Қазақстандықтардың Ресей туралы көзқарасы нашарлаған — сауалнама

“Ресей Қазақстанға басып кіруі мүмкін” деп қауіптенетіндер екі есе көбейген. Бұл туралы 2023 жылғы 3-12 мамыр аралығында «Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы» тақырыбы аясында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сүйеніп, DEMOSCOPE бюросы хабарлады.

Авторлар сауалнаманы қазақстандықтарға қоңырау шалу арқылы жүргізген. Респонденттердің нөмірі кездейсоқ сандар генераторы көмегімен таңдалған. Сауалнамаға 18 жастан асқан жалпы 1 100 адам қатысты.

6 ай бұрын DEMOSCOPE дәл осы тақырыпта сауалнама жасаған. Авторлардың айтуынша, осы уақыт аралығында азаматтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы айтарлықтай өзгермеген. Дегенмен көбінің Ресейге қатысты пікірі жағымсыз бола бастаған. Мысалы, респонденттің 15%-і “Ресей Қазақстанға шабуыл жасауы мүмкін” деп ойлайды. Бұл 2022 жылғы қарашадағы көрсеткіштен екі есе көп. Ал 23,3%-і “белгілі бір жағдайларда ғана шабуыл жасауы мүмкін” деп есептейді. Бұған дейінгі сауалнамада 19%-і ғана осылай жауап берген еді. 61,8%-і, керісінше, мұндай болжам “мүмкін емес” деп санайды. Былтыр бұл көрсеткіш 72,7% болған.

  • Қазақстандықтардың Ресей туралы көзқарасы нашарлаған — сауалнама
  • Қазақстандықтардың Ресей туралы көзқарасы нашарлаған — сауалнама
  • Қазақстандықтардың Ресей туралы көзқарасы нашарлаған — сауалнама
  • Қазақстандықтардың Ресей туралы көзқарасы нашарлаған — сауалнама
  • Қазақстандықтардың Ресей туралы көзқарасы нашарлаған — сауалнама
  • Қазақстандықтардың Ресей туралы көзқарасы нашарлаған — сауалнама
  • Қазақстандықтардың Ресей туралы көзқарасы нашарлаған — сауалнама
  • Қазақстандықтардың Ресей туралы көзқарасы нашарлаған — сауалнама
  • Қазақстандықтардың Ресей туралы көзқарасы нашарлаған — сауалнама
  • Қазақстандықтардың Ресей туралы көзқарасы нашарлаған — сауалнама

Сонымен бірге сауалнамаға қатысқандардың жартысы (51,5%) Ресей туралы бұрынғыдай пікірде болса, азаматтардың үштен бір бөлігінің (32,6%) бұл елге қатысты пікірі нашарлаған. Тек 4,7%-і соғыс басталғалы Ресейге көзқарасы жақсарғанын айтады. Бір қызығы, Ресейді қолдайтынның көбі 60 жастан асқан азаматтар (10,8%) болып шықты. Олар Украинадағы соғыс туралы ақпаратты теледидар арқылы алғанды жөн көреді екен.

DEMOSCOPE нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың 21,1%-і Украинаны, 12,8%-і Ресейді қолдайды. Азаматтардың 59,8%-і – бейтарап ұстанымда.
Бұл сауалнама Украинадағы жағдай қазақстандықтарға қызық әрі өзекті тақырып екенін көрсетті. Дегенмен бұл тақырыпқа қызығатындар былтырға қарағанда азайған. Былтыр респонденттің 61,9%-і, ал биыл тек 53%-і ондағы ахуалды бақылап отырады екен. Азаматтардың 13,2%-і Украина туралы жаңалықтарды күнделікті оқыса, 39,8%-і ара-тұра қарап тұрады. 47,1%-і “мүлдем қарамайды” деуге болады. Дегенмен Украинадағы қақтығыс азаматтардың 70,7%-ін алаңдатады. Тек 24%-іне геосаяси жағдай қызық емес.

Қазақстандықтар Украинадағы жағдайды әртүрлі атайды. Респонденттің 31,8%-і Кремль нарративімен пікірлес болса, 13,6%-і Ресей Украинадағы нацистерге қарсы “арнайы әскери операция” жүргізіп жатқанына сенімді. 18,2%-і “Ресей Украина аумағында Батыс елдері мен НАТО-мен соғысып жатыр” деп ойлайды.

Сауалнама авторларының назарын “Ресей Украинаны басып алып, өзіне қоспақ” деп есептейтін қазақстандықтардың саны 22-ден 28%-ке өскені аудартты. Себебі бұл жолы алты ай бұрынғы сауалнамада осы сұраққа жауап беруге қиналған адамдар азайған (44,7%-
тен 39,7%-ке).

Респонденттің 10%-і Ресей жеңеді деп ойласа, 8,9%-і Украина жеңетініне сенеді. 54%-і “Екі ел ымыраға келеді” деген нұсқаны таңдаған.

Қазақстандықтардың тек екі елдегі жағдайға емес, олардың көшбасшыларына көзқарасы әртүрлі. Мысалы, респонденттің 26,5%-іне Владимир Путин мен Владимир Зеленский ұнаса, сауалнамаға қатысқаннан үштен бірі оларға қөзқарасы бейтарап екенін жеткізді. Путинді азаматтардың 32%-і, Зеленскийді 26%-і ұнатпайтын болып шықты.

Сауалнамадағы ел басшыларының тізімінде Түркия, АҚШ пен Қытай сияқты ірі державалардың
президенттері мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та болды. DEMOSCOP мәліметінше, Қазақстан қоғамының Джо Байден мен Си Цзиньпиньге қарағанда Режеп Тайып Ердоғанға пікірі оң. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев сауалнамаға қатысқанның 74,8%-іне ұнаса, 6,9%-і ұнамайды.

Қорыта айтқанда, DEMOSCOPE бюросының Украинадағы соғысқа қатысты үш зерттеуінің нәтижесі Ресей пропагандасы қазақстандықтардың қоғамдық пікіріне қатты әсер ететінін көрсетті. Оған сауалнамаға қатысқан азаматтардың үштен бірі Кремль таратып жатқан соғыс туралы нарративті қолдайтыны дәлел. Кейінгі екі зерттеу бойынша, қазақстандықтардың Украинадағы соғыс туралы түсінігі тұрақты екені байқалды. Украинаны қолдайтындардың үлесі 20%-тен асса, Ресейді 13% азамат жақтайды. Сонымен қатар соғыс басталғаннан кейін қазақстандықтардың үштен бірінің Ресейге көзқарасы нашарлаған. Оған қоса азаматтар арасында Қазақстанға Ресей агрессиясын көрсетуі мүмкін деген қауіп артқаны байқалады.

Factcheck.kz