Қазір үкіметке қарасты алып медиа ұйымдар мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырып жатыр, бұл ұйымдарға жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. «Құқықтық медиаорталықтың» талдауына сай, жыл өткен сайын мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге бюджеттен ақша көбірек бөліне бастаған. Егер 2024 жылы 63 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінсе, келесі үш жылдың әрбіріне (2025-2027) шамамен 67 млрд теңге (жалпы сомасы – 200 млрд теңгеден астам) бөлінген.
Бұдан бөлек, мемлекетке тікелей бағынбайтын редакциялар жергілікті не орталық билік органдарымен келісім шартқа отырып, сол орган ұсынған ақпаратты таратады. Көп жағдайда мұндай келісім шарттың техникалық сипаттамасында тапсырыс беруші бірден әлеуметтік желідегі жазылушы саны мен көрілім санына қатысты және мұның тапсырыспен жазылғаны туралы жасырылуы керек деген талаптар қоятын болған. Мұндай редакциялардың көптігі мен оларға бөлінетін қаржының айтарлықтай болуы, әлебетте, медиа кеңістіктің күйіне әсер етпей қоймайды.
Бірақ мемлекеттің ақпараттық саясатының мұндай моделі қаншалықты тиімді және бұл қоғамдық пікірге қалай әсер етеді?
Factcheck.kz редакциясы бірнеше сарапшымен сөйлесіп, бұл жағдайдың салдары мен шешімін іздеп көрді.
Мемлекеттік ақпараттық саясат сөз бостандығына қалай әсер етеді?
Жақында есебін жаңартқан «Шекарасыз тілшілер» ұйымы Қазақстанның медиа кеңістігіне қатысты «1997 жылы басталған репрессив реформалардың салдарынан күйреген медиа кеңістік қазір қазақ режимінің пропаганда құралына айналды», – деген сипаттама береді.
«Шекарасыз тілшілердің» бұлай дейтіні бекер емес. Мемлекеттік не оған қандай да бір байланысы бар медиа ұйымдар көбіне біржақты көз-қарасты таратуға бейім келеді. Cambridge мұны да пропагандаға жатқызады.
Адамдардың пікіріне әсер ету ниетімен таратылатын, жарияланатын немесе қандай да бір басқа жолмен таратылатын ақпарат, идеялар, пікірлер немесе бейнелер, көбінесе дәлелдің бір бөлігін ғана береді.
Cambridge dictionary
Журналист Лұқпан Ахмедьяров үкіметтің мұндай шараларын қолдамайтынын айтады. Оның пікірінше, мемлекеттік ақпараттық саясат — цензура қою амалы. Оның сөзінше, мемлекет жекеменшік, тәуелсіз және жергілікті шағын медианы ақшаға «отырғызып» қойған.
«Осылайша, бұл медиа ұйымдар ақша табу мүмкіндіктерін ұмытып қалды, осы нәрсе [мемлекеттік ақпараттық саясат] оларды тәуелсіздігінен айырды. Өйткені осыдан соң олар билікке ұнамайтын бірдеңе жазғысы келген сайын оларға мемлекетен ақша ала алмай қалатындары туралы ескерту жасалады. Өкінішке қарай, көптеген медиа ұйымның осыған көнуіне тура келді».
Лұқпан Ахмедьяров
Ахмедьяровтың сөзінше, мұндай мемлекеттік ақпараттық саясаттың салдарынан жергілкті тәуелсіз медиа ұйымдар тәуелді әрі көнбіс болып қалған. Ал тәуелсіз ұйымдар саусақпен санарлық.
«Мемлекеттік ақпараттық саясаттың әсерінен тәуелсіз журналистиканың өзі институт ретінде жойылады әрі сөз бостандығы жоғалады».
Лұқпан Ахмедьяров
«Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова да Лұқпан Ахмедьяровпен келіседі. Оның пікірінше мемлекеттік ақпараттық саясат елдегі өткір мәселелерді көтеруге мүмкіндік бермейді.
«Мемлекеттік ақпараттық саясат, өкінішке орай, өзекті саяси және әлеуметтік мәселелерді сынауға мүмкіндік бермейді. БАҚ-тың мемлекеттік қаржыға тәуелділігі [медианың – авт.] өзін-өзі цензуралауға алып келеді және сөз бостандығына нұқсан келтіреді. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс теңсіздікке себеп болады: бюджет қаражатының басым бөлігі айтқанға көнетін БАҚ-қа бөлінеді, ал тәуелсіз басылымдар қаржыландыру мәселесіне тап болады. Бұл олардың тұрақтылығын шектеп, олар экономикалық қысымға ұшырайды және жабылу қаупін тудырады».
Гүлмира Біржанова
Біржанова «Уральская неделя» газетінің жағдайын мысалға келтіреді. Жақында «Уральская неделя» газеті оқырмандарынан көмек сұрайтыны хабарлады. Басылымның жазуынша, тәуелсіз контент жасау үшін оқырмандардың тұрақты қаржылылай қолдауды қажет.
«Негізгі мотивация — мемлекеттің қаржысын игеру»
Гүлмира Біржанованың сөзінше, медианы бұлай қаржыландырудың мақсаты – БАҚ өкілдерін қолдау емес, БАҚ-ты мемлекеттік пропаганда құралы ретінде пайдалану.
«Егер мемлекеттің ақпараттық саясат саласындағы медиа кеңістіктің жұмыс істеуі туралы айтсақ, бұл процесстің ашықтығы мен тиімділігі мәселелерімен көп жылдар бойы айналысып келе жатқан ұйымның өкілі ретінде оның Қазақстанда тиімсіз екендігі сөзсіз деп сенімді түрде айта аламын. Бұл механизм біздің БАҚ-тың дамуына, бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік бермейді», – дейді Гүлмира Біржанова. Оның үстіне, Біржанова жаңадан қабылданған гранттар жүйесіне күмәнмен қарайды.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың сөзінше, мемлекеттік ақпараттық саясат дегеніміз медиа ұйымдарды басқарудың бірден бір амалы. Оның пікірінше қазір көптеген медиа ұйым осы мемлекет бөлетін ақшаға өмір сүріп жатыр.
«Қазір орталықтандырылған әрі жоғарыдан басқаратын модель қалыптасты. Бұл модель негізінен идеологиялық мақсаттар үшін пайдаланылады. Мұнда бірінші болып қоғамның сұранысы емес, биліктің өзінің идеолгиялық, ақпараттық қажеттіліктері. Бұл модельдің тәуелсіз медиа кеңістік тұрғысынан негатив салдары көп, біріншіден бұл модельде плюралистік медиа кеңістік қалыптаспайды, өйткені мемлекет медианы қаржыландыру арқылы өзіне ыңғайлы, өзіне қажет ақпаратты орналастырады, медиа кеңістіктегі ойыншыларды басқарады, қажет кезде шектейді. Осылайша біржақты ақпараттық кеңістік қалыптасады».
Серік Бейсембаев
Бейсембаевтың пікірінше, екінші мәселе бұл бәсекелестіктің жоқтығы.
«Мемлекеттің тапсырысын орындау үшін жұмыс істейтін журналистер қоғамға пайдалы ақпарат таратуға мүдделі емес әрі нарықтық жүйеде жұмыс істеуді білмейді, мысалы, қаражат тартуды білмейді. Қоғамның сұранысындағы, қоғамның күнтәртібіндегі мәселелерді көтеруге мүддесі болмайды. Бұл жағдайда БАҚ-тың бәсекелестік қабілеті төмендейді. Яғни негізгі мотивация — мемлекеттің қаржысын игеру. Осының салдарынан [журналистердің – авт.] кәсіби біліктілігі, сапасы төмендейді», – дейді Серік Бейсембаев.
Медиа кеңістіктің жай-күйі
2025 жылдың сәуір айындағы жағдайға сай, елімізде 4 843 бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) есепке қойылған, оның 235-і – телеарна, 97 – радио және 1 219 интернет БАҚ. Әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінің жылдам дамуына қарамастан, жауапты органның жазуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлігі мерзімді баспа болып қалып отыр, олардың саны – 2 989 (газет саны – 1923, журнал саны – 1066).
Мемлекеттік БАҚ
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат комитетінің редакциямызға берген жауабына сәйкес, 2025 жылдың 1 мамырындағы жағдайға сай, елімізде 528 мемлекеттік медиа жұмыс істейді. Оның ішінде 20-ы телеарна, 3-і радио, 484-і мерзімді баспасөз басылымы болса, 21-і интернет-ресурсы.
Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралы – жарғылық капиталында мемлекетке тиесілі елу пайыздан астам дауыс беретін акциялары, жарғылық капиталына қатысу үлестері, пайлары бар бұқаралық ақпарат құралы.
528 мемлекеттік медиа жалпы 4 843 БАҚ-тың аз бөлігі болып көрінуі мүмкін. Бірақ, Freedom House ұйымы Қазақстандағы медианың жай-күйі туралы жазғанда үлкен медиа ұйымдар не мемлекеттің иелігінде не үкіметке жақын бизнесмендердің қолында дейді.
«Үлкен медиа ұйымдар мемлекет меншігінде я болмаса үкіметке жақын бизнесмендердің иелігінде. Сөз бостандығы мен жиналу еркіндігі шектелген және бұл үшін жаза қарастырылған, ал сыбайлас жемқорлық эпидемияға айналған».
Медиа кеңістікке мемлекеттік БАҚ арқылы әсер ету үкіметтің жалғыз құралы емес. Одан бөлек, елде тендерлер мен гранттар жүйесі қалыптасқан. Бұл мемлекеттік емес БАҚ-қа әсер етуге мүмкіндік береді.
Тендер мен грантта «отырған» ұйымдар
Мемлекеттің ақпарат кеңістігіне араласуы мемлекеттік БАҚ-пен шектелмейді: былтыр қабылданған Масс-медиа туралы заңда бұқаралық ақпарат құралдарына арналған гранттар туралы бап енгізілген. Оған сәйкес, енді мемлекеттік емес медиа арасында конкурстық негізде гранттар ойнатылады. Заңда балаларға арналған контент пен өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарын дамытуға басымдық берілетіні, мемлекеттік тілдегі гранттардың көлемі гранттардың жалпы жылдық көлемінің үштен екісінен кем болмауға тиіс екені жазылған.
Ал гранттардың тақырыптық бағыты мен олардың қаржыландыру көлемін бекітетін орган — мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі республикалық комиссия. Конкурсқа арнайы сараптама комиссиясы құрылады, оның құрамы мен ережесін уәкілетті орган бекітеді.
Қазақстанда гранттардан бөлек, жергілікті не орталық органдардан «ақпараттық тендерлері» жарияланып тұрады. Factcheck.kz редакциясы бұған дейін мұндай ақпараттық тапсырыстардың бір қатарына шолу жасап, оларға миллиондаған теңге ақша жұмсалатынын жазған. Әдетте жергілікті әкімдіктер мұндай тендерді өз өзін жарнамалау үшін ұйымдастырады.
Мысалы, былтыр Қонаев қаласының ішкі саясат бөлімі әкімдіктің жұмыс істеп жатқанын баяндайтын мақала жаздыруға 25 млн теңге бөлгенін жаздық. Тендердің техникалық сипаттамасында Тоқаевтың Қонаев қаласының дамуы жайында берген тапсырмаларын орындау, Қонаев қаласы әкімдігінің түрлі мәселерді шешу үшін қолға алып жатқан шараларын насихаттау секілді мақалалар жазылып, сайтта жариялануы керек екені көрсетілген. Сондай-ақ аталған сайттың жетекшісі эксклюзив ретінде республикалық 10 сайтқа тұрақты түрде материалдар жариялап отыруы тиіс.
Осыған ұқсас тағы бір тендер Алматы қаласының әкімдігіне қатысты. «Алматы индустриалды аймағы» деп аталатын компанияның қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде имидждік жарияланымдарды сатып алуға арналған тендер жариялаған. Назар аударарлық жайт – ұйым өз имиджін ғана емес, басшылықтың, яғни Алматы әкімдігінің де имиджін көтеруді ұйғарған. Келісімшарттың құны 44 370 000 теңге. Сол секілді Қарағанды мәслихаты туралы телехабар дайындауға 27 млн теңге бөлінген, Өскемен әкімдігі «еститін үкімет» туралы фильмге 2,8 млн теңге қарастырған.
Еліміздің ұлттық экономика министрлігі одан ары барып, медиада өздері туралы кім не жазатынына мониториң жүргізуге 2 400 000 теңге бөлген (алғашында 6 621 428 теңге еді).
Мұның салдары неге алып келеді?
Бейсембаевтың сөзінше, мұл мәселенің тағы бір салдары қоғамның жалпы медиаға деген сенімінің төмендеуі.
«Қоғам үшін мемлекет қаржыландыратын БАҚ шындықтың көзі емес, ресми ақпарат таратушы құрал ғана. Қазір көріп отырғанымыздай, теледидар көру көрсеткіші төмендеген, адамдар әлеуметтік желіні негізгі ақпарат көзі ретінде қарастырады.
Сенім тұрғысынан, бірлі жарым тәуелсіз медиа ұйым да осы модельдің құрбаны, өйткені мұндай қалыптасқан жағдайда тәуелсіз ақпарат тарататын, билікті сынайтын медиа бірден оппозициялық медиа ретінде көрінеді. Яғни, ол медианың оқырманы болу, қолдап, пікір айту адамдар үшін қауіп ретінде қабылданады. Мысалы үшін, Аzattyq.org-ты тәуелсіз медиа емес, оппозициялық медиа деп қарайды, ал шындығында Аzattyq жай ғана өзінің медиа ретіндегі жұмысын атқарып жатыр деп білемін».
Ал саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт елдегі сөз бостандығын саяси жүйенің табиғатынан бөліп қарауға болмайды дейді. Себебі елдегі саяси режимнің табиғаты сол елдегі азаматтардың құқықтарымен, соның ішіндегі сөз және баспасөз бостандығының сақталуына тікелей әсер етеді.
«Әрине мұның салдарын қазірдің өзінде көріп жатырмыз. Яғни бұл медиа кеңістікте саяси режимнің монополия орнатыуы және саяси конъюнктураға сай келмейтін көзқарасты, роиториканы міндетті түрде мемлекетке қарсы риторика ретінде көрсетуге тырысу, тіпті кейбір азаматтарды экстремизм секілді ауыр баптармен айыптап, түрмеге жабылғанын көріп жатырмыз. Мұның бәрі түптеп келгенде елдегі азаматтардың онсыз да мүшкіл жағдайдағы құқықтарын аяқасты етуге алып келеді. Бұл мемлекеттік институттардың, қоғамдық институттардың өте қатты әлсіретеді».
Шалқар Нұрсейіт
Шешімі бар ма?
Материалды жазу барысында бізді қызықтарған сұрақтың тағы бірі — қалыптасқан бұл жағдайды қалай өзгерте аламыз деген сауал. Гүлмира Біржанованың сөзінше, мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа келгенде үкімет медиа ұйымдардың контентіне араласпай қолдау көрсетуі қажет. Оның ішінде, мысалы, салықты жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік беру, техникалық қолдау көрсету және т.с.с.
«Жалпы айтқанда, мемлекеттің БАҚ-қа деген көзқарасы өзгеруі қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарын пропаганда құралы ретінде қабылданбауы керек».
Гүлмира Біржанова
Ал Шалқар Нұрсейіт мәселеге тереңірек үңілу керек екенін ескертеді. Оның сөзінше, ашық әрі қоғам алдында есеп беретін жүйе қалыптастыру қажет.
«Яғни, кім қаржыны қандай мақсатта алды және мемлекеттен қаржы алған медианың еркіндігі қаншалықты сақталатыны үлкен сұрақ. Сондықтан ашықтық пен нарықтық жүйеге қарай көшуге барынша тырысу керек. Онсыз елде қалыптасқан медиа саясатты, қазіргі биліктің саясатын өзгерту мүмкін емес».
Шалқар Нұрсейіт
Нұрсейіттің пікірінше, елге жаңа саяси партиялар мен қозғалыстар қажет. Осындай ұйымдардың өздерінің медиасы пайда болған кезде саяси күштердің арасында өзара бәсеке пайда болады. Бұл нарықтық ережемен жұмыс істейтін тәуелсіз медианың қалыптасуына ықпал етеді дейді ол.
Қорытынды
Осылайша, үкіметтің медиа кеңістікті бұлай «басқаруы» елдегі журналистердің кәсіби сапасын нашарлатып, үкіметтің тәуелсіз медиа ұйымдарды алалауына алып келді. Нәтижесінде қоғам мен билікте «біз» және «олар» деген нарратив қалыптасты. Яғни, тәуелсіз медиа не оппозиция не шетел агенті, ал үкіметке тәуелді медиа «өзіміз» саналатын медиа кеңістік…
Бұл материал Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырып жатқан «Әмбебап фактчекиң: Қазақстандағы адам құқықтары туралы қитұрқы нарративтерге қарсы іс-қимыл» жобасы аясында жарияланды.