Ресей медиасы Батыстың Украина жайлы мақалаларын қалай бұрмалайды?

Ресей үкіметі Украинаға қарсы соғысында жалған ақпарат тарату мен манипуляцияны стратегиялық құрал ретінде пайдаланып келеді. Бұған дейін Factcheck.kz «Украина әскерінің үштен бірінде психикалық проблема бар ма?» материалында Ресей медиасы британдық «The Times» мәтінін қалай бұрмалағаны туралы жазды. Осы мақалада ресейшіл пропаганда өз саяси мақсаттары үшін қандай манипуляция әдістерін қолданатыны, оны қайда тарататыны, Батыс мұнымен қалай күресетіні туралы айтамыз.

«Wall Street Journal» мақаласы

«Wall Street Journal» (WSJ) америкалық басылымы 1 ақпанда Еуроодақтың Украинаға қомақты қаржылық қолдау көрсететініні туралы мақала жариялаған (архив). 54 миллиард долларға жеткен сома Украина экономикасын нығайтуға бағытталып, жалақы мен зейнетақы секілді әлеуметтік шығындарға жұмсалады. WSJ жазуынша, ЕО-ның Украинаға қолдау көрсетуі — континенттің Еуропа қауіпсіздігі үшін Украина тұрақтылығының маңызын мойындайтынын көрсетеді.

Осы мақаланы ресейшіл медиа қалай бұрмалады?

Газет (WSJ — авт.) Ресейдің арнайы операция аймағында өзін сәтті көрсетіп жатқанын, ал Украина қару-жарақ пен оқ-дәрі сияқты маңызды ресурстардың жетіспеуіне тап болғанын, бұл Брюссельде әлсіреген Украина қарулы күштерінің шегінуі мүмкін деген алаңдаушылық тудырғанын атап көрсетеді.

news.front.su сайтының хабарламасы (кремльшіл медиа Ресейдің Украинаға басып кіруін «арнайы операция» деп атайды)

WSJ Ресей соғыста өзін «сәтті» көрсетіп жатқаны туралы жазбаған. Басылым мәліметінше, «Батыстың Украинаға деген жаңа көмегінің жоқтығына қарамастан, Ресейдің соғыста жеткен табысы аз». WSJ Ресейдің әскери әлеуетінің артуына байланысты Украинаның алдында тұрған қиындықтарды және осы қауіпке қарсы тұру үшін Батыстың үздіксіз қолдауының маңызын атап көрсетеді.

Мұнда кремльшіл медиа мақаланың бастапқы контекстін елемей, белгілі бір аспектіге ғана назар аударған. Яғни, WSJ-нің Ресейдің сәтсіздігі туралы ақпаратын жасырып, «Ресейдің әскери әлеуетінің артуына» аса мән берген.

Бұдан бөлек, ресейшіл нарративтер ЕО-да Украина мен Ресейге қатысты консенсус жоқ деген ойды тарату үшін Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбанның алғашқы қарсылығы сияқты ЕО ішіндегі келіспеушіліктерді баса көрсетеді.

«The New York Times» Украинадағы мобилизация туралы

The New York Times Украинадағы күштеп мобилизациялау туралы заң жобасын агрессивті және сыбайлас жемқорлыққа толы деп атады.

1tv.ru хабарламасы

«The New York Times» (NYT) америкалық газетіндегі «Екі жылдық қанды шайқастан кейін Украина мобилизациямен күресіп жатыр» деген мақалада (архив) Украинадағы мобилизацияға қатысты заң жобасы талқыланған. NYT айтуынша, 2022 жылдың ақпанында көптеген украиндық патриотизмнің әсерінен Ресейдің басып кіруін сәтті тойтарды. Алайда, екі жылдық қызу ұрыс пен ресейлік жаңа шабуылдан кейін Украина әскері енді тек ынта-жігерге тәуелді бола алмайды, өйткені ер адамдар қызметтен жалтарып, халық тарапынан шаршаған сарбаздарды демобилизациялау талаптары артып келеді. Алайда, берілген ақпаратқа сүйенсек, NYT емес, Украина халқы жұмылдыру туралы жаңа заңның «агрессивті және сыбайлас жемқорлыққа толы» екенін айтқан.

Мұнда Ресей медиасы «мисинтерпретация» тәсілін қолданған. Кремльшіл медиа мәлімдемені Ресей нарративіне сәйкес келуі үшін америкалық басылым мобилизацияны жағымсыз көрсеткендей қате түсіндірген.

1tv.ru жазуынша, әйелдер мен аяқ-қолына ампутация жасалған кісілерді әскерге шақыру ұсынылған екен-міс. Мұндағы кілт сөздерді NYT мақаласынан іздесек, «заң шығарушылар мүгедектігі бар кісілерге мобилизация қалай әсер етеді деп алаңдайды», «(жаңа заң жобасында — авт.) әскерге алынатындар жасы 27-ден 25-ке дейін төмендетіліп; жеңіл мүгедектігі барлар үшін әскерді кейінге қалдыру және әскерден жалтарғандарға несие алу, мүлік сатып алу мүмкіндігі шектеледі» деген сөйлемдер табылды. Яғни 1tv.ru авторлары «жеңіл мүгедектігі бар» (minor disability) деген тіркесті «әйелдер мен аяқ-қолында мүгедектігі бар» деп бұрмалап, NYT жазбаған сөздерді қолданған.

Кремльшіл медиа қандай манипуляция түрлерін қолдануы мүмкін?

«Гент» университеті зерттеушілерінің айтуынша, 2014 жылы Қырым қақтығысы кезінде ресейшіл «InoSMI» сайты үнемі британдық «The Guardian» мен «The Wall Street Journal», француздық «Le Monde» және «Le Figaro» басылымдарының мақаласын алып, мағынасын «таңдамалы дәйексөз, қате аудару және визуал стратегиялар» техникалары арқылы бұрмалап, Кремльдің ресми көзқарастарына сәйкес келетін дискурс жасап отырған.

2014 жылы Ресей әскерилері Қырым әкімшілігінің ғимаратын басып алған соң, Симферополь мен Севастополь әуежайларына қарулы адамдарын жіберген. Ресейшіл «InoSMI» медиасы осы жағдайға байланысты «The Guardian» мақаласының аудармасын жариялаған кезде, Симферополь әуежайының сыртында қарулы адам бейнеленген түпнұсқа суретті Севастопольдегі ресейшіл демонстрацияның суретімен ауыстырған. Ондағы баннерде «Ресей, біз сенің тастанды балаңбыз. Фашизммен күресуге көмектесуіңді сұраймыз» деп жазылған. Ресейшіл нарративке сәйкес, қырымдықтар «Ресей-Ананы» «фашис» Украинадан құтқару үшін шақырады екен-міс. Осылайша, мәтінді ғана емес, визуалды материалдарды бұрмалау арқылы ресейліктер мен қырымдықтар шын мәнінде «бір халық» деген тұжырымды таратқан.

2021 жылы Кардифф университетінің Қылмыс пен қауіпсіздік институтының зерттеушілері кремльшіл «тролльдер» батыстық 32 танымал медиаға шабуыл жасағанын анықтады. Оның ішінде «The Daily Mail», «Fox News» және «The Washington Post» сияқты танымал басылымдар бар. «Тролльдер» батысқа қарсы арандатушылық мәлімдемелер жариялап отырған. Одан кейін бұл пікірлер орыстілді медиа сюжеттеріне негіз ретінде қолданылған.

Кремль Батыстың Украинаға қолдау көрсетуін көбіне теріс позицияда көрсетіп, оны агрессивті, заңсыз, мемлекеттердің ішкі істеріне салған арандатушылық ретінде сипаттайды. Бұдан бөлек қандай манипуляция түрлері бар?

  1. Таңдамалы дәйексөз. Батыс мақаласында қақтығыстың егжей-тегжейлі талдауы болуы мүмкін. Ал ресейшіл басылым тек Украинаға қатысты айтылған сынды іріктеп, мақаланың басты тақырыбы ретінде көрсетуі ықтимал.
  2. Қате аудару. Мәселен, батыстық репортаждардың сарказмдық астарын жұмсартып аудару арқылы Путиннің көшбасшылығын ерекше атап өтуі.
  3. Контексттен жұлу. Мақаладағы негізгі ойды елемей, Ресейшіл көзқарасты қолдайтын немесе Украинаның мүддесіне қайшы сөз тіркестерін немесе сөйлемдерді әдейі таңдап алу. Мысалы, Ресейдің Украина шығысына гуманитарлық көмек көрсетуін айтып, әскери агрессияны жоққа шығару.
  4. Эмоционалды-экспрессивті. Аудиторияның эмоционалды реакциясын тудыру үшін мақалаларға эмоционалды-экспрессивті түсініктеме қосу. Бұл агрессияны, заңсыздықты немесе моральдық кемшілікті білдіретін терминдерді пайдаланып, Украинаны немесе оның одақтастарын теріс позицияда көрсетуі мүмкін.

Ресей пропагандасын қолдайтын елдер бар ма?

«Atlantic Council» аналитика ортылығының жазуынша, Кремльдің пропагандасы әлемнің ультра-консерватив топтар арасында қолдау табады. Қытай медиасы көбіне Ресей мүддесіне «жанашырлық» танытады, ал Үндістан сияқты елдер Кремльмен де, Батыспен де жақсы қарым-қатынасты сақтауға тырысады. Африканың кейбір бөліктерінде антиимпериалистік күй Франция сияқты «тарихи отарлаушыға» қарсы одақтас ретінде Ресейдің пайдасына тиеді.

Мәселен, 2022 жылдың 4 наурызында #istandwithputin хэштегі әртүрлі аймақта трендке шығып, шамамен 106 000 пайдаланушы 300 000-нан астам ретвиттеген. Африкада тараған ресейшіл нарративтер ЕО мен АҚШ-ты «экономикалық қарақшылар» ретінде көрсетуге тырысты, ал Ресейдің өзге елдерге жасаған колониязациясын болмағандай көрсетті.

Кремль қолдайтын испан тіліндегі БАҚ Украинадағы қақтығыс туралы қоғамдық пікірге әсер етуде рөл атқарды. «YouTube» ресейшіл медианы шектеуге тырысқанына қарамастан, кремльшіл медиа аккаунттары жасаған контент мыңдаған жазылушылар мен қаралым жинап, платформада қайта пайда болып отырған. «Цифрлі криминалистиканы зерттеу орталығы» (DFRLab) дерегінше, испан тілінде сөйлейтін пайдаланушылар әлі де Кремльдің үгіт-насихатына ұшырап отыр.

Батыс мұнымен қалай күреседі?

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін кремльшіл медиа Украинадағы соғыс туралы жалған мәлімет таратып, үгіт-насихат жүргізді деп айыпталды. Бұдан кейін «Google», «Facebook» және «Twitter» технологиялық алпауыттары, сондай-ақ ақылы теледидар қызметтері дезинформация мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, ресейлік мемлекеттік «RT» және «Sputnik» ақпарат құралдарын бұғаттды. «Microsoft» «RT» мобильді қосымшаларын «Windows» қолданбаларынан алып тастады және ресейлік мемлекеттік БАҚ-та жарнамалауға тыйым салды. «Google» Украинада «RT» қосымшасын жүктеп алуға тыйым салды. «Netflix» мемлекеттік үгіт-насихат арналарын қосуды талап ететін Ресей заңдарын орындаудан бас тартты.

2023 жылы Еуропалық Одақ «RRN» (Recent Reliable News) кремльшіл жалған ақпарат тарату желісіне жауапты жеті ресейлік тұлға мен бес ұйымға қатысты шектеу шараларын қолдану туралы шешім қабылдады. «RRN» науқаны Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын қолдайтын үгіт-насихат таратуға бағытталған. Олар ұлттық БАҚ пен ресми үкімет сайттарына ұқсас жалған уеб-парақшаларды, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттарды жасап шығарған. ЕО 1800-ге жуық жеке және заңды тұлғаның активтерін бұғаттап, оларды қаржыландыруға тыйым салды.

Көптеген батыстық медиада олардың контентін басқа құрылымдар теріс пайдалануын қадағалайтын зерттеу топтары мен фактчекерлер бар (мәселен, «CrossCheck», «First Draft» және басқа фактчек желілері). Дегенмен, дезинформация тарататын платформалар мен арналардың кең ауқымын ескерсек, жалған ақпарат пен манипуляцияға толығымен жол бермеу қиынға соғады.

Қорытынды

Ресей пропагандасы Украинадағы соғыс туралы жазған кезде контексттен жұлып алудан бастап визуалды манипуляцияға дейінгі манипуляцияның көп түрін қолданады. Сондықтан, күрделі геосаяси жағдайда ақпаратты сыни талдай алу маңызды. Бұл сенімді ақпаратты жалған ақпараттан немесе насихаттан ажыратуға көмектеседі.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz