Хакерлердің шабуылына ұшыраған БАҚ өкілдері ҰҚК-ға арыз жазды

Кейінгі кездері кибершабуылға ұшырап жүрген БАҚ өкілдері Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз түсірді. Оған қоса Ақпарат министрлігіне, мәдениет министрлігіне және халықаралық ұйымдарға да хабарласқан. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлады.

Арызданғандардың қатарында ProTenge, Shishkin_like, Kursiv.Media, Inbusiness.kz, AIRAN журналистері мен «I Ador» жобасының жетекшісі Асхат Ниязов бар.

Журналистер баспасөзге жасалған қысымға қарсы тұру үшін жұмылып әрекет ету керек екенін айтады.

Айта кетейік, желтоқсанның басынан осы уақытқа дейін ProTenge басылымының Instagram аккаунты төрт рет шабуылға ұшырады. Асхат Ниязов пен оның жақын адамдарының әлеуметтік желідегі аккаунттарына да хакерлер шабуылдады. Kursiv.Media басылымының мәліметінше, 6 желтоқсан мен 17 қаңтар аралығында басылым жүйелері DDOS шабуылының нысанасына айналған. ҚазТАГ ақпарат агенттігі де сайты да осындай жағдайға тап болғанын хабарлады.

Factcheck.kz