жағдайда екі алфавитте ақпарат қатар берілуі тиіс екенін анықтау.

Кез келген тілді сәтті дамыту – оны үйренуге және қолдануға оң мотивация жасау. Тіл қажетті, пайдалы һәм беделді болуы керек. Үгіт-насихат пен мәжбүрлі түрде үйрету мәселені шешпейді. Мемлекет тарапынан кәсіби қызметте мемлекеттік тілде сөйлейтіндерді ынталандырудың тиімді жолдарын жасау керек, мысалы, мемлекеттік тілді меңгерген бюджеттік сала қызметкерлеріне сыйлықақы беру, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған квота, мемлекеттік тілде мақала жазғаны үшін ғылыми қызметкерге арналған гранттар және т.б.

Бұл ретте өзге тілді қауым өкілдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін шектемеу маңызды – яғни тілді білмегені үшін айыппұл салудың орнына, сөйлегені үшін марапаттау қажет. Басқа тілдегі білім беру бағдарламаларына тиіспей, мемлекеттік тілді меңгерген студенттердің саны артқан сайын ресурстарды біртіндеп қайта бөле отырып, мемлекеттік тілде жаңа бағдарламалар ашу керек.

Халықтың жалпы білім деңгейін көтеру мемлекеттік тілдің беделін көтеруде өте тиімді болуы мүмкін. Ата-ана баласына мектеп пен білім беру тілін таңдағанда көбінесе идеологиялық емес, прагматикалық мотивтерді басшылыққа алады – қай тілде білім сапасы жақсы, қай тіл баланың болашағы үшін пайдалы болады. Мемлекеттік тілде оқытатын мектептерде білім деңгейі неғұрлым жоғары болса, ата-ананың да таңдау соған түседі.

Тілді меңгеруді тиімді жоспарлау халық арасына лезде сіңіп, танымал болып кетпейді. Тілді жандандыру уақыт пен үлкен инвестицияны қажет етеді. Бірақ біз атап өткен шаралардың негізгі кемшілігі – бастама көтерген адамға лезде саяси ұпай жинап алуға себеп болмайды. Өзгеріс баяу жүреді, ал нәтижелерді қағаз бетінде әдемі сандармен көрсету қиын болады. Азаматтардың популистік көңіл-күйімен ойнап, тіл мәселесін пайдалану әлдеқайда жеңіл.

Орталық Азияның ішкі, сыртқы тіл саясаты

КСРО тарағаннан кейін Орталық Азиядағы жаңа республикалар өздерінің ана тілдерін қалпына келтіріп, дамыта бастады – оның табысы бұрынғы отаршыл мемлекетпен саяси қарым-қатынасқа және бірқатар факторларға байланысты. Ресейдің міндеті тілді негізгі және өте тиімді құралдардың бірі ретінде пайдаланып, өзінің ықпал ету аймағында мүмкіндігінше постсоветтік мемлекеттерді сақтап қалу болды.

Орыс тілі — Кремльдің «жұмсақ күші»

ХХІ ғасырда Ресей билігі Орталық Азиядағы мүддесін жүргізуді жалғастыру үшін орыс тілін «жұмсақ күш» ретінде пайдаланып келеді. Мұнда ресейлік университеттер салынып, білім беру және мәдени алмасу бағдарламалары іске қосылып, бірлескен форумдар, көрмелер, конкурстар, курстар және басқа да іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Жұмсақ күш, онымен қоса, Ресейдің мемлекеттік медиасының көмегімен насихатталады. Орталық Азия елдерінде Sputnik басылымының редакциялары бар («Россия сегодня» ақпараттық агенттігінің бөлімі). Аймақтағы ресейшіл телеарналардың қатарында ВГТРК («Россия 1», «Россия 24» және РТР-Планета), «Первый канал», «НТВ», «РЕН ТВ», «Царьград» және «Звезда» (РФ Қарулы Күштерінің ресми телеарнасы) хабар таратады.

Кремльдің күн тәртібін тарататын ресейлік интернет БАҚ-тары да аймақта танымал, мысалы, «Лента.ру», «ТАСС», «РИА Новости», «РБК», «Ведомости», «Газета.ру», «Коммерсант», «Комсомольская правда», «Аргументы и факты», т.б.

Мысалы, ресейлік арналар Қырғызстандағы ақылы цифрлық телевидениенің негізгі пакетіне кіреді және елде жоғары сұранысқа ие, дейді Соғыс пен бейбітшілік институтының зерттеушілері Еуропаның қауіпсіздікті зерттеу орталығының бағдарламасымен бірлесіп. Олардың айтуынша, Қырғызстан тұрғындары Украинадағы соғыста Ресейді қолдайды, не ақпараттың көптігінен нақты бір ұстанымы жоқ.

Қазақстанда Ресейдің мемлекеттік телеарналарын кабельдік не спутниктік арналарды қосу арқылы көруге болады. Олардың ықпалы Украинадағы соғысқа деген қазақстандықтардың көзқарасын айтқан кезде анық білінеді.

2023 жылы мамырда DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониториң жүргізу жөніндегі қазақстандық бюросы жүргізген сауалнамада респонденттердің көпшілігі – 59,8% бейтарап болғанымен, Ресейге қарағанда Украинаны қолдайтындар екі есе көп екенін көрсетті (21,1% – 12,8% қарсы), аудиторияның үштен бір бөлігі — 31,8% — Кремльдің «арнайы әскери операция» және «НАТО-мен соғыс» туралы жаттанды пропагандасын айтады, ал 39,8% Украинада нақты не болып жатыр деген сұраққа жауап беруге қиналады. 

Аймақ үкіметтері Орталық Азия елдерінің заңдарында тыйым салынған соғысты ашық насихаттап жатқанына қарамастан, ресейлік телеарналардың хабар таратуын шектеуге асықпайды, себебі, Мәскеумен қарым-қатынастың күрт нашарлауы және соған байланысты саяси, экономикалық сипаттағы проблемалардан қорқады.

Бірақ, арасында белгілі бір ресурстар бұғатталады. Әдетте, саяси себептермен емес. Мысалы, 2023 жылғы қарашада Sputnik24.tv сайты Қазақстанда лицензиясы жоқ ресейлік арналардың бағдарламаларын көрсететіндіктен ел аумағында бұғатталды. «Царьград» веб-сайтының жағдайы мүлде бөлек. Тамызда экстремистік пропагандаға байланысты ол сайтқа кіруге шектеу қойылды. Алайда, осы материалды жазу кезінде сайтта ешқандай шектеу жоқ екені белгілі болды, кірген кезде браузер «қауіпсіз қосылым» туралы ескертуді ғана көрсетеді.

Жергілікті зерттеушілер Ресей Федерациясынан телеарналардың көрсетілуінің жалғасуын аймақтың меншікті медиа нарығының нашар дамығанымен түсіндіреді.

Кремль орыс тілін және оның аймақтағы ықпалын насихаттау үшін басқа да құралдарды пайдаланады. Бұл бағытта «Россотрудничество» деген атпен белгілі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, шетелде тұратын отандастар және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі федералдық агенттік маңызды рөл атқарады.

Ұйымның миссиясы сайтта «Ресейдің әлемдегі гуманитарлық ықпалын күшейту» деп қысқаша сипатталған. Ұйым қызметінің қатарында «орыс білімін, ғылымы мен мәдениетін ілгерілету» және «орыс тілінің позициясын нығайту» бар. «Россотрудничество» 80 елде «Русский дом» деп аталатын ұйым арқылы ұсынылған.

Бұл ұйым 2021 жылы Украинаның санкциясына, 2022 жылы Еуроодақтың тарапынан шектеулерге ұшырады. ЕО Россотрудничество мен оның «Русский дом» бағдарламасы ресейлік насихат жобаларын қаржыландыратынын, ресейшілдерге көмектесетінін және Кремльдің идеяларын тарататынын атап өтті.

Түркіменстаннан басқа Орталық Азияның барлық елінде Ресей университеттері не олардың филиалдары жұмыс істейді. Бұл аймақтың абитуриенттері Ресейде бюджет есебінен оқи алады, сонымен қатар оларға құжат тапсыру процессі де оңайлатылған. 2023 жылғы мамырда Ресей сыртқы істер министрлігінің вице-министрі Михаил Галузин Ресей университеттерінде Орталық Азия елдерінен 185 мың студент білім алып жатқанын айтты, бұл елдегі барлық шетелдік студенттердің жартысына жуығы, оның 68 мыңға жуығы бюджет есебінен оқиды. Сонымен қатар, 2023-2024 оқу жылында Ресей Орталық Азиядан келген талапкерлерге арналған квоталар санын 600 орынға көбейтті.

Сонымен қатар, Орталық Азия мемлекеттерінің мемлекеттік тілдерді жандандыру жөніндегі шешімдерін ресейлік саясаткерлер мен мемлекетшіл БАҚ көбіне орыс тілін кемсіту деп қабылдайды (1, 2, 3).

Мысалы, 2020 жылы «Московский комсомолец» басылымы Өзбекстанның «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заңы орыс тілін «жоятын» және «орыс тілді халықты ығыстыруға» бағытталған деп жазған. 2021 жылы «Газета.ру» Қазақстанның мемлекеттік тілдегі жарнама туралы заңын және латын әліпбиге көшу бағдарламасын «дерусификацияның» жалғасы деген хабарламамен жауап берді.

2023 жылы шілдеде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қырғызстанның мемлекеттік қызметшілерін қырғыз тілін білуге ​​міндеттейтін «Мемлекеттік тіл туралы» заңын «толық демократия емес» деп атады. Ал «Ведомости» басылымы бұл заңның «ұлтшылдық пен популизмнің аясында» және «батыс елдерінің» ықпалымен қабылданғанын жазды.

Бірақ Орталық Азия елдерінің тіл саясаты шынымен орыс тілін кемсіте ме, әлде керісінше, мемлекеттік тілдің мүддесін жеткілікті түрде қорғамай ма?

Қырғызстанның тіл саясаты

Қырғызстанның Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2022 жылы халық санағы кезінде алғаш рет қырғыз және орыс тілдерін білу деңгейіне сауалнама жүргізілген. Сауалнамаға сәйкес, ел тұрғындарын кем дегенде екі тілді деп санауға болады: халықтың шамамен 82%-і орыс тілінде және 91,8%-і қырғыз тілінде сөйлейді.

Дегенмен, мұндай сауалнамалардың нәтижелеріне сақтықпен қарау керек. Бұл секілді зерттеулердегі сұрақтар көбінесе жеткілікті түрде егжей-тегжейлі жазылмайды және жалған жауаптарды есепке алмағанда, адам өзінің тілге қатысты қабілетін жақсы не нашар деп қабылдауында субъективті болуы мүмкін.

Қырғызстандағы қазіргі тіл саясаты мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оны жетілдіруге бағытталған. Бұл ретте бағдарламада орыс және шет тілдерін оқытудың сапасын арттыру, сондай-ақ өңірде тұратын этностардың ана тілін сақтау мен дамытудың кепілдіктерін қамтамасыз ету қажеттігі баса айтылған.

Тәуелсіздік жылдарында республикада тілді дамыту, қолдану аясын кеңейту мақсатында бірқатар заңдар, қаулылар қабылданғанымен олардың бірі де толық нәтиже бермеді.

Қазіргі жағдайды бағамдасақ, билік білім, мемлекеттік басқару, сот жүйесі, экономика, сауда, денсаулық сақтау, мәдениет, цифрландыру және т.б. негізгі салаларда мемлекеттік тілді кеңінен қолдану әлі толық жүзеге асырылмағанын мойындады

Сондықтан 2023 жылы шілдеде мемлекет басшысы Садыр Жапаров «Мемлекеттік тіл туралы» заңға қол қойды, бұл теориялық тұрғыдан мәселені шешуге тиіс. Енді ресми іс-қағаздар тек мемлекеттік тілде жасалуы керек, ал шенеуніктерге қырғыз тілінде сөйлеу міндеттеледі.

Филология ғылымдарының докторы Ишенбек Сұлтаналиевтің айтуынша, қырғыз тілінің жандануының тежелуі адамдардың әдеті мен немқұрайлылығына байланысты: «Қол қойылған заң аздық етеді, мұны азаматтар қолдап, атқарушы билік өз жұмысын осы бағытта бастауы керек».

Орыс тілінің ресми тіл мәртебесі Қырғызстан Конституциясында 2000 жылдан бері бекітілген. 100-ден астам этнос өкілдері тұратын өңірде орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі қызметін атқарады. Алайда Орталық Азияның басқа елдеріндегідей қоғамда оған деген көзқарас әртүрлі.

Қырғызстан парламентінде депутаттар орыс тілінде сөйлеген шенеуніктерді сынаған жағдайлар (1, 2, 3) болды. Сондай-ақ, ара-тұра орыс тілін ресми мәртебеден айыру туралы ұсыныстар да жоқ емес, тек жекелеген саясаткерлердің немесе қоғам қайраткерлерінің мәлімдемелерімен шектеледі.

Президент Садыр Жапаров өз кезегінде Қырғызстанда орыс тілін қорғап, бірнеше рет (1, 2, 3) сөз сөйлеп, орыс тілі мәселесінде саяси айла-шарғы жасауға жол берілмейтінін айтты. Сонымен қатар, 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамыту және тіл саясатын жетілдіру бағдарламасында орыс тілін сақтау мен дамыту, оның ішінде «ресми орыс және шет тілдерін оқыту сапасын арттыру» туралы айтылған.

Соңғы мәліметтер бойынша, Ресейде Қырғызстаннан келген 1 миллионнан астам еңбек мигранты бар. Бұл фактіні сарапшылар орыс тілінің неліктен маңызды және қажет екендігінің пайдасына дәлел ретінде жиі пайдаланады. Алайда орыс тілін жетік меңгеру қажеттілігінің себебі бұл ғана емес. Мысалы, ата-аналардың таңдауы орыс тілінде білім беретін мекемелерге түседі, өйткені бұл ақпарат пен оқу материалдарына көбірек қол жеткізуге мүмкіндік береді. Орыс тіліндегі мектептердің түлектері республикалық тестілеуді қырғыз тілінде оқытатын мектептердің оқушыларынан 22 ұпай жоғары жинайды.

Қырғызстанның Ұлттық статистика комитетінің мәліметі бойынша, бүгінде елде қырғыз тілінде 1 369 және орыс тілінде оқытатын 264 орта білім беретін оқу орны бар, 520 ұйымда білім қырғыз және орыс тілдерінде аралас жүргізіледі. Кейінгі 12 жылда қырғыз тіліндегі мектеп саны 41-ге қысқарса, орыс тілінде оқытатын мектеп саны 63-ке көбейген. 2023 жылғы маусымда Жогорку Кенеш депутаттары тағы тоғыз орыс мектебін салуға Ресеймен келісімге қол қойды.

Өзбекстанның тіл саясаты

Өзбекстанның «Тіл туралы» заңында өзбек тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілген, сонымен бірге оны кемсітуге, атап айтқанда, «мемлекеттік немесе басқа тілдерге немқұрайлы я болмаса дұшпандық көзқарасқа» тыйым салынады.

Россотрудничествоның мәліметінше, 2023 жылғы жағдайда Өзбекстанда халықтың 50%-ке жуығы орыс тілін меңгерген, 2,7%-і орыс тілін ана тілі деп санайды.

2020 жылы республика үкіметі 10 жылға арналған Өзбек тілін дамыту және тіл саясатын жетілдіру тұжырымдамасын бекітті. Мемлекеттiк тiлдiң қоғам өмiрiнiң барлық салаларына толық енгiзiлуiн және цифрландыруды қамтамасыз ету мақсатына қосымша бөлек тармақта «латын графикасына негiзделген өзбек тiлiн одан әрi жетiлдiру» және «жаңа жазуға толық көшудi қамтамасыз ету» жазылған.

Өзбекстанда латын әліпбиіне көшу тәуелсіздік алған кезден бері тіл мәселесінің ішіндегі ең өзектісі. Жазуды латынға көшіру процесі сонау 1993 жылы басталды. Бастапқыда латынға толық көшу 2000 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған-ды, бірақ уақыты алдымен 2005 жылға, содан кейін 2010 жылға, ең соңғысы 2023 жылға дейін үнемі кейінге шегеріліп отырды.

Жалпы бағдарламаны жүзеге асыру кешеуілдесе де, белгілі бір деңгейде діттеген жеріне дейін жетті. Мектеп оқулықтары мен балалар әдебиеті латын қарпіне қотарылып, жастар латынша жазу мен оқуды жетік меңгерді. Екінші жағынан, өзбектің кириллица нұсқасын білмейтін жастар дүниежүзілік әдеби мұрадан мүлде үзіліп қалды деуге болады, өйткені көркем әдебиет те, оның ішінде өзбек авторларының классикалық шығармалары латын әліпбиіне өте аз бейімделген.

Жалпы аға буын өкілдерінің латын әліпбиіне бейімделу қиындығына байланысты мемлекеттік органдарға өтініш жасап, БАҚ-ты кириллицамен қатар латын әліпбиінде де оқуға болады. Кейбір жағдайларда ақпарат орыс тілінде қатар жазылады.

Деколонизация: Орталық Азия тілдерінің болашағы қандай?
Осы секілді суреттер Өзбекстандағы латын әліпбиіне көшу қиындықтарының дәлелі болып қала бермек (Фото: Ферғана ақпарат агенттігі)

Anhor.uz ақпараттық ресурсының бас редакторы Лола Исламованың айтуынша, орыс тілі ресми тіл болмаса да, үлкен қалаларда әлі де үстем, бизнес пен ғылымда өз орнын сақтап қалды. Бірақ, мемлекеттік ұйымдарда, әсіресе іс-қағаздарын жүргізуде орыс тілінің қолданылуы айтарлықтай азайған.

Бұл орыс тілі назардан тыс қалды дегенді білдірмейді. 2018 жылы Өзбекстанның педагогикалық университеттеріндегі орыс топтарына арналған квота 30%-ке дейін артты. 2020 жылы Ресейдің білім министрлігі мен ресейлік кәсіпкер Әлішер Усмановтың «Өнер, ғылым, спорт» қайырымдылық қоры Өзбекстанда орыс тілін насихаттауды мақсат еткен «Класс!» жобасына 75 миллион рубль бөлді. 2030 жылға дейін жалғасатын жоба аясында Ресей Өзбекстанға 150 орыс тілі мұғалімін жіберіп, жүз мыңдаған орыс тілі оқулығын шығаруға үлес қосты.

2022 жылы Республиканың министрлер кабинеті «Шет тілдерін оқытуды жақсарту бойынша қосымша шаралар туралы» қаулы қабылдады, оған сәйкес С1 деңгейінде тілді меңгергені туралы сертификаты бар орыс тілі мұғалімдеріне үстемақы төленеді.

Қазіргі таңда Өзбекстанның мектеп және мектепке дейінгі білім беру министрлігінің мәліметі бойынша, 10 130 орта мектептің 899-ы (8,8%) орыс тілінде білім береді.

Ресейдің жоғары оқу орындарына түсу өзбекстандықтардың көпшілігі үшін басқа елдердегі университеттермен салыстырғанда қолжетімді, өйткені Өзбекстан мен Ресей арасында келісім бар, оған сәйкес өзбек мектептерінің түлектері жеңілдетілген жүйе бойынша ресейлік жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алады. Бүгінде Ресейде Өзбекстаннан 63 мыңнан астам студент, оның 14 мыңға жуығы бюджет есебінен білім алып жатыр.

Сонымен қатар Өзбекстандағы ресейлік жоғары оқу орындарында салық жеңілдіктері, оңтайландырылған тіркеу тәртібі және басқа да артықшылықтар бар. Бүгінде ел аумағында 15 ресейлік жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Ресей Федерациясы білім министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылғы жағдай бойынша Өзбекстанның 487 мың тумасы Ресейдің жоғары оқу орындары мен олардың шетелдегі филиалдарында бакалавриат, мамандандырылған және магистратура бағдарламалары бойынша білім алып жатыр.

Орыс тілі пәнінің мұғалімі Дилар Икрамованың айтуынша, орыс тіліне сұраныс сақталып отыр, себебі көркем, ғылыми-техникалық әдебиеттердің біразы әлі өзбек тіліне аударылмаған. Екіншіден, өзбек тіліне қарағанда орыс тілінде білім беру сапасы жоғары деген стереотип бар.

Үшіншіден, Икрамованың пікірінше, орыс тілінің маңызы Өзбекстаннан Ресейдегі еңбек мигранттарының көптігімен байланысты. Кейінгі жеті жылда олардың саны бірнеше есе өсті. 2022 жылы Ресейден Өзбекстанға ақша аудару жүйесі арқылы 14,5 миллиард доллар түсті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп.

Саясаттанушы Икром Абдулла орыс тілінің кең таралуына «саясаткерлердің қалауы емес, өмірдегі қажеттілік себепші» деп пайымдайды. Тіл, сарапшының пікірінше, қарапайым адамдар үшін қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар олардың жеке мәселелерін шешу құралы. Сондықтан халықты тілді үйренуге немесе ұмытуға мәжбүрлеу әрекеттері әрқашан жағымсыз салдарларға толы. Осыған орай тіл мәселесін шектен тыс саясиландырудың пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін.

Өзбекстанда ресейлік капиталдың қатысуымен үш мың компания жұмыс істейді. Тек 2022 жылы қосымша 700 кәсіпорын ашылған.

Түркіменстанның тіл саясаты

Түркіменстан Мәскеуге ең жақын болғанмен, тіл саясатында сақтық танытатын аймақ ретінде Орталық Азияның жалпы образынан айтарлықтай ерекшеленеді. Ұлттық тілді жаңғыртуда Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда әлдеқайда озық келеді. WorldAtlas порталының мәліметі бойынша, халықтың 72%-і түрікмен тілінде сөйлейді.

Жалпы алғанда, 2020 жылғы жағдай бойынша Түркіменстан тұрғындарының тек 18%-і орыс тілін белгілі бір дәрежеде біледі. Бұған бірқатар факторлар ықпал етті.

Президент Сапармұрат Ниязовтың күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда жүргізген қатаң түркімендену саясаты елдегі этникалық орыстар мен орыстілді халықтың, оның ішінде әртүрлі саладағы жоғары білікті мамандардың жаппай кетуіне әкелді, бұл өз кезегінде білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салалар сапасына теріс әсер етті. Жалпы алғанда, 1989 жылдан 2016 жылға дейін елдегі орыстардың саны 339 900-ден 101 900 адамға дейін үш есеге қысқарған.

Орыс тілділердің кетуінің табиғи процесі радикалды тіл саясатымен де белең алып кетті.

Түрікмен тілінің кириллицадан латын графикасына лезде көшуі 1990 жылдардағы тіл реформасының негізгі элементі болды, ол 1992 жылы басталған БАҚ басылымдары мен теледидардағы жаппай үгіт-насихат науқанымен қатар жүрді. Биліктің пікірінше, бұл реформа Түркіменстанның мәдени жаңғыруына, елдің әлемдік қауымдастыққа интеграциялануын жеделдетуге және азаматтардың ақпараттық технологияларға қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етуі керек еді. Мемлекеттік бағдарламаның ішінде 1995-1996 оқу жылында білім беру мекмелерін мемлекеттік тілге толық көшуі қарастырылған.

Деколонизация: Орталық Азия тілдерінің болашағы қандай?
Түрікменстанда латынша жазылған билборд (Фото: Azatlyk Radiosy)

Жалпы, сарапшылардың пікірінше, түркімен тіліндегі реформа азаматтардың жаңа ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті құрудағы сұранысын қанағаттандырды. Бұл ретте реформаның тек орыстілді ғана емес, жергілікті тұрғындардың шығынын да айта кеткен жөн. Жеделдетілген латынға көшу бағдарламасы (білім берудегі «реформамен» бірге) ұрпақ алшақтығын күшейтті, өйткені этникалық түрікмендердің аға буынына жаңа жазуды пайдалану қиынға соқты; мемлекеттік органдардың қызметкерлері де осындай қиындықтарға тап болды, бұл іс-қағаздарын түрікмен тіліне аудару бойынша іс жүзінде бұрын бекітілген мерзімінен бас тартуға тура келді.

Оның үстіне латынға көшу түрікмендердің мәдени-тарихи мұрасының тұтас бір тамырын кесіп тастады, өйткені президенттің өзі рұқсат берген жекелеген авторларды қоспағанда, кириллицада жазылған материалдардың көпшілігі латын қарпімен қайта басылмады. 1999 жылы Түркіменстанның Халк Маслахаты өлара кезеңді аяқтау үшін «Тәуелсіз Түркіменстан өмірінің барлық салаларында мемлекеттік органдардың қызметінде түркімен тілі мен түрікмен ұлттық әліпбиін мәңгілік бекіту туралы» қаулы қабылдады.

Түркіменстанның 1990 жылдардағы (этно) лингвистикалық саясатының тағы бір түйінді элементі орыс тілін барлық салалардан ығыстыру және аз ұлттардың өз тілдерін үйренуі мен қолдануына оның ішінде ұлттық мәдени ұйымдарды құруға тыйым салуға шектеу қою арқылы елдің саяси және әлеуметтік өмірін түркімендендіру болды.

Жарияланған үш тілде (түркімен, орыс, ағылшын) білім беру саясатына қарамастан, орыс тілінде оқытатын мектептерді, елдегі жоғары оқу орындарында орыс тілінде оқу бағдарламаларын, сондай-ақ орыс тілі мамандарын кәсіби қайта даярлау курстарын жою арқылы орыс тілінде білім беру айтарлықтай шектелді.

Бұқаралық ақпарат құралдарына да қатаң шектеулер қойылды. Орыс тіліндегі жалғыз түрікмендік БАҚ «Бейтарап Түркіменстан» газеті болып қала береді. 2000 жылдардың басына қарай Түркіменстанда орыс тіліндегі баспа өнімдері, радио және телебағдарламалар шығуын тоқтатты, шетелдік мерзімді басылымдарға жазылуға тыйым салынды.

Сонымен қатар, орыс тілінің елдегі жағдайына түрік тілімен және аз ғана ағылшын тілімен бәсекелестік әсер етті. Түрік тілінің позициясының нығаюына Түрікменстан мен Түркия арасындағы тығыз екіжақты қарым-қатынастың дамуы себеп болды, бұл Түрікменстандағы түрік компанияларының қызметінің кеңеюіне, сондай-ақ түрікмендер мен түріктердің мәдени және тілдік жақындығы себеп болды. Түрікменстанда түрікмен-түрік лицейлері мен Халықаралық түрікмен-түрік университетінің желісі ашылды, түрік телеарналары мен медиа өнімдері танымал болды.

Түрік тілін білу түркімендердің сол елде әрі қарай жұмысқа орналасу мақсатында Түркияның өзінде сапалы білім алу мүмкіндіктерін де арттырды. Тұрақты көші-қон заңнамасын ескере отырып, Түркия түрікмендердің еңбек көші-қонының негізгі бағытына айналды.

2007 жылы Гурбангулы Бердімұхамедовтың билікке келуімен тіл саясаты елдің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге және оның жаһандық экономикалық үдерістерге тереңірек енуіне бағытталған жаңа саяси бағытқа бейімделе бастады, осыған байланысты шет тілдерін оқыту қажеттілігі арта түсті.

2013 жылы Түркіменстанда «Білім туралы» заңның жаңа редакциясы қабылданды, онда шет тілдерін, ең алдымен БҰҰ-ның ресми жұмыс тілдерін, оның ішінде орыс тілін оқытудың маңыздылығына баса назар аударылды. Шет тілдерін оқыту жалпы және кәсіптік білім беру бағдарламаларына міндетті пән ретінде енгізілген. Сонымен қатар, Заңда меншік нысанына қарамастан барлық түрдегі оқу орындарында негізгі білім беру мен тәрбие беру түрікмен тілі деп бекітілген.

Осыған қарамастан тіл саясатындағы өзгерістер орыс тілінің позициясын нығайтқан жоқ. Тіл саясаты қатаң әкімшілік бақылауы бар мемлекеттік органдардың қалауы бойынша қалыптасады және қоғамдық пікірталас пен азаматтық қоғамның араласпауымен сипатталады. Түркіменстанда ұлттық азшылықтардың мүддесін қорғайтын қоғамдық бірлестіктер әлі де жоқ.

Қазақстанның тіл саясаты

Дисклеймер: Қазақстанда тіл саясаты қалай жүргізіліп жатқаны, мемлекеттік тілді дамытуда Қазақстан басқа елдерден не үйрене алатыны туралы толығырақ Factcheck.kz-ттің жеке материалынан оқуға болады.

2021 жылы Қазақстанда өткен халық санағы бойынша республика тұрғындарының 80%-і қазақ тілінде сөйлейтінін хабарлады. Бұл ретте 73,7%-і қазақ тілінде еркін сөйлейтінін, 79,9%-і еркін оқитынын, небәрі 42,9%-і сауатты жазамын деп жауап берді. Санақ бойынша 61,5%-і қазақ тілін күнделікті өмірде қолданады. Орыс халқының 25%-ке жуығы қазақ тілінде ауызекі деңгейде сөйлейді. Қазақстандықтардың 79,5%-і орыс тілін білу деңгейін сол деңгейде бағалап, 65%-ке жуығы орыс тілін жетік меңгергенін айтты.

Бұл жерде, Қырғызстандағы халық санағы сияқты, нәтижелер нақты жағдайды дұрыс көрсетпеуі мүмкін екенін ескерген жөн.

Еліміздің Конституциясы мен 1997 жылы 11 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңға сәйкес барлық салаларда, соның ішінде заңнама, сот ісі, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардағы жұмыс мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Орыс тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды және мемлекеттік органдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең қолданылады. Алайда, іс жүзінде ол сот ісін жүргізу және университеттерге арналған оқу әдебиеті сияқты көптеген басқа салаларда да кеңінен қолданылады.

2021 жылғы халық санағына сәйкес, Орталық Азия аумағында ең көп орыс диаспорасы Қазақстанда шоғырланған – 2,8 миллион адам.

Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет қазақ тілін дамытуға бағытталған бірқатар бағдарламалар қабылдады. Ең негізгісі – Тілді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. 1998-2019 жылдар аралығында үш бірдей бағдарлама қабылданды (1, 2, 3). Үкімет 2019 жылы тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын әзірледі. Алайда 2023 жылғы 16 қазанда 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамытудың жаңа тұжырымдамасы бекітіліп, тіл саясатын жүзеге асыру бағдарламасы өз күшін жойды.

Бағдарламадан бағдарламаға «қыдыратын» негізгі реформалардың бірі – қазақ тілінің латын графикасына көшуі. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев сонау 2012 жылы алға қойған жоспарға сәйкес, халық 2025 жылға дейін толық көшіп бітуі тиіс еді. Бұған қол жеткізу үшін сонау 2017 жылы бірыңғай әліпби стандарты қабылданып, 2023 жылға қарай халықтың 20%-і әліпбиді еркін қолдана алуы керек. Алайда, бастаманы жүзеге асыру қиынға соғып, латын графикасының соңғы стандарты әлі қабылданған жоқ.

Оның үстіне мамандар тілді оқыту, барлық әдебиетті қотару жұмыстары нақты әрі дер кезінде жүргізілмесе, латын әліпбиіне толық көшу қазақ тілінің дамуын тежейді деп алаңдайды. Соңғы жағдайда Өзбекстан мен Түркіменстанның тәжірибесін айналып өтуге болатын шығар.

Мемлекеттік бағдарламалардың тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – мемлекеттік тілде жазылған әдебиет шығару. Әлем әдебиетін, оның ішінде ғылыми әдебиетті де қазақ тіліне аудару керек. Әрине, әзірге бұл процессте кириллица қолданылады. Ал, әлеуметтік лингвист, КИМЭП университетінің профессоры Жұлдыз Смағұлованың айтуынша, жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі сапалы оқу материалдары әлі де жетіспейді.

Бірақ Смағұлова атап өткендей басты мәселе — қазақ тілінде білімді жаңғыртуға және шығаруға қабілетті интеллектуалды ғылыми-шығармашылық таптың қалыптаспауы.

Factcheck.kz сұхбат алған сарапшылардың пікірінше, мемлекеттің қызметі бір жағынан жаңа тәсілдер мен әдістерді енгізуге қарсы тұратын жүйенің қаталдығынан, екінші жағынан тіл саясатын саяси ұпай жинау үшін пайдаланатын бөлім басшыларының оппортунистік көзқарасына байланысты, бұрынғы жобалар әлі жүзеге асырылмаған кезде жаңа реформалар ұсыну тиімсіз. Сыбайлас жемқорлық та, реформаларды нақты жоспарлау мен талдаудың болмауы да маңызды теріс рөл атқарады. 

Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің саны артқаны сөзсіз. Бірақ үкімет бұл жағдайға негізінен демография мен жеке тұрғындардың бастамаларына қарыздар, бұл факторлар бүкіл халықтың тілді толық меңгеруіне әлі де жеткіліксіз.

Материалды Factcheck.kz журналисі Мариям Оспанова, Kloop.kg журналисі Зулайка Алмаз, «Бумага» журналисі Вита Чикнаева, тәуелсіз зерттеуші Рустам Мухамедов және Anhor.uz бас редакторының орынбасары Бобур Каримов дайындады.

Материал «Медиажелінің» қолдауымен жарияланды.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz