Апталық шолу: Алматыдағы шеру, Ердоғанның “ескертуі” мен коронафейктер

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан және әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратты тексерді. Ал ендеше, жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Байқоңырда «қазақ тілі мен әдебиеті» оқытыла ма?

3 желтоқсан ult.kz сайты «Байқоңыр мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні қашан енгізіледі» деген тақырыпта ақпарат жариялады. Бұл тақырып осыған дейін парламентте көтерілген болатын. Сол себепті factcheck.kz журналисі Наргиза Ерес бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін тексерді.

Қазақтілді БАҚ-та таралған тақырып – манипуляция. Себебі Байқоңырда «қазақ тілі мен әдебиеті» пәні оқытылады. Бұл туралы біз “Байқоңыр жайлы аңыз бен ақиқат” деген материалымызда кеңірек жазғанбыз. Ал соңғы уақытта мәжілісте көтереліп жатқан мәселе Байқоңырдағы Ресей мектептеріне қазақ тілі мен әдебиеті пәнін енгізу.

Ердоған Қазақстан шекарасына қатысты пікір білдірді ме?

Өткен аптада Ресей Мемлекеттік думасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоров Қазақстанның қазіргі шекарасына қатысты даулы мәлімдеме жасады. Осыдан соң әлеуметтік желілерде Режеп Тайып Ердоғанның “пікірі” тарай бастады. Ердоған “Түркия Қазақстанды қиын жағдайда тастап кетпейді, әрқашан да қолдау көрсетеді” деген сарындағы ойын білдіріпті-міс. Оқырмандарымыздың өтініші бойынша, Factcheck.kz мұның рас-өтірігін тексерді.

Апталық шолу: Алматыдағы шеру, Ердоғанның "ескертуі" мен коронафейктер
Халық арасында тараған ақпарат

Біз Түркия президентінің ресми сайтынан да, Түркияның Сыртқы істер министрлігінің сайтынан да, Эрдоғанның Twitter парақшасынан да мұндай ақпарат таппадық. Ресей депутаттарының сөзіне Түркия тарапынан ешқандай реакция болмаса да, бұл фейк тез тарап жатыр. Біздің байқағанымыз, хабарды таратушылардың көп бөлігі Назар Хақназар атты Facebook қолданушысына сілтеме жасаған. Алайда оның парақшасынан қандай да бір дереккөзге сілтеме таба алмадық. Ал үкімі фейк және арандату.

Алматыда белсенділер Желтоқсан, Жаңаөзен құрбандарын еске алып, шеруге шықты

16 желтоқсан Алматыда жүзге жуық белсенді 1986 жылғы “Желтоқсан оқиғасы” мен 2011 жылғы “Жаңаөзен оқиғасын” еске алу үшін қала орталығына жиналды. Алаңға келгендердің арасында “Оян, Қазақстан” қозғалысының белсенділері мен “Демпартия” құрғысы келетін бастамашыл топтың өкілдері, қала тұрғындары болды. Олар қолдарына “Ұмытылмас 1986 2011”, “Выворы”, “Менің даусым ұрланды”, “Елімізге upgrade қажет” деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты.

Апталық шолу: Алматыдағы шеру, Ердоғанның "ескертуі" мен коронафейктер
Фото: Vlast.kz

Беттеріне маска киген бірнеше адам белсенділерді видеоға түсіріп жүрді. Oyan, Qazaqstan белсенділері саяси тұтқындарды босатуды, 10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат сайлауын әділ өткізуді талап етіп, “Әділ сайлау”, “Оян, Қазақстан” ұрандатты.

2 минутта COVID-19’ды жоятын тіс пастасы бар ма?

COVID-19 пайда болғаннан бастап, бүгінге дейін оны емдеудің медициналық жолы, үй жағдайында түрлі заттарды пайдалану арқылы жоюдың түрлі жолдары толастар емес. Соның бірі – “Екі минут ішінде коронавирусты жоятын тіс пастасы анықталды”. Бұл туралы Stan.kz сайты жазды. Factcheck.kz редакциясы бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін тексерді.

Dental Tribune International хабарлауынша, бұл ақпарат – Colgate-Palmolive бағдарламасының кезекті зерттеуінің бірі. Зерттеу қорытындысы бойынша, тіс пастасы немесе ауыз қуысын тазалайтын өнімдер коронавирусты мүлдем жойып жібермейді. Вирус жұқтырған адамның аузындағы SARS-CoV-2 мөлшерін уақытша азайтып және вирустың таралуын әлсіретеді деп көрсетілген. Ал үкімі манипуляция. Толығырақ мына сілтемеге өтіңіз.

Басқа қандай материал жарияладық

  • Pfizer вакцинасын салдырған 6 адам қайтыс болды | Рас па?
  • Украина орыс тіліне тыйым салды ма?
  • АҚШ пен Канадада халықты коронавирусқа қарсы жаппай вакцина егу басталды.
  • Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 15 желтоқсанда сайлауалды дебатқа бюджеттен 47,9 млн теңге жұмсалатынын хабарлады. Бұл – тек мәжіліске ұсынылған кандидаттар арасында өтетін пікірсайысқа бөлінетін қаржы.
  • Жамбыл облысы Қазақстандағы пияздың 75%-ін өндіре ме?
  • Фактчек | Уханьдағы зертхана Glaxа’ға тиесілі, бұған Гейтс пен Соростың қатысы бар
  • Бет қалқандары коронавирусқа қарсы тиімді емес пе?
  • Шындық | Жол инфрақұрылымының сапасы бойынша Қазақстан 93-орында

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz