Азаттыққа аккредитация бермеу — Қазақстандағы баспасөз еркіндігіне қысымның өскені

25 қаңтарда парламент депутаттары “Масс-медиа” туралы заңға түзету енгізуді ұсынды. Жаңа өзгерістерге сай, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі “Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген жағдайда” шетел басылымы мен оның журналистеріне аккредитация беруден бас тарта алады.

Оған қоса жаңа заң жобасы бойынша, аккредитация алмаған шетел басылымы мен журналистер кәсіби түрде журналистикамен айналыса алмайды және БАҚ-тың медиа ретіндегі қызметі сотсыз тоқтатылады.

Медиа өкілдері, заңгерлер мен құқыққорғаушылар бұл өзгертулер елдегі сөз еркіндігіне қатысты мәселені ушықтырып, тәуелсіз медиалардың жабылуына әкелуі мүмкін екенін айтады.

Олардың бұлай алаңдауына негіз бар. Себебі қазіргі СІМ “Азаттық Радиосының” 36 журналисіне аккредитация бермей отыр, ал кейбірінің бар аккредитациясын жаңартпаған.

Қазақстандағы журналистика мен медиа нарықтан хабардар адам елдегі баспасөз еркіндігі көп шектеліп жатқанын байқайтынын анық.

“Шекарасыз тілшілердің” баспасөз еркіндігіне қатысты индексінде Қазақстан бір жылда 12 орынға төмендеп, 122-орыннан 134-орынға жайғасты. Есеп авторларының айтуынша, Қазақстанда “репрессия модернизацияланып жатыр”: азаматтар қамалды, қудаланды, кейбір өзекті тақырыптар талқыланбас үшін интернет-кеңістік бақылауға алынды.

Мұның бәрі журналистердің жұмысын қиындатып отыр. Мәселен, кейінгі екі айдың өзінде тәуелсіз медиалар мен журналистердің кибершабуылға ұшырағанын көрдік.

“Азаттық радиосы” – қазақстандықтарға биліктің жоғарғы эшелонындағы коррупция туралы айтып, ауқымды журналистік зерттеумен айналысатын еліміздегі санаулы ақпарат құралдарының бірі.

«Азаттық» радиосының қызметіне шектеу қою – заңға жақында ұсынылған түзетулерсіз-ақ қысымға ұшырап жүрген тәуелсіз журналистикаға тағы бір соққы.

Ал тәуелсіз журналистикаға қысым көрсету – жалпы қоғамға соққы. Өйткені дәл осындай ақпарат құралдарының арқасында азаматтар елде не болып жатқанын біліп, проблемаларды айтуды үйренеді, билікке маңызды сұрақтар қойып, өз құқығын қорғайды.

Баспасөз еркіндігі азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп, оны жақсартатынына сенімдіміз. Сондықтан бұл Қазақстанға қажет.

Factcheck.kz редакциясы “Азаттық радиосындағы” әріптестеріне қолдау білдіреді. Әділдік орнап, сіздер маңызды әрі өзекті оқиғаларды хабарлап, өз қызметіңізді жалғастыра аласыздар деген үміттеміз.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz