Жамбыл облысы Қазақстандағы пияздың 75%-ін өндіре ме?

Бердібек Сапарбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының агроөнеркәсібі туралы бірқатар деректер келтірді. Біз мұның қаншалықты шындыққа жанасатынан тексердік.

Ағымдағы жылдың 10 айында Жамбыл облысының шаруалары 332,6 миллиард теңгенің өнімін өндірді.

Бердібек Сапарбаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Жамбыл облысы 2020 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында ауыл шаруашлығы шығарылымдарының жалпы көлемі 332 583,8 млн. теңгені құраған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 212 886,8 млн. теңге, ал мал шаруашылығы 118 958,6 млн. теңге болған.

Егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайтылып, 735 мың гектарды құрады.

Бердібек Сапарбаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, биыл Жамбыл облысында 734 966,5 гектар жер ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы деп танылған (Алдын-ала). Былтыр бұл көрсеткіш 687 176 гектар еді. Тиісінше 47 790 гектарға ұлғайғанын көреміз.

Аймақта елдегі пияздың жалпы көлемінің 75 пайызы өсіріледі. Ағымдағы жылы жиналған өнім 691 мың тоннаны құрады.

Бердібек Сапарбаев

Үкім: Шындық

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сай, 2020 жылдың 1 қарашасына Жамбыл облысында 691 230 тонна басты пияз жиналған. Министрлік бұл Республикалық мөлшердің 75-80% аралығында екенін растады.

Оның [Пияздың-ред.] 41,2 мың тоннасы қазірдің өзінде ТМД елдеріне, Ирак, Аустралия, Сербия, Түркия, Пәкістан, Польшаға жөнелтілді. 

Бердібек Сапарбаев

Үкім: Үкім жоқ

Талдау ақпараттық-талдамалық жүйесінде 2020 жылдың алғашқы 9 айының ғана дерегі бар. Бірақ ол жерде барлығы 19 485,2 тонна пияз және пияз тұқымдас өнімдер экспортқа шыққаны жазылған. Әкім қолында он айдың толық дерегі болуы мүмкін, сондықтан мәлімдемені үкімсіз қалдырдық.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz