Деколонизация: Қазақстан үшін маңызды иврит пен валлий тілдерінің тағдыры

Тіл немесе оны пайдалану құқығы деколонизация процесінің маңызды элементінің бірі. Ресейдің Украинаға басып кіруінің негізгі «себебінің» бірі де – тіл мәселесі. Сондай-ақ ресейлік саясаткерлердің Қазақстанды лингво-вассал рөлінде көрсетіп, «русофобия» (латын әліпбиін енгізу, қызмет көрсету саласында қазақ тілін қолдануды талап ететін «тіл сақшылары» немесе т.б.) үшін үнемі сынға алуының себебі де бар.

Қазір Қазақстанның өзінде тіл де қоғамда шиеленіс тудыратын факторлардың бірі. Елімізде оқтын-оқтын тілге қатысты келеңсіздіктер болып, бұл ұлттық-патриоттық бағыттағы саясаткерлер риторикасының ажырамас бөлігіне айналды, қазақ тілінің тұғырын нығайту туралы пікірталастар барған сайын даурығып барады.

Бұл арада негізгі мәселе – Тәуелсіздік алған отыз жылдан бері бірде-бір мемлекеттік менеджер қоғамды, оның ішінде мектеп оқушыларына да, ересектерге де мемлекеттік (қазақ) тілді үйрету деген міндетті жетер жеріне жеткізген жоқ. Бәлкім, бұл мәселені шешу – қазақтың мәртебесін нығайтып, тіл мәселесіндегі шиеленісті азайтар ма еді?

Бұл материалда Factcheck.kz редакциясы Қазақстанның тіл саясатына үңіліп, халықаралық тәжірибені, сарапшылардың пікірін зерттеп, тіл мәселесін шешетін дұрыс жолдарды қарастырады. Күтпеген тұжырымдардың қатарында Қазақстан қате мен халықаралық құқық нормаларын бұзбай, иврит, валлий және малайя тілдерін жаңғыртудың бірегей тәжірибесін зерделеу керек деген түйін бар.

Менің тілім — сенің жауың

Тіл, біз білетіндей, таңбалар жүйесі туралы Уикипедияның лингвистикалық нұсқасынан әлдеқашан асып түсті. Енді бұл деколонизация процесінің маңызды элементі, бірақ сонымен бірге қоғамды бөлетін, қақтығыс тудыратын «жалау». Тіл – феноменалды саяси құрал, тіпті сыбайлас жемқорлықтың айқын элементі.

Көптеген мемлекет тілді саясаттың жұмсақ күші ретінде пайдаланады. Тіл курстары, эссе байқаулары, фильмдер мен музыка кейбір елдерді шетелге керемет етіп көрсетеді. Басқалар үшін «тілді пайдалану құқығы» (және бұл жерде, ең алдымен, Адольф Хитлердің және қазіргі Ресейдің риторикасы ойға оралады) көрші елге басып кіруге себеп болды.

КСРО кезінде Қазақстанда зиялы адамды ерекшелейтін таңба сынды, орыс тілінің үстемдігі айқын болды. Орыс тілін білу шет елдерден келген совет азаматтарына білім алуға, мансап жасауға жол ашты. Оны білмеу, оның үстіне қалада өмір сүру – күнделікті алалаудан көз ашпау дегенді білдіретін.

Деколонизация: Қазақстан үшін маңызды иврит пен валлий тілдерінің тағдыры
Иллюстрация: Midjourney

Қазақ тілі сол кезеңде екінші орынға ойысты. Әсіресе орыстандыру саясаты мен бірқатар реформа оның тамырына балта шапты. Мысалы, әліпби екі рет өзгерді – 1929 жылы арабтан латынға, одан кейін 1940 жылы латыннан кириллицаға; 1955 жылы орыс тілді мектептерде қазақ тілін міндетті түрде оқыту екі жылға тоқтатылды. 1957 жылы бұл қайта орнына келгенімен, барлық жерде орындала бермеді.

Деколонизация: Қазақстан үшін маңызды иврит пен валлий тілдерінің тағдыры
Иллюстрация: Midjourney

Осының бәрі қазақстандықтардың бірнеше ұрпағына орыс тілінің ана тіліне айналып, қазақ тілін нашар немесе мүлде білмеуіне сеп болды. Кейіннен «шала қазақ» деген термин пайда болды. Қазақ тілін білмейтін я болмаса толық меңгермеген, қазақтың салт-дәстүрін білмейтін немесе сақтамайтын этникалық қазақтарды осылай атай бастады.

Советтік саясаттың салдары әлі де Қазақстанның күнделікті өміріне араласып келеді. Одақ ыдырап, тәуелсіздікке қол жеткізіп, ұлттық сана-сезім оянғанымен, еліміздегі тілді меңгеру деңгейі айтарлықтай өзгерген жоқ. 32 жыл бойы мемлекет қазақ тілін балаларға да, ересектерге де тиімді оқыту мәселесін шеше алмай келеді. Еліміздің Ата Заңы бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен, көп салада орыс тілі әлі де қолданыста бар.

Деколонизация: Қазақстан үшін маңызды иврит пен валлий тілдерінің тағдыры
Иллюстрация: Midjourney

Мемлекеттік құжаттарда қазақ тілін меңгеру туралы статистикада келтірілген 80-90%-ке жалпы алғанда күмән бар. Әдетте, ол жаппай тестілеуге емес, адамдардың өздері тілдегі білімін бағалайтын сауалнамаға сүйеніп жасалған. Мұндай зерттеулердегі сұрақтар көбінесе жеткілікті түрде егжей-тегжейлі жазылмайды және адам өзінің тілдік қабілетін жақсы немесе нашар қабылдауында субъективті болуы мүмкін.

Тіл мәселесі қазір қоғамда және бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін қызу талқыланып, осыған байланысты орыс тілін көпшілік «агрессордың тілі» немесе отарлау тілі ретінде қабылдай бастады. Қазақстандықтар ұлттық бірегейлікті сақтап, мемлекеттік тілді дамыту қажеттігін ұғынып келеді.

Сонымен қатар, мәселенің сезімталдығы мен ішкі топтасуға байланысты шиеленіс күшейеді. Қоғамда тілге негізделген келеңсіздіктер жиі туындайды. Эмоциялардың әсерінен көптеген адамдар: отыз жыл бойы бөлінген бюджет қайда жұмсалды? Тіл саясатына жауапты менеджерлер неге жазаланбады? – деген ең маңызды сұрақтарды ұмыт қалдырады.

Жалпы еліміздегі тілдік ахуалдың астарын ескерсек, кінәлілерді іздеуге деген зор ырық бар: тілді үйренбегендер, оларды кінәлайтындар, тіл саясатына мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсағандар, тіл мәселесін пайдаланып, өшпенділік танытып, агрессивті ксенофобия тудыратындар.

Дегенмен, әркім үшін қазақ тілін қалай дамыту керек деген «жұмбақты» шешуге тырысу маңыздырақ шығар? Мұндай мәселелерді шешуде тиімді халықаралық тәжірибе бар ма? «Тілді дамыту» дегенде, біз ең алдымен халықтың басым көпшілігін, оның ішінде ересек адамдарды ауызекі сөйлесуге, білім мен кәсіби қарым-қатынаста қолдануға, бұқаралық ақпарат құралдарын, кино мен әдебиетті тұтынуға жеткілікті деңгейде үйретуді меңзейміз.

Қазақстан үшін орыс тілінен түбегейлі бас тартпаудың да стратегиялық маңызы бар. Бірақ солтүстіктегі көршінің басып кіруіне себеп болады деген ойдан ада болу керек. Ел ішінде және басқа елдермен байланыс құралы ретінде ғана емес, ең алдымен, БҰҰ тізіміндегі 6 тілдің бірі болғанына және көп көлемдегі ақпаратқа (әдебиет, ғылым, мәдениет) қол жеткізу үшін делдал-тіл ретінде оны білу маңызды.

Жаһандық тәжірибе не дейді?

Көптеген адамдарға, әсіресе ересектерге тіл үйрету қиын әрі қымбат. Бұның басқа тілде білім алатын балаларға да қатысы бар. Қазақстанның тәжірибесінде – халыққа үлгі болатындай орыс тіліндегі мектептердегі қазақша сөйлейтін оқушылар не курс оқып, кенеттен қзақша сөйлеп кеткен ересектер бірең-сараң.

Қазақстандағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік тұжырымдамасының бір тарауында халықаралық тәжірибені, атап айтқанда, постсоветтік елдерді, сондай-ақ Малайзияны пайдалану ұсынылады. Бұл бөлімде біз осы мысалдарды, сондай-ақ өздерінің ұлттық немесе миноритарлық тілдерін жандандыра алған басқа елдер мен аймақтардың тәжірибесін қарастырамыз.

Деколонизация: Қазақстан үшін маңызды иврит пен валлий тілдерінің тағдыры

Дегенмен, тіл тәжірибесін алу мәселесінде кез келген басқа нормалар мен тәжірибелерді алудан гөрі мұқият болу керек екенін ескеру керек:

«Тіл мәселесі әрқашан өте көп компонентті, сондықтан параллельдер жасаған кезде сақ болуымыз керек. Ешқашан: «Міне бұл жерде жағдай осылай. Енді біз де солай істейміз, жетістікке жетеміз!» – деп айтуға болмайды. Әртүрлі тілде сөйлейтіндердің санына немесе жалпы осы елдегі тілдің санына ғана емес, сонымен қатар көзқарастарға, иерархияға, беделге және кемсітушілік жадына байланысты көптеген фактор бар. Осы ұлттық элементтің барлығы тілге көп әсер етеді», — дейді, Хамбург университетіндегі «Нордост-Институтының» әлеуметтік лингвисі, миграцияны зерттеуші және тіл белсендісі Влада Баранова.

Сондықтан халықаралық тәжірибені аймақтық ерекшеліктерді зерттеумен салыстырып, толықтыруда өте сақ болу керек, деп санайды сарапшы. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибені алу «дөңгелекті қайта ойлап таппауға» және статистикалық тұрғыдан жиі сәтсіздікке немесе тиімділікке айналатын нәрселерді өзіңе түртіп алуға мүмкіндік береді.

Жандандырудың тиімді әдістерінің қатарында ұлттық тілді үйренуге мотивация беруді айтуға болады. Сыртқы мотивация тілді білу маңызды артықшылықты немесе ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз еткенде пайда болады. Ал ішкі мотивация көбінесе мәдени ерекшелікті және өзін белгілі бір топтың бөлігі ретінде сезіну ниетімен байланысты.

Израильдік тәжірибе

Иврит тілі –ұлттық бірегейлікті жаңғыртумен қатар тілдің жандануының эталондық үлгісі. Ресми деректерге сенсек иврит тілі ІІІ-ХIX ғасырлар аралығында өлі тіл болған – онда қасиетті мәтіндер оқылған, бірақ ол тілде сөйлеспеген. Ал қазір, Ethnologue – әлемдік тілдер туралы ең толық және беделді анықтамалықтардың бірі – иврит тілінің мәртебесін «гүлденген» деп бағалайды. Бұл табыстың себебі ХIX ғасырдың аяғында Палестинадағы еврей қауымдастығында, содан кейін оның шекарасынан тыс жерлерде еврей халқының ұлттық болмысының қайта жандануы болды.

Мәтін тілін күнделікті өмірдің ауызекі сөйлеу тіліне айналдыру үшін саясаткерлер, педагогтар, тіл мамандары көп күш жұмсады. Иврит тілін қолдану еврей халқының өз болмысын қалпына келтіру символына айналды. Ең үлкен жетістікке тек иврит тілінде оқитын мектептер қол жеткізді. Балалар бір-бірімен және мұғалімдерімен қайта жаңғырған тілде сөйлесті, содан кейін иврит тілін алдымен ата-анасының үйіне әкелді, содан кейін оны балаларына берді.

Деколонизация: Қазақстан үшін маңызды иврит пен валлий тілдерінің тағдыры
Иллюстрация: Midjourney

Тілді жандандырудың бұл әдісі «тіл ұясын» жасау деп аталады – балаларға кішкентай кезінен бастап барлық ересектер бір тілде сөйлейтін орта жасайды. Көбінесе мұндай орталар білім беру мекемелері: балабақшалар мен мектептер. Тіл ұялары солтүстіктегі карел тілінен Жаңа Зеландиядағы Маори тіліне дейінгі көптеген қазіргі азшылық тілдерді жаңғыртуда тиімділігін дәлелдеді.

Валлий тілінің қайта өрлеуі

Ұлыбританиядағы валлий тілі – тілді жандандырудың тағы бір керемет үлгісі. 2010 жылдан 2023 жылға дейін жыл сайынғы халық арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, валлий тілінде сөйлейтіндердің саны 731 000-нан 906 800-ге дейін артқан. Сонымен қатар, валлий тілінде сөйлейтін жас топтары арасында балалар мен жасөспірімдер көп.

Валлий тілінің жағдайы әлі де қиын және ағылшын тілінің танымал поп-мәдениетке айтарлықтай әсеріне және Англиядан келген иммигранттар санының артуына байланысты кез келген сәтте нашарлауы мүмкін. Дегенмен, жергілікті билік пен белсенділердің талпыныстары өз нәтижесін беріп жатыр. Иврит тіліндегі сияқты, валлий тіліне деген қызығушылық Уэлс халқының ұлттық санасының өсуімен және ұлттық мүддені қорғайтын саяси партиялардың пайда болуымен бірге көркейе бастады.

Валлий тілінің мәртебесін қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам 1998 жылы Уэлстегі валлий және ағылшын тілдерін теңестірген Уэлс тілі туралы қабылданған заң, ал 2012 жылы қабылданған Тіл туралы заң валлий тілін мемлекеттік тілге айналдырды – Біріккен Корольдіктің бүкіл аумағында сол кездегі жалғыз ұлттық тіл ағылшыннан бөлек басқа тілдерде мұндай мәртебе болмаған.

Заңнамалық қолдау бизнес пен қоғамдық ұйымдарды валлий тілін кеңірек қолдануға итермеледі, тек валлий тіліндегі медиа құралдарын ашу және оларға мемлекеттен инвестиция беру тіл аудиториясын айтарлықтай кеңейтті.

Малайзияның постколониал ізденісі

Қазақ тілін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында мемлекеттік тілді қолдау жөніндегі тіл саясатын ойдағыдай жүзеге асырудың үлгісі ретінде көрсетілген Малайзия тәжірибесі қызықты әрі одан да өзекті болуы мүмкін. Шындығында, бұл процесс соншалықты оңай болған жоқ.

Малайзия көп ұлтты және көптілді ел: малайзиялықтар, этникалық қытайлар және этникалық үнділер үш ірі этникалық топты білдіреді. Сонымен қатар, соңғы екі топтың өкілдері, малайя тілінен басқа, Қытай мен Үндістанның әртүрлі диалектілері мен тілдерінде сөйлейді.

Британ империясы ыдырағаннан кейін өз позициясын жоғалтқан, бірақ жаһандану дәуірінде қайтадан өзекті бола бастаған Малайзияның лингвистикалық картинасында ағылшын тілі де маңызды рөл атқарды. Малайзиялықтардың кез келген ұлттың элитасының өкілдері арасында ағылшын тілі басым болып, ресми құжаттаманы да сол тілде жүргізген.

Ағылшын тілін білу саяси және экономикалық ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік берді, бірақ аз ғана малайзиялықтар ағылшын тілді мектептерге бара алды. Сонымен қатар, отаршыл үкімет қарым-қатынас тілін бір жүйеге келтіруге ешқандай шара қолданбады. Нәтижесінде елде тұратын малайзиялық, қытайлық және үнді қауымдастықтарының әлеуметтік жағдайы мен діні (малайзиялықтардың дәстүрлі діні – ислам) ғана емес, сонымен қатар тілдері де ортақ болды.

1957 жылы Ұлыбританиядан тәуелсіздік алғаннан кейін үкімет Малайзия халқы мен малайя тілін елдегі жалғыз ресми тіл деп танып, оған қолдау көрсету үшін бірқатар шаралар қабылдады.

Жалпыұлттық қозғалыстың күшеюі мен мемлекеттің қолдауының арқасында малайя тілі мектепте оқытудың негізгі тіліне айналды, ал ондағы емтихан сертификат алудың алғышарты болды. Басқа тілде оқитын мектептерді қаржыландыру біртіндеп тоқтатылып, ағылшын тілі жай ғана жеке пән ретінде оқытыла бастады.

Стандартты түсіндірме сөздік пен малайя тіліндегі стандартты грамматика жасалды. Жоғары оқу орындарында малайя тілінде университет бағдарламалары, сондай-ақ Малайзия халқы үшін квоталар мен стипендиялар белгіленді. Бұл шаралардың барлығы малай тілінің жағдайына оң әсерін тигізді.

Сонымен бірге, Малайзияның ұлттық тіл саясатының теріс жақтары болды. Бір ғана тілді қолдау және білім беру, тілдік біріздендіру елдегі түрлі этнос өкілдері арасында шиеленіс тудырды. 1969 жылы Малайзия астанасы Куала-Лумпурда елдегі малайзиялық және қытайлық тұрғындардың өкілдері арасында қиян-кескі шерулер мен қақтығыстар болды. Қақтығыстың шығуында малайя тіліне қатысты протекционистік заңдарға байланысты күшейген этносаралық және саяси шиеленіс маңызды рөл атқарды.

Өкінішке орай, бұл отаршылдықтан кейінгі кезеңдегі көпұлтты мемлекеттерге тән мәселе және тіл саясатын қалыптастыруда оны ескеру маңызды. Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары жөніндегі комиссары Дуня Миятович айтқандай, ресми тілді сақтау кез келген мемлекет үшін заңды мақсат, «оған басқа тілде сөйлейтіндердің, әсіресе ұлттық азшылық өкілдерінің құқықтарының есебінен қол жеткізуге болмайды және мұндай шаралар болып жатқан қақтығыстарды ушықтырмауы керек» – дейді.

Тілді қолдану туралы заңнама қоғамның нақты қажеттіліктеріне жауап беруі тиіс, мысалы, оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру, ұлттық азшылық өкілдерінің мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуін жеңілдету, олардың еңбек нарығына шығуын жеңілдету, қоғамның толыққанды мүшесі бола отырып, өз тілі мен мәдениетін сақтай алатындығы. Өкінішке қарай, іс жүзінде басқа көрініс байқалады. Көбінесе заң мен саясат бір этникалық және тілдік бірегейліктің маңыздылығы басқалардың есебінен арта түсетін «нөлдік қосынды ойыны» принципіне сәйкес жасалады. Мұның астарында ұлтшылдық, этноцентристік немесе популистік идеология я болмаса сайлау алдындағы қарапайым есеп пен жеке мүдде жатыр.

Дуня Миятович

Сарапшының айтуынша, заңдарды орындамағаны үшін жазалаудың орнына, оның орындалуын ынталандыру тиімдірек. Біріншісі көбінесе кері нәтиже береді және қоғамда қосымша іріткі тудырады, азшылықтардың маргиналдануын арттырады. Тіл саясатына мәжбүрлеудің орнына тілді үйренуге және қолдануға ынталандырып, теңгерімді және прагматикалық тұрғыдан қарау керек.

Малайзия үкіметінің ұлттық тіл саясатының тағы бір даулы нәтижесі 1965 жылы Сингапурдың Малайзиядан бөлініп шығуы болды. Бөліну, сонымен қатар, жалғыз мемлекеттік тіл туралы заңға байланысты келіспеушіліктер сеп болды. Сингапур экономикасы шетелдік инвестицияға негізделген, сондықтан Сингапур үкіметі көптілділікке үлкен мән берді, бұл шетелдік серіктестермен еркін қарым-қатынасты қамтамасыз етеді.

Бір қызығы, Малайзияның қалған бөлігі сияқты көпұлтты және көптілді мемлекет болып қала отырып, Сингапур тілдерге қатысты басқа тактиканы таңдады: республикада төрт тіл ресми (ағылшын, малай, қытай (путунхуа) және тамил). Ағылшын тілі «бейтарап» тіл ретінде ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналды, ол бір жағынан ешқандай ұлттық топқа артықшылықтар алуға мүмкіндік бермейді, ал екінші жағынан, халықтың білім алуына және халықпен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндіктер ашады.

Латвиялық біріздендіру

Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасында үлгі аларлық мемлекеттер қатарында Балтық жағалауы елдері де аталды. Алайда, біз КСРО кезіндегі отарлаудың ортақ тарихи тәжірибесіне қарамастан, Литва, Латвия және Эстониядағы қазіргі лингвистикалық көрініс біртекті емес екенін атап өтеміз. Бұл жекелеген тілдік топтардың көлеміне де, жалпы халықтың этникалық әртүрлілік дәрежесіне де байланысты.

Мысалы, Латвия мен Эстонияда тіл мәселесі Литваға қарағанда орыстілді халықтың көп болуына байланысты шиеленіс тудырды. Сонымен қатар, Литва, әсіресе астаналық аймақ мультимәдениетімен ерекшеленеді: атап айтқанда, Вильнюсте поляктар, орыстар, белорустар және украиндар көп тұрады.

Латвияның мысалы қызық, өйткені жақында білім туралы заңда реформа болды, оған сәйкес латыш тілі барлық мектепте оқыту тіліне айналды. Орталық статистика басқармасының 2022 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, Латвия халқының 64,3%-і латыш тілін ана тілі, 37,7%-і орыс тілін атаған. 1,7%-і украин тілін ана тілі деп атаса, 1,2%-і белорус тілін, 1,3%-і латгал тілін атады. Сонымен қатар, 1992 жылдан бастап Латвияның жалғыз мемлекеттік тілі – латыш тілі, басқа тілдер шетел тілі болып саналады.

2018 жылы көктемде Латвия Сеймі 2019 жылдан 2025 жылға дейін аз ұлттар мектептерін біртіндеп латыш тіліне көшіру туралы заңды бекітті. Delfi жазғандай, заң мұғалімдерді материалдық қамтамасыз етуді және кәсіби қайта даярлаудың қосымша сағаттарын бөлек қарастырады. Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссия өз баяндамасында атап өткендей, бағдарламаның табысты болуы мұғалімдерді жоғары сапалы оқыту мен оқу құралдарын қамтамасыз ету мүмкіндігіне тікелей байланысты болады.

 
Латвияның білім министрі Карлис Шадурскис жаңа бағдарламаны жүзеге асыру барысында оқушылар міндетті түрде кездесетін қиындықтарды түсіне отырып, оқушылар латыш тіліндегі алғашқы жұмыстары «егер ол материалдың өзінде емес, формасында кемшіліктер, сөйлемдер де грамматикалық қателер болса» жұмсақ бағаланатынына уәде берді.

Пуристер тілдің сауатсыздығы мен «бұзылуына» жол бермеу керек деп ойлауы мүмкін, бірақ жетілмеген тілге дәл осылай төзімділікпен қарау – (егер оны шын мәнінде жүзеге асыру мүмкін болса) ұзақ мерзімді перспективада ең тиімді жол.

Әлеуметтік лингвис Влада Баранова мемлекеттік тіл саясатының стандарттауға көңіл бөлуі заңды, дегенмен, тіл нормаларына өте қатаң талаптар қою, әсіресе бұл нормаларды әлі толық меңгермегендерге немқұрайлы қарау азаматтардың үлкен тобы үшін айтарлықтай ауыр және жағымсыз болуы мүмкін екенін атап өтті. Теріс мотивация – мысалы, тілдік норманың қандай да бір түрін енгізудің агрессивті әрекеттері, сондай-ақ «тіл сақшыларының» шеймиңі мен рейдтері – мүлдем тиімсіз. Керісінше, мұндай әрекеттер өзара тітіркенуді тудырады және тілді үйрену мен қолдану идеясына қарсы әрекетке алып келеді.

Латвияның білім туралы заңы қабылданған кезде ел ішінде көптеген дау туды, сонымен қатар Еуропаның адам құқықтары кеңесінің комиссарын да алаңдатты, өйткені барлық оқу орындарының мемлекеттік тілге толық көшуі аз ұлттардың тілдік құқықтарын шектейді.

Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссия барлық мектепке дейінгі мекемелерді латыш тіліне көшіру ниетін сынады және ел үкіметін көзқарасты қайта қарауға және «ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың өз тілдерін үйрену мүмкіндігін сақтап қалуын қамтамасыз етуге шақырды. Азшылықтарды қорғау және дамыту, сондай-ақ Латвия қоғамындағы тілдік алуандықты сақтау үшін өте маңызды».

Жоғарыдағы мысалдарда көрсеткеніміздей, тіл саясатындағы кез келген өзгерістер қоғамның қайсыбір бөлігі тарапынан әрқашан қиын деп қабылданады. Бұл ештеңені өзгерту мүмкін емес дегенді білдірмейді, тек бірте-бірте өзгертудің маңызын, процестің барлық қатысушыларының қажеттіліктеріне мұқият болуды, құрметтеуді және жұмсақ тәсілдің қажеттілігін көрсетеді:
«Республика немесе өте үлкен аймақ сияқты үлкен қауымдастықтың бүкіл халқы ешқашан [тіл саясатындағы] өзгерістерге бірден келіспейді. Сондықтан [тілді өзгерту кезінде] мүмкіндігінше барлық топтың мүддесін ескеріп, мәселеге мұқият қарау керек», – дейді Влада Баранова.

Оның айтуынша, біртіндеп өзгерістің мерзімі мен кезеңі заңдарда нақты көрсетілуі керек. Мысалы, егер мемлекеттік тілді білу емтихандарын тапсыру туралы айтсақ, оны тапсыру мерзімдері, сондай-ақ адамды рәсімнен босатуға болатын шарттар белгіленуі керек.

Мысалы, Латвияда тұруға рұқсат алу үшін елде тұратын ресейліктер 2025 жылға дейін латыш емтиханын тапсыруы керек. 15 жасқа толмаған және 75 жастан асқан адамдар емтиханға қатыспайтыны; латыш тілінде негізгі, орта немесе жоғары білім алған немесе оқу орнында латыш тілінен емтихан тапсырғандар; сондай-ақ медициналық себептер бойынша емтиханға қатыса алмайтындар нақтыланды.

Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің доценті, көптілді білім беру саласының сарапшысы Сұлушаш Керімқұлова қазақстандықтар өздерінің қос тілде сөйлейтінін бағалауы керек деп есептейді. Ол халықты қазақ тіліне оқыту мәселесін шешуді бірінші кезекте орыс тілді мектептерде оқытудың әдістемесін өзгертуден көреді, олардың оқушылары қазақ тілін екінші/шетел тілі ретінде оқытуды қажет етеді. Бұл ретте әдістеменің қазақ тілін ана тілі ретінде оқытудан айырмашылығы бар. Алайда, Керімқұлованың айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметшілер мұндай идеяны қабылдауға дайын емес, өйткені олар «екінші тіл» ұғымын сөзбе-сөз қабылдайды, біз мәртебенің төмендеуі туралы айтып отырмыз деп есептейді.

Шындығында, бұл грамматиканы «құрғақ» оқытудан, ережелер мен лексиканы есте сақтаудан, сөйлесу дағдыларын үйретуге көбірек көңіл бөлетін, ал грамматика контекст арқылы біріктірілетін және оқытылатын коммуникативті әдіске ауысу туралы. Бұл жерде ең бастысы – оқушылардың сөйлеген кезде қателесу қорқынышын жою, сол арқылы сөйлесу кедергісін жеңуге көмектесу. Мысал ретінде профессор ағылшын тілін оқыту әдістемесін келтіреді, одан тілдің төрт дағдысын (сөйлеу, оқу, жазу, тыңдау) дамытуға көңіл бөлумен қатар, тілді меңгеру деңгейлеріне бөлуді алуға болады.

Осының бәріне қол жеткізу үшін, Сұлушаш Керімқұлованың пікірінше, қазақ тіліндегі мектеп мұғалімдерінің пәнге деген көзқарасын өзгерту қажет, олардың көпшілігі ескі әдіс-тәсілдерге басымдық беріп, оқытудағы жаңашылдыққа қарсы болуы мүмкін.

Тіл менеджменті

Деколонизация: Қазақстан үшін маңызды иврит пен валлий тілдерінің тағдыры
Иллюстрация: DALL-E 2

Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет қазақ тілін дамытуға бағытталған бірқатар бағдарлама қабылдады. Соның бірі – Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. 1998-2019 жылдар аралығында 1998-2000, 2001-2010, 2011-2019 жылдар аралығын қамтитын үш бірдей бағдарлама қабылданды. 2019 жылы үкімет атауын сәл өзгертіп, 2020-2025 жылдарға арналған тіл саясатын жүзеге асыру бағдарламасын әзірледі.

2020-2025 жылдарға арналған бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 16,9 млрд теңге бөлінді. Алайда 2023 жылғы 16 қазанында 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, тіл саясатын жүзеге асыру бағдарламасы күшін жойды. Мұның себебі түсініксіз.

Бір қызығы, екі құжаттың арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ — мақсаттар мен міндеттер бірдей. Дегенмен, жаңа тұжырымдама салыстырмалы түрде жақында қабылданғандықтан, біз 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаның негізгі тұстарын талдап, үш жарым жылда жоспарланған нәрсеге қол жеткізілді ме, жоқ па, соны түсінуді жөн көрдік. Белгілі болғандай, құжаттың негізгі мақсатты не орындалмады, не оларға қол жеткізудің әсері күмәнді.

Мәселен, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру саясаты бағдарламадан бағдарламаға «көшіп жүр». Бұл идеяны сонау 2012 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған-ды. Оның идеясы бойынша, 2017 жылдың соңына дейін бірыңғай әліпби стандарты қабылдануы тиіс еді. Ал 2018 жылдан бастап латын графикасын оқытатын мамандарды даярлауды қолға алып, жалпы білім беретін мектептер үшін оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу қажет болды.

Белгілі болғандай, мерзімдер тым оптимистік болып шықты. Соңғы әліпби стандарты күні бүгінге дейін бекітілмеген. Тілді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2023 жылға қарай халықтың 20%-і қарым-қатынаста латын әліпбиін еркін меңгеруі тиіс.

Латын әліпбиін енгізу кезінде Орталық Азияның басқа елі – Өзбекстанның сәтсіз тәжірибесін ескеру артық болмас еді. Латын әліпбиіне көшу туралы шешім сонау 1993 жылы, яғни тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданып, әліпбидің соңғы нұсқасы 1995 жылы бекітілді. Алайда бұл процесс бірқатар мәселелермен қатар жүрді, ал латын әліпбиіне толық көшу отыз жылға жуық уақыт өтсе де әлі де аяқталмай келеді.

Бүгінде Өзбекстанда білім беру саласында латын графикасы оқытылатынына қарамастан, кирилл әліпбиі бұқаралық ақпарат құралдары мен іс қағаздарында кеңінен қолданылады. Бұл кирилл әліпбиін үйренбеген бірнеше жас буын үшін айтарлықтай қиындық туғызады.

Филолог, лингвист, «Stepe&World» баспасының бас редакторы Назгүл Қожабек Өзбекстанға ұқсас сценарий Қазақстанда да қайталануы мүмкін деп есептейді. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі зияткерлік және ақпараттық технология процестерін жеделдетеді. Дегенмен, тіл үйрену, әсіресе ересектер үшін қиынырақ болуы мүмкін. Оның үстіне қазақша сөйлейтін адамдар да емле жазуды қайта үйренуге мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде тілдің дамуын тежейді.

Сұлушаш Керімқұлова да осыған ұқсас пікірде – латын әліпбиін енгізу 1929 және 1940 жылдардағыдай тілдің дамуына кері әсер етуі мүмкін. Кириллицада жазылған үлкен әдебиеттер латын тілінде білім алатын ұрпақ үшін бұл әдебиеттің бүкіл көлемінің толық аудармасы берілмейінше қолжетімсіз болуы мүмкін.

Тілдерді дамытудың соңғы үш бағдарламасында айтылған тағы бір бастама – қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған IELTS және TOEFL емтихандарының аналогы «Қазтест» жүйесі. 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламада мемлекеттік қызметте пайдаланылады. Жұмысқа қабылдау кезінде қазақ тілін білуді бағалау үшін «Қазтест» қолдану жоспарланды.

Алайда, егер мерзімі өткен бағдарламаға сәйкес, жалпы мемлекеттік органдардың қызметкерлері туралы сөз болса, онда Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасында «А» корпусының мемлекеттік қызметі әкімшіліктің кадрлық резервіне үміткерлер шеңбері тарылды. Әйтеуір, Назгүл Қожабектің айтуынша, бұл сынақ жай ғана формалды дүние – қажетті балл жинаған адамдар әлі де қазақ тілінде сөйлемейді, құжат жазбайды. Яғни, тесттің тілді дамытуға ықпалы жоқ.

Барлық бағдарламаларда айтылып жүрген тағы бір маңызды міндет – қазақ тіліндегі контенттің көлемін арттыру, мейлі ол онлайн контент болсын, мектептер мен кітапханаларға арналған кітаптар мен оқулықтар болсын. 2023-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамада мемлекет бұл салада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін қуана баяндайды. Мәселен, мемлекеттік БАҚ-тағы қазақтілді контенттің үлесі 2022 жылы 83%-ке жеткені айтылған. Сонымен қатар, құжатқа сәйкес, интернеттен ақпарат іздеу кезінде халықтың 65,7%-і орыс тілін пайдаланады.

Кітаптар мен оқулықтарға келсек, жаңа тұжырымдамада 2021-2022 оқу жылында мектеп кітапханалары қазақ және әлем әдебиетінің 2,5 миллион данасымен толықты деп көрсетілген. Оның 51%-і қазақ тілінде. Сондай-ақ, республикалық, облыстық және мемлекеттік кітапханаларға 506 мың дана кітап түссе, оның 95% қазақ тілінде.

Дәл осындай көшірмелер электронды түрде Қазақстанның электронды кітапханасының дерекқорына жүктелді. Сондай-ақ, «100 жаңа оқулық» жобасының аясында әлемнің жетекші университеттерінің түрлі пәндер бойынша оқулықтары қазақ тіліне аударылады. 
Алайда, әлеуметтік лингвист, филология ғылымдарының кандидаты, КИМЭП университетінің Педагогикалық-гуманитарлық факультетінің профессоры Жұлдыз Смағұлова TEDxAstana конференциясында сөйлеген сөзінде: шетел тіліндегі оқу әдебиеттерінің аудармасы көбінесе сапа талаптарына сай емес, бірақ ең бастысы, ол негізгі мәселені шешпейді – қазақ тілінде білімді жаңғыртуға және шығаруға қабілетті зияткерлік, ғылыми және шығармашылық таптың қалыптаспауы – деді. Басты мақсат, тіл маманының айтуынша, қазақ тілі шын мәнінде академиялық деңгейге жеткенде ғана жүзеге асатын мәдени тәуелсіздік болуы керек.

Цифрлық технологиялар туралы айтсақ, мемлекеттік сайттардан «қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған» ІТ-жобалардың тізімін табуға болады. Олардың қатарында «Balatili.kz», «Emle.kz», «Termincom.kz», «Sozdikqor.kz», «Qujat.kz», «Tilmedia.kz», «Tilqural.kz», «Tilalemi.kz», «Atau.kz» бар.

Алайда, шын мәнінде, жоғарыда аталған жобалардың үшеуі ғана қазақ тілін оқытуға арналған: «Balatili.kz», «Tilmedia.kz» және «Tilqural.kz». Үшеуінде де, Similarweb мәліметтері бойынша, трафик айтарлықтай төмен – айына 20-30 мың. Сонымен қатар, алғашқы екеуінен қолданушының шығып кету жылдамдығы өте жоғары (70-80%), бұл көптеген пайдаланушылардың парақшаны бірден жауып тастайтынын көрсетеді.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев мемлекет негізінен қаржы бөлетін білім беру құралдары – білім беру ресурстары, кітаптар, уеб-сайттар, қосымшалар бәсекеге кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықтың құрамдас бөлікке айналуына байланысты сапа үмітін қанағаттандырмайды деп санайды.

«Бірнеше компания тұрақты түрде тендерлерді ұтып алып, оқулықтар жасап, бәсекелестік мүмкіндігін жояды. Неліктен басқа мемлекеттік және жеке ұйымдарға білім беру ресурстарында бәсекелестік пен алуандықты насихаттауға мүмкіндік бермеске?», — дейді, сарапшы.

Сұлушаш Керімқұлованың айтуынша, тіл саласында көптеген реформалар жүргізілгенімен, олар іс жүзінде жүзеге асырылмай жатыр. Реформалардың тетіктері, нақты нұсқаулары, мақсаты, ресурстарды есептеуі жоқ және оның үстіне жауапты ведомство басшыларының ауысуымен қатар өзгереді: «Министр келеді, әйтеуір басын сүйреп шығу керек… Бұрынғы реформаларды ысырып, өзіндік бірдеңе ойлап табады. Мектептер мен мұғалімдер қашан да өзгеруге мәжбүр, оларға ешкім ештеңе түсіндірмейді».

Мысал ретінде Керімқұлова Білім министрі Ерлан Сағадиевті келтіреді, ол 2016 жылдың басында қызметке кіріскен кезде бірінші кезекте қазақ мектептерін үш тілде оқытуға көшу қажеттігін мәлімдеген. Барлық мектептер бір типте болады – әрқайсысында пәндердің бір бөлігі қазақ тілінде, бір бөлігі орыс тілінде, бір бөлігі ағылшын тілінде оқытылатыны түсіндірілді. Сонымен қатар, соңғысын жаратылыстану ғылымдарын (химия, физика, биология, информатика) оқыту үшін пайдалану жоспарланған. Алайда, реформа оны жүзеге асыру үшін қажетті «қуаттардың» (ең алдымен адам ресурстары) жоқтығын ескермеді. Сондықтан қомақты қаржы жұмсалғанымен, нәтиже бермеді.

Әлемжелі сарапшысы Жалғас Ертай мемлекет қаржысына жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар нәтижесінің маңызы әлі де төмен екенін айтады. Бұл жағдайдың негізгі себебін ол мемлекеттік жүйенің үгіт-насихатқа бағытталуынан көреді. Жалғас мемлекеттік тілдің дамуына тежеуші әсер ететін бірден-бір институт билік деп санайды – олар оған жеткілікті түрде қызығушылық танытпайды. Ол үшін инновацияларды енгізуден гөрі әдеттегі жұмыс режимін сақтау маңыздырақ.

Деколонизация: Қазақстан үшін маңызды иврит пен валлий тілдерінің тағдыры
Иллюстрация: Midjourney

Сарапшының айтуынша, мұндай жағдайда қазақ тілін дамыту мүмкін емес. Ал оның өздігінен күш алып кетуі негізінен демографиялық өзгерістерге байланысты. Қоғамда тілге деген оң көзқарас тек қоғамның өзінде туындайтын бастамалардың арқасында қалыптасады.

Бұл пікірмен Серік Бейсембаев келіседі. Оның айтуынша, Batyl Bol және Steppe&World баспасы сияқты қомақты қаржысы жоқ, бірақ біршама жетістікке жеткен жобалар үлгі бола алады. «Азаматтық бастамаларды грант түрінде қолдау және олардың жобаларын жүзеге асыруға көмектесу әлдеқайда тиімді болар еді», – дейді әлеуметтанушы.

Әлеуметтік лингвис Влада Баранова мемлекеттік және негізгі тілдік бастамалар теориялық тұрғыда қатар өмір сүріп қана қоймай, бір-бірін сәтті толықтыра алады, өйткені олар әртүрлі деңгейлерді қамтиды деп есептейді.

Заңдарда өте тез өзгеретін, күнделікті өмірге қатысты, бірақ жаңа бастамалармен оңай қабылданатын нәрселерді егжей-тегжейлі көрсетудің мәні жоқ. Екінші жағынан, мінсіз әлемде бізде мемлекет қандай да бір түрде қарапайым бастамаларды қолдайтын өзара әрекеттестік бар. Өз кезегінде керісінше, [мемлекеттік органдар] кейбір сәтті, жылдам шешімдерді көшіріп әкеледі.

Влада Баранова

Баранованың пікірінше, мемлекеттік тіл саясаты әдіс-тәсілдері жағынан көбіне өз ортасын және өзіне не қажет екенін жақсы білетін, мобильді және кез келген конвенцияларға азырақ байланыстырылатын тіл белсенділері мен жергілікті халық бастамаларынан көп нәрсені үйренуге болады.

Тіл маманы, «Kazakh bubble» жобасының жетекшісі Бейбарыс Сейтақ халықтың бастамаларына қолдау қажет деп санайды. Оның айтуынша, тілді дамыту процессіне қаржылай қолдау көрсету керек – жобаларды тек ынтамен алып жүру мүмкін емес.

Шешімдер

Халықаралық тәжірибе мен сарапшылардың пікірлерін ескере отырып, қазақ тілін дамытуға қатысты мынадай қорытындыға келеміз:

  1. Тіл саясатын «нөлдік қосынды ойыны» қағидасы бойынша жүргізуге болмайды. Басқа тілдерді, соның ішінде аз ұлттар тілдерін оқып-үйрену мен қолдануды шектемей-ақ мемлекеттік тілді дамытуға болады. Бұл ұлтаралық келісімді қамтамасыз етіп қана қоймай, адами капиталдың сақталуына ықпал етеді.
  2. Тіл үйренуде оң мотивация маңызды рөл атқарады. Мәжбүрлеу, ұятқа қалдыру, «тіл сақшылары» т.б. – біріншіден, адам құқығын таптайтын, екіншіден, тілді үйренуге деген ынтасын түсіретін пайдасыз шаралар. Қалай болғанда да, бұл Еуропа Кеңесінің көптеген елдердің тәжірибесін талдауға негізделген адам құқықтары жөніндегі ұсынымдары.
  3. Малайзия мен Латвияның тәжірибесі көрсетіп отырғандай, әлеуметтік шиеленістің туындауын болдырмау үшін тіл саласындағы реформаларды біртіндеп, мұқият және халықпен қарым-қатынаспен сүйемелдеу қажет. Кез келген реформаларды, соның ішінде төменде ұсынылғандарды (жаңа әдістер, оқу құралдары, курстар) іске асырмас бұрын сарапшылар талдауы керек (алдын ала тестілеу, оның ішінде мүдделі тараптармен фокус-топтар арқылы). Ынталандыру жүйесі, яғни сол оң мотивация да дамуы керек.
  4. Мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесін қайта қарау туралы ойлану орынды – бірінші кезекте еңбек нарығына қазақ тілін нашар біліп немесе мүлде білмей шығатын орыс тілді мектептердің бітірушілері. Мысалы, грамматиканы контекстке біріктіру арқылы коммуникативті дағдыларды дамытуға назар аударыңыз. Шабыт алу үшін осы материалда айтылған ағылшын тілін (шетел тілі ретінде) немесе иврит пен валлий тілін оқытудағы ең жақсы тәжірибелерді қарастыруға болады.
  5. Мемлекеттік бағдарламаларда IELTS және TOEFL аналогы бойынша жасалған «Қазтест» аталады. Бұл тұрғыда қисынды және тиімдірек шешім ретінде British Council, Alliance Francaise, Корей білім беру орталықтары, Конфуций институты сияқты мемлекеттік тіл орталықтарын ашу, оларды оқытудың озық әдістерін қолданып қана қоймай, сонымен қатар сол елдің мәдениетімен таныстырады – тіл үйрену үшін маңызды құрамдас бөлік. Мұндай орталықтар, ең алдымен, мектеп бітірген, бірақ жүйелі тәсіл арқылы қазақ тілінде сөйлеуді үйренгісі келетін ересектер үшін пайдалы. Бұл жеке мұғалімдердің немесе жеке тіл мектептерінің қажеттілігін алмастырмайды. Олар әртүрлі деңгейде жұмыс істей алады. Мәселен, мемлекет тілді дамытуға бөлінген қаржыны пайдалана отырып, қазақ тілін халыққа (оқу ақысына жеңілдіктер ұсыну арқылы) қолжетімді ете алар еді, сондай-ақ орталықтарда тегін сөйлеу клубтарын ұйымдастыруға болар еді.
  6. Тілді дамыту жөніндегі жаппай бастамалар мемлекет тарапынан қажет болған жағдайда қолдау ала алуы керек (бұл қаражат, салықтық жеңілдіктер және т.б. болуы мүмкін). Бірақ ең бастысы, мұндай бастамалардың болуына мүмкіндік беру және олардың қызметіне кедергі келтірмеу. Бұл БАҚ және мәдениет саласындағы қазақтілді бастамаларға да қатысты.

Тіл мәселесі, әсіресе постколониалды кезеңдегі көпұлтты елдер үшін қашанда ауыр әрі күрделі. Оны тиімді шешу үшін әртүрлі топтардың талаптары арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, мұқият әрекет ету керек. Ұлттық бірегейлік пен мәдени тәуелсіздікті қалпына келтіру азаматтардың бір тілде бірігуін талап етеді, бұл кейбір жағдайда сөзсіз позитив алалауға әкеп соғады. Екінші жағынан, қоғамның барлық мүшелерінің үйлесімді және тең құқылы қарым-қатынасы үшін толеранттылықты сақтау және тілдік, этникалық азшылықтардың құқықтарын құрметтеу қажет.

Мақала Медиажелінің қолдауымен жарияланды

Factcheck.kz